Chingiz Aitmatov. Боранды бекет (I)

f8c9b3c1bd34f606cbcb53dcaa0d0530.jpg (640×360)

Роман

Аударған Шерхан Мұртаза

(ҒАСЫРДАН ДА ҰЗАҚ КҮН)

 

Бұл кітапменің тәнім дегейсің,

Бұл сөзменің жаным дегейсің...

 

Григор Нарекаци.

 

"Қасірет кітабы", Х ғасыр. 

I

Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе саршұнақтың інін апыл-ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген темір жолға қасара жақындап келе жатты. Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр.

Кешқұрым түлкі телеграф бағандары бойлап өткен өзекке жетіп, бір шоқ биік атқұлақтың қалың жынысына кіріп, қалың дәнегі қаудырап піскен тобылғы сояудың түбіне жалқын сары оттай болып дөңгеленіп жата кетті де, құлағын шыдамсыздана қайшылап, қу шөпті сыбдырлатқан жатақ желдің уілін тыңдап, түнді зарыға күтті. Телеграф бағандары да мазасыз ызыңдайды. Бірақ түлкі одан қорықпайды. Бағандар оны қумайды, бір жерде сілейіп тұрады да қояды.

Бірақ әлсін-әлі ары-бері заулап өткен пойыздардың құлақ тұндырар дүрсілінен әрдайым шошып кетіп, бұрынғыдан бетер жерге жабыса, жиырыла түседі. Пойыздардың арқыраған арыны мен жертаптаурын зілмауыр ғаламат күшін, шүйкедей денесінің астындағы жердің тітіренгенін қабырғаларымен сезіп жатты. Сонда да болса бөтенше сасық иіс пен үрейге шыдап бағып, жол бойы сәл-сәл саябыр табар шақты — түн жамырар сәтті күтіп, сайдан шықпай жатып алды.

Түлкі шойын жолдың бойына тым сирек, әбден аштық титығына жеткенде ғана келуші еді...

Пойыз өтіп кетіп, келесі пойыз келгенше дала құлаққа ұрған танадай тына қалады да, сол әлі тылсым сәтте түлкі бұлдыр дала үстінде ғайыптан талып естілген болжаусыз, иесіз заңғар дыбысты құлағы шалып, секемшіл халге ұшырайды. Ол ауаның көзге шалынбас ағысы, ауа райының кешікпей өзгерер құбылысының хабары еді. Сорлы түлкі соны сезіп, тұла бойы азынап, қаһардан қалшиып, әлемге төнген әлдебір нәубетті әлсін-әлсін аңлағандай, үнін шығарып жылағысы, шәу-шәу етіп үргісі келеді. Бірақ табиғаттың өзі аян бергендей осы бір үрейді аштық сезім жеңіп кете берді.

Жорта-жорта тасырқаған табанының көн терісін жалап жатып, аш түлкі ақырын ғана қыңсылап қояды.

Бұл күндері түнге қарай күн суыта түсетін болды, күз де таяп келе жатқан. Түн түсе топырақ тез суынып, таңға қарай даланың үстін сор тұтқандай, ақшулан, ұшпа боз қырау тұрып қалатын болды. Дала мақұлығы үшін жұғымсыз жұтаң, кедерлі кезең келе жатты. Бұл өлкені жазда мекендейтін там-тұм аң-құс енді тып-типыл; бірі жылы жаққа ауса, бірі ініне кіріп кетіп, енді бір жұбы құмға көшкен. Түлкі баласының тұқымы үзіліп біткендей ақ, енді әр қарсақ өз күнін өзі көріп, жеке-дара қаңғып кеткен. Көктемгі күшіктер көбеңденіп, ұяластар бет-бетімен бытыраған. Ылық дәуірі әлі алда болатын. Қыс түсер, түлкілердің махаббат айы басталар, еркек кіндіктері ұрғашы үшін бір-бірімен жан беріскенше кеңірдектесер.

Түн жамыла түлкі өзектен шықты. Тың-тыңдап біраз тұрды да, шойын жол жонына қарай жортақтай жөнелді. Ың-шыңсыз жолдың біресе ар жағына, біресе бер жағына жүгірді. Жолаушылар вагон терезесімен лақтырып тастайтын қалған-құтқан кәкір-шүкірді іздеп тіміскілеп жүгіреді.. Азуға басатын бірдеңе табылғанша, әр нәрсені бір иіскеп, түйетайлы жотаны жағалап коп жортады. Пойыз жүріп еткен жолдың ұзына бойы толған қағаз жыртындысы, умаждалған газет, сынған шөлмектер, темекі тұқылы, мыжылған консерві қалбырлары, тағы басқа толып жатқан қиқым-сиқым, иісі қолқаны атқан қалдықтар. Әсіресе бүтін қалған бөтелкелердің аузынан заһар иіс аңқып қоя береді. Бірер рет басы айналған түлкі енді қайтып спирт иісті шиша атаулыдан аулақ жүретін болды. Жолап кетсе, пысқырынып, ыршып түседі.

Жанын жалдап, зарыға іздеген қу тамағы қасақана табылмайды. Жүрек жалғар бірдеңе ілігер-ау деген үмітпен түлкі байғұс қырқа жолдың біресе ар жағына, біресе бер жағына сүмеңдеп, рельсті бойлап талмай жорта береді.

Жортып келе жатып, кенет маңдайы тасқа тигендей, алдыңғы аяқтарын көтере берген қалпы қалшиды да қалды. Мұнар басқан алыс айдың елегізген сәулесінен сүлбесі ғана білініп, қос шекті рельстердің арасында аруақтай қалбайып, тапжылмайды. Секем алдырған талма гүріл тыйылмады. Әлі тым алыстан естіледі. Түлкі құйрығы әлі едірейген қалпы, жолдан шықпақ болып, аяғын бірер басты да, қайтадан қырқа жағалап, тамаққа тастап жіберер бірдеңе табылар деген дәмемен жүгіре жөнелді. Жүз дөңгелек жүйткіп, темір тасқын тарсылдап, бірте-бірте арын алып, аламат тажал таяп келе жатса да, іздегені әне-міне табылардан түлкі жазған жолдан шыға қоймады. Түлкі қас қағым сәтке ғана көз жазуы мүмкін екен, кенет тұмсық бұлым тасасына қосарланған локомотивтердің ұзынды-қысқалы оттары жарқ ете қалды да, қуатты прожекторлар алдында жатқан жердің бәрін көз қарықтыра жарқыратып, бір сәтке даланың өлі денесін тұп-тұтас жалаңаштап, ақ сәулеге малып жіберді де, аш мақұлық от үстінде шырқ айналған жынды көбелектей апалақтап алас ұрды да қалды. Пойыз болса жердің танабын қуырып, рельсті тарсылдатып келе жатты. Қоламса күйік иіс мүңк етіп, аждаһа леп бұрқ соқты.

Түлкі жолдан апыл-ғұпыл аунап түсіп, үрейі ұша жер бауырлап, артына қарай-қарай айдалаға зытып берді. Жалмаңдаған оттарын жарқыратқан әзірейіл, дөңгелектері мың дауыспен тарсылдап, көпке дейін гүрсілі басылмай алыстап бара жатты. Түлкі ыршып тұрып, тағы да жанталаса қаша берді...

Бір ауықтан соң ентігін басып еді, араны ашылған аштық оны қайтадан темір жол жаққа итермеледі. Ал жол бойынан тағы да оттар жалмаңдап, тағы да қосарланған локомотив жүк тиелген ұзын составты сүйреп бара жатты. Бірақ алдағы қос шек жолдан тағы да оттар көрінді, тағы да қосарланған екі локомотив, аждаһа көздерін жарқыратып, жүк тиелген ұзыннан-ұзақ составты сүйреп өтті.

Енді түлкі айласын асырмақ болды: даламен орағыта жүгіріп, темір жолдың пойыз жүрмейтін тұсынан топ ете түспекші еді...

Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың к,ос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тусы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Түн ортасы әлетінде әлдекім жолшының үйшігіне қарай қасарыса қадымдап келе жатты. Әуелі шпалдармен жүрді, қарсы алдынан пойыз шыққанын көріп, жолдан шығып қапталға түсті. Жүрдек жүк пойыз азынап өтіп бара жатқанда, әлгі адам оның түтіні мен шаңынан қорғанып, бетін қолымен дәл бір боранда келе жатқандай жасқай берді. (Бұл жөні бөлек, ешбір кедергісіз жүретін арда пойыз еді. Сәлден соң ол негізгі жолдан бұрылып, космодромға тартылған жолға түседі. Қысқасы, бүкіл состав брезентпен бүркеулі екені де сондықтан. Платформаларда әскери күзет тұрған состав Сарыөзек-1 жабық зонасына қарай кетіп бара жатқан).

Түнделетіп жаяу-жалпы келе жатқан өзінің әйелі екенін Едіге бірден білді, білді де, сірә, тегін жүріс емес-ау деп шамалады. Ақыры айтқаны келді. Бірақ қызметтің аты — қызмет, составтың ақырғы құйрық вагоны бұлаң етіп, оның ашық платформасындағы кондуктормен фонарь көтерісіп, бәрі де бабында деп белгі беріскенше, Едіге орнынан қозғалған жоқ. Күркіреген составтың дүрсілінен құлағы тұнған. Едіге енді ғана бұрылып, жанына жақын келген әйеліне:

— Не боп қалды? — деді.

Әйелі оған абыржи жаутаңдап, ернін қыбырлатты. Едіге оның не айтқанын естімесе де, бәрін түсініп қойды: ойлағанындай-ақ, тегін жүріс емес екен.

— Желдің өтінде тұрма! — деп әйелін үйшікке алып кірді.

Сезікті хабарды әйелінің аузынан естігенше, Едігені әуелі таңғалдырған, неге екені белгісіз, басқа жағдай болды. Кәрілік шіркін таяп қалғанын ол бұрын да байқайтын. Бірақ дәл қазір қатты жүрістен ентігін баса алмай, көкірегі сырылдап, қушиған жадау иығы бір төмен, бір жоғары рабайсыз шошаңдап кеткенін көріп, әйелін аяп кетті. Теміржолшының мұнтаздай таза аппақ үйшігінде; электр шамы тым жарқырап, Үкібаланы көгерістенген бетінің терең әжімдерін айғыздап ап-анық көрсетіп жіберді.

Әй, дүние-ай десеңші, Үкібала бір кезде бидай өңді, қызыл шырайлының әдемісі еді ғой, қап-қара мойылдай көзі нұр шашып тұрмаушы ма еді. Енді міне, аузы опырылып, ұрты салбырап қалыпты. Тіпті дәурені өткен әйел затының өзіне тісі түсіп, кетік болу жараспайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. (Әй, Едіге, әйеліңді әлдеқашан станцияға алып барып, әлгі темір тіс салдырып беру керек еді ғой. Осы күні көрі де, жас та салып алып жүр ғой!) Бұл аз болғандай, ысырылған жаулығының астынан қобырап шығып кеткен шашы аппақ қудай екенін аңғарып, Едігенің жүрегі сыздап қоя берді. "Шіркін-ай, мұнша қартайып кеткен екенсің ғой", — деп әйелін іштей елжірей аяп, бұған өзін кінәлі санағандай сезімде қалды. Көп жылдар бірге кешкен өмір үшін, коп жылдық риясыз жар жақсылығы үшін, оған қоса дәл қазір түнделетіп, ту жер түбінен жүгіріп жеткені үшін әйеліне деген ағыл-тегіл риза сезім Едігенің бойын биледі. Түн ішінде бейшара Қазанғап қарттың қазасын естірткелі ұшып жетті. Қаңырап қалған жаман тамда жалғыз жатқан шалдың өліміне тек Едіге ғана егілетінін біліп келді. Жадау жұртта жалқы жатқан Қазанғап Едігенің екі туып, бір қалғаны емес, бірақ сонда да одан басқа жанашыры жоқ екенін діттеп келді.

— Отыр, деміңді ал, — деді Едіге үйшікке кірген соң.

— Өзің де отыр, — деді Үкібала күйеуіне. Екеуі де тізе бүкті.

— Не болды?

— Қазанғап қаза болды.

— Қашан?

— Әлгіде ғана байғұсқа әлдене керек емес пе екен деп үйіне кіріп едім, шамы жанып тұр, өзі төсегінде жатыр. Бірақ сақалы аспанға қарап шаншылып қалыпты. Жақындап барып: "Қазеке, Қазеке", — деймін, "ыстық шай ішесіз бе?" — деймін. Сөйтсем, жүріп кетіпті. — Үкібала даусы кілт үзіліп, қызарып, кіртиген көзіне жас үйіріліп, қыстығып жылап жіберді.

— Ақыр соңы сол болды бишараның. Қандай асыл еді десеңші! Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қалды қасында, — деп назаланды Үкібала жылап отырып. — Мұндай болар деп ойлап па едік! Ақырында... — деп барып, "ит өліміндей болды" демекші еді, онсыз да түсінікті болған соң, соңғы сөзді аузынан шығармай, жұтып қалды.

Бұлар тұратын разъездің аты Боранды еді. Соғыстан қайтқалы бері осы разъезде жұмыс істеп келе жатқан Едігені жұрт: "Боранды Едіге" деп кеткен. Боранды Едіге күректей қолдарын тізесіне салып, әйелінің айтқанын тұнжырай тыңдап отырды. Теміржолшының май сіңіп, өңі түскен фуражкасының күнқағары оның көзін көлегейлеп тұрды. Не ойлап отыр?

Енді қайтеміз? — деп қалды әйелі.

Едіге басын көтеріп, әйеліне қарап мырс етті:

— Қайтуші едік? Мұндай жағдайда қайтуші еді! Жерлейміз дағы. — Ол бір байламға келгендей орнынан түрегелді. — Ал, қатын, сен тез қайт. Мені тыңдап ал.

— Мақұл.

— Оспанды оят. Разъездің бастығы екен деп қаймықпа. Қаза алдында адамдардың бәрі бірдей, білдің бе. Қазанғап қайтыс болды де. Ол осында тапжылмай қырық төрт жыл жұмыс істеген. Сол жылдардағы ит байласа тұрғысыз Сарыөзекке алғаш Қазанғап келіп жұмыс істей бастаған кезде Оспан әлі туылмаған да шығар. Содан бері мына жолмен жүріп өткен пойызды санасаң шашың да жетпес... Ойлансын Оспан. Солай деп айт. Тағы да тыңда...

— Тыңдап тұрмын.

— Жұрттың бәрін түгел оят. Терезелерін қақ. Өзі қаншаумыз. Сегіз үй ғой, саусақпен санарлық... Бәрін аяғынан тік тұрғыз. Қазанғаптай арысымыз қайтқанда ешкім де бүгін ұйықтамауға тиіс. Бәрін түгел тұрғыз.

— Ұрысса қайтемін?

— Бәріне хабар беру — біздің парыз, ұрысса ұрса берсін. Мен айтты де. Ұят қайда? Тоқта!

— Тағы не?

— Әуелі кезекшіге соқ. Бүгін диспетчер Шаймерден ғой. Осылай да осылай де, не істеу керек екенін ойлансын. Бәлкім, бүгінше менің орныма адам жіберер. Қалайда хабар берсін. Сен ұқтың ба мені, солай деп айт.

— Айтамын, айтамын, — деп Үкібала кенет аңырып қалды. Сөйтсе ең зәру жұмысты ұмытып бара жатыр екен ғой: — Ойбу, Қазекеңнің балаларын қайтеміз? Мәссаған! Есімнен тарс шығып кетіпті ғой. Алдымен соларға хабар беру керек қой! Енді не? Әкесі өліп жатыр...

Едіге бұл сөзді естіп, бұрынғыдан бетер сұстанып, тұнжырай түсті. Жауап қатпады.

Едігеге бұл хабардың жағымсыз тигенін сезіп, иліктірмек оймен Үкібала:

— Қайткенмен де балалары ғой, туған балалары, — деп жалынғандай болды.

— Түсініп тұрмын, — деп Едіге қолын сілтеді. Не мені түк түсінбейді деп ойлайсың ба? Егер маған салса, жанына жақын жолатпас едім. Бірақ амал қанша!

— Едіге, онда біздің шаруамыз қанша. Балалары келсін де, өздері жерлесін. Әйтпесе, соңынан таусылмас дауға қаламыз...

— Мен келмесін дедім бе? Келе берсін.

— Ұлы қаладан келіп үлгірер ме екен?

— Келгісі келсе, үлгіреді. Алдыңғы күні станцияға барғанымда, әкең хал үстінде жатыр деп өз қолыммен телеграмма салып жібергенмін. Енді не керек! Кісімсігенде бәледей, өзі де білмей ме, ақылды болса...

— Олай болса, мейлі, — деп келіскен болды Үкібала. Бірақ әлденеге әлі көңілі күпті болып тұрғандай: — Әйелін ала келсе жақсы болар еді, қанша айтқанмен қайын атасы қайтыс болып жатыр ғой, бөтен біреу емес...

— Оны өздері білсін. Әйеліңмен деп қалай айтасың, бала-шаға емес қой.

Иә, солай-ау, — деп келіскен болды Үкібала, көңілі әлі күпті болса да.

Ерлі-зайыпты екеуі де үндемей қалды.

— Ал, сен тұрма енді, бар, — деп қалды Едіге. Бірақ әйелі тағы бірдеңе айтқысы келді.

— Ау, әлгі қызын қайтеміз, Айзада сорлыны айтам. Байы болса анау — маскүнем, бала-шағасы тағы бар. Станциядан жетіп үлгеруі керек қой әкесін жерлеуге.

Едіге езу тартып, әйелін иығынан қаққылап қойды.

— Енді саған бәрі уайым... Айзада қол созым жерде тұр ғой, таңертең біреу-міреу станцияға шауып барып, хабар берер. Келеді ғой, қайда кетер дейсің. Сен, мынаны ұқ, қатын. Айзададан да, еркек кіндік болса да Сәбитжаннан да пайда шамалы. Көресің ғой өзің, келуін — келер, қайда кетер дейсің, бірақ бөтен біреулер құсап илікпей тұрар. Ал елікті жерлейтін мына біз, көр де түр... Онан да тез бар, менің айтқанымды істе.

Үкібала кетіп бара жатып, қипақтап тоқтады да, ары қарай жүре берді. Бірақ Едігенің өзі дауыстап тоқтатты:

— Әй, ұмытпа: алдымен Шаймерден кезекшіге кір менің орныма біреулерді жіберсін. Мен кейін қарымын қайтарармын. Қаңыраған үйде елік жападан-жалғыз күзетсіз жатыр, не масқара... Айт сөйтіп...

Әйелі басын шұлғып, жүре берді. Сол ортада дистанциялық қалқанның қызыл сигналы көзін қайта-қайта қысып, гуілдеп қоя берді. Боранды разъезіне жаңа состав таянып қалған екен. Кезекшінің командасы бойынша, оны запас жолға жөнелту керек. Өйткені қарама-қарсы жақтан басқа пойызды өткізіп жіберу қажет. Кәдуілгі шаруа. Пойыздар оз жолдарына түсіп, жылжып жатқанда, Едіге тағы бірдеңе айтуды ұмытып кеткендей, әлсін-әлсін әйелінің соңынан көз тастай берді. Айтатын іс көп, әрине, өлік жөнелтудің алдында іс таусылар ма еді, бәрі бірден еске түсе бермейді ғой. Бірақ Үкібаланың соңынан қарайлай бергені бүл себептен емес еді. Соңғы кезде әйелінің еңкіш тартып, қартайып қалғанын дәл қазір мына жол бойының күңгірт сары сәулесінің жарығынан тұңғыш рет байқап, кәдімгідей мұңайып қалды.

"Е, кәрілік деген итің де келіп қалған екен-ау, — деп қойды ол — Шал-кемпір болды деген осы! Құдай күш-қуаттан әлі ажыратпаса да, әлі дилы болса да, жасы түскір зымырап жылжып алпыстың үстіне де шығып қалған екен. Тұп-тура алпыс бір қазір. Енді бірер жылдан кейін "пенсияға шық" деген тықыр да таяп қалар-ау" — деп мырс етті Едіге. Бірақ пенсияға жуық арада кете қоймайтынын біледі. Бұл маңайда оның орнына адам тауып қоя салу оңай шаруа емес — жол жөндеудің шебері, стрелочник болып анда-санда біреу ауырып қалса, не демалысқа кетсе ғана ауысады, әйтпесе бесаспап жұмыскердің өзі. Жер шалғайлығы үшін, шол далада жұмыс істегені үшін қосымша ақы береді екен деп мұның орнына біреу көз алартып жүрмесе? Әй, кім білсін. Қазіргі жастарың ішінен ондай талапкер табыла қояр ма екен.

Сарыөзектің разъездерінде тұру үшін адамда рух болу керек, әйтпесе арам қатасың. Дала — кенен, адам — ноқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба — далаға бәрібір; далада қалау болмайды. Тұрғың келсе — тұр. Тұрғың келмесе — жолың, әне. Ал адамға бәрібір емес. Адам жер таңдағыш: оған басқа бір жерде, басқа бір адамдардың арасында балпандай бақыт бардай, ал бүл арада тағдыр оны сарсаңға салып қойғандай көрінеді де тұрады... Осындағы Шаймерден кезекшінің үш аяқты мотоциклі бар. Өзі де мінбейді, өзгеге де бермейді — үстіне шыбын қондырмайды. Ал зәуіде керек бола қалса, от алмайды. Өйткені аккумуляторы отырып қалған. Адам да сондай. Ұлы даланың қатыгездігіне шыдамасаң, әттеген-ай, неге келдім десең болды, жүйкең жүндей түтіліп, жан дүниең жүдеп жүре береді. Бір істің тұтқасында тұрып, тамыр байлап, тәуекел деп тас жұтпасаң — әлгі мотоцикл де бір, сен де бір: ебелектен де елпек, қаңбақтан қаңғалақ боласың. Вагонның терезесінен қарап, бәз біреулер: "Құдай-ау адам баласы қалай шыдайды, айнала — қу дала, маңқиған аруана!" — деп басын ұстай алады. Қайтеді, шыдағанынша — шыдайды. Үш жыл, әрі кетсе торт жыл шыдайды, содан соң — тауыс-тәмем: разъезбен есеп айырысады да, тайып тұрады...

Борандыда өмірлікке өзек байлаған екі-ақ адам болды — бірі Қазанғап, бірі — осы Боранды Едіге. Басқа келіп-кетіп жатқандар қаншама! Едіге өзіне-өзі қазы емес, әйтеуір, қайыспағаны ақиқат.

Ал Қазанғап осы жерде тапжылмай қырық төрт жыл жұмыс істегенде, басқалардан гөрі ақылы аз болды дейсіз бе? Едіге Қазанғаптың бір өзін өзгенің он шақтысына айырбастамас еді... Амал қанша, Қазанғап жоқ енді, жоқ...

Пойыздар ажырасып, бірі шығысқа, бірі батысқа қарай бет алды. Борандының темір жолы сәт-заматқа қаңырап қалды. Кенет айнала-төңірек ашылып сала берді — аспандағы жұлдыздар да баданадай-баданадай болып жарқырай түсті, жел де құлдыраңдап, малта тас төселген түйе-тайлы жотамен, шпалдардың арасымен, баяу ызың қағып, әлсін-әлсін тарс-тұрс еткен рельстердің арасымен арсалаңдап еркін есе жөнелді.

Едіге үйшікке кірмей, бағанға сүйеніп сыртта тұрып қалды. Темір жолдың арғы бетінде, айдалада жайылып жүрген түйелердің қарасыны байқалады. Түйелер ай сәулесінің астында таңды күтіп тапжылмай тұр. Олардың арасынан Едіге өзінің қос өркешті Қаранарын таныды. Бұл Сарыөзек аймағында одан жүйрік, одан күшті түйе жоқ-ау, сірә. Сондықтан да иесі құсатып, оны да жұрт Боранды Қаранар деп атайтын. Бураның әуресі аз болмаса да, Едіге Қаранардың ерен күшін мақтан тұтатын. Қаранарды буыршын тайлағында ақтатпап еді, кейін буырқанып бура шыққан соң тіпті тиіскен жоқ.

Ертеңгі сан-сапалақ істің бірі — Қаранарды өрістен ертелетіп алып келіп, жазылап қою деп түйді Едіге. Өлікті жерлеу жұмысына керек болады. Атқарысатын жұмыс көп, бірінен соң бірі еске түсе береді...

Едіге ойлап-ойлап, ой түбіне жете алмайды, ал бүл кезде разъездің адамдары әлі қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Разъездің о басынан бүл басына дейін бір-біріне тығылып тұрған жеті-сегіз үй. Оның алтауы темір жол әкімшілігі салдырған, төбесін шиферлатқан құранды үйлер. Едіге болса, өз үйін өзі тұрғызған. Сегізіншісі — Қазанғаптың тоқал тамы еді. Үй мен үйдің арасында мал қора, дала пеші, сарай сияқты әр алуан майда-шүйде құрылыстар бар да, солардың бәрінің ортасында асқақтап су тартатын мұнара тұрады. Оның өзі соңғы жылдары пайда болған. Міне, Боранды ауылының бар аумағы осы. Ұланғайыр Сарыөзектің даласын басып өткен ұлы жолдың бойындағы кішкентай ауыл Кішкентай болса да, күретамыр темір жолдың бойындағы разъездерді, станцияларды, қалаларды бірімен-бірін жалғастыратын буынның бірі болып, кенен даланың алақанында, өкпек желдің өтінде жалаң төстеніп

— Қаранар — бұл жерде автор Қарабура демей Қаранар деп әдейі алып отыр. Ол қайыспас қара күштің символы. Әйтпесе нар деп жалғыз өркештіні айтады. Бұдан былайғы тексте бізде Қаранар дегенді жөн көрдік (аудармашы).

қасқайып тұр. Сарыөзектің желі әсіресе қыстың күні құтырады ғой. Темір жолдың бойын, разъездің үйлерін таудай-таудай қар басып қалады. Сондықтан да бұл разъездің маңдайшасында қазақша: "Боранды", орысша: "Буранный" деген жазу тұр.

Едігенің есіне қай-қайдағы оралды: бүл жерге қар тазалайтын гүрлі техника келгенше, Қазанғап екеуінің көрген күнін құдай адам баласына бермесін деңіз. Тау-тау қарды қолмен күреп, жанталасып, қаңтарда қарасорпа болған сол бір күндер.

Апыр-ай, өткен күнде белгі Жоқ, әйтпесе күні кеше сияқты еді. Елу бір, елу екінші жылдары ақмылтық асынған қиямет қыс болды. Тек қиян-кескі майданда ғана адам өмірі бір сәттік ұлы іске; жауға шабуылға яки жау танкісіне граната лақтыруға бағышталар еді. Мұнда да солай болды. Ешкім сені атып өлтірмесе, әрине. Бірақ өзіңді-өзің пида етесің. Қол күрекпен үйме қардың қаншасын қопарды бұл сонда. Разъезден жеті шақырым жерде темір жол төбешікті тіліп өтеді. Әне, сол тұсты қар тып-типыл басып қалғанда, күндіз-түні қасарысып, қар күреген шаң болған. Жолды босат деп азынаған паровоздың әзірейілдей үнін есітпес үшін, ақ боранмен, үйінді қармен арпалысқан аламан шақта, мұндай азаптан гөрі өле кеткен жақсы-ау деген кездер де болған.

Сөйткен қар да еріп кетті, өкірген пойыздар да өтті-кетті, сол бір қиын-қыстау жылдар да өте шықты. Енді бәрі ертек сияқты. Айтсаң — сенбейді. Сенсе — күледі. Осы күнгі бақылау-жөндеу бригадасының жүмысшылары анда-санда азан-қазан шумен дүр етіп келеді-кетеді. Сарыөзектің бойында сонау бір жылдары жолды үрінді қар басып қалушы еді, екі-үш адам сол сұмдықты күрекпен тазалар еді деші — сенбейді. Сенбек тұрмақ, "Олай болуы мүмкін бе, о тоба!" — деп қайран қалады. Кейбіреуі: "Оу, өйтіп жан қинап не әкеңнің құны бар еді", — деп күстаналайтынын қайтерсің әлі. "Мені бір құдай жетектеп, бір құдай айдаса да көнбес едім", — дейді-ау тағы. "Оу, өйтіп сорың қайнағанша, енесін бір ұрып, басқа жаққа, ақы-пұлы дұрыс, жағдайы келісті жұмысқа неге кетіп қалмадыңдар?" Қауырт жұмыс болса, жұрттың бәрі жабыла істейді де, қосымша ақы және төлейді. "Е, шалдар, шалдар, сендерді ақымақ қылған ғой, сол ақымақ қалпыңда өлесіңдер ғой!.." — деп қояды-ау ыза қылғанда.

Ондай "ақылгөйлер" кездескенде Қазанғап үндемес еді, олардың өресі жетпес, өзіне ғана белгілі киелі тектес бір сырды білетін кісіше, кекес күлкімен мырс ететін де қоятын. Ал Едіге болса әлгі "білгіштермен" айтысып, кеңірдегін соза керілдесіп, шыр-пыр болып, жүйкесі жүндей түтілетін.

Қазір мына бақылау-жөндеу жүйесіндегі арнаулы вагонмен келгендер күліп отырған мәселе жөнінде Қазанғап екеуі біраз әңгімелесіп еді-ау, тіпті одан да бұрынғы жылдары басқа да көптеген мәселелерді қозғап, өзара сыр шертісетін, ол кезде мына "данышпандар" жалаң бұт жүгіріп жүрген немелер емес пе еді. Сонау қырық бесінші жылдан бері Қазанғап пен Едігенің жолы бір түсті де, екеуі талай-талай сыр ақтарған. Кейінірек Қазанғап пенсияға шықты да, қалаға барып, баласының қолында үш айдай тұрып, шыдамастан қайтып келген соң да нелер-нелер сыр шертілмеген. Марқұм Қазанғап ақылды адам еді ғой, еске түссе — нелер болмаған... Едіге сонда енді бұдан былай Қазанғап тек еске алу сәтінде ғана, естелікте ғана өмір сүретінін өзегі өртене, ап-анық сезінеді.

Кенет сырт-сырт еткен микрофон үнін естіп, Едіге үйшікке қарай асықты. Әлгі бір нақұрыстау техникадан адам даусы естілмес бұрын, құтырған боран тұрып келе жатқандай ысылдаған, гуілдеген дыбыс шықты.

— Едеке, алло, Едеке, разъездің кезекшісі Шаймерденнің даусы қырылдап естілді. — Естимісің мені, Едеке? Қалайсыз?

— Естіп тұрмын, тыңдап тұрмын.

— Естимісің мені?

— Естимін, естимін!

— Қалай естисің?

— О дүниедегідей.

— Неге о дүниедегідей?

— Жә, әншейін!

— А-а... Сонымен, Қазанғап шал нетіпті ғой!

— Нетіпті?!.

— Өлгенін айтам... — Шаймерден қолайлы сөз табуға тырысқан болды. — - Не деуші еді? Әлгі нетіп, әлгі ақырғы сапарға нетіп... аттанып дегендей...

— Иә, — деп шорт кесті Едіге.

"Әй, мисыз хайуан-ай, — деді ішінен, — қазаның жөнін де адамша айта алмайды.

Шаймерден сәл сәтке үнсіз қалып еді, микрофон бұрынғыдан бетер пытырлап-сытырлап, сықырлап, ар жақтағы адамның демінен шуылдап кетті. Шаймерден қайтадан қырылдай жөнелді:

— Оу, айналайын Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма, нетіп. Өлсе — өлді, нетіп... Менің сені алмастыра қоятын адамым жоқ. Өліктің жанында нетіп, отырмын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам қайта тірілмейді ғой, деп ойлаймын нетіп...

— Ал мен сенің басыңда тауықтың миындай ми жоқ деп ойлаймын, — деп шарт кетті Едіге. — Басымды қатырмаң не-ей?! Сенің мұнда келгеніңе екі-ақ жыл болды. Ал мен Қазанғаппен бірге отыз жыл жұмыс істедім. Ойлашы өзің. Арыстай азамат қайтыс болды, қаңыраған бос үйде қалай ғана жападан-жалғыз жатады?! Ата-баба дәстүрінде жоқ, адам баласы естімеген сұмдық қой.

— Жалғыз ба, жалғыз емес пе, өлген адам нетіп... оны қайдан біледі деймін де.

— Ол білмесе, біз білеміз ғой!

— Жә, жарайды, ашуланба нетіп, айқайлап, шал!

— Түсіндіргенім ғой саған.

— Неғыл дейсің енді? Менің жібере қоятын адамым жоқ. Өлген адамның қасында не бар түн ішінде? Не бітіресің сонда?

— Дұға оқимын. Марқұмның сүйегіне түсемін, кебінін тігемін, бата-дұға, құран түсіремін.

— Бата оқитын сен, Боранды Едігесің бе?

— Иә, мен, бата-дұға оқитын мен.

— Мәссаған! Совет өкіметі құрылғалы нетіп, алпыс жыл болды. бұл әлі бата-дұға дейді!

Әй, тантыма! Совет өкіметінің бүл жерге қанша қатынасы бар? Адам баласы ықылым заманнан бері өлік күзетіп, дұға оқиды. Өліп жатқан мал емес, адам ғой!

— Жә-жә, оқи бер дұғаңды нетіп... тек айқайлама. Еділбайға кісі жіберемін. Көнсе — барады да, нетіп, сенің орныңа тұрады... Ал қазір, давай он жетінші пойыз келіп қалды, запастағы екінші жолды дайында...

Соны айтып Шаймерденнің үні өшті, микрофонның кілті тырс етіп жабылды. Едіге тысқа шығып, стрелкаға асықты. Запастағы екінші жолды бұрып тұрып: "Еділбай көнер ме екен, көнбес пе екен?" деп қойды. Қайсыбір үйлердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жанғанын көріп, кәдімгідей Үміті тіріліп, арқаланып қалды: қанша десе де, адамдардың ар-ұяты бар ғой. Иттер абалай бастады. Демек, әйелі үй-үйді кыдырып, Борандының жұртын оятып жүргені.

Әне-міне дегенше жүз он жетінші келіп, екінші запас жолға тұрды да, қарама-қарсыдан мұнай тартқан кілең цистерналы состав та жетті. Екі пойыз екі жаққа: бірі — шығысқа, бірі — батысқа қарай тартып отырды...

Түнгі сағат екілер шамасы. Аспандағы жұлдыздар баданадай-баданадай болып жарқырай түсті. Ай да толықсып, Сарыөзек даласының үстіне ерекше бір пейілі түсіп, бозғылт сәулесін еселеп себелегендей болды. Жұлдызы шүпірлеген алыс аспан астында керіле түсіп, Сарыөзектің шексіз сары даласы жатты. Оның төсінен тек түйелердің сүлбесі, оның ішінде Қаранардың қарасыны ерекше ірі көрінеді; таяу жатқан бел-белестердің қырқалары қылаң береді; темір жолдың екі қапталындағы өзге дүние түннің түпсіз тереңіне сүңгіп кеткен. Түн самалы мүлгіместен ызың қағып, талмай еседі.

Еділбай келе жатқан жоқ па екен деп Едіге үйшіктен бір шығып, бір кіріп, тыным таппады. Сөйтіп жүргенде бір бүйірден әлдеқандай аңды көзі шалып қалды. Ол түлкі еді. Көздерінен жасыл сәуле жылт-жылт етіп, құбылып ойнайды. Түлкі телеграф бағанының түбінде сүлесоқ түр: не ары қашпайды, не бері жақындамайды.

— Сен қайдан жүрсің? — деп күбірлеп Едіге саусағын безеп қойып еді, түлкі сескенер емес. — Қарай гөр! Бәлем, сені ме! — деп Едіге аяғымен жерді тепсініп қалды.

Түлкі жалт беріп, әрірек барып, Едігеге қарап шоқиып отырып алды. Едігенің бір байқағаны түлкі не бұған, не бұл жақтағы әлденеге кедерлі-мұңлы көзбен тесіле қарап қалған сияқты көрінді. Мұнда не іздеп, не дәметіп келді екен? Электр шамының жарығына алданып келді ме, әлде аштық айдап келді ме екен? Бұл арасы Едігеге жұмбақ болып көрінді. Ау, құдай, өзі айдап келіп тұрғанда, таспен тарс еткізіп неге ұрып алмасқа? Едіге еңкейіп, жерді сипалап, ірірек тас іздеп тауып алып, дәлдеп тұрып, сермей берді де, қолы сылқ етіп түсіп кетті, тасты тастай салды. Тіпті лезде терлеп қоя берді. Апыр-ай, адам баласының ойына нелер кіріп-шықпайды десеңші. Сұмдық-ай, түлкіні таспен ұрып берейін дегенде әлдекім айтқан бір жайт сап етіп есіне түсті, кім айтып еді соны? Жол жөндеуші қулардың бірі ме еді, әлде әлгі суретші ме, жоқ, сірә, Сәбитжан шығар? Иә, сол ғой, бар болғыр, әйтеуір, жұртты аузына қаратпақ болып, ойдан-қырдан айтпайтын әңгімесі жоқ. Қазанғаптың ұлы Сәбитжан ғой: адам өлгенде оның жаны басқа бір хайуанға ауысады деген.

Апыр-ай, көрер көзге көпе-көрнеу көкемылжың болып өскенін айтсаңшы. Бір қарасаң — тәп-тәуір жігіт сияқты. Білмейтіні жоқ, жағын безеп сайрап түр, ал бірақ, берекесіз болғанда берекесіз. Әкесі марқұм оны оқытпаған интернат, институт атаулы бұл төңіректе, әй, қалмаған шығар. Бірақ не керек, жөнді адам шыға қоймады. Мақтанқұмар, тост көтеріп, көпіртіп сөйлеуге әуес-ақ, бірақ пәтуа жоқ. Әкеге тартып ұл тумас, дипломы бар деп кеудесін кергенмен Қазанғаптың тырнағына да татымас боркемік болып шықты. Е, мейлі, тәңірі бетінен жарылқасын, қалқайып тірі жүрсе болыпты да?

И-е, сол Сәбитжан ғой, Үндістанда бір ілім бар екен деген. Сол ілімнің болжауы бойынша, адам өлген соң оның жаны басқа бір мақұлыққа ауысатын көрінеді. Ол, әйтеуір, бір жануар, тіпті құрт-құмырсқа болуы да мүмкін екен. Әрбір адам өзі әлі адам болып тумай тұрғанға дейін әлдеқандай жәндік бейнесінде өмір сүретін көрінеді. Ол не құс, иә аң, тіпті жылан болуы да мүмкін. Сондықтан ол елде тірі жәндікті өлтіру үлкен күнә саналады екен. Жолында не кездессе де, өлтірмей, иіліп тұрып жол беретін көрінеді.

Е, бұл он сегіз мың ғаламда нелер жоқ десеңші. Бірақ ақиқатын біліп келген ешкім жоқ. Әлем шексіз, адам бәрін біліп тауыса алмас. Енді Едіге әлгінде түлкіні тас жіберіп ұра берейін дегенде: "Апыр-ау, Қазанғаптың жаны, рухы түлкі болып келіп тұрған жоқ па екен?" деп ойлады ғой. Рухы түлкіге ауысып, қаңыраған жаман үйде жата-жата жалғызсырап, өзінің ең жақын досы Едігені іздеп келіп тұрмас не қылсын?! "Алжи бастаған шығармын" — деп өзін-өзі сөккендей болды Едіге. — Қайдағы қайдан келді басыма? Түу, бар болғыр! Алжиын деген шығармын".

Сөйтсе-дағы, түлкіге ақырын-ақырын таяп келіп, ол адамның тілін түсінетіндей-ақ:

— Сен бара ғой. Бүл жерде тұрма, далаға кет. Естимісің? Бар, бара ғой. Тек арғы бетке өтпе, ол жақта иттер бар. Тәңірі жарылқасын, далаға тарт! — деп сыбырлады.

Түлкі бұрылып алды да, бүлкілге басып тайып тұрды. Бірер рет артына бұрылып қарап-қарап қойды да, түн қараңғысына сүңгіп, көрінбей кетті.

Бұл екі арада разъезге тағы бір пойыз келіп те қалды. Доңғалағы тарсылдап, қараңғы түннің қойнын ашып, буалдыр сәулесінен шаң бұлдырап пойыз бірте-бірте жүрісін баяулатты. Пойыз тоқтаған кезде пысылдаған-ысылдаған паровоздың терезесінен машинист басын шығарып:

— Ей, Едеке! Борандының Едігесі, ассалаумаәлейкум! — деді.

— Үәлейкүмассалам!

Кім екенін білгісі кеп, Едіге басын жоғарыға кегжите көтерді. Бұл жолдың бойындағылар бірін-бірі жақсы біледі. Мынау да таныс жігіт екен. Едіге оған аманат тапсырды: "Құмбел станциясында тұратын Айзадаға әкесінің қазасын естірт", — деп өтінді. Құмбелде бригадалар ауысады екен де, мына жігіт кері қайтады екен. Қазанғаптың аруағын сыйлайтын жігіт егер Айзада үлгерсе, қайтарда отбасын ала келмекші де болды.

Сөзінде тұратын жігіт. Едігенің арқасындағы жүк жеңілдеп қалғандай болды: бір жұмыс тынған сияқты.

Пойыз жылжи берді де, Едіге машинистпен қоштасып тұрып, жол жағалап келе жатқан ұзын тұра біреуді көзі шалып қалды. Едіге қадала қарап еді: Еділбай екен.

Едіге Ұзынтұра Еділбайға кезегін өткізіп, екеуі Қазанғапты еске алып, аһылап-үһілеп болғанша, Борандыда тағы да қос-қос пойыз жыртылып-айырылысып үлгерді. Істің бәрін ақыр-тақыр өткізіп болып үйіне қайтып келе жатқанда, Едігенің есіне тағы бір ой сап ете қалды: бағана оны әйеліне айтуды, айтуды емес-ау ақылдасуды мүлде ұмытып кеткен екен. Оу, мұның өзінің қыздары мен күйеу балалары бар ғой. Қазанғаптың қазасын оларға қалай хабарласа екен? Едігенің ерге шыққан екі қызының бірі — Қызылорда жақта тұратын еді. Үлкен қызы күріш совхозында, күйеуі тракторшы. Кенже қызы әуелі Қазалы маңында тұрушы еді, кейін әпкесіне жақындап қоныс аударып, сол совхозға кірген, оның күйеуі шофер. Қазанғап олардың екі туып, бір қалғаны емес. Оны жерлеуге қатыспадыңдар деп оларды ешкім сөкпес. Бірақ Едігенің балалары үшін Қазанғап ең жақын туыстан да артық еді. Едігенің қыздары осы Борандыда Қазанғаптың көз алдында туып, өсті. Құмбел станциясындағы интернатта жатып оқыды. Станцияға оларды кейде Едіге, кейде Қазанғап апарып салатын. Едігенің есіне қыздары түсіп кетті. Каникулға келерде, не қайтарда Едіге оларды Қаранарға мінгізіп алушы еді. Кішісі ашаның алдында, үлкені артында, ортасында Едіге, Қаранар Борандыдан Құмбелге сау желіп үш сағатта жетіп баратын. Қыстың күні ұзағырақ жүретін, әрине, Едігенің қолы жұмыстан босамаған кезде Қазанғап апарып салатын. Қазекең қыздардың әкесіндей болып кетіп еді ғой. Едіге ертең ертемен қыздарына жеделхат жібермекші болды, ар жағы бір жөні бола жатар... Әйтеуір, Қазанғаптың енді бүл жарық дүниеде жоқ екенін білгендері керек...

Келе жатып тағы да есіне түйе түсті. Ертең ерте Қаранарды өрістен айдап әкелмесе болмас, оның әбден керегі болып тұр. Өлу оңай емес, өлгенді ақ жуып, арулап аттандыру да бірталай шаруа... Мұндайда біресе анау жоқ, біресе мынау жоқ, кебіннен бастап қаралы ас пісіретін отынға дейін бәрін аттың жалы, түйенің қомында түгендеуге тура келеді. Дәл осыны ойланып келе жатқанда, әуе толқып кеткендей болды. Соғыста жүргенде осындайды сезінуші еді, жырақтан орасан жарылыстың сұрапыл толқынымен ауа теңселіп, аяқ астындағы жер солқ-солқ ете қалды. Дәл бет алдынан, сонау Сарыөзек космодромы жақтан тұла бойы отпен өрілген әлдебір пәле аспанға қарай атылып, шұбалаңдай зымырап бара жатты. Едіге сасып қалды — дәл алдынан аспанға ракета атылды. Мұндайды бұрын көрген емес. Осы аймақтың адамдары сияқты бұл да "Сарыөзек-1" деген космодром барын, оның бұл арадан қырық шақты шақырым жерде екенін, олай қарай Төңірек Там разъезінен басқа темір жол шығатынын, айдалада үлкен қала пайда болғанын, онда үлкен-үлкен дүкендер бар екенін еститін. Космонавтар, космосқа ұшулар туралы радиодан ылғи да естіп, газеттен оқитын. Осы ұлы оқиғалардың бәрі іргесінде болып жатқан сияқты. Өйткені Сәбитжан тұратын облыс орталығындағы көркемөнерпаздар концертінде балалар хорға қосылып: "Біз әлемдегі ең бақытты балалармыз, себебі космонавт ағайлар космосқа біздің жерден ұшып жатыр", — деп жырлайды. Ал облыс орталығы болса, бұл арадан пойызбен бір жарым тәулік жер. Ал бірақ космодромның айналасының бәрі жабық зона болғандықтан, Едіге сол космодромның дәл іргесінде жүріп, мұндай жайларды басқа жақтан, әлдеқайдан естігеніне тоқ. Міне, енді түнгі аспанды қақыратып, от-жалын болып өріліп, айналасын секеңдеген ақ сәулеге малындырып, арқырап ұшқан ғарыш ракетасын түңғыш рет өз көзімен көріп түр. "Апыр-ай, анау оттың ішінде адам бар ма екен? — деп Едігенің есі кетті. Біреу болды ма екен, екеу ме екен? Апыр-ау, космодромның іргесінде жүріп, аспанға ракета ұшқанын бұрын қалай байқамаған? Космосқа ұшқан кемелер мен ракеталардың санынан адасуға болады, бірақ Едіге солардың біреуін де көрмеген. Мүмкін, олар ылғи да күндіз ұшырылған шығар. Күн жарықта олардың ұшқаны байқала да бермейтін болар. Ал мынасы болса, түнделетіп жөнелді. Мұнысы төтен шаруа ма, әлде жоспарлы нәрсе ме? Бәлкім, ол түнде ұшқанмен, кешікпей күндізге тап болатын шығар? Әлгі Сәбитжан дәл бір өзі ұшып жүргендей-ақ, космоста әрбір жарты сағат сайын күн мен түн алмасып отырады деп соғады. Сәбитжаннан сұрайтын екен өзін. Оның білмейтіні жоқ. Әй, өзі әмбебап көсем кісі көрінгісі келіп-ақ тұрады-ау. Енді қайтсін, облыс орталығында қызмет істейді ғой. Ай, сонда да өтірік кісімсіп керегі не? Әтештің аты — әтеш, қыранның аты — қыран ғой. Өзіңмен-өзің бол да қал "Мен бәленшекеңмен бірге болдым, үлкен кісіні айтам, мен оған былай дедім", — деп бөсетінін қайтесің. Ал ұзынтұра Еділбай бір кез Сәбитжанның қызмет істейтін жерінде болғаны бар, сол Еділбай айтады: "Біздің Сәбитжан, дейді, телефон мен бастық кабинеті арасында зыр жүгіріп жүр, дейді. "Тыңдап тұрмын, Әлжапар Қаһарманович құп болады, Әлжапар Қаһарманович! Қазір-қазір, Әлжапар Қаһарманович!" Ал бастығы болса, өзінің кабинетінде жайбарақат отырып, кнопканы басып қалып, Сәбитжанды зыр жүгіртіп қояды", — дейді. Сөйтіп, Еділбай онымен жөндеп сөйлесе де алмай қайтыпты... "Е, біздің Борандылық жерлесіміздің жағдайы сондай екен", — деп қойды. Жә, тәңірі жарылқасын, тірі жүрсе бопты да. Тек Қазанғап жарықтықты аяйсың да. Баласының жолында құрбандық бола жаздаушы еді. Өле-өлгенше баласы туралы "шәй" деген кісі емес. Баласы мен келінінің қолында тұрмақ болып, қалаға көшіп те барды. Ойбай, қолымызда тұрмасаң болмайды деп кешіріп әкеткен өздері. Ақырымда не болды... Жә, бұл мүлде басқа хикая...

Сол бір түннің ортасында космос ракетасын ғарышқа бұлдырап көрінбей кеткенше шығарып салып тұрып, Едіге осындай ойларды бастан кешкен-ді. Ғажайып ракетаның соңынан көпке дейін қарап қалған. Тек от бұрқыраған корабль бірте-бірте сығымдалып, кішірейіп, түпсіз тұңғиыққа сүңгіп кетіп, буалдыр ақ нүктеге айналғанша қарап тұрып, басын бір шайқап қойды да, әм қуанған, әм қорыққан, майдандасқан сезімнің жетегінде кете барды. Әлгі кереметке ғажап қалса да, оның қыры-сырын біле алмай, бір түрлі үрей билегендей де болды. Ойда-жоқта әлгі жанына жақындап келген түлкі есіне түсті. Мына ғаламат от аспанға атылған кезде сол маңда жүрген түлкі байғұстың күні не болды екен? Кірерге тесік таппай жанталасқан-ақ шығар...

Боранды Едіге түнгі ғажайыпты көруін көрсе де, ол ракетаның не мақсатпен, не үшін ұшырылғанын, әрине, білген жоқ, білуге тиісті де емес. Ал ракета болса бұрынғы сән-салтанатсыз, журналисттерсіз, рапортсыз, шұғыл ұшырылып еді. Американ-Совет келісімі бойынша "Трамплин" деп аталатын, орбитаға бір жарым жылдан артық уақыттан бері орналасқан "Паритет" космос станциясында төтенше бір жағдай болып қалды да, әлгі Едіге көрген түнгі ракета асығыс, шұғыл ұшқан. Едіге оны қайдан білсін. Осы бір оқиға оның өзіне де тікелей қатысты болып кетерін қайдан білсін. Бұл дүниеде адамзат бір-бірімен байланысты, дүние солай жаратылған. Десе дағы мына жағдай Едігенің тағдырына тікелей тірелетінін ешкім де білген жоқ. Ал Сарыөзектен ұшқан түнгі ракетаның соңын ала, жер шарының арғы бетінен, Невада космодромынан ғарышқа тағы бір ракета ұшып шыққан. Оның да беталыс бағыты "Трамплин" орбитасындағы "Паритет" космос станциясы болатын. Тек ұшуы жердің арғы бетінен. Мұның бәрін Едіге қайдан білмекші, білмек тұрмақ, сезген де жоқ қой.

Бұл екі корабльдің екеуі де космосқа "Конвенция" авианосецінен берілген команда бойынша ұшырылып еді. Ал "Конвенция" Біріккен Совет-Американ "Де-миург" программасы басқармасы орталығының жүзіп жүрген базасы еді.

"Конвенция" авианосеці Тынық мұхитта, Алеут аралдарынан солтүстікке қарай, Владивосток пен Сан-Франциско қалаларының дәл орта тұсында тұрақты жүзіп жүрген. Біріккен Басқару Орталығы — қысқартып айтқанда — Бірбасор — бұл кезде әлгі ракеталардың, "Трамплин" орбитасына ұшып шығуын шыдамсыздықпен қадағалап тұр еді. Әзірге бәрі сәтті сияқты. Енді "Паритет" станциясымен жіктесу міндеті тұр. Бұл міндет әрі десе өте күрделі еді. Өйткені әлгі ракеталар "Паритетпен" бірінен соң бірі кезекпен келіп тіктеспейді, екеуі екі басынан бірден, бір мезгілде келіп түйісуі тиіс еді.

"Паритет" міне он екі сағаттан асты, "Конвенциядан" жіберілген Бірбасордың сигналдарына жауап бермей қойды; өзімен жіктесуге бара жатқан ракеталардың сигналдарына да "Паритет" тырс етпеді... "Паритеттегі" космонавттарға не болғанын жедел анықтау керек болып тұр еді ғой...

 

II

Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тұсы — Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темір окоптың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Боранды разъезінен наймандардың ру зираты Ана-Бейітке дейін егер Сарыөзектің даласымен төтесінен салса отыз шақырымдай болып қалады. Ал айдалада, жолсызда адасып жүрерміз десе, темір жолмен жарыса жүріп отыратын қара жолға түсу керек. Бірақ онда жол ұзарады. Онда Қисықсайдың ойпаңынан. Ана-Бейітке дейін едәуір жерді одағайлата жүруге тура келеді. Бірақ басқа амал жоқ. Ең кемі — барары отыз, қайтары тағы отыз шақырымдай. Ал енді сол Ана-Бейітке барар жолды Едігеден басқалары білмейтін. Көнеден сақталған Ана-Бейіт деген зират барын, соған байланысты толып жатқан аңыз-әңгімелер барын басқалар білетін, бірақ өздері барып, көздерімен көрген емес. Бұл уақытқа дейін бастарына ондай күн түскен жоқ еді. Темір жолдың бойындағы сегіз үйлі Борандыда көп жылдан бері түңғыш рет өлік шығарылмақшы. Бұған дейін бір сәби қыз бала ентікпеден шетінеп еді, оны ата-анасы өз еліне, Орал облысына апарып қойып келді. Бұдан біраз жыл бұрын Құмбел станциясының ауруханасында Қазанғаптың кемпірі Бекей қайтыс болғанда, ол сол Құмбелдегі зиратқа қойылды.

Марқұмды Борандыға әкеліп жерлеудің реті жоқ еді. Құмбел — бұл Сарыөзек өлкесіндегі ең үлкен станция, әрі десе мұнда Қазанғаптың қызы Айзада, маскүнем, берекесіз де болса, әйтеуір, күйеу баласы тұрады. Марқұмның бейітіне көз қырын сала жүрер деген. Бірақ онда Қазанғап тірі еді ғой. Кемпірін қалай жайғастырарын өзі шешіп еді ғой.

Ал енді Қазанғаптың өзін қалай аттандырмақ? Жұрт енді осы тығырықта тұрған.

Едіге айтқанынан қайтпады.

Өй, жігіттер, болмайтын әңгімені не қыласыңдар, — деп жастар жағын жасқап қойды. — Қазекең сынды кісіні бабалар жатқан Ана-Бейітке апарып қоямыз. Марқұмның айтқан арызы солай. Ақырғы тілегін орындау бізге парыз. Кәне, коп сөзді қойып, іске кірісейік. Жол жырақ. Таңсәріден қозғалмасақ болмасты...

Бәтуалы сөз Едігеден шығатынын жұрттың бәрі мойындады да, соның айтқанына тоқтады. Айтпақшы, Сәбитжан біраз қиқайып отырды. Хабар тиісімен-ақ, жүк таситын пойызбен жетіп келген. Жолаушы таситын пойыз Борандыға тоқтамайды ғой. Әкесінің өлі-тірісін білмесе де, Сәбитжанның, әйтеуір, жеделдетіп жеткеніне Едіге елжіреп, бір қуанды дейсің. Ә дегенде екеуі құшақтасып көрісіп, ортақ қайғыдан үгіліп бір ағыл-тегіл жыласын кеп. Кейін Едіге өз қылығына өзі таңданғаны бар. Сәбитжанды кеудесіне қысып, еңкілдеп жылап тұрып: "Айналайын-ай, келгенің қандай жақсы болды, келгенің қандай жақсы болды" — дей берген. Сәбитжан келгеннен Қазанғап тіріліп кететіндей, қоймай қайталады-ау. Неге мұнша егілгенін Едіге өзі де түсінбейді, бұрын бүйтіп өмірінде жылап көрген емес-ті. Қазанғаптың қаңырап қалған жатаған жаман үйінің алдында тұрып, екеуі көпке дейін еңіреді. Едігенің жүйкесін әлдене босатып жіберді... Сәбитжанның көз алдында өскені еске түсті. Жап-жас бала еді, әкесі жанындай жақсы көруші еді. Құмбелдегі теміржолшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернаттағы Сәбитжанға Едіге Қазанғап екеуі біресе пойызбен, біресе түйемен кезек-кезек барып, баланы біреу-міреу шекесінен шертіп қоймады ма екен, өзі бұзықтық жасап қоймады ма екен, оқуы қалай екен, мұғалімдері не айтар екен деп, жағдайын ұдайы біліп тұратын. Ал каникулдан қайтарда, бала сабағынан қалып қоймасын деп, боранға да, қарға да қарамай, тонға орап алып, Құмбелге жеткізіп салатын.

Қайырылмас қайран сол бір күндер! Бәрі де бір күнгідей болмай, көрген түстей, сағымдай өтті-кетті.

Енді міне, алдында зіңгіттей жігіт тұр. Сол бір кездегі сәбиден еміс-еміс елес қалған: бадырақ көз, езу жимас, күлегеш. Тек енді көзілдірік киетін болыпты. Жәпірейтіп қалпақ киіп, мыж-мыж галстук тағып алыпты. Бұл күнде қызметі облыс орталығында, содан да ірі, лауазымды болып көрінгісі келеді, бірақ өмір деген мұттайым, лауазымды бастық болу оңай емес. Өзі талай шағынып айтқандай, арқа тұтар қолдаушың, тамыр-таныс, туысқаның болмаса — бәрі бекер. Боранды дейтін разъездегі әлдебір Қазанғап дегеннің баласы кімнің шікәрасы? Алда, байғұс-ай десеңші! Енді сол жаман-жәутік әкеден де айырылып қалды. Өлі арыстаннан гірі тышқан артық, жаман да болса, әкесі еді, енді құдай оны да қоймады.

Жылап-сықтау тыйылып, тіршілік қамын ойласатын да мезгіл жетті. Сөйтсе айналайын білімпаз Сәбитжан әкесін құрметтеп шығарып салу үшін емес, апыл-ғұпыл көме салу үшін келген болып шықты. Әкесінің жүзін жасыра салып, ізінше қайтып кетпекші екен. Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша! Осы ауылдан ұзамай-ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой. Өмір бойы жұмыс істеген жері осы, кәрі теміржолшы жатсын темір жолдың бойында пойыздардың ары-бері ағылып өткенін сезіп. Сәбитжан былай жосыды. Тіпті "өлгеннің сауабы көмген", деп ескі қағиданы да еске салып қойды. Бәрібір емес пе, әйтеуір, ит-құсқа жем болмайтындай, жүзі жасырылса

— болды емес пе, мұндайда созбалаңдатпай, өлікті тез жөнелткен жөн. Ақылды Сәбитжан осылай жосыды.

Осылай жосып ол өзін-өзі ақтаған болды: жұмысбасты адам, бастықтардан әке-көке деп сұранып шыққан. Зират алыс па, жақын ба — онда бастықтардың қанша шаруасы бар. Айтқан уақытта жұмыста бол! Бөтен сөз жоқ. Бастықтың аты — - бастық, қаланың аты — қала.

Сәбитжанның бөспесін естіп, Едіге өзін-өзі кәрі ақымақ деп бір күстәналады дейсің. Марқұм Қазанғаптан бола тұра, болымсыз туған мына бір сілімтікті жаңа ғана құшақтап тұрып егіле жылап, еңкілдегені есіне түсіп, ұяттан беті дуылдап, өзін-өзі аяп кетті. Үйдің іргесіне текшелеп жиған ескі шпал ағаштың үстінде бесеуі отырған. Едіге олардың арасынан тұра келді де ішіне ызасы сыймай булықса да, дәл бүгін марқұм Қазанғаптың аруағын сыйлағандықтан ғана, тілдеп-тілдеп жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеді. Бар айтқаны:

— Әлбетте, айнала жер көп қой. Бірақ өзге жұрт өз жақынын қай жер болса, сол жерге көме салмайды. Сірә, сол тегін болмас. Әйтпесе біреу ауылдың іргесіндегі жерді аяп тұр дейсің бе? — деп тоқтап еді, борандылықтар үн-түнсіз тыңдап отыр екен. — Кеңесіп, келісіңдер, мен шаруа жайғайын.

Соны айтып, ашу-ызаға булыққаннан бет-аузы сиықсыздана қарауытып, бәледен әрі кетіп отырды. Қабағынан қар жауып, қастары түйісіп кетті. Морт мінезді, адуын адам ғой Едіге. Оны жұрттың Боранды Едіге деп жүруінің бір мәні — осы бұрқ-сарқ еткен мінезі еді. Әгәрім, дәл қазір Сәбитжан жеке-дара отырса, ол арсыздың бет-жүзіне қарамай, өмір бақи есінен шықпастай етіп, оның иттігін бетіне шыжғырып басар еді. Бірақ қатындарша бажылдасып жатқысы келмеді. Қатындар демекші, аз ауылдың әйелдері сыпсыңдап, бұрқылдасып жүр: әкесін жерлеуге емес, мейман боп келгендей ғой мынау өзі. Көк тиынсыз, екі қолын мұрнына тығып келгені несі құдай-ау! Басқасы-басқа, бір пәшке шай ала келсе қайтеді. Әлгі қаладағы сұрқия әйелін айтсайшы, әйелін. Туған атасы өліп жатқанда, аруағын сыйлап, ататайлап келіп, жылап-сықтап, жоқтаса қайтеді, көргенді келін құсап. Ар-ұяттан ада болған қаланың қаншығы! Шал байғұс әлі шаруасы шайқалмай, екі сауын інген, он-он бес қозылы қой ұстап тұрған кезде қайын атасы жақсы еді. Ол кезде келіні қайта-қайта келіп, ақыры айтқанын істетті: малдың бәрін сатқызып, шалды өз қолына алған болды да, ақшасына мебельді де, машинаны да қолға түсірді. Сол-сол екен, шал отырса — опақ, тұрса — сопақ түкке керегі жоқ болды да қалды. Енді қарасын да көрсетпейді. Борандының әйелдері осыны айтып шатақ шығармақшы еді, Едіге тоқтатып тастады. "Мұндай күні үндеріңді шығара көрмеңдер, ойбай, өздері білсін, біз шатаспайық", — деді.

Едіге мал қораға қарай бет алды. Қаранарды өрістен ертелетіп айдап келіп, байлап қойып еді, анда-санда бақырып қойып түр екен жануар. Соңғы аптада түйелер келісімен қосылып екі рет келіп құдықтан су ішкені болмаса, Боранды Қаранар ұдайы өрісте бос жүрген. Соған жаман үйреніп, тісін ақсита ақырып-бақырып, өрісті аңсап, байлауға көнбей құдай ұрып тұр, залым неме. Ноқтаға үйренбесе, о да бір тозаққа түскендей нәрсе ғой.

Жағдайдың осылай боларын күн ілгері білсе де, Сәбитжанның әлгі сөзінен мүлде көңілі қалған Едіге, Қаранардың қасына келді. Бұл ақымақ өз әкесінің өлігін шығарып салуға қатысудың өзін әлдекімге міндет қылатын сияқты-ау. Әкесінің өлімі өзіне масыл болып жабысқандай, содан өйтіп-бүйтіп апыл-ғұпыл құтыла салғысы келгендей сыңайы. Едіге соған бола сөзін қор қылып жатқысы келмеді, сөзіне татитын адамның сықпытын көрмеді, бәрібір Едігенің атқаратын міндет, әрі десе ауылдастары да қарап қалмай, қолғабыс етіп жатыр. Жол бойындағы жұмыстан қолы бостардың бәрі ертеңгі өлік шығарып, қаралы ас беру жұмысына белсене кірісіп кетті. Әйелдер үй-үйден ыдыс-аяқ жинап, самаурындарын ысқылап тазалап, қамыр ашытып, бауырсақ пісіре бастады. Еркектер жағы шелекпен су тасып, қара май сіңген ескі шпалдарды жарып, отын дайындады. Бұл шел далада отын да судай қат еді. Жұмысбасты адамдарды алаңдатып, қай-қайдағыны бөсіп, Сәбитжан аяққа оралғы болды. Облыста кім қандай қызметте, кім орнынан алынды, оның орнына кім барды деген сияқты қысыр әңгіме. Ал атасының қазасына өз әйелінің келмей қалғаны қаперіне кіріп шығар емес. Қызық-ау, құдая тоба!

Әйелінің келмеген себебі: шетелдік меймандар қатысатын әлдебір конференцияда болуы керек екен. Сәбитжанның әйелі болмаса, конференция қараң қалатындай. Ал марқұм Казанғаптың немерелері неге келмеді, деп ешкім қазбалап жатқан жоқ. Сәбитжанның балалары болашақта институтқа түсу үшін тәуір аттестат алмақ болып, оқу үлгерімі жолында күресіп жатса керек. "Бұл жұрт не боп барады! — деп күйіп-пісті Едіге ішінен. — Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі қадірлі!" — Едігенің жаны жай таппады:

— "Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін! Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үшін?"

Едіге ашуын Қаранардан алып:

— Неменеге бақыра бересің, қолтырауын? — деп айқай салды.

— Аспанға қарап аңырайсың келіп, аспанда сені құдай естіп тұрғандай! — Едіге өзінің бурасын әбден шыдай алмай кеткенде ғана "қолтырауын" деп сөгуші еді. Осында келіп-кетіп жүретін жол жөндеушілер қоя, Қаранардың ақсиған тісін, ақырған түрін көріп қолтырауын атап жүрген. — Бақыра берме, қолтырауын, тісіңнің бәрін қағып тастармын, бәлем!

Түйені жазылау керек еді, осы іске алданып, Едігенің ашуы тарқайын деді. Боранды Қаранардың кескін-келбеті, түр-тұлғасы келісті-ақ еді, өзі де жардай болатын. Едіге жаңа көргендей, сүйсіне қарап қалды. Едіге бойдан кенде болмаса да, Қаранардың басына созса қолы жетпес еді. Едіге ебін тауып, бураның бұйдасын тартып, басын иіп, қамшының сабымен күс-күс тізесінен қаққылап, даусын жекіре шығарып, сескендіріп, әрең дегенде шөгерді-ау, әйтеуір. Бура барынша бақырып-шақырып, ақыры қожасының дегеніне көніп, тізесін бүгіп, кең кеудесін жерге төсеп, шөге түсті де, тынышталды. Едіге ашаға кірісті.

Түйені бабымен әбзелдеу үй тұрғызғандай күрделі шаруа ғой. Аша деген түйенің үстіне апарып қондыра салатын ер-тоқым емес, машақаты көп, машықтанбаған адамның қолынан келмес тіршілік, әрі десе Қаранардай алыпты әбзелдеу үшін қолыңның қаруы да аз болмау керек.

Бураның Қаранар атануы да тегін емес: басының, мойнының шудасы тізесіне дейін салбырап, қап-қара болып келеді, келте құйрығының ұшы да қара; ал иір мойнының үсті, тес, бауыры, сауыры — бәрі керісінше сарғыш жүнді болып жаратылған. Серіппелі қос өркеш мұнарадай тікірейіп, бураның мерейін өсіріп тұрғандай айбынды келбет береді. Буырқанған Қаранар түр-түсімен де, жартастай жаратылысымен де көрікті ғой. Өзі де қазір жиырмадан асқан шағында бура болып бұрқылдап, жарап жүрген кезі еді.

Ойсылқара жарықтықтың тұқымы көп жасайды. Екі-саннің бестігі шықпай боталамайтыны да содан шығар. Содан соң да жыл сайын емес, екі жылда бір боталайды ғой. Тірі жәндіктің ішінде баласын құрсағында ең кеп көтеретін — он екі ай көтеретін жануар тек осы түйе тұқымы.

Едіге бұл түліктің қадірін білер еді де, Қаранарды ұдайы бабында ұстайтын. Түйе малының берекесінің белгісі — өркеші ғой. Өркеші баладай болып, тіп-тік тұрса, жануардың күйлі болғаны. Едігенің соғыстан жаңа ғана оралып, осы Борандының разъезіне жұмысқа тұрған кезі. Әне, сонда Қазанғап Едігеге ерулігің болсын деп үйректің балапанындай үрпиген, нәп-нәзік, әлі емшектен шықпаған шінжәу ботаға ен салып, бәсірелеп беріп еді. Сол болбыр ботадан Қаранар шықты ғой кейін.

Ол кезде Едіге қылшылдаған жігіт еді, шіркін! Борандыда сақал-шашым ағарғанша тұрып қалам деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе ол кезде? Бұл күнде жас кезінде түскен суретке анда-санда қарап қойып, өз көзіне өзі сенбейді: адам танымастай өзгеріп, аппақ қудай болып кетті. Тіпті қасына дейін ағарғанын айтсаңшы. Бет-әлпеті, әрине, өзгерген. Бірақ егде тартқан жасына қарамай, әлі де құн ақы, қол-аяғы жеңіл Әйтеуір, өзінен-өзі әуелі мұрт қойды, содан соң сақал қойды. Ал енді сақалын қырдырайын десе жалаңаш қалатындай ыңғайсызданады. Сол бір ілкі шақтан бері ықылым заман өтіп кеткен сияқты.

Мына қазір Қаранарды жазылап жүріп, арыстанша ақырып, шудалы қара басын бұрып қарап, бұрқ-бұрқ еткен бураға анда-санда айқайлап, қолын көтеріп жасқап қойып, сонау бір жас шағын еске алып, жаны жадырап сала бергендей болды...

Едіге Қаранарды шөгеріп қойып, көпке дейін әбзелдеумен әуре болды. Бұ жолы бураны жазыламас бұрын үстіне ескіден қалған жәдігер жабумен жабулады. Жабу жіптен шашақталған, оқа-зермен оюланған, хас шебердің қолынан шыққан аяулы, қымбат мүлік еді. Үкібала оны көзінің қарашығындай әлпеттеп сақтап жүретін. Қаранарды мұнымен соңғы рет қашан жабулағаны Едігенің есінде жоқ. Міне, енді жабулаудың реті түсті...

Жазылап біткен соң, Едіге Қаранарды нұқып-нұқып орнынан тұрғызды. Бураны айналдыра қарап шықты да, өз өнеріне көңілі толып, масаттанып қалды. Шашақты жабу жабылған, шашау шықпай жазаланған Қаранардың тұрысында салтанатты һәм құдіретті бір көрініс бар еді. Көрсін жастар, әсіресе, әлгі Сәбитжан көрсін. Көрсін де қадірлі адамды ақырғы сапарға жөнелтіп салу қайғылы шаруа болса да әуре-сарсаң, қолбайлау тіршілік емес, адамгершілік, аруақ сыйлаған білімділік, ұлы іс екенін білсін, түге! Біреулер кісі жөнелткенде музыка тартқызып жатады, біреулер жалау жықтырады, ал енді біреулер тарсылдатып аспанға мылтық атып жатады, бәз біреулер гүл шашып, венок қойып жатады...

Ал Борандының Едігесі ертең ертемен шашақты жабуын желбіретіп Қаранарға мінеді, Қазанғапты соңғы сапарға алып шыққандардың алдын бастап, Ана-Бейіт жолына қарап бет алады. Сарыөзектің ұлан-ғайыр құла даласын кесіп өтіп бара жатып, Қазанғапты еске алады. Қазанғаптың тілегін орындап оны бабалардың зираты — Ана-Бейітке апарып ақырғы мекеніне жайғастырады. Солай деп түйген уәделері бар о бастан. Ана-Бейіт алыс болсын, жақын болсын, бәрібір, Едігенің Қазанғапқа берген уәдесін, Қазанғаптың арыз-тілегін ешкім де, тіпті марқұмның бел баласы Сәбитжан да бұза алмас...

Бұл шешімнің бұлжымасын білсін жұрт, соның үшін Қаранар жабуланып, әбзелденгенін көрсін жұрт.

Көрсін бәрі, көрсін жұрт. Едіге Қаранарды бұйдасынан жетектеп, аз ауылдың үйлерін айналып шығып, Қазанғаптың, жатаған жәутік үйінің алдына келіп тоқтады. Көрсін бәрі. Борандының Едігесі уәдесін жұта алмайды. Тек мұны дәлелдеймін деп бекер шыр-пыр болады. Жұрт онсыз да біледі ғой. Едігенің түйені әбзелдеумен әлек болып жүргенін көріп ұзынтұра Еділбай сәтін тауып Сәбитжанды оңаша шығарып алған-ды.

— Жүр, анабір көлеңкеге барып отырып, әңгімелесейік. Әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Еділбай мәймөңкелеп жатпастан, тоқ етерін бір-ақ айтты:

— Ал, Сәбитжан, әңгіме былай: бүл жарық дүниеде әкеңнің Боранды Едіге сияқты досы барына шүкір деп, құдайға мың да бір құлдық қыл, білдің бе. Марқұмды ақ жуып, арулап қоюға кесір етпе, білдің бе. Ал, асығады екенсің — жолың әне, біз сені ұстамаймыз. Сен үшін әкеңнің мүрдесіне бір уыс топырақты мен-ақ сала саламын!

— Әке менікі, не істеуді өзім білемің, — деп Сәбитжан қоқиланып келе жатыр еді, Еділбай оны шорт үзіп:

— Әке сенікі-ау, ал сен өзің кім екеніңді біле алмай, сандалып тұрсың ғой!

Айттың-ау, сен де, — деп Сәбитжан ыға бастады. — Жә, жарайды, бүгін керілдесетін күн емес. Ана-Бейіт болса — Ана-Бейіт болсын, онда тұрған не бар, тек алыс қой дегенім ғой...

Сонымен бұл әңгіме тыйылған. Едіге Қаранарды жабулап, Қазанғаптың үйінің алдына әкеліп байлап, борандылықтарға: "Әй жігіттер, бекер сөз не керек, мұндай азамат арысымызды Ана-Бейітке апарып қоямыз..." — дегенде ләм деп ешкім қарсы келмей, бәрі де ризалық білдірді.

Сол күнгі кеш пен түнді Борандының аз ауылы Қазанғаптың үйінің ауласында өткізді. Ауа райы да қолайлы еді. Күндізгі аптап ыстықтан кейін кешке қарай күрт салқындап кетті. Сарыөзектің күзі жақындап қалып еді. Әлемде желсіз, ың-жыңсыз, ұлы тұнжыр тыныштық мүлгіп тұр. Кешкі алагеуімде-ақ қой сойылып, ішек-қарыны аршылып, еті боршаланып, ертеңгі қаралы асқа бәрі дайын болып қалған. Әл-әзір түтіні бықсыған самаурындарды ортаға алып, борандылықтар шай ішіп, әжік-күжік әңгіме айтысып отырған. Ертеңге керек шаруаның бәрі дерлік тындырылған, енді тек ертең ертемен Ана-Бейітке жол тарту қалып тұр. Кәрі кісінің қазасында арсыл-гүрсіл аһылап-үһілей бермес болар, борандылықтар да мына бір тымық тұнжыр кешті шүйіркелесіп қана, мәйектей ұйып ынтымақпен өткеріп жатқан.

Ал Борандының разъезінде әдеттегідей пойыздар келіп-кетіп, жыртылып-айырылысып, бірі шығысқа, бірі батысқа жүйткіп жатты...

Ана-Бейітке аттанар таңның алдындағы кеш осылай тап-тамаша еді, кенеттен бір кездейсоқ келеңсіз жағдай кездесе кеткені... Сол екі ортада жүк таситын пойызбен Айзада күйеуі екеуі келе қалсын. Айзада ауылдың шетіне кіргеннен аңырасын. Оны Борандының әйелдері қоршап ортаға алып, бәрі қосылып ұлардай шуласын. Әсіресе Айзадаға қосылып Үкібала егіліп жыласын-ай келіп.

Үкібаланың Айзада байғұсқа жаны ашығаны рас еді. Екеуі де армансыз-ақ ақтарылып, солқылдады-ай келіп. Едіге Айзаданы: "Тағдырдың салғанына көнесің де, өлгеннің артынан өлмек жоқ, сабыр ет!" — деп жұбатып көріп еді, Айзада басыла қоймады.

Кейде өзі осылай болады. Әкесінің өлімі қай-қайдағы толып жатқан қайғыны қозғап кеткен себеп сияқты. Көптен бері қағанағында тығылып тұрған запыранның тығыны атылғандай болды. Шашы қобырап, бет-аузы көнектей болып ісіп кеткен Айзада өліп жатқан әкесіне мұңын шағып, дауыс қылып: "Талайсыз мен сорлыны кімге тастап кеттің, енді мені кім есіркейді?" — деп жылады. — Байдың түрі болса — анау, айықпас араққұмар, маскүнем, балаларым болса тірі жетім сияқты, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, станция басында қаңғып жүріп, бұзық болып кетті. Әлден бұлай болса, ертең қарақшыға айналып, пойыз тонап, топаны шығады ғой. Үлкені болса, араққа ауызданып, ішетінді шығарды. Үйге милиция келіп ескертіп те кетті: тыймасаңдар, іс прокурорға тапсырылады деп кетті. Алты бірдей жүгірмекке жалғыз өзім не істей аламын, құдай, сорлатқан құдай! Әкесінің түрі анау, оған қара аспанды су алса да бәрібір! Мені аяйтын кім қалды енді, қу құдай!

Айзада айтса-айтқандай, күйеуі сасыған арзан сигаретті бұрқыратып, үн жоқ, түн жоқ, бейшара құсап, мүжіліп отыр. Қанша дегенмен, қайын атасының қазасына келді ғой мұңайып, басы салбырап, жүнжіп кетіпті. Әйелінің айқайы — үйреншікті нәрсе. Айқайлайды, ойбайлайды, ақыры шаршап қояды...

Бірақ орынсыз жерден Сәбитжан киліккені ғой. Бәле содан басталды. Сәбитжан әпкесін ұялтпақ еді: "Бұл не сұмдығың? Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықты қайдан шығардың? Әкеңнің қазасына келдің бе, әлде өзіңді-өзің масқаралайын деп келдің бе? Қай заманнан бері қазақтың қызы өзінің құрметті әкесін сен сияқты жоқтайтын болған еді? Қазақ әйелдерінің бұрын айтқан ұлы жоқтау сөздері аңызға, ән-жырға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жеткен жоқ па? Олар жоқтау айтқанда өліден өзгенің бәрі елжіреп, егіліп жылар болған; сай-сүйегіңді сырқыратып, өкпе-бауырыңды елжіретіп, жүрегіңді сыздатқан сол ұлы жоқтау қайда енді? Жоқтау айтқанда, өлген адамның қадір-қасиеті, тірлігінде істеген ерлігі мен жақсылығын жер-көкке сыйғызбай мадақтап, марапаттар еді. Әне, бұрынғы қазақ әйелдері қандай болған! Ал сенікі не жөн? Осы жерге жоқ-жітігіңді, кем-кетігіңді, қорлық-зорлығыңды айтуға келіп пе едің?!

Айзада да осы сөзді күтіп тұрғандай-ақ шап ете қалды. Бұрынғы-бұрынғы ма, айқайдың көкесін енді салды. "Ау, сен қайдан ақылды, оқымысты бола қалдың, а? Сен әуелі ана әйеліңді үйретіп ал! Сен әлгі сылдыраған сұлу сөздеріңді әуелі соның құлағына құй. Ал жоқтаудың жоралғысын көрсететін әйелің қайда сенің, неге келмеген? А, сол сенің алған жарың келіп, атасына мадақтап жоқтау айтса жарасар еді да, өйткені оның тірі кезінде жәдігөй қатыныңмен екеуің сығарға битін, үрерге итін қалдырмай тонап әкетпеп пе едіңдер, ей тумай туа шөккір, тірідей таладыңдар ғой әкемді! Әне менің байым, маскүнем де болса келіп отыр, әйтеуір. Ау, сенің нақсүйер, ақылы дария қатының қайда деймін?

Жаны қысылған Сәбитжан: "Мына қатыныңды тыйсаңшы", — деп Айзаданың күйеуіне айқай салды. Сөйтіп еді, Айзаданың күйеуі ақиланып шыға келді де, қайта Сәбитжанның өзін алқымынан ала түсті.

Борандылықтар жезделі-балдызды екеуін әрең дегенде ажыратты. Жұрттың бәрі жиіркенердей, сондай бір жұғымсыз, масқара жағдай өтті. Едігенің жігері құм болды. Ол бұлардың пәс адамдар екенін білуші-ақ еді, бірақ дәл мынадай масқарампаз болар деп ойламаған. Қаны қарайып, күйіп кеткені сонша: "Сендер, өздеріңді өздерің сыйламасаңдар, тым құрыса марқұмның аруағын масқаралап, қорламасаңдар не қылады! Әйтпесе аяғың аспаннан салбырап түссе де аямаймын, өз обалың өзіңе, қуып жіберемін тура! — деп қатты ескертті.

Өлік жөнелтер қарсаңында осындай бір келеңсіз жағдай кез болды. Едіге жауар бұлттай түнеріп алды. Түксиген қабағында қасы тағы да қасарыса түйісіп, тағы да көкейінде сұм сұмдық сұңқылдады: "Бұл балалардың мұнысы несі? Неге бұлай болып өсті бұлар? Бұлардың азабын тартып, ыстығына күйіп, суығына тоңып, Құмбелдің интернатына тасып оқытып, әйтеуір, адам болсыншы, ешкімнен кем болмасыншы, Сарыөзектің шөлінде оқымай көзі ашылмай қор болып қалып, кейін бізді кінәламасыншы", деп Қазанғап екеуі жар құлағы жастыққа тимей мәпелегендегі көреміз дегені осы ма еді? Алда есіл еңбек ай.... Бұлардың азамат болып, адам болып өсуіне не кедер келді, неге келеңсіз шықты?

Ұзынтұра Еділбай бұл жолы да жөнін тауып кетті, көрген-білгені бар әбжіл жігіт қой, сол күні кеште ол Едігенің арқасынан ауыр жүкті түсіріп алғандай болды. Едігенің жағдайын ол біледі ғой. Мұндайда қайтыс болған кісінің балаларының еркі біледі, ежелден келе жатқан салт солай. Қанша бір кеще, келесау болмасын олардан құтыла алмайсың, қуып шыға алмайсың. Айзада мен Сәбитжанның жан-жағынан ұнжырғасы түсіп, тұнжыраған жұртты тығырықтан шығарып, Ұзынтұра Еділбай ебін тапты: еркектердің бәрін өз үйіне шақырды: — Бұл не тұрыс, далада тұрып, жұлдыз санаймыз ба, онан да біздің үйге жүріңдер, шай ішіп, әңгімелесіп отырайық...

Ұзынтұра Еділбайдың табалдырығынан аттағанда, Едіге басқа бір дүниеге тап болғандай болды. Ол көрші болған соң Еділбайдың үйіне бұрын да келіп жүретін. Келген сайын Еділбайдың ұядай үйін көріп сүйсінетін. Ал бүгін ол бүл үйде көбірек отырғысы келді, көбірек отырса, еңсесі көтеріліп, күш-қуаты қайта оралардай көрінді.

Ұзынтұра Еділбай да басқалар сияқты темір жол жүмысшысы ғой, жалақысы да өзгелердікінен көп емес. Басқалар сияқты бұл да құрастырмалы үйдің жартысында, екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бірақ бұл үйдің жөні мүлде бөлек: тап-таза, жап-жарық, ұядай сүйкімді. Бір дүкеннен алатын шай басқалардың үйінде бір түрлі де, Еділбайдың үйінде бір түрлі. Бұл үйдің шыны-аяғымен ішкен шай бал татиды. Әйелі де бір құдай оңынан жолықтырған мың болғыр адам, балалары да әп-әдемі... Сарыөзекте тұрғанынша тұрып, содан соң тәуірірек жаққа қарай жылжиды да, — деп қойды ішінен Едіге. — Әрине, көшіп кетсе, өкінішті-ақ...

Керзі етігін кіре беріс тепкішекте қалдырып, Едіге ішкі үйге байпақшаң малдас құрып отырғанда ғана өзінің ұзақ күнге әбден шаршап, қарны ашқанын сезді. Арқасын іргеге сүйеп, үн-түнсіз отырған. Басқалар да дөңгелек, аласа үстелді айнала, күңкіл-күңкіл сөйлесіп жайғаса бастап еді...

Әңгіменің көкесі кейінірек қозды, өзі бір түрлі әйдік әңгіме болды. Түнде көрген космос кораблі Едігенің есінен де шығып кетіпті. Ал мына білетін кісілердің сөзін тыңдап, едәуір ойланып-ақ қалды. Ол әлгі әңгімеден бәлендей жаңалық ашпаса да, олардың космос туралы пайымдауына, өзінің бұл жайдан бейхабарлығына таңғалды. Бірақ өзін-өзі қажап жатпады, өйткені осы өзгелер өзеуреп әңгіме етіп жататын космос дүниесі Едіге үшін беймәлім, түсініп болмас жұмбақ, тым жырақ әлем болатын. Сондықтан ол осы бір космос оқиғаларына тағдырдан келген бір құдірет ретінде әрі сақтықпен, әрі құрметпен ден қойып қана жүретін. Әйтсе де, түнде көрген кереметі оның жан дүниесін бір сілкінтіп өткен. Ұзынтұра Еділбай үйінде осы түндегі оқиға әңгіме болды.

Алдымен шұбат келді. Көпіршіген сап-салқын дәмді шұбат екен. Аздап масаң тарттыратын да күші бар. Разъезге келіп-кетіп жүретін жол жөндеушілер шұбатты Сарыөзектің сырасы деп аямай ішетін.

Ал ыстық ас келгенде Еділбайдың үйінен арақ та табылды. Жалпы, жиын-тойда Едіге көппен бірге, ептеп арақтан алып қоятыны болушы еді, бірақ бұл жолы ауыз тимеді, аруақ күтіп отырғанын жұрт түсінсін дегені, әрі десе ертең қиын да жауапты жұмыс тұр. Кейбір жігіттер, әсіресе Сәбитжан арақты шұбатпен араластырып, оңды-солды сілтеп отырғаны Едігеге ұнаған жоқ. Шұбат пен арақ араласқан жерде, бір арбаға екі жарау жүйрікті парлап жеккен сияқты, адамның көңілін көтеріп, аяқ-қолын жерге тигізбей есіртеді ғой, жарықтық. Бүгін бірақ мұның орны жоқ. Атасақалы аузына біткен адамдар, ішпеңдер деп қалай айтарсың? Шама-шарықты өздері де білмей ме. Әйтеуір, бір абырой болғанда Айзаданың күйеуі арақтан татып алмай отыр, маскүнемге не керек: ұрттап алса — қылжияды да қалады ғой. Бірақ әләзір құдай нысап беріп, тек шұбат ішіп отыр. Қанша кеще болса да, қайын атасының қазасында ішіп алып, доңыз құсап құлап жатпайын деп ойлаған болу керек. Бірақ бұл шыдамның қаншаға жетерін бір құдайдың өзі біледі.

Әр түрлі әжік-күжік әңгімелер айтылып жатты. Еділбай құрықтай қолы экскаватордың өңешіндей созылып, жиырылып жұртқа шұбат құйып беріп отырған. Келесі аяқты Едігеге ұсына беріп:

— Осы, Едеке, кеше түнде мен сіздің орныңызға кезекшілікке барып, сіз үйшіктен шығып ұзай берген заматта бір ғаламат дүмпу гүрс еткенде мен құлап қала жаздадым. Сыртқа жалт қарасам, космодромнан аспанға қарай ракета атылған екен! Құдай салмасын, абажадай! Құдды мылтық сияқты! Сіз де көрген шығарсыз, Едеке? — дегені.

— Е, көрмей не бопты! Аңқайдым да қалдым! Ой, сұмдығы-ай, неткен жұлқар күш! Тұп-тұтас от болып жанып кетіп барады, кетіп барады, шеті жоқ, шегі жоқ! Иманым қалмады. Мұнда қанша жыл тұрып, ондай кереметті көрген емеспін.

— Ау, менің де бірінші рет көруім ғой! — деп Еділбай шынын айтты.

— Оу, мына бойыңмен сен түңғыш рет көріп жүрсең, мына біз сияқтылар қайдан көрсін, — деп Сәбитжан Еділбайдың ұзындығын бір әжуалап қалды.

Еділбай бұл мысқылға мән бермей, мырс етті:

— Бойды қайтесің, оны қойшы. Өз көзіме өзім сенбеймін: аспан асты тұтас лаулаған от! Әй, тағы бір космонавт ұштың-ау, жолың болсын! — деп қойдым. Сөйтіп дереу транзистордың құлағын бұрайын, оны тастамай ала жүремін ғой. Радиодан қалайда хабарлауға тиіс деп ойлаймын. Әдетте, космонавтар ұшқанда іле-шала космодромнан хабар беріп жатушы еді ғой. Ондайда дикторлар да митингідегідей ерекше лепіріп, шалқи сөйлеп жөнелгенде тұла бойың шымырлайды ғой. Едеке, шынымды айтсам, өз көзіммен көрген ракетадағы адамның атын білгім келіп-ақ барады. Бірақ ақыры біле алмадым.

— Ал, неге? — бәрінен бұрын Сәбитжан таңғалып, қасын маңғаздана, сыздана керіп-керіп қойды. Ол масаң тарта бастаған, бет-аузы алаулап, екпіндей бастаған кезі еді.

— Білмеймін. Ештеңе де айтпады. Мен "Маякты" өз толқынында ұстап-ақ отырдым, керек десе бір сөз де айтпады...

— Мүмкін емес! Мұнда бір кілтипан бар! — деп Сәбитжан жалма-жан бір рюмке арақты бір-ақ жұтып, шұбатпен аттандырып салып, оқырана қалды. — Космосқа әрбір сапар — бүкіл әлемдік оқиға... Түсінесің бе өзің? Бұл біздің ғылым мен саясаттағы үлкен беделіміз!

— Неге екенін білмеймін. Соңғы хабарларды да қалдырмай тыңдадым, газеттерге шолуды да тыңдадым...

— Ым-м! — деп Сәбитжан басын шайқап-шайқап қойды: — Мен қызметте болсам ғой, бұл жағдайдың егжей-тегжейін әлбетте біліп отырар едім! Қап, шайтан алғыр! А, бәлкім, мұнда бір кілтипан бар, шығар?

— Қандай кілтипаны барын қайдан білейін, бірақ құдай біледі бар ғой, өз басым өкініп қалдым, — деп ұзынтұра Еділбай ағынан жарылып ақтарылды. — Енді құдайшылығына салсаң, ол осы өзіміздің космонавт емес пе. Ұшқанын өз көзіммен көрдім. Ал мүмкін, ол таныс қазақ жігіттердің біреуі шығар. Қуанғанның көкесі сонда болар еді ғой. Кейін кездесіп те қалар ма едік, сонда айтар едім ғой...

Ойына әлдене түсіп кетіп, Сәбитжан Еділбайдың сөзін асығыс бөліп жіберді:

— Е-е, білдім, білдім! Адамсыз кеме ұштырған екен. Сынау үшін ғой, сірә.

— Сонда қалай? — деп Еділбай оқшиыңқырап қалды.

— Е, кәдімгі сынақ та. Түсінесің бе өзің, байқау. Адамсыз ракета космостағы станцияға барып жалғасады, немесе орбитаға шығады. Ал, әзірше қалай болары, немен тынары белгісіз. Бәрі сәтті аяқталса, радиодан хабарлап, газетте жариялайды. Ал, сәтсіз аяқталса — үндемей-ақ қоюы да мүмкін. Кәдімгі ғылыми сынақ қой.

— Өй, мен тірі адам ұшқан екен десем, — деп Еділбай меселі қайтып, маңдайшаны сипалай берді.

Сәбитжанның әлгі түсіндірмесінен соң бәрі де сәл торыққандай үн-түнсіз отырып қалып еді, сірә, бұл әңгіме осымен тамам болар да ма еді, бірақ Едіге байқаусызда бұл көпті одан бетер өршітіп алды:

— Оу, жігіттер, сонда ракета космосқа адамсыз ұшып кеткені ғой, мен солай деп ұқтым? Ал сонда ракетаны кім басқарады!

— Кім басқарғаны қалай? — деп Сәбитжан алақанын шарт еткізіп, сауатсыз Едігеге қоқилана қарап, таңғалғандай болды. — Едеке, онда бәрін радио басқарады. Жерден, Басқару орталығынан команда беріледі. Түсіндің бе? Ракетаның ішінде адам болған күннің өзінде, ракетаны радио басқарады. Ал космонавт өз бетінше түк те істей алмайды, ол үшін басқару орталығының рұқсаты керек. Көкетай-ау, ол дегенің Сарыөзектің даласымен Қаранарға иініп алып желіп жүру емес қой, анда өте күрделі бәрі де...

— Е, солай де, біз қайдан білейік, — деп міңгірледі Едіге.

Борандының Едігесі радио арқылы басқару дегенді түсіне алмайды. Оның пайымдауынша, радио дегенің алыстан әуе арқылы жететін сөз, үн. Ал енді жансыз затты радио арқылы қалай басқаруға болады? Егер ракета ішінде адам отырса бір жөн: былай істе, былай істе деген, бұйрықты орындай алады. Едіге осының жөнін сұрап білмекші еді сұрамады. Құрысын деді. Жаны жақтырмады. Үнсіз отырып қалды. Өз білгенін айтып отырғанда Сәбитжан өзгелерді мүсіркегендей тым бәлсініп кетеді. "Өздері, түк білмейсіңдер, білгенді бағаламайсыңдар. Маскүнем жаман жездем әрберден соң мені қылқындырмақ та болды. Ал мен болсам, осы отырған бәріңнен артық білемін" дегендей кейпі. "Е, құдай бетіңнен жарылқасын, — деді ішінен Едіге. — Біз сені неғып оқытты дейсің! Біз сияқты оқымағандардан, бірдеңе артық білуің керек қой, әйтеуір", Борандының Едігесі тағы да: "Мұндай адам қолына билік тисе не істемек? Қол астындағыларды тірідей жеп қояды да. Олар да Сәбитжан сияқты өтірік білгір болуға тырысады да, әйтпесе күн көре алмас. Сәбитжан ғой, әзір өзі біреудің қол астында, соның өзінде дүйім жұртты аузына қаратқысы келеді, тым болмаса Сарыөзектің адамдарын..." — деп қойды.

Ал Сәбитжан болса, шынында да бейшара борандылықтарды біржолата тұралатып, таңғалдырып, еңсесін езіп тастағысы келгендей бір сайрасын дейсің. Сірә, сөйтіп, әлгіде апасы мен жездесінен сөз есітіп, таяқ жеп, төгіп алған абыройын жуып-шаймақ болғандай, жұртты сөзбен, әңгімемен шырмап тастамақшы. Неше түрлі таңғажайып шытырман оқиғаларды, ғылым ашқан жаңалықтарды ақтарды дейсің келіп. Сөйлеп отыр, оқтын-оқтын арақтан жұтыңқырап-жұтыңқырап, артынан шұбатты сілтеп отыр. Жұтыңқыраған сайын қызыңқырай түсті, қызыңқыраған сайын бөсіңкірей түсті де, бейшара борандылықтар оның қай сөзіне сеніп, қай сөзіне сенбесін білмей дал болды.

— Оу, өздерің ойлаңдаршы, — дейді Сәбитжан жарқ-жұрқ еткен көзілдірігінің ар жағындағы масаң көзі кілегейлене, мұнарлана түсіп, егер біле-білсеңдер, біз адамзат тарихындағы ең бақытты адамдармыз. Мәселен, Едеке, сен енді біздің арамыздағы жасы үлкенімізсің. Бұрын қалай еді, қазір қалай, сен білесің ғой, Едеке. Мұны айтуымның мәнісі мынада. Бұрын адамдар құдайға сенетін. Ежелгі Грекияда құдайлар Олимп деген тауда тұрыпты-мыс. Құдайлар болғанына болайын. Нақұрыстар нағыз. Не істепті дейсіңдер ғой? Алтыбақан ала ауыз болыпты сөйтіп, жанжалмен аттары әйгіленіпті. Ал адамдардың ахуалын өзгертуге шамалары келмеген, тіпті ол туралы ойламаған да. Әрбірден соң сол құдайлардың өздері де болмаған. Мұның бәрі жай аңыз, ертек қой. Ал біздің құдайларымыз дәл іргеміздегі космодромда, өзіміздің Сарыөзектің жерінде тұрады. Бұл үшін бүкіл әлем алдында мақтана аламыз. Оларды біздің ешқайсымыз көре алмаймыз, оларды ешкім білмейді. Кез келген Мырқымбайлар қолын ала жүгіріп: "Қалай, амансың ба?" деуіне жол жоқ, олай болмайды. Әне, құдайлар деп соларды айт! Ал, Едеке, сен ғой, радио арқылы космос корабльдерін қалай басқарады деп таңғаласың. Ол деген, сөз емес, ол әлдеқашан артта қалған жаңалық! Оның бәрі машина, автоматика, жансыз заттар. Ал радио арқылы адамдарды басқаратын күн туады әлі. Әлгі автоматтарды қалай басқарса, тура солай басқарады. Оу, түсініп отырсыңдар ма — кәрі демей, жас демей, адамдардың бәрі түгел радио арқылы басқарылатын болады. Қазірдің өзінде ғылыми нәтижелер де бар. Биік мүдделер жолында ғылым мұны да ойлап тапты.

— Әй, тоқта, тоқта қит есте: биік мүдделер деп шыға келеді екенсің! — деп Ұзынтұра Еділбай сөзге араласты. — Сен әуелі мынаны айтшы, түк түсінбей отырмын: сонда қалай, команданы есту үшін әркім жанына транзистор сияқты радиоқабылдағыш байлап жүруі керек пе? Е, ол елдің бәрінде қазірдің өзінде бар емес пе!

— Қарай гөр өзін! Оу, радиоқабылдағышың не сенің. Ол деген ойыншық, балалардың ойыншығы, білдің бе? Жаныңа еш нәрсе де байлап жүрмейсің. Маған десең тырдай жалаңаш жүр. Тек көзге көрінбес радиотолқындар, яғни биотоктар, ұдайы саған, сенің санаңа эсер етеді де тұрады, білдің бе? Ал сонда қайтесің?

— Солай де!

— Е, енді қалай деп едің! Адам ылғи да орталықтың программасы бойынша қимылдайтын болады. Адам бәрін өзім істеп, өз еркіммен жүрмін деп ойлайды, ал шындығында бәрін істетіп отырған жоғары жақ. Бәрі де қатаң тәртіппен істеледі. Сен ән салуың керек биоток арқылы сигнал келеді — шырқай жөнелесің. Сен білуің керек не — сигнал — билей жөнелесің. Сен жұмыс істеуің керек не — сигнал — жұмысты қақыратып саласың! Ұрлық, бұзақылық, қылмыс атаулы ұмытылады, оның бәрін тек ескі кітаптардан ғана оқитын боласың. Өйткені адам бойындағы қадір-қасиет, мінез-құлық, тәртібі — бәрі-бәрі программа арқылы берілетін болады. Мәселен, қазір дүние жүзінде демографиялық үрдіс бар, яғни адам баласының тууы көп, азық-түлік жетпейді. Не істеу керек? Тууды азайту керек. Қайтіп? Қоғам мүддесіне сай, сигнал берілгенде ғана әйеліңе жанаса алатын боласың.

— Биік мүдделер ме? — деп мысқылдады Ұзынтұра Еділбай.

Дәл солай. Мемлекет мүддесінен биік ештеңе жоқ.

Ал егер мен сол мүдделерді жиып қойып, әйеліммен... жанасқым келсе, не істейсің?

— Еділбай, көкем-ау, оныңнан түк те шықпайды. Әйеліңмен жанасу туралы ой басыңа мүлде келмейді. Әлемдегі ең сұлу қызды алдыңа алып келсінші — көзіңнің қырын да салмайсың. Өйткені саған теріс биоток жіберіп қояды. Сөйтіп, бұл мәселеде толық тәртіп орнатылатын болады. Бұған құдайдай сене бер. Немесе, әскер мәселесін алайық. Бәрі сигнал арқылы жүргізіледі. Отқа түсу керек не — отқа түсесің. Парашюттан секіру керек пе — ойланбай секіресің. Атом минасын байлап алып, танктің астына түсу керек пе — ойланбай түсесің. "Қалайша?" деп сұрау қоясыңдар ғой? Қаһармандық биотогі берілгенде — бітті, қорқу, үрейлену деген болмайды адамда... Әне солай!...

— Ой, өтірікті судай сапырасың-ау, сабаз! Қалай сүмірейтеді, ә! Оқып-оқып, үйренгендегің осы ма? — деп Еділбай жағасын ұстап таңғалды.

Басқалар Сәбитжанның судырағына бастарын шайқап, таңдайларын қағып қойып, ашықтан-ашық күліп отырды; сөйтсе де құлақ салып тыңдасады: судырақ та болса, әйтеуір қызық қой; бірақ бәрі де сезеді: жігіт арақ пен шұбатты қоса сілтеп, едәуір жерге барып қалды, мас адамға не жорық — оттаса, оттай берсін. Бір жерден бірдеңе естігені бар шығар, оның қайсысы өтірік, қайсысы шын, бас қатырып керегі не, айтса айта берсін. Солайы солай-ау, бірақ Едіге шындықтан шошиын деді: "Мына біздің байғыз бекер ыңқылдап отырған жоқ", — деп қойды ішінен. — Оның, шынында да, бір жерден көзі шалып оқығаны, құлағы шалып естігені бар ғой, Сәбитжан жайсыз хабардың бәрін табанда қақшып алып отырады ғой. Ау, жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді, шынында да, адамдарды құдай сияқты билеп-төстегісі келетін біреулер шықса, олардың өзі нән-нән ғалымдар болса, дүние не болып кетер екен?"

Ал Сәбитжан төпеп отыр, әзір оны, әйтеуір, бәрі де тыңдап қалған. Көзілдірігінің әйнегіне дейін бусанып, көзінің қарашығы бөртіп, қараңғыда шақшиған мысықтың көзіндей болып кетіпті. Бірақ ерің арақ пен шұбатты әлі сілтеп отыр. Ол енді қолды сермеп тастап, мұхиттағы Бермуд үшбұрышы деген өтірікті сапыра бастады. Әлгі құпия үшбұрыш ұшты-күйді жоғалып кететін көрінеді. — Облыста менің бір танысым қоярда-қоймай шетелге шығуға рұқсат алды, — деп соқты Сәбитжан. — Несі бар десеңші шетелде! Ақыры барып тынды. Басқа біреудің орнын тартып алып, мұхит үстімен Уругвай ма, Парагвай ма, әйтеуір, бір елге ұшып кетті де, қайтып оралмады. Тура Бермуд үшбұрышының үстінен өте бергенде самолет үшті-күйлі жоқ болады. Жоқ - — бітті! Әлгі жігіт те аумин-аллаукиапкар! Сондықтан, достар, несі бар деймін-ау, біреудің орнын зорлықпен тартып алып, қоярда-қоймай рұқсат алып, шетелге шығып несі бар?! Бермуд үшбұрышынсыз-ақ, өз туған топырағымызда аман-есен, деніміз сау болып жүрсек болды да. Кәне, денсаулық үшін бір алып жіберейік!

"Құдай сыйлады мынаны! — деп лағнаттады ішінен Едіге. — Мұның өтірік қабының аузы шешіліп кетті енді. Алда құдайдың ұрғаны-ай! Ішіп алды — бітті, тоқтату жоқ!"

Ойлағанындай-ақ болды.

— Кәне, денсаулық үшін алып жіберейік! — деп қайталады Сәбитжан. Көзі бұлдырап, тайғанақтай береді. Сонда да кісімсіп, маңғазданып отырғысы келеді. — Ау, біздің денсаулығымыз — еліміздің ең басты байлығы. Демек, біздің денсаулығымыз — мемлекеттік байлық. Әне, қалай, ә? Біз деген көди-сөди емеспіз, мемлекет адамдарымыз! Сондықтан тағы мынаны айтқым келеді...

Боранды Едіге орнынан атып тұрды да, әлгінің тостын тоспастан, үйден шыға жөнелді. Ауыз үй қараңғы екен, қаңғыр-құңғыр еткізіп, бос шелектерді құлатып алды, аяғына тағы бірдеңелер шалынып, керзі етігін әрең тапты. Салқын жерде тұрып етігі тоңазып қалған екен, аяғын сұға-сұға салды да, ашу мен ыза қысып, өзегін өкініш өртеп, үйіне қайтты. "Қайран Қазанғап, — деп мұртын талмап тістелеп, үнсіз ыңыранады. — Не масқара, аруақ сыйлап ару жоқ, қаза күтіп қайғыру жоқ. Құдды, бір тойда отырғандай, арақта ақысы қалғандай ішеді. "Мемлекеттік денсаулық" деген сайтан сандырақты тауып алып, қойсашы кәне. Мейлі, құдай қаласа, ертең аман есен марқұмды арулап қойсақ, ас-суын беріп, жұртты абыроймен таратсақ, Сәбитжан, сенің жүзіңді біз көрмеспіз, бізді сен де көрмей-ақ қой, кәпір?!"

Десе дағы Ұзынтұра Еділбайдың үйінде ұзақ отырып қалған екен. Түн жарымы болыпты. Едіге Сарыөзектің түнгі салқын ауасын көкірек кере жұтып-жұтып алды. Бұйыртса, ертең күн ашық, бұрынғыдай ыстық болайын деп тұр. Өзі ылғи да солай ғой: күндіз ыстық, түнде тісіңді сақылдатар салқын. Содан да айнала төңірек тақыр шөлейт, өсімдік жарықтық шыдамайды. Күндіз дымқыл тілеп, күнге қарай тырбанса, түнде суық соғады. Әйтеуір, жаны сірісі ғана шыдас береді. Түрлі тікен, түйе жантақ, кәдімгі боз жусан тірі қалатын. Сай-сайдың табанында ойдым-ойдым болып кәдімгідей шалғын шығады, оны тіпті шауып алуға болады. Боранды Едігенің ескі досы Елизаров айтады ғой, рас болса, бұл арада бұрынғы заманда жаңбыр жиі жауады екен, көкорай шалғын, жасыл жайлау болған екен. Сарыөзектің өңірі мыңғырған, мамырлаған малдың өрісі екен. Сірә, ондай дәурен тым ертеде, тіпті осы өңірді қанқұйлы қаныпезер жуан-жуандар жаулап алғанға дейін болса керек. Әрине, ол шүршіттер бұл арадан әлдеқашан аласталған, тек ел аузында олар туралы аңыз қалған. Әйтпесе, осы күнге дейін Сарыөзектің өңіріне сыймай, құрт-құмырсқадай жыбырлап кетер еді ғой. Сарыөзек — дала тарихының ұмытылған кітабы деп Елизаров тегіннен-тегін айтпайды-ау... Ол: "Ана-Бейіт зираты да тегін дүние емес", — деуші еді. Қайбір ғалымсымақтар бар тарих дегеніміз тек қағазға жазылып қалған сөз деп сандалатын. Ал, егер ол заманда кітап жазылмаса ше, онда қайтеміз?.. Разъезд үстінен арқырап өтіп жатқан пойыздардың сарылына құлақ түріп тұрып, Едіге әлдеқалай Арал теңізінің дауылды күндердегі сарынын еске алды. Ол Аралдың жағасында туып, соғысқа дейін сол арада ер жетіп еді. Қазанғап та Аралдың қазағы болатын. Екеуін тағдыр айдап, темір жол бойында табыстырғанда, жерлес болғандықтан бір-біріне бауыр басып кетті де, екеуі де Сарыөзектің шөлінде жүріп, туған теңізді сағынушы еді. Ал Қазанғап қайтыс болардан біраз бұрын Едіге екеуі Аралға барып қайтқан. Сөйтсе Қазанғап теңізбен мәңгілік қоштаспақ екен ғой. Бірақ бармай-ақ қойғанда оңды болатын еді. Теңіз қашып кетіпті. Арал суалып, құрып барады екен. Теңіздің бұрынғы табаны жап-жалаңаш тақырға айналыпты. Су жағасына жеткенше сол тақырмен он шақырым жүрген. Сонда Қазанғап: "Жер-әлем жаралғалы Арал арымап еді. Енді құрғай бастапты, теңіз тартылғанда адамға не дауа, өмірі қып-қысқа ғой", деп еді. Тағы да тұрып: "Едіге, сен мені Ана-Бейітке апарып қой. Бұл менің теңізді соңғы рет көруім"... — деген.

Боранды Едіге көзіне үйіріліп келіп қалған жасты жеңімен сүртіп тастады да, көмейіне тығылған мүсәпір қырыл-сырылды аршып алмаққа қайта-қайта жөткірініп, Қазанғаптың аласа үйіне қарай бұрылды. Азалы үйде Айзада, Үкібала және басқа әйелдер отырған. борандының ұрғашылары Қазанғаптың үйіне бірі кіріп, бірі шығып, шаруа қамымен қолғабыстасып жүрген.

Мал қораның жанынан өте бере Едіге қисық мама ағашқа байлаулы тұрған Қаранарға көз салды: үстіне шашақты жабу жабулы Қаранар ай сәулесімен зорайып, орасан пілдей, мызғымас жартастай болып көрінді. Едіге сүйсініп кетіп, сауырынан қағып-қағып қойып:

— Әй, алыбымсың-ау, өзің де, — деп қойды. Босағадан аттай бере, неге екені белгісіз, кешегі түн есіне түсіп кетті. Кеше түнде темір жолға аш түлкі келіп еді, Едіге оған тас лақтырайын деп оқталып, қолы бармап еді; содан үйіне қайтып келе жатқанда қараңғы түнек аспанға от оранып аулақтағы космодромнан ракета ұшып еді... енді сол есіне түсті...

 

III

Дәл осы сәтте Тынық мұхиттың солтүстік кеңдіктерінде сағат таңғы сегіз болатын. Көз жеткісіз жердің бәрі жымыңдаған жазира тыныштық күннің ағыл-тегіл мол шуағына шомылып жатқан ұлы мұхит. Бұл уәлаятта аспан мен судан басқа еш нәрсе жоқ. Сөйтсе де дәл тыныштық әлемінде, "Конвенция" авианосецінің үстінде дүниежүзілік дау-шатақ шатынап тұр еді. Бірақ бұл оқиғаны "Конвенциядағылардан" басқа жан баласы білмес еді. Даудың басы — америка-совет орбиталық "Паритет" станциясында космос игеру тарихында бұрын болып көрмеген сұмдық оқиғаға байланысты еді.

"Конвенция" авианосеці Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында, Тынық мұхиттың Алеут аралдарының оң жағында тұрған-ды. Ол сол тұрағын еш өзгерткен жоқ. Бірбасордың "Де-миург" атты біріккен планеталық программасы бойынша жұмыс істейтін ғылыми-стратегиялық штабы осында орналасқан және де өте құпия жағдайда болғандықтан өзге дүниемен байланысы үзілді-кесілді тыйылған.

Ғылыми кеменің үстінде біршама өзгерістер болып жатты. "Де-миург" программасының американдық және советтік Бас жетекшілерінің нұсқауы бойынша "Паритеттегі" төтенше жағдай туралы хабар қабылдаған бір американ, бір совет кезекші операторлары уақытша болса да қатаң қамауға алынды. "Паритеттен" алынған хабар әлдеқалай сыртқа тарап кетпесін деген амал еді бұл.

"Конвенция" қызметкерлеріне ерекше дайындықта болу бұйырылды. Бұл өзі Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы шешімі бойынша, халықаралық ерекше қамқорлыққа алынған кеме болатын, сондықтан да мұнда әскери адамдар да, қару-жарақ та жоқ еді. Дүние жүзіндегі әскери емес жалғыз авианосец осы болатын.

Күндізгі сағат он бірге қарай араға бес минут салып екі елдің жауапты комиссиялары "Конвенцияға" келуге тиіс еді. Олар өз елдерінің және бүкіл дүние жүзінің қауіпсіздігін сақтау жөнінде шұғыл да практикалық шешім қабылдауға төтенше хұқығы бар ерекше комиссия еді.

Сөйтіп, "Конвенция" авианосеці ашық мұхиттың Алеут аралдарынан түстікке таман Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында тұрған-ды. Бұл орынды қалап алудың да мәні бар. "Демиург" программасын жасаушылар әуелі баста-ақ бұрын-соңды болып көрмеген көрегендік, көсемдік танытты: тіпті "Конвенцияның" екі елдің қақ ортасында тұруының өзі планеталық зерттеулері ісінде осы екі елдің еркі, правосы тепе-тең бірдей екенін танытады ғой. "Паритет" дегеннің өзі тепе-теңдік қой.

"Конвенцияның" жабдығы екі елдің қаржысымен тепе-тең қамтылған. Оның үстінде Невада және Сарыөзек космодромдарымен бір мезгілде тепе-тең тікелей байланысуға болатын жабдықтар бар. Авианосецтің үстінде сегіз реактивті самолет тұрады: төртеуі американдықтардікі, төртеуі советтікі. Бұлар керек кезінде құрлықтармен байланыс үшін дап-дайын. Кемеде праволары бірдей екі паритет капитан бар: советтікі және американдық — паритет-капитан — 1-2, паритет-капитан 2-1; басқа қызметкерлердің бәрі де осы паритеттік тәртіпте болатын.

Мұның өзі екі елдің арасында дипломатиялық, ғылыми, әкімшілік, елшілік жолдарымен ұзақ уақыт жүргізілген келіссөздердің жемісі еді. "Демиург" программасы қабылданғанға дейін қаншама кездесулер, қаншама күш-жігер жұмсалмады дейсіз.

"Демиург" программасының мақсаты аса зор-ды. Икс планетасында аса пайдалы кеннің сарқылмас көзі бар екен. Ол кенді игеріп, жерге тасымалдаудың пайдасы адам айтып жеткізгісіз.

Және ол кен Икстің бетінде шашылып жатса керек. Алуы оп-оңай. Галактиканың ерекше жағдайында миллиард жылдар бойында пайда болған кеннің шегі жоқ көрінеді. Икс бетінен космостық аппараттар арқылы алынған қыртыс, оның бетіне қысқа мерзімге барып қайтқан экспедициялар қорытындысы осының айғағы.

Икс планетасын игеру жөнінде жоба қабылдануына шешуші себеп болған нәрсе — ол Икстің қыртысынан ағын су табылғаны. Ғылымға белгілі планеталардың, тіпті Ай мен Венераның өзінде су жоқ қой. Ал былай қарағанда Икс тап-тақыр сияқты көрінгенмен, онда су бар болып шықты. Бұл бұрғылау жұмыстарын жүргізу арқылы бұлтартпай дәлелденді. Ғалымдардың есебіне қарағанда, Икс қыртыстарының астында тереңдігі әлденеше шақырымға кететін су бар көрінеді. Ол мәңгі мұздай тас қыртыстардың астында бір қалыпта жатады екен.

"Демиург" программасын жүзеге асыруға бірден-бір кепіл осы Икстің телегей мол суы еді. Бұл жерде су тек ылғал қызметін ғана емес, сонымен бірге бөтен планета жағдайында адам үшін тіршілікке қажетті басқа элементтерді құрастырушы, ең алдымен дем алатын ауа сақтау қызметін де атқаратын құдіретті күш еді. Оның үстіне, өндірістік тұрғыдан келгенде де, су кен айыруға, оны байытуға аса қажет құрал болатын. Икстен Жерге тек таза кен тасу ғана керек қой.

Икс кенін космостағы орбиталық станцияларда сұрыптап барып Жерге жеткізу керек пе, әлде Жерге тікелей тасу керек пе деген мәселе талқылау үстінде болатын. Бұл соншалықты шұғыл шаруа емес еді.

Оған дейін Икске ұзақ мерзімге ұшуға бұрғышылар мен гидрологтардың үлкен бір тобы дайындалып жатқан. Олар Икс суының тұрақты түрде автоматпен су құбырына құйылып тұруын қамтамасыз етуге тиіс болатын, "Паритет" орбиталық станциясы, альпинистердің сөзімен айтқанда, Икске барар жолдағы ең басты базалық лагерь еді. "Паритетте" қазірдің өзінде "Паритет" пен Икс арасында жүріп тұратын корабльдерді қабылдап, қойдырып, ұшырып, жүктерді түсіріп, тиеп отыратын мекен-жай салынып біткен болатын. Енді жүз адамға дейін еркін сыятын жайлы блоктар құрастырылуға тиіс болатын. Бұл жайлы блоктар жерден теледидар хабарларын да қабылдай алады.

Икс суын шығарып, оның сапасын анықтау сияқты бұл космостық орасан кәсіптің өзі — адам баласының Жерден тысқары жерде іске асыратын тұңғыш өндірістік әрекеті еді.

Сол күн де жақындап қалған. Сабақты ине сәтімен келе жатқан..

Сарыөзек және Невада космодромдарында Иксте жүргізілетін гидротехникалық жұмыстарға соңғы дайындық аяқталып қалғандай. "Трамплин" орбитасы — тұңғыш жұмыскер тобын қабылдап, Икске аттандыруға дайын тұрған.

Түптеп келгенде, қазіргі адамзат өзінің Жерден өзге планеталардағы цивилизациясының тұсау кесер тұсында тұрған...

Дәл осы кезде, гидрологтардың алғашқы тобын Икске аттандырар алдында, "Трамплин" орбитасында ұзақ мерзімді саяхатпен жүрген "Паритеттің" ішіндегі екі паритет-космонавтар із-түзсіз жоғалсын да кетсін...

Олар кенет мерзімді байланыс сеанстарына да, басқалай сигналдарға да тырс етіп жауап бермей қалды. Жағдай қиынға айналды. Станцияның айналып жүрген тұсын меңзейтін сигналдан басқа, радио-теледидар байланысы тырс етпей қалды.

Уақыт болса өтіп жатты. Жердің ешбір сигналына "Паритет" ләм деп жауап бермей қойды. "Конвенциядағылардың" дегбірі кете бастады. Әр түрлі жорамал, тұспалдар көбейді. Оу, бұл паритет-космонавтарға не болды? Олардың үнсіз қалу себебі неде? Әлдеқалай арам ас жеп ауырып уланып қалмады ма екен? Тіпті солар тірі ме екен өздері?

Ақыры болмаған соң, соңғы амал да қолданылды: станцияға "өрт!" деген сигнал да жіберілді. Бұл сигнал "Паритеттің" ішін у-шу, азан-қазан қылғаны анық. Бірақ бұл үрейлі сигнал да нәтиже бермеді. "Паритет" тырс етпеді.

"Демиург" программасына қатерлі қауіп төнді. Сонда барып "Конвенциядағы" Бірбасор жағдайды анықтай алатын соңғы амалға көшті. Невада және Сарыөзек космодромдарынан шұғыл түрде "Паритетке" барып қиюласатын екі космос кораблі ұшырылды.

Жерден ұшқан корабльдер "Паритетке" жетіп, қиюласып болған соң, "Паритеттің" ішіне енген тексеруші космонавтардың алғашқы хабары сұмдық болды: станцияның барлық бөлімдерін, барлық лабораторияларын, бүкіл этаждарын қуыс-қуысына дейін түк қалдырмай аралап шығады, бірақ паритет-космонавтар жоқ. Не өздері жоқ, не өлігі жоқ!..

Мұндай болады деген ешкімнің ойында жоқ. Орбиталық станцияда үш айдан бері тұрып, өздеріне жүктелген жұмысты мүлтіксіз атқарып келген екі паритет-космонавтардың кенет ұшты-күйді ғайып болғанын көзге елестетудің өзі қиын. Олар бу болып ұшып кетпейді ғой, яки "Паритеттің" терезесінен ашық космосқа қарғып шығып кетпейді ғой!

"Паритеттің" ішін тінтіп тексеру процесін "Конвенциядағылар" телевизордан көріп, радиодан тікелей байланысып отырған. Олардың ішінде Бас жетекшілер, бас паритет-планетологтар бар болатын. Бірбасордың толып жатқан экрандарынан тексеруші космонавттардың әрбір қимылы, сөйлескені салмақсыздық жағдайындағы жүріс-тұрысы, орбиталық станцияның қуыс-қуысын қарап жүргені — бәрі де ап-анық көрініп тұрды. Олар әрбір қадам жерді жіті тексеріп, радио арқылы "Конвенцияға" хабарлап тұрды. Ол әңгіменің бәрі магнитофонға жазылып алынды:

"Паритет": Сіздер бақылап тұрсыздар ма? Станцияда ешкім жоқ. Ешкімді де көрмей тұрмыз.

"Конвенция": Байқаңыздаршы, станцияда сынған, бүлінген заттың, оғаш бірдеңенің ізі жоқ па?

"Паритет": Жоқ. Бәрі де тап-тұйнақтай, орын-орнында тұр.

"Конвенция": Қан ізі білінбей ме?

"Паритет": Ондай ештеңе жоқ.

"Конвенция": Паритет-космонавтардың заттары қайда, қалай жатыр екен, қараңыздаршы?

"Паритет": Бәрі де орын-орнында тұрған сияқты.

"Конвенция": Анықтаңқырап қараңыздаршы.

"Паритет": Космонавттар әлгіде ғана осында болған сияқты. Кітаптары, сағаттары, магнитофон, бәрі де қалыпты орындарында тұр.

"Конвенция": Жарайды. Қабырғада, не қағазда қалған жазу жоқ па екен, байқаңыздаршы?..

"Паритет": Ондай көзге шалынбайды. Айтпақшы, тұра тұрыңыз!.. Вахта журналына бір ірі-ірі жазу жазылыпты. Салмақсыздықтан қалқып жүрмес үшін, қыстырғышпен кірер есік жаққа қарата бекітіліп қойыпты...

"Конвенция": Не жазылыпты, оқыңыздар!

"Паритет": Қазір көрейік. Мұнда екі бағанаға ағылшын, орыс тілдерінде жазылған екі текст бар...

"Конвенция": Оқыңыздаршы, не ғып тұрсыздар!

"Паритет": Тақырыбы — "Жердегілерге хат". Қоршауда — түсініктеме хат делінген.

"Конвенция": — Тоқта! Оқымаңыздар. Байланыс сеансына үзіліс. Күтіңіздер. Біраздан кейін сіздерді сөйлесуге шақырамыз. Дайын тұрыңыздар. "Паритет". Окей! Құп болады!

Осы арада орбиталық станция мен Бірбасор арасындағы байланыс тоқтап қалды. "Демиургтың" Бас басшылары өзара кеңескен соң екі кезекші паритет-оператордан басқаның бәрін космостың байланыс кабинетінен шығып тұруды өтінді. Тек содан кейін ғана "Паритетен" байланыс қайта жалғасты. "Трамплин" орбитасында паритет-космонавттар қалдырған хаттың тексті мынадай еді:

"Құрметті әріптестер, біз ете бір ерекше жағдайға тап болып, "Паритет" орбиталық станциясынан белгісіз мерзімге кетіп бара жатқандықтан, өзіміздің бұл әрекетіміздің себептерін түсіндіруді бірден бір парыз деп таптық. Біздің бұл сапарымыз бұрын-соңды болып көрмеген тәуекелге байланысты шексіз ұзаққа созылуы да мүмкін.

Біз, әрине, бұл әрекетіміздің тек тосын ғана емес, кәдімгі тәртіп тұрғысынан алғанда, тым келеңсіз екенін де жақсы түсінеміз. Бірақ та космостағы орбиталық станцияда біз тап болған жағдайдың ерекшелігі, адамзат мәдениетінің тарихында ешқашан болып көрмеген керемет екендігі соншалықты, сіздер біздің бұл әрекетімізді түсінер деп сенеміз...

Бұдан біршама уақыт бұрын біз космостық әлемнен, тіпті жер тарапынан да у-шу болып шығып жатқан шексіз даңғаза, қым-қуыт радиодыбыстардың арасынан жіңішке-жиілік арнада ұдайы бір мезгілде, белгілі бір кезеңде ғана беріліп тұратын радиосигналды ұстадық. Әуеліде оған пәлендей мән берген жоқпыз. Бірақ әлгі сигнал тынбай қойды. Әлемнің белгілі бір пұшпағынан шыққан осы дыбыстың табиғатына қарағанда әдейі біздің орбиталық станциямызға бағытталатын сияқты көрінді. Енді біз анық білеміз: бұл жасанды радиотолқын космостағы біздің вахтамызға дейін де беріліп тұрған екен. Біз ғарыштың алыс түкпіріндегі "Трамплин" орбитасына "Паритет" шыққалы бері бір жарым жыл болды ғой. Ал біз "Паритетке" келген үшінші кезектегі космонавттармыз. Әлем түкпірінен беріліп жатқан осы бір сигналға тұңғыш рет неге біздің назар салғанымызды айтып түсіндіру қиын, бәлкім кездейсоқ болар. Қалай десек те, біз осы бір құбылысты бақылап, зерттей бастадық та, бұл дыбыстың қолдан әдейі бағытталып отырғанына бірте-бірте көзіміз жеткендей болды.

Бірақ көпке дейін нық сенім болған жоқ. Ұдайы күдіктене бердік. Әлемнің бір түкпірінен беріліп жатқан жасанды радиосигналға бірден сеніп, Жерден басқа тарапта да цивилизация, тіршілік бар деп айтуға қалай батылымыз жетпек? Ғылым бұған дейін де Жерден басқа, тіпті Жерге жақын деген планеталарда тіршілік бар ма, жоқ па деген ниетпен талай-талай зерттеулер жүргізіп, ақырында еш нәтиже шығара алмаған. Бізді шүбәландырған осы жағдай да еді. Жерден басқа әлемде ақыл иесі, яғни тіршілік бар дегеннің нанымсыз екеніне ғылым бірте-бірте көзі жеткендей болған. Ал біз болсақ, өз болжамымызды жария етуге бата алмадық. Жерден басқа әлемде тіршілік жоқ деген идея әбден қалыптасып, қатып қалған соң, оны біз бірден жоққа шығарып, дау туғызып жатпадық. Біздің тікелей міндетімізге жатпағандықтан, біз осы сигнал туралы шүбәмізді ешкімге хабарлап әуре болмадық.

Әрі десе күлкіге қаламыз ба деп күдіктендік. Кезінде бір космонавт космоста жүргенде сиырдың мөңірегенін естіп, өзеннің жағасындағы шалғында жайылып жүрген малды көрген екен. Байғұстың көргені тек елес екен. Сөйтіп ол, "сиыр космонавт" атанған ғой. Шынын айтсақ, біз де соның кебін киеміз бе деп сескендік.

Енді бірде Жерден басқа қиырда да естияр тіршілік бар екеніне көз жеткізер соңғы дәлелге тап болғанымызда, Жермен хабарласуға кешіктік. Әлем жаратылысы туралы біздің түсінік-түйсігіміз, ақыл-санамыз мүлде өзгеріп сала берді. Біз бұған дейінгіден мүлде өзгеше, жаңаша ойлап-пайымдайтын болдық. Әлем құрылысы туралы мүлде жаңа түсінік, тіршілігі бар жаңа бір дүниенің ашылуы, ақыл-ойы дүниесінің тағы бір жаңа ошағының табылуы — бізге мынандай ой салды: бұл жаңалықты Жер тұрғындарына әзірше хабарламай қоя тұрайық дедік. Бұл Жер жөніндегі, жалпы қазіргі қоғам жайындағы қамқорлық туралы жаңа ұғымнан туған шешім еді.

Енді істің мәніне көшейік. Бұл былай болған еді.

Қайтер екен деген құмарлықпен біз бір күні әлгі ұдайы үздік-үздік келіп тұратын радиотолқынның ұясын нысанаға алып, жауап радиосигнал жібердік. О, керемет! Біздің сигнал лезде қабылданды! Бұл сигнал өзге дүние тіршілігінде қабылданып қана қоймай, түсінікті де болып шықты! Біздің радиоқабылдау каналымызда тағы бір нүкте, онан соң тағы біреуі — барлығы үш нүкте жұмыс істей бастады. Ғаламның қиыр түкпірінен сәлем жеткізген үш нүкте! Үш синхронды радиосигнал біздің Галактикамыздан тысқары ғаламат қашықтықта да біз сияқты ақыл-ой иелері бар екенін салтанатпен жариялай, әлденеше сағат бойына қатарынан қайта-қайта шат-шадыман хабарды қайталай берді, қайталай берді. Космостық биология, тіршілік туралы біздің түсінігіміздегі революция еді бұл! Уақыт, кеңістік, қашықтық туралы біздің білім-сапамыздағы теңдессіз өзгеріс, жаңалық еді бұл! Демек жарық әлемде ақыл-ойлы тіршілік иесі жалғыз біз ғана емес екенбіз ғой! Дүние әлемде Жердегі адамдардан басқа да саналы жандар болғаны ғой!

Бұл шындыққа көзіміз әбден жетсін деп біз оларға өзіміздің Жер-анамыздың — Жер шарының массасының формуласын радиотолқын арқылы жолдадық. Кешікпей жауап та келді: олардың планетасының формуласы екен. Жер массасының формуласына ұқсайды. Соған қарап біз ол планета едәуір ауқымды әрі десе тартылыс күші де тәп-тәуір деген қорытындыға келдік.

Сөйтіп біз өзге Галактикадағы өзіміз сияқты ақыл-ой иелерімен сәлемдесіп, физика заңдары жөніндегі білімдерімізбен алмастық.

Шет планеталықтар бізбен байланысты күшейтіп, жақындаса түсуге құштарлана тілек білдірді. Олардың осы белсенділігі арқасында біздің байланыс жаңа мән-мағынамен байи түсті. Сөйтсек олардың ұшу аппараттары да бар екен және олардың жылдамдығы сәуле жылдамдығымен бірдей екен. Мұның бәрін біз әуелі математикалық және химиялық формулалар арқылы білдік. Соңыра олар адам тілінде де сөйлесе алатындарын сездірді. Сөйтсек, олар біздің адамдар алғаш рет космос кеңістігіне шыққан кезден бастап-ақ аса қуатты аудоастрономиялық аппарат арқылы Космостан Жерге, Жерден Космосқа жіберіліп тұрған хабарлардың бәрін естіп-біліп отырады екен. Біздің тілімізді олар салғастыру, талдау арқылы ұғынып та алыпты. Олар бізбен тіпті ағылшын және орыс тілдерінде сөйлесуге де әрекет жасады. Бұл да біз үшін керемет жаңалық болды...

Ал енді ең негізгі мәселеге келейік. Біз сол алыс планетаға баруға бел байладық. Ол планета, шамамен, Орман Төс деп аталады. Ормантөстіктер бізді өздері шақырды, бұл сапар солардың идеясы. Біз ақылға сала келе, баруға келістік. Олардың айтуы бойынша, ұшу аппараты біздің орбиталық станциямызға, сәуле жылдамдығымен ұшқанда, жиырма алты-жиырма жеті сағатта келіп жетеді. Егер біз кері қайтқымыз келсе, ормантөстіктер бізді дәл осыншама уақыттың ішінде қайтып әкеліп тастауға міндеттенді. Біз кемелер қалай түйіседі деп сұрағанымызда, олар ол проблема емес деп жауап берді. Өйткені ормантөстіктердің ұшу аппараты қандай формада, қандай көлемде болмасын кез келген денеге герметикалық заңмен жабыса алатын қасиеті бар көрінеді. Сірә, электромагнитті тартылысы бар болуы керек. Біз олардың ұшу аппараты біздің орбиталық станцияның космосқа шығатын негізгі есігіне келіп тірелгені дұрыс болар еді деп тілек білдірдік. Егер Орман Төске сапарымыз сәтті аяқталса, осы люк-есік арқылы кері оралармыз...

Сонымен біз "Паритеттің" бортында өзіміздің, керек десеңіз, түсініктемемізді, ашық хатымызды қалдырып барамыз... Мәселе онда да емес. Бұл қадамның қаншалықты жауапты, азапты екенін біз жақсы түсінеміз. Тағдыр бізге адамзатқа ерекше қызмет атқару, аса ірі жаңалық ашу міндетін жүктеді. Бұдан артық міндет те, құрмет те жоқ шығар...

Әйткенмен, біз үшін ең қиын парыз, міндеттеме, тіпті, тәртіп деген сезімнен аттап өту болды. Көптен қалыптасқан салт-сана, заң, қоғамдық мораль нормаларымен санаспай, соның бәрін саналы түрде бұзу қиын. Біз өз әрекетімізді сіздермен, Бірбасор басшыларымен, жер бетіндегі ешбір жанмен келіспей, "Паритетті" тастап барамыз. Мұнымызды Жердегі қоғамдық тәртіпті бұзғандығымыз деп түсінбеулеріңізді өтінеміз. Бұл жайды біз ойланбай қалған жоқпыз. Жердегі жандардың сырын біз жақсы білеміз ғой. Тіпті хоккей жарысының өзінде бір гол артық түсіп кетсе, соның өзін саясатқа таңып, әркім өз мемлекеттік құрылысының артықтығын дәлелдеп, делебесі қозып, шартпа-шұрт болып айтысып, қызыл кеңірдек болып жататын дүниеде біздің ұсынысымыз, сөз жоқ, айтыс тудырар еді. Жерден тысқары әлемдегі цивилизациямен байланыс мүмкіндігі бар екенін білген соң Жер бетінде қиян-кескі қырғын басталып кетпесіне кім кепіл

Жер бетінде саяси күрестен қалыс қалу қиын, тіпті мүмкін де емес. Бірақ ұзақ уақыт — айлап, апталап, Космос қиырында жүрген шақта, сол Космостан Жер жарықтық машинаның дөңгелегіндей-ақ болып көрінген кезде, кейбір қоғамды қылғындырып буындырып, тіпті атом қаруына жармасуға дейін жеткізе жаздайтын энергетикалық кризис дегеніміз небары едәуір техникалық проблема екеніне көзіміз жетіп, Жер бетіндегілердің тағатсыздығына, мәмлеге келе алмайтынына, бір-бірімен тіл табыса аямайтынына өкінбеске амал жоқ.

Жер бетіндегі онсыз да өршеленіп тұрған, қауіп-қатер толған жағдайды одан бетер шиеленістірмеу үшін біз өзге планета өкілдерімен Жер шарындағы адамзат атынан жолығуға бел байладық. Ар мен сенім алдында осылай шештік. Өз басымызды тіккен осы сапарда біз Жер өкілдері деген атаққа кір келтірмейтінімізге сенімдіміз.

Ең соңында айтарымыз. Он ойланып, тоғыз толғанып, күдік-күмәнмен арпалысып, тәуекелге бел байларда біз "Демиург" программасына нұқсан келтірмеуді де ескердік. "Демиург" — адамзаттың геокосмикалық тарихындағы аса ұлы бастама. Бұл бастамаға біздің елдеріміз оңай жеткен жоқ. Бір-біріне деген сенімсіздіктің неше алуан тосқауылынан өтіп, ақыл-ой жеңіп, өзара әріптес болуға қол жеткен кездің жемісі — осы "Демиург". Егер біз Орман Төс планетасынан қайтып оралсақ, "Паритеттегі" жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал, егер із-түзсіз кетсек, яки басшылық бізді лайықсыз деп тапса, онда біздің орнымызды басар жігіттер табылады, шүкір...

Біз беймәлім дүниеге аттанып барамыз. Адам баласы қадим заманнан бері өзге ғарыштан өзіне ұқсас жандарды іздеп тауып, ақылға ақыл қосылып, салтанат құруын арман еткен. Бізді де белгісіз әлемге жетектеп алып бара жатқан сол арман. Бірақ сол басқа әлем цивилизациясы қандай? Адамзатқа пайда ма, зиян ба? Мұны әлі ешкім де білмейді. Ал, біз бұған баға беруде әділ болуға ант етеміз. Егер де біз барған планетаның құлқы адамзатқа зиянды болатын болса, онда біз Жер шарына ешқандай қауіп төнбейтіндей әрекет жасауға ант-су ішеміз.

Тағы да ең соңғы сөз. Біз қоштасамыз. Біз өз станциямыздың иллюминаторларынан Жерді көріп отырмыз. Қап-қара кеңістік әлемінде Жер-жарықтық нұрлы бриллианттай жарқырайды. Шіркін-ай, оның жәудіреген көгілдір көркін сөзбен айтып жеткізу киын, әрі десе бүл арадан Жер-анамыз еңбегі былқылдаған жас баланың басындай тым нәзік болып көрінеді. Осы арада отырғанда Жер бетіндегі адамдардың бәрі-бәрі бір туған бауырларымыздай болып сезіледі, оларсыз бізге тіршіліктің мәні жоқ. Әттең, Жер бетінде жүргендердің бәрі де осындай сезімде болса ғой. Бірақ олай емес қой...

Біз енді Жер шарымен қоштасамыз. Бірнеше сағаттан соң біз "Трамплин" орбитасынан шығып кетеміз. Сол кезде Жер көзден тасаланып, көрінбей қалады. Шет планеталық-ормантөстіктер қазір жол үстінде. Көп кешікпей келіп те жетеді. Бірер сағат қана қалды. Иә, аз қалды. Біз күтуліміз.

Тағы да бір сөз. Біз өз отбасыларымызға хат қалдырып отырмыз. Кімнің қолына түссе де, осы хаттарды мекен-жайларына тапсыруды өтінеміз.

P.S. "Паритетке" біздің орнымызға келетіндерге анықтама. Вахта журналына біз шет планеталықтармен хабар алмасып тұрған радиотолқынның жиілігі мен хабар қабылдау-жөнелту каналын жазып қойдық. Қажет болған жағдайда біз осы канал арқылы байланысып, хабар беріп тұрамыз. Біздің әбден көзіміз жеткен бір нәрсе; шет планеталықтармен радиоқатынастың ең тиімді жері орбиталық станцияның борттары. Ал, шет планеталардан берілген хабар жер бетіне жетпейді, өйткені Жерді иондалған сфераның қалың қабаты қоршап тұр, сондықтан одан радиосигнал өте алмайды.

Тәмәм. Хош-хош. Біз аттандық.

Бұл хат өзгеріссіз екі тілде: ағылшын және орыс тілдерінде жазылды.

Паритет-космонавт 1 — 2.

Паритет-космонавт 2 — 1.

"Паритет" орбиталық станциясының борты.

Үшінші вахта. 94-тәулік".

Дәл белгіленген мезгілде, Қиыр шығыс уақытымен сағат он бірде, "Конвенция" авианосецінің палубасына бортында американ және совет жағының ерекше өкілдері бар екі реактивті самолет бірінен соң бірі келіп қонды.

Комиссия мүшелері қатаң талаппен, протокол бойынша қабылданды. Оларға түскі тамақтарын ішуге жарты сағат мәулет берілетіні бірден хабарланды. Түскі тамақтан соң комиссия мүшелері кают-компанияға жедел жиналады да, "Паритет" орбиталық станциясындағы төтенше жағдайға байланысты өтетін жабық мәжіліске кіріседі. .

Бірақ мәжіліс енді бастала берген сәтте, кенеттен үзіліп қалды. "Паритеттегі" бақылаушы-космонавтар "Конвенциядағы" Бірбасорға көрші Галактикадағы Орман Төс планетасында жүрген 1 — 2 және 2 — 1 паритет-космонавтардан алынған хабарларды жеткізді.

 

Жалғасы бар

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты