Бір біріне ұқсайтын екі сурет

Туылған заманасы мен елі өзге екі өрен жастың суреті қиуадан қиысып менің үйімнің бір қабырғасына іліне қалды. Олардың тағдыры да, тілі де мүлде басқаша. Бірақ, үйімдегі осы екі суретті көрген адамның қай қайсысы олардың таңқаларлық ұқсастық тараптарын табанда таныр еді. Кейбіреулер бір адам деп дау да айтқан. Бұл екеуінің жанарынан өзгеше өжеттік өрлік танылар еді. Мұрындары да ұқсас, екеуінің де шырайынан тайынбайтын жастық жалын тепсиді.
Мұның бірі - Артур Ромбоның (1854 — 1891) суреті. Осынау Француз ақынының бұл суретін он алты жасында Кахат түсіріпті; енді бірі - Маяковскийдің суреті. Орыстың бұл жас ақыны бұл суретіне 1909 жылы түсіпті. Сол кезде ол Строганов сурет мектебінде оқиды екен.
Бұл екі жастың суретінде ортақ мінез бар, мұндай мінез олардың өмір жолының алғашқы кезінде-ақ қайшылыққа душар еткен. Олардың қабағынан әрі қомсыну әрі қаталдық: опасыздық істеген періштенің әлпеті танылады.
Олардың басы жаңалықшылардың мәнін ашатын мәлім тілсім құдіреттің бұйрығымен осы араға қосылып қалғандай.
Бұлардың әр екеуі де — жаңа өріс ашушылар. Ромбо өлең жазу әдісін жаңарта отырып өз өлеңін аса күшті әсемдікке ие етті. Маяковский — өлең-жырдың елден ерек нұсқаларын жасаушы ретінде төңкеріс пен биязылықтың бұзылмас бірлігін жасады. Бұл жас жаңалықшылдардың әлпет-келбеті өте оқыс орайда үйімнің бір жақ қабырғасына қатар ілінді, олар міне әлем мен адамзаттың жандүниесіне барлау жасайтын жанармен маған үңілуде.
Әйтсе де Маяковскийді айтып отырып оның туғанына жетпіс жыл толуына бірнеше күн ғана қалғанын біз сонда барып білдік. Тегінде орай тауып, онымен сұхбаттасқан болсақ, бәлкім онымен әлдеқашан достасып та үлгірген болар едік.
Бұл қиял санамда ғажайып сезімдер тудырды: кейбіреулер мені Уолт Уитменді таныйдыға шығарып тұрғандай. Осыншама үстем мерейге, хикымет нышанға жеткен орыс ақынының Мәскеудің Арагуэй ресторанына кіріп бара жатқанын немесе өзіне ғана тән шашпа өлеңдерін дауыстап оқу үшін кесек тұлғасы мінбеге қалай көтеріліп бара жатқанын зорға дегенде көз алдыма елестеттім. Оның өлеңдерінен мылтық дауысының ащты исі, асау сезімнің жөңкілген толқындары тудырған музыканың ырғағында қалың қолдың атойлап бара жатқан екпіні танылушы еді.
Иә, оның бейнесі, өлеңі төңкерістің және жаңа мемлекеттің қолындағы қоладан жасалған бір буда гүлге айналды. Мұндай гүлдер әрине аса ұқыптылықпен жасалған, сондықтан да темірдей қатты әрі берік. Бірақ, осыған бола ол жеміс бермейді де емес. Әрқандай бұрылыс даулы Маяковскийдің өлең жоларын ала бұрылысқа қатысады, оның тағдырының ұлылығы да міне осында.
Нағыз өлеңді өз отанының аса келелі тарихи кезеңдерімен қабыстыра білу — Маяковскийге тән дара ұғым. Осы түйін оның өлеңі мен Ромбоның өлеңдерін мәңгілікке жанаспайтын екі бағытқа салды. Өйткені, Ромбо — жеңілушілердің ең ұлысы, көтерілісшілерден қалған сарқыттың ең кереметі. Ал, қазасы қаншама аянышты болғанымен, Маяковский — адамзаттың аса ұлы жеңісін жырлаған және сезіне білген жыршы. Осы жақтарынан ол Уолт Уитменге көбірек ұқсайды. Бұлардың әр екеуі де ұлы замана күресіне атсалысты әрі сол ұлы заманамен тағдырлас болды. Уолт Уитмен әсте Линколин бастаған негір құлдарды азат ету соғысының безену бұйымы ғана емес, оның өлеңдері шайқастың жеңісі мен жеңілістеріне орай дамып отырады. Ал, Маяковский өз отанының толып жатқан зауот-фабрикалары, тәжрибеханалары және мектептері бар қала-қалашықтарының көріністерін емірене жырлады. Оның өлеңдерінде адуын әлем зымыранын ұшырғандай жойқын қозғаушы күш бар еді.
Бұл күндері — В.Маяковскийдің туылғанына жетпіс жыл толып отыр, бірақ, қазір ол біздің арамызда жоқ, мұның өзі неткен өкінішті жайіт, десеңші!
Павло НЕРУДА
Чили ақыны, 1971 жылғы Нобель сыйлығының иегері
аударған: С.Найман.
