Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz):АБАЙДЫҢ БИІГІ

Ардақ Нұрғазы(Ardakh Nurgaz):АБАЙДЫҢ БИІГІ

Орта ғасырдың соңында Еуропада оба ауруы кең етек жайған. Обадан мыңдаған адам қырылды. Қалалар мен ауылдарда өлік тау-төбе болып үйіліп қалды. Ауруға еш амал табылмады. Басқа емес, шіркеулерде үш жүз алпыс бес күн бойы  Жаратушыға құлшылық еткен пірәдәр әйелдердің обадан баудай түсуі жұртқа ой салды. Бұған бір жағынан орта ғасырда христиан дінінің қатігезденіп, керітартпа, керенаулана түсуі де әсер етті. Соған дейін христиан діні өз ұстанымынан басқа құндылықты қабылдамайтын,  жоюды мақсат тұтқан тежеулер мен күйретуден ғана тұратын жазалау машинасына айналған еді. 

«Егер, шынымен Жаратушы бар болса, ол оба дерті кезінде өзіне өмір бойы құлшылық еткен пірәдәрларды құтқарып қалар еді ғой» деген сұрақ тұрды көкейде. Соңғы төрт ғасыр бойында Еуропада осы сұрақ үздіксіз жаңғырып отырды. XX ғасырда нацистер Освенцимде миллиондаған адамды өлім ошағына тоғытқан тұста, бұл сұрақ ең бір шырқау шыңына шықты. Осыған орай Еуропаның философтары, дінтанушылары, әлеуметтанушылары, ақындары мен жазушылары діннің түпкі мәні туралы алуан түрлі ой айтты. Олар әу баста жоғарыдағыдай ащы шындықтан кейін бір Жаратушының бары туралы сенімнен бас тартуға дейін барса (Ницше «Құдай өлді!» деп жарты әлемге жар салды), соңында біртіндеп Жаратушының бары мен жоғы мәселесін емес, қайта, Жаратушы туралы ілім – діннің түпкі мәнін түсіндіруге ұмтылыс жасады. Көктен түсті делінетін кітаптардың түп негізін қазбалау арқылы адамзаттың басына төнген жоғарыдағыдай қатал кезеңде, дін қандай рөл ойнайды? Дін ілімінің түп мақсаты не? - деген сауалдарға жауап іздеді. Еуропа мәдениетінің мәйегі саналатын «Тәурат», «Зәбүр», «Інжілді» қамтыған кітаптардың кеңінен таныс болуы да зерттеушілердің мәселені нақты көтеруіне ықпал етті. 

Соңғы үш ғасыр бойында қазақ та басынан көп қиындықтарды өткізді. Алдымен мемлекеттілігінен айрылып, отар елге айналды. Күшпен кірген жаңа қоғамдық жүйені қабыл алған соң, дәстүрлі өмір сүру формасынан бас тартуына тура келді. Соған байланысты ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүрінен, дүниетанымынан ажырай бастады. Онымен тынбай, қолдан ұйымдастырылған аштық, соғыс қырғынын бастан өткерді. Халық санының бестен үш бөлігі қырғынға ұшырады. Бұл жағдай халық жадындағы өркениеттік, мәдениеттік, ұлттық дүнетанымның әлсіреуіне жол ашты. Ол ұлтсыздануға мұрындық болды. Бірте-бірте тіл мен ділден бас тарту масқара жағдай болудан қалды. Ұлт өзін қорғау танымын жоғалта бастады. Қазақ топырағы қырық жыл ядролық сынақ алаңына айналса да, өз кезінде ұлтты түбірінен құртуға бағытталған осы шараның саяси және тарихи мәні сана көкжиегіне көтерілген жоқ. 

Кейін Тәуелсіздік келді. Қоғамдық бетбұрыс үлкен өзгерістерді әкелді. Алайда, таным тұрғысынан айтқанда, қазақ қоғамы көп өзгере алмады. Күні кеше қоғам коммунистік идеологияның қасаң қағидасына қалай сенім артса, бүгін баса-көктеп келген нарықтық қатынас пен сырттан келген жат идеологияның ықпалына да дәл сондай сенім артып өмір сүріп жатыр. Дегенмен, өң мен түстей қырық құбылған дүниенің өз заңдылығы бар. Бәрі де сол заңдылықтың болмысы аясында жүріп жатқаны анық. Біреулер ол күшті тарихтың ағысына үңіле отырып, қоғамның дамуы тұрғысынан түсіндіреді. Енді біреулер оны дінге апарып тірейді. Айналып келгенде, екеуі де саясаттың ауылын төңіректейді. Бүгінгі таңда бізде ғана емес, бүкіл әлемде дін мен саясаттың байланысы шым-шытырық жағдайда. Біздің қоғамда да дінді саясаттандыру арқылы ұпай жинауға ұмтылғысы келетіндер жоқ емес. Бұл тұрғыдан келгенде қазақтың дәстүрлі дінге көзқарасының қоғамда басымдық алуының мәні зор. 

Қазақтың дәстүрлі көзқарасы еуропалықтардың жоғарыдағыдай дінге сыни бағытта қарауына да, Тәуелсіздіктен кейін араб мемлекеттерінен келген ислам дінінің көзсіз құлдық ұруды дәріптейтін ұстанымына да ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Қазақтың замандардан келе жатқан өмір-салты мен соған сай қалыптасқан дүниетанымы ислам құндылықтарын өз табиғатына сай сіңіре білген. Далалық өркениеттің болмысы мен ислам құндылығының бұлайша үндесуі кезінде екі жақтың да өз келбетін сақтай отырып өмір сүруіне мүмкіндік берді. Бұл үндестіктің басты ерекшелігі - қазақтар дінді тар шеңбердегі жаттанды түсініктердің аясында емес, кең ауқымда түсінгендігінде деуге болады.         

Қазақтың рухани тарихында Абайдың алатын орны ерекше. Абай — қазақтың санасы былғанбаған таза дәстүрлік қоғамын, отарлық өзгеріс дәуірін бірдей бастан кешкен тұлға. Абайдың дінге көзқарасын қазақтың дәстүрлік дүниетанымының жаңа қоғамдық сана кезеңіндегі көрінісі деуге болады. Абай діни кітаптар мен одан туындаған қағидаларды әлдеқайда кең ауқымда түсінген. Абай былай деп жазады:


Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланың танытуға сөз айырмас...


Бұл арада «Тәурат», «Зәбүр», «Інжіл», «Құран» секілді киелі кітаптар туралы сөз болып отыр. Өлеңде Абай өзінің мұсылман екенін растай отырып, Жаратушы ұғымын дәстүрлі діндердің (иуда, христиан, ислам діндері) аясынан биік деңгейде түсіндіреді. Осы жерден Абай әлемінің тылсым тұсы басталады. Ғалам мен табиғаттың тасасында тұрған ұлы құдырет, тіршіліктің тылсымдығы, қоғам мен тарихтың өзгеру заңдылығы, уақыт болмысы және адам тағдыры туралы парасат-пайымы көрініс береді. 

Жоғарыдағы өлеңде ұлы ойшыл «бір Жаратушы» дейтін ұғымға бастайтын дін ілімі туралы да айтады. Дінді адам көзсіз табынатын, өзін жоғалтып, белгілі бір ұрандарға құрбандық ететін құндылық емес, қайта, зейін-зердені ашатын, парасаттылыққа бастайтын, бастысы адамның өзін-өзі тануға мүмкіндік беретін, жүрекке сәуле түсіріп ізгілікке бастар жол деп түсіндіреді. Абай былай деп жазды:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті...

Өлеңнің қалған бөлігінде Абай адам мен дін ілімінің үндестігі туралы жоғарыдағы ойын одан ары таратып түсіндіреді.    

Абайдың бұл дүниетанымын «Ескендір» поэмасынан анық байқаймыз. Әлемді жаулауға шыққан Ескендір тар шатқалда тұрған алтын қақпаның алдына барып, тұмсығы тасқа тиеді. Қақпаның ішкі жағынан тіл қатқан күзетші аласұрған әміршіге «есіңді жи» деп шүперекке ораулы сүйек лақтырады. Ол сүйек дүниеге тоймаса да, өлгенде топыраққа тойған адамның көзі үңірейген бас сүйегі болып шығады. Біз бұл арада Ескендірдің орнына кез келген әміршінің тірлігін, қоғамдық құбылысты, түрлі саяси және діни ұрандар көтеріп билікке ұмтылатын алаяқтықтарды қоя аламыз. Бірақ, сүйек лақтырушыны бұлай оңай атай алмаймыз. Поэмада Ескендір жалпы тарихтың бейнесін елестетсе, қақпа күзетшісінің бейнесі бұдан әлдеқайда күрделі. Абай алтын қақпаның ар жағындағы тұлғаға ерекше мән берген. Оны қарапайым әрі күрделі құбылыс ретінде бағалайды. Қарапайымдылығы қақпаның алтын болуынан басталады. Алтын адамзаттың қоғамдық байланыстары негізінде жаратқан сырлылығы жоқ, өмірге жақын құндылығы, соған қарамастан, қақпаның арғы жағындағы дүниеге жақындауға еш мүмкіндік жоқ. Ақын оның нені меңзейтінін ашып айтпаса да, Ескендірге берген жауабы мен сыйлаған сыйы арқылы аңғартқан. Ол тар шеңберге, жаттандылыққа сыймайтын, барша ұғымдарды бойына сыйдырған, ғаламның тасасында тұрған құдырет ретінде сыпатталады. Ол құдыретті тар өрісте түсіндіру көп жағдайда жаттандылыққа, тар өрісте қалуға, тіпті саяси ойындарға мұрындық болатын көзсіз құлдық ұрушылыққа апарып жататыны бар.

Абай өмір сүрген XIX ғасырдың соңғы жартысында қазақ қоғамы толықтай отарланса, үлкен ауқымда империялар дүниені бөлісе алмай жанталасып жатқан тұс еді. Ұлы ойшылдың Ескендірді кейіпкер етіп алуына да айналасын қоршаған ортаның осы аласұрған жағдайы ықпал еткендей. Дегенмен, сол дәуірде Абайдың жоғарыдағы дүниетанымын қайталай алған тұлғалар көп болған жоқ. Шығармашылықта Абайға әсер етті делінетін Пушкиннің өзі дүниетанымы тұрғысында бұл деңгейге көтерілген жоқ. Пушкин бастан-аяқ Байроннан алған романтизмнің дүниетанымымен өмір сүрді. Пушкиннің демократия, бостандық, адамгершілік, декабристерді қолдау дегендей сана-сезімі тікелей Франция төңкерісінен пайда болған саяси ұғымдардан туындады. Бұл тұрғыдан келгенде әлемді тану жағынан Абай орыс ақынынан әлдеқайда биік тұр. Сол заманда Абаймен үндескен тұлға болды десек, ол немістің ұлы ақыны, ойшылы Гетенің есімін атауға болады. «Фаустта» Гете әлемнің сырлы заңдылығын Жаратушы, адам және сайтанның арасында жасалған үшжақты келісімнің тартысы арқылы пайымдайды. Гете де тасадағы заңдылықты діннен немесе Байрон, Пушкин сияқты кезекті қоғамдық өзгерістерден туындаған ұғымдар аясында емес, кең ауқымда қарастырды. Осы ерекшелігімен Абай да, Гете де уақыт ұғымынан асып өмір сүрген, өркениеттің түпкі  болмысына үңілген, жұмбақ тұлға күйінде қалды. Қазақтың модернистік санасы да Абайдың осы дүниетанымынан бастау алады. Ақынның «Сегіз аяқ» өлеңін құдайлар орнынан кетіп, бір Жаратушы әлде бір қоғамдық күштердің қолжаулығына айналғаны себепті сенімсіздікке ұшыраған, адам рухани мекенінен айрылып құлазыған тұстың алғашқы туындысы деуге болады. Абай қазақ поэзиясының лексикасын заман талабына сай тың дүниемен, жаңа сапамен толықтырды. Жоғарыдағы өлең өзіне дейінгі дәстүрлік поэзияның мазмұны мен формасын тас-талған етіп күйретіп, жаңартып қайта тұлғалау арқылы қазақтың модернистік поэзиясына айнымас тұғыр, берік негіз қалыптастырды. Абай бір өлеңінде:

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күйді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған...

Құбылыс пен мәңгілік дүниенің байланысын нәзік сезіммен терең зерделей білген даланың ұлы перезенті осы жолдарымен-ақ халқының келер күнде көп қиындықтар көретінін анық сезінген сияқты. Бірақ, ұлы жүрек үмітін үзбегені анық. Өйткені, үмітін үзсе, тарих әлдеқашан бағасын берген Ескендірге қайталап сыбағасын бермес еді.


P.S.

Өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласында зиялы қауыммен өткізген кездесуінде, қазақ әйелдерінің хижап кию мәселесіне өз көзқарасын білдірді. Елбасы ата дәстүрді ауызға ала отырып, «әйелдердің басы-көзін тұмшалап хижап киюі ұлттық болмысымызға жат. Мен оған қарсымын» деді. Қазақ әйелі ұлттық дәстүрге сай, зайырлы қоғамға тән ерекшелікте киінгені жөн деген ой айтты. Елбасы дін мәселесінде өзінің Абайдың дүниетанымын бетке ұстайтынын да айта кетті. Өмір бойы халқының қамын жеп, қазақтың бойындағы керенау-керітартпа, жаман қасиеттермен күресіп кеткен ұлы ойшылдың адами қасиеті арада ғасыр өткен соң да халық зердесінде жүрсе, қазақтың алдағы күнде адаса қоймайтыны хақ.  

         


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты