Ernest Hemingway. Килиманджароның қары

cf7026a1ca3e69002221575ca7dd3187.jpg (1080×823)

Килиманджаро - биіктігі 19710 фут, басын мәңгі қар басып жатқан тау, дәлірек айтқанда, Африканың ең биік шыңы. Масай тайпалары оның батыс шыңын "Нгайэ-Нгайэ" деп атайды екен, мұның мағынасы Тәңірдің тұрағы немесе құдайдың қонысы деген сөз. Сол шыңның құзар басында мерт болған қабыланның мұздап қатып-қурап қалған сүйегі жатыр. Осынау қарлы құзға қабыланды не айдап барғанын тірі жан білмейді.

 

— Бір ғажабы бұл дерт мүлде жаныма батар емес,- деді ол.- Әбден асқынып, меңдегенде ғана білінеді ғой деймін.

— Тіпті еш жерің ауырмай ма?

— Еш жерім ауырмайды. Тек қолқаны ататын мүңкіген иісі демесең. Енді ол жағын кешірерсің. Жүрегіңді айнытып тұрған болар.

— Олай деме, қайтесің олай деп.

— Аналарға қарашы,- деді енді сырқат,- Міне қызық, бұларды қай Құдай айдап әкелді? Құр тамашалау үшін қалықтап жүр ме екен, әлде иісті сезді ме екен бұл жыртқыштар.

Ол жатқан кереует қалың жапырақты мимозаның саясында тұрған еді. Осыдан күн нұрына шомылған жазықты кеңірек шолып әрі қарай көз жіберді де, ол анадай жерде қоқиланып жүрген үш құзғын құсты көрді, ал енді бірнешеуі аспанда қалықтап жүрді де қойды. Олардың тек жерге түскен көлеңкелері ғана тез-тез зымырағандай. - Машина бұзылған күннен бері олар сумаңдап осы маңнан кетпей қойды, - деді ауру. Бүгін бұл құзғындар бір нәрсені сезгендей жерге жалпиып-жалпиып қонып алған. - Алғашында мен болашақ әңгімелерімнің бір жеріне қыстырып жіберуіме септігі тие ме деген оймен олардың бар әрекетін бақылаумен болған едім. Бақсам, олай ойлауымның өзі ағаттық екен.

— Көп ештеңе ойлай берме,- деді әйел.

— Жай айтқаным ғой, әншейін, - деді ауру,- Біреумен сөйлесіп тіл қатыссаң, тым-тәуір боп қаласың. Бір жағынан сенің де көңіліңді аулағым келеді.

— Әңгіме онда емес қой, оны өзің де жақсы білесің,- деді әйел. – Мен тек қазір қолымнан еш нәрсе келмейтініне ғана қапаланам. Екеуміз бір-бірімізге сүйеу боп, ұшақтың келуін күтейік.

— Сол пәлекетіңді күтпей-ақ қоялықшы осы.

— Апырмай, саған не жәрдем беруім керек? Шынымен-ақ дәрменсіз болғаным ба?

— Мүмкін, аяғымды кесіп тастарсың, сонда жараның іріңі ұлғая қоймас... бірақ, оған да шүбәм бар. Әйтпесе атып-ақ таста мені. Сен енді мүлт жібермейтін мергенсің ғой. Мылтық атуды саған өзім үйретпеп пе едім.

— Айтпашы, қай-қайдағыны. Дауыстап бір нәрсе оқып берейін бе?

— Не оқисың?

— Өзіміз бұрын оқымаған хикаялардан.

— Керек емес, тыңдауға шамам жоқ,- деді ауру - Әңгіме шерткен жанға жайлырақ. Тіпті бір-бірімізбен даулассақ та көңіл жадырап уақыт тез өтер еді.

— Дауласатын не бар маған. Сенімен сөз жарыстырып айтысқым келмейді. Тіпті қатты ашуланған күнде де дау-шарға бармайық. Мүмкін, бүгін бізге машина жіберіп қалар. Бәлкім ұшақ келер.

— Менің тіпті орнымнан қозғалатын ойым жоқ,- деді сырқат. - Одан не шығады? Тек сенің көңіліңді аулау үшін ғана болмаса.

— Әй, қорқақсың-ау, шіркінім!

— Шынымен-ақ жанжал шығарғың кеп отыр ма, өлсем де тыныш өлейінші. Қорқақ деп мені қорлағаннан не табасың?

— Сен өлмейсің!

— Бос сөздің керегі не. Мен өлетін адаммын. Оны ана қоқиған құзғындардан сұрасаң да болады, олар соны біліп кеп отыр,- деді де ол, мойын жүндерін үрпитіп, бастарын ішіне тығып алған, түстерінен адам шошырлықтай үш бірдей алып жыртқыш құс отырған жаққа көз жіберді. Төртіншісі құлдилап кеп жерге қонды да, жорғалап барып, маң-маң басып ана отырғандарға қарай беттеді.

— Бұлар біз аялдаған жердің бәрінде осылай шырқ айналып ұшып жүреді де қояды. Жай кезде оған мән бермейсің. Өзіңді-өзің ажалға байлап беремін демесең, өлмейсің сен.

— Ондайды бір жерден оқып алған ба едің? О, Құдірет-ай, не деген есуассың?

— Ендеше өзге бірдеңені ойлап тапсаңшы.

— Жо-жоқ, олай бола қоймас,- деді еркек,- Маған осының өзі де жетерлік боп жатыр.

Сырқат енді жастығына жантая кетті де, қапырық ыстықтан сағымдана шаңытқан ауаға, алыстан көгерген жасыл бұтаға бір қиыстау қарап біраз үнсіз жатты. Айнала сарғыштанған төңіректе бәкене-бәкене ақ қойлар, одан әрегіректе әлгі жасыл бұталарға қарағанда аппақ боп көрінген жылқы тәріздес құлан үйірі жайылып жүр. Бұлардың аялдаған жері жатаған төбенің етегіндегі үлкен ағаштардың саясында, екі қадамдай жерде суы біраз тартылыңқырап қалған болса да бұлағы бар, таңертең ылғи үстінен кекілік, құр сияқты құстар үзілмейтін тамаша жазық еді.

— Дауыстап бірдеме оқып берейін бе,- деді әйел тағы қайталап. Ол аурудың төсегі жанындағы жиналмалы кенеп орындықта отырған болатын,- Міне, жанға жайлы қоңыр самал да есе бастады.

— Рахмет, оған әзірге зауқым жоқ.

— Бәлкім, машина тез келіп қалар.

— Келсін-келмесін, оның маған бәрібір.

— Ал маған бәрібір емес.

— Біздің өміріміз ұдайы осылай: әсте сенің ұнатқаның маған, менің ұнатқаным саған ұнамайды-ақ.

— Жоқ, Гарри, ұдайы олай бола бермес.

— Осы арақ ішсем бе екен.

— Саған ішу зиян. Блэктің кітабында ішкіліктен сақтану керек деген ғой. Саған ішуге болмайды.

— Моло! - деп дауыстады Гарри.

— Не бұйырасыз, тақсыр?

— Сода қосқан виски әкелші.

— Құп, тақсыр.

— Ішпей-ақ қойсаңшы,- деді әйел тағы қайталап,- Еңсеңді түсірме дедім ғой мен саған. Блэктің әлгі кітабында ішкілік зиян деп тура айтылған, ішу саған залал екенін білемін ғой мен.

— Жоқ,- деді Гарри,- ішімдік өзіме жағады әйтеуір.

"Енді бұдан былай ешбір лаж жоқ",- деп ойлады ол өзінен-өзі. Оның ойынша енді қолынан ештеңе келмейді, асыл арманына енді жете алмайды. Ақыр аяғы бәрі араққа бола жанжалдасумен ғана тынатын тәрізді. Оң аяғының ісігі асқынып, іріңі бүкіл денесіне жайыла бастағанда аяқтың ауруы тоқтап, сонымен бірге қорқыныш үрей де жоғалды. Ол енді өзінің әбден қажығанын сезіп, дүниенің ақыры осымен біткені ме деп күйінумен болды. Өзіне төніп тұрған тағдырға ол енді пысқырып та қарамады. Ажал талай жылдар бойы қыр соңынан қалмай қойып еді, енді бұл жолы одан тіпті де үрейленер түрі жоқ. Тек бір ғажабы, еңсесін басқан мең-зеңдік қана ештеңені ойлатпай, бәрін жеңілдетіп бара жатқандай. Ол ілгеріректе ойға алған тақырыбын түбіне жете зерттеп біліп алмайынша жазуға кіріспейтін, енді онысы қол жетпес армандай боп бұлдырап қалып барады. Бірақ өкінетін несі бар, қайткен күнде де оған енді ешбір келер-кетері жоқ. Жаза қалған күннің өзінде де көңілдегідей болып шықпауы мүмкін, сол себепті барлық ой-арманын кейінге қалдырып, қайтадан қалам ұстауға қолы жүрмей де қалған болар. Қалай болғанда да енді оның ойының ұшығына жету мәңгі-бақи мүмкін емес.

— Әттең, осында бекер-ақ келген екенбіз,- деді әйел. Сөйтті де Гарридің қолындағы арақ құйылған құтыдан көзін алмай ернін жымқыра тістеп отырып қалды.- Егер Парижде жүрсек қой, осының біріне де душар болмас едік.

Қашанда, айтуынша Париж саған қатты ұнаушы еді ғой. Парижде қалуымызға да, не өзге қалаған жерімізге кетуімізге де болатын еді. Мен қайда болса да баратын едім. Сен қай жаққа барам десең де ілесе кетуге әзірмін деп мен баяғыда айтқанмын. Егер аң аулап, құс атқың келсе Венгрияға кетуімізге де болатын еді. Ойға алған ісіміз онда да құба-құп болар еді.

— Осының бәрі сенің ант ұрған ақшаңның кесірі,- деді Гарри.

— Жоқ, оның дұрыс емес,- деді әйел,- Ақша деген менің ғана емес, сенің де дәулетің емес пе, "ине өткен жерден жіп өтеді" демекші, дүние қызықтың бәрін тастап қайда барғың келсе, соңыңнан ілестім де жүрдім ғой.

Не тілесең, соның бәрін істедім. Тек осында келмеуіміз керек еді.

— Осы жер ұнайды деп айтқан өзің емес пе едің?

— Иә, солай деп сенің есен-сау кезіңде айтқаным рас. Ал қазір мынадай қиын жағдайға қалып отырмыз ғой. Аяғыңның неліктен ауыра қалғанына менің таңым бар. Осынша азапқа тап болғандай құдайға не жазығымыз бар еді.

— Менің жіберген қатем мынау: әу баста тізедегі кішкене сызатқа йод жағу есіме де келмепті. Сонан кейін ол туралы ойлаған да емеспін. Себебі, бұған дейін бұндай болмашы жарақаттан еш пәле жабысқан емес. Аяғым ауырғанын сезе бастаған соң жараға сұйық карболка жақтым. Өйткені оған қажетті өзге дәрі-дәрмек сол сәтінде бізде жоқ еді, содан кейін ұсақ-ұсақ қан тамырлары бітеліп, ісік денеге жайыла бастады,- Ол әйелге бір қарап қойды. - Тағы не айтпақшысың?

— Мен ол жағын айтып отырғаным жоқ.

— Егер біз осы жақтың нақұрысы емес, жөні түзу басқа бір шопыр тапқанда, ол мотордағы майды тексеріп көрер еді, сөйтіп машина білігін күйдіріп алмаған болар еді.

— Мен ол жағын айтып отырғаным жоқ. Сен Уэст-бери, Саратога, Палм-Бич сияқты жерлердегі достарыңмен, толып жатқан қайдағы бір оңбағандармен ат кекілін кесіп, маған еріп кетпегеніңде...

— Оның бекер. Ол сені сүйгендігімнен ғой. Қазір де сүйемін сені. Өмір-бақи сүюмен боламын. Сен әлде мені жек көресің бе?

— Иә, солай,- деді Гарри,- Меніңше солай. Мен сені еш уақытта сүйген емен.

— Эй, не дейсің, Гарри? Ақылыңнан алжасқаннан саумысың.

— Тіпті соны тілесем де маған ақылымнан алжасарлық ешбір себеп жоқ.

— Олай болса ішуіңді доғар,- деді әйел - Сенен қиылып өтінемін, құлдығым, ішпеші. Біз енді қолдан келгеннің бәрін істеп бағуымыз керек.

— Істесең сен істерсің,- деді Гарри- Ал менің оған енді шамам жоқ.

Осы бір сәтте оның көз алдыңа баяғы Қарағаштағы бекет елестей қалды. Сол бір кезде жаудан шегінгеннен кейін Фракиядан кетіп бара жатып иығына қапшығын ілген күйі түн қараңғылығын қақ айырып келе жатқан Симплон-Ориент экспресінің шамына көз тігіп тұрған еді. Осы көріністі де бір кәдеге жаратпақшы боп кейінге қалдырған еді. Сол секілді азанда тамақ ішкенін; терезеден қарап, Болгария тауларынан қар көргенін де; Нансен уәкілдігіндегі хатшы2 қыздың өз бастығынан: "Мынау шынымен қар ма? " - деп сұрап таңданғанын да; шалдың қар жатқан жаққа қарап: "Жоқ, бұл қар емес, қар жаууға әлі ертерек", - дегенін де түбінде бір керегі болар деп есте сақтаған. Сонда уәкілдіктегі әлгі қыз жанындағы өзге қыздарға бұрылып: "Естідіңдер ме? Мынау қар емес" дегенінде, аналар: "Қар емес екен, біз қателесіппіз"', - деп жамыраса шу ете түскен еді. Ал көргендері шынында да нағыз қардың өзі еді. Екі жақ бір-бірімен адам алмасып, алыс-беріс басталған шақта бастық сол тауларға талай адам жіберген-ді.

Оларға жел үрген күртік қардың үстімен омбылап жүруге тура келген-ді, сол қатты қыста солардың бәрі - бірі қалмай суьққа ұшып өлген болатын.

Со бір жылы Гауэрталда да дәл Айса пайғамбар туған күннің мейрамы қарсаңында қалың қар жауған. Бұлар онда сыртын шынымен қаптаған, кірпіш пеші бөлменің біраз бөлігін алып жатқан ормандағы отыншының шағын үйінде қайың жапырағымен толтырған сырмақ төсекте жатып талай түнеген. Сол кезде бұлар жатқан үйге әскерден қашқан бір қашқын келген, сыртта оның қардағы ізі қанжоса болып жатқан болатын. Қашқын артында қуғыншы бар екенін айтқанда үйдегілер оған жүн ұйық кигізіп, өздері қанды ізін қар басып үлгіргенше жандармдарды сөзге айналдырып алжастырған болатын.

Ал Шрунста да Айса пайғамбар туған мейрамның алғашқы күні жауған аппақ қар, шіркеуге ғибадатқа келіп үйді-үйіне тарап бара жатқан халыққа шарапхана терезесінен қарағанда күнге шағылысып көзді қарықтырған еді. Тағы сол Шрунста бұлар қарағайлы таудың бөктерімен өзенді бойлай өтетін aт зәрінен сарғайған шана жолымен зілдей шаңғыларын иықтарына сап жаяу көтерілген-ді. Тағы сол жерде Мадленер-Хаустың мұзымен ылдиға шаңғымен кереметтей сырғып түскен, айнала жаңа жауған үлпілдек қар аппақ, теп-тегіс боп жарқырап жатты. Бұлар лақтырған тастай зымырап, үкідей ұшып кеп тоқтағаны да есінде сақталған-ды.

Осы кезде алай-түлей боран соғып, олардың Мадленер-Хауста лажсыздан бүтін бір жетідей тоқтап қалуына тура келді. Содан бықсыған шамның сығырайған жарығында ақша салып карта ойнауға кіріскен-ді. Сонда Ленц мырза неғұрлым көбірек ұтылған сайын ойынға тіккен ақша мөлшері де өсе берді. Ақыры ол мүлде сымпиып сыпырыла ұтылды. Әуелі шаңғышылар мектебінің қаржысынан, одан кейін бүкіл маусым бойындағы табыстан, ақыры өзінің бар жиған-тергенінен жұрдай болды. Дәл осы сәтте үстелден алған картасын көрмей-ақ ойынға бәс тігетін қоңқақ мұрын Ленцтің бейнесі оның көз алдыңа келе қалды. Олар сонда бүкіл тәулік бойы ойнаған-ды. Қар жауып тұрса да ойнай берді, боран толастаса да ойнай берді. Ол енді бірде өмірінің қанша бөлігі карта ойнаумен өткенін ойлап кетті.

Бірақ бұл жөнінде де ештеме жазбады. Ол аңғардың арғы бетінен тay көрініп тұрған пайғамбар туған мейрамның ашық, аязды күні туралы да қалам тартқан жоқ. Ұрыстан үйлеріне қайтып бара жатқан Австрия офицерлерін тасыған пойызды бомбалау үшін Баркер сол аңғарды басып, майдан шебінен ұшып өткен-ді. Ұшақты көрген австриялықтар пойыздан түсе-түсе қап тым-тырақай қаша жөнелгенде Баркер оларға оқ жаудырған болатын. Осыдан кейін офицерлер асханасына келіп Баркердің болған оқиғаны тәптіштеп айта бастағанын есіне түсірді. Ол айтып отырып кенет тыныштық орнай қалған шақта біреу, "оңбаған айуан, тексіз неме" деді. Сондағы олардың кескілесіп соғысқан австриялықтарының кейін өзімен бірге шаңғы тебіскен австриялықтардан ешбір айырмасы жоқ, еді. Әйтсе де бір есептен олар бұларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да. Сол жылы бүкіл қыс бойы шаңғы тебуге бірге барған Ганс аңшылар полкында қызмет ететін. Ганспен бірге тақтай тілетін жерден жоғарырақтағы аңғарға қоян атуға барғанда екеуі Пасубиодағы сол ұрыстар, Петрика мен Асалон түбіндегі шабуылдар жайлы әңгіме шерткен еді. Осы жайында да ең болмаса жалғыз жол жазбады. Монте Корно, Сьете Коммуни және Арсиеродағы соғыс жөнінде бір ауыз сөз жазған емес-ті.

Альберг пен Форарлъбергте ол неше қыс тұрды десеңізші... Бұл жерлерде төрт қыс өткізді. Сондағы бір базарлық сатып алуға Блуденцке кетіп бара жатқандағы өздеріне түлкі сатқан адам осы сәтте ойына түсе кетті. Сонымен бірге шие татыған тамаша шарапты, қабыршақ мұз үстіндегі ақ ұнтақ үлпілдек қар құйынын, жолдың таусылар жеріндегі құлама жардан бұрылмай, тура түсіп, бақ арқылы үш-ақ аттап сырғытып өтіп, әуелі қазылған ордан, сонсоң бұдан әрегіректегі қонақ үйдің сырт жағындағы тайғанақ мұзды жолдан өткенде шырқалған "Ой-хой, біздің Ролли" деген әнді де есіне түсірді. Үйге жеткен соң шаңғының бауын ағытып жіберіп, ағаш қабырғаға сүйей салатынсың. Сонда қарсыдағы сүйкімді шарап исі аңқыған, іші түтінді, терезесінен шам жарығы жарқыраған жып-жылы бөлмеде біреу аккордеон ойнап отырушы еді.

Енді ол осында, Африка жерінде өзінің жанында жиналмалы орындықта отырған әйелден:

— Осы біз Парижде қайда тоқтаушы едік?- деп сұрады.

— Крийон қонақ үйіне. Оны өзің де білмеймісің.

— Неліктен оны білуге тиіспін мен?

— Біз үнемі сонда түсетінбіз.

— Жоқ, әрдайым онда емес.

— Сонда және қала жанындағы Сен-Жермендегі Төртінші Генрихтың павильонына да түсіп жүрдік. Қаланың сол бөлігін өзім ұнатамын дейтінсің.

— Ұнату деген нәрсе — әшейін біраз күндік алданыш қой,- деді Гарри.

— Ал мен соның лезде лып етіп көзден ғайып болатын өткінші қызығына ғана қуанатын бір пендемін.

— Егер сен шынымен-ақ дүниемен қоштасар болсаң,— деді әйел,- сонда артыңда қалатынның бәрін құртып кеткің келе ме, оған қалайша дәтің барады? Сонда бәрін өзіңмен бірге ала кеткің келе ме? Сен әуелі астыңдағы атыңды, қала берсе қойныңдағы қатыныңды, бұған қоса ер-тұрманыңды, ақырында асынған қару-жарағыңа дейін шынымен-ақ құртып кеткің келе ме?

— Иә, сөйтпекпін,- деді Гарри,- менің асынған қару-жарағым сенің сол бір қарғыс атқан ақшаң еді, мен тек сонымен ғана атқа мінген едім ғой.

— Қой деймін ондайды.

— Жарайды. Енді аузымды ашпайын.Мен сені ренжітуге құштар емеспін.

— Кештеу түсініп тұрған жоқсың ба?

— Солай-ақ болсын. Ендеше, олай десең көңіліңді қалдыра берейін. Сол тәуірірек сияқты. Өйткені өзіңмен жұптасып істейтін бірден-бір рақат іс қазір менің қолымнан келер емес.

— Жоқ, мұның жалған. Ол рақаттан басқа да ұнататын нәрселерің көп болушы еді, сен неге құмартсаң, мен де соның бәрін істейтінмін.

— Құдай үшін, осы мақтануыңды қойшы. - Осылай деп ол әйелге көз қиығын жіберіп еді, жылап қоя берген екен.

— Сөзіме құлақ қоясың ба?- деді Гарри.- Менің қазір нем жетісіп тұр дейсің? Кейде не істеп, не қойғанымды өзім де сезбей қаламын. Әлі тірі екеніңді әбден сезіну үшін ғана бәрін қырып кеткің келеді. Бір-бірімізбен алғаш сөз бастағанымызда тәп-тәуір сияқты еді. Ал арты осылай боларын мен сезбеппін де білмеппін, енді миымның шатысқаны сонша, сені тірі азапқа салып қойыппын. Бұған қапа болмашы, сүйіктім. Мен сені жанымдай жақсы көремін, оны өзің де білесің. Дүниеде еш пендені мен дәл өзіңді сүйгенімдей сүйген емеспін.

Осылай деп ол енді өмірінде өзіне талай ризық болған жалған сөздің осы бір үйреншікті соқпағына қарай ауытқи берді.

— Сөзіңнен айналайын, сүйіктім.

— Ой, қаншық,- деді Гарри,- Қаншықтың құйрығы бұлаңдағыш келетін. Шабытым тасып отырғанда осылай деймін мен. Мен қазір нағыз шабыт құшағындамын. Шабыт болғанда ең бір тұрпайы, дөрекі шабыт мені билеп алған. Дөрекі, тұрпайы болғанмен де, тасыған шабыт.

— Өшір үніңді, Гарри. Алжасқаннан саумысың?

— Өзімнен кейін ештеңе қалдырмаймын да, - деді ол - Ештеңе де қалдырғым келмейді.

Кешке қарай ол ұйқысынан оянды. Күн жотаның арғы жағына еңкейгенде көлеңкесі бүкіл алапқа түсіп тұрған еді. Осы кезде төңіректегі ұсақ жануарлар бұлардың шатыры маңында жайылып жүрген. Гарри құйрықтарын бұлтыңдатып шепті анда-санда шалып-оттап, бұталардан біртіндеп алыстап бара жатқан осы хайуандарға қарап жата берді. Баяғы құстар шоқиып отырып алып, жемтік аңдуын қойған. Олар енді ебедейсіз түрде ағаш-ағашқа жабысып қонақтап алған. Саны бұрынғыдан да көбейе түскен. Гарридің қызметші қол баласы төсектің жанында отыр еді.

— Ханым құс атуға кетті,-деді ол.-Тақсыр, сізге бір нәрсе керек пе?

— Ештеме де керек емес.

Әйел түскі тамақ үшін құс атып әкелуге кетті. Гарридің мақұлық біткенді жақсы көретінін білетін әйел оған аңғардың төсектен көрініп тұрған жеріндегі аңдарды үркітіп алмау үшін өз шатырынан біраз ұзанқырап шыққан. Соны көріп, Гарри бұл өзі білгенін, оқыған-түйгенін, естіген-көргенін - бәрін жадыңда сақтап жүретін әйел - деп ойлады.

Бұл жұбайымен өзінің әбден титығына жеткенде барып табысқанына осы әйел кінәлі ме екен. Өзіне қаратып айтылған сөздің артында ешбір зіл жоқ екенін, ондай бейпіл ауыздыққа мұның әбден еті үйреніп кеткендіктен тек өз көңілін жұбату үшін ғана асыра сөйлейтінін байғұс әйел қайдан сезсін. Өзінің не сөйлеп, не қойғанына онша мән бермейтін болған соң, бикештерге шын сөзінен гөрі мұның өтірігі көбірек ұнап жүретін.

Бар сұмдық оның жалған сөйлегенінде емес-ау, сұмдық тек оның шындық орнына беталды көкіп кететінінде еді. Жаман болсын, жақсы болсын бар ғұмыры өтіп барады, енді ол өмір әлдеқашан бітсе де, әйтеуір құр сүлдері әлі бар, тек бір айырмасы енді жат жұрттың ортасында, сән- сәулеті мен дәулеті бұрынғыдан да асқан, өзі білетін жерлердің ең тамаша дегеніне бара алады, бұрын аяғы баспаған, өмірі көрмеген осы ең жақсы-ау деген жерлеріне де барып қайтуға қолы жетіп жүр.

Абзалында еш нәрсе ойламаған жөн, сонда бәрі де өз ретімен тамаша болып бара жатыр еді. Бір кезде табиғат саған күш-қайрат, қуат беріп тұрғанда өзгелер сияқты босап, еңсең түскен жоқ еді, бұрын атқарған үйреншікті қызметіңе істегің келсе де көлгірлікпен немқұрайды қарағансып жүретін едің, енді ғой сол бір қызмет қанша құлшынсаң да қайтып қолыңнан келмес. Бірақ бір кезде ең дәулетті, бай адамдар туралы жазамын деп сен өзіңе-өзің серт берген едің және де сол бай қауымға өзіңнің жат, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жан екенсің, олардың арасында тек жансыз ғана болып жүргенің жайлы, ақыр түбінде олармен ат құйрығын кесісіп кетуің жайында жазғың келетіні туралы, тек сонда ғана не жайында жазатынын өзі анық білетін өмірдегі ең тұңғыш адам - мен болар едім деп өзіңе-өзің айтып едің. Бірақ мұны істеуге өзіңді-өзің көндіре алмадың. Өйткені өмірің ылғи думанмен, жанға жайлы шаттықпен өтіп жатты да, өзіңе-өзіңнің іштей риза еместігін бар қабілетіңді мұқатып, сүйікті ісіңе деген ынта-ықыласыңды жойып, әлсірете берген еді, сөйтіп ақыр аяғында жазудан мүлде алшақтап кеткен болатынсың. Ал мұның жазудан қалғаны жора-жолдастарына анағұрлым тиімді еді. Бір кезде ол осы Африкада өз өмірінің ең бір тамаша шағын өткізген-ді, енді бәрін қайтадан бастау үшін ол осында тағы оралып отыр. Жол жүргенде, сапар шеккенде бұлар онша күй-жағдай талғамайтын. Бірақ пәлендей мұқтаждық шекпесе де, аса бір салтанатқа да бөленіп көрген емес, сөйтіп өзі баяғы бабымен қалыбына қайта түсемін деп ойлаған-ды. Тау ішіне кетіп жүгіріп, жаттығу жасап, салмағын әдейі азайтатын боксшы тәрізденіп ол да ішкі дүниесін басып кеткен зілден арылуға мүмкіндік алатын шығармын деп үміттенетін-ді.

Бұл жер әйелге ұнады. Осындай өмірді ұнатамын деп сан рет айтқан. Ол ел-жұрт көру, жаңа адамдармен қауышып-танысу, көңіл көтеру сияқты қуанышты сәттердің бәрін ұнататын. Ал Гарри болса, осылардан кейін еңбекке деген ықылас-ынтам қайта қалыбына келер-ау деп, өзін-өзі жұбатумен болатын. Егер өмірінің ақыры осы болса (ал ол ақыры осы екенін біледі де), онда жоны үзілген жыландай жан-дәрмен күйге салынып, жік-жапар болудың қажеті қанша! Бұл әйел байғұстың ешбір жазығы жоқ-ау. Бұл болмаса бұның орнына өзге бір әйел болар еді. Егер бүкіл өмірі жалғаншылықпен өткен болса, бұл дүниеден солай-ақ өткен жөн. Осы сәтте ол дөңнің арғы бетінен атылған мылтық даусын есітті.

Мұның өнерінің өсе беруін әрі тілеуші, әрі соны құртушы болып жүрген осы жомарт жанды сұлу сайқалдың, сірә, көздегені мүлт кетіп көрген емес. Бұлай деу мағынасыз да. Ол бойға біткен өз дарынын өзі құртқан болатын. Мұның өміріне де керектің бәрін жасаған осынау әйелдің қарақан басына бар кінәні үйіп-төге салу жөн бе екен. Бойдағы дарынын бағалай білмей өзін-өзі құртты бұл сол арқылы өзінің ұстаған абзал пікірінен айнып, тура жолынан тайды, ден қойған ниетінен безді, өз басына, келешек өміріне қастық істеп, ұшқыр сезімін мұқалтатын шарап құмарлыққа салынды. Керенаулық, орынсыз кербездік пен сәнқойлық, даңққұмарлық, менмендік, қиғаш мінезділік, опа бермес жалғандыққа бой ұрушылық оның жүрегіне мықтап орнады. Ал дарын қабілеті жайында не айтамыз? Оның туа біткен таланты болды-ақ, оған дау жоқ, бірақ сол өнерін дұрыс қолданудың орнына саудаға салды. Көзге көрінерліктей тындырған әнебір лұғатты істері де жоқ, бірақ мен соны істей алар едім-ау деген үміткер қиялы ғана бар еді. Ол өміріне керекті нәпақаны қаламгерлік өнерден гөрі, өзге әрекеттермен табуды артық көрді. Бұл бекерден емес еді. Өйткені өзінің тосыннан көңілі ауған еркетотай бикеші одан бұрынғы әйелдерден ауқаттырақ бола берді. Ал құмарпаздығы суи бастаған сәтте қазір осы әйелге өтірік айтып жүргені сияқты оларға да жалған сөзді қардай борататын. Себебі бұл өзгелердің бәрінен де дәулетті, ақшасы да мол, кезінде ері де, бала-шағасы да, кейінірек көңілдес еркектері де болған, сөйте тұра солардың ешқайсысына да көңілі көншімеген. Ал мұны әрі жазушы, әрі ер азамат, адал жансерік, әрі айнымас дос, абзал жан деп танып, жан-тәнімен беріле сүйген-ді. Бұған дегенде махаббатқа емес, жалған сезімге беріліп, шын жүрегімен сүймей тұрып, өзі нағыз сүйетін өзге әйелдерден гөрі осы бикешке тек оның дәулеті үшін ғана көбірек аусары аууы ғажап-ақ.

Әйткенмен де басы жұмыр пенденің бәрі де бұл дүниеде өз тауқыметі үшін ғана жаралған ғой,- деп ойлады ол. Сенің дарын-қабілетің тіршілікте табысты қандай жолмен табуыңа байланысты деп түсінді. Ол өйтіп-бүйтіп, қайрат-күшін тек саудаға салумен ғана күн кешті. Ал шын көңіл сезімі жоқ болған жерде қып-қызыл ақшаға, әрине, бар жаныңды саласың. Бұл ақиқатқа оның көзі әлдеқашан жеткен, бірақ сол жөнінде де ол енді өмірі ештеңе жазбақ емес. Әттең, бұл жайында жақсылап қалам тербеуге әбден болар еді, бірақ оны ол өмірі істемейді.

Әйел жотаның ар жағынан сылаң етіп шыға кеп, аңғардағы шатырға қарай беттеді. Еркекше шалбар киіп алған, қолында мылтық. Атып алған бәкене қойды ағашқа асып, иығына көтерген қолбалалары соңынан еріп келеді. Бұл өзі әлі де болса көз тартарлықтай сымбатты жан, денесі де сұлу-ақ деп ойлады ол. Махаббат мәселесіне аса шебер және оның жөн-жосығын жақсы біледі. Оны асқан сұлу деп айтуға да болмас, бірақ түр-тұлғасы бұған ұнаған болатын. Өзі кітап оқуға, салт атпен серуендеп, аңға шығуға әуес, бірақ бір айыбы шарапқа тым салынып кеткен. Жап-жас келіншек шағында ері қайтыс болған. Ері өлген соң аз уақыт болса да бар ықыласы ержетіп қалған балаларына ауды, бірақ оларға мұның қажеттігі жоқ еді, керек десе тіпті оның мұндай қамқорлығын балалары ауырлайтын да еді. Сонан әрі ол бар көңілін өзі мінетін аттарына, кітап оқуға, шарап ішуге аударып әкетті. Ол кешқұрым тамақ алдыңда кітап оқуды тәуір көреді, оқып отырып, әлсін-әлсін сода қосқан күшті арақ іше беретін. Сөйтіп ол тамаққа дейін-ақ шалабурыл боп қызып ап, тамақпен бірге ішкен бөтелке шараптан соң мүлгіп-қалғып ұйқыға кететін.

Ашыналарына тап болғанша өмірі осылайша өтіп жатты. Ал ашыналарын тапқан соң шарапқұмарлықты азайтты, себебі енді ұйқыны шарапсыз-ақ тындыра беретін. Сөйтсе де келе-келе ашыналарынан да тосырқай бастады. Бұрын ерімен өмір сүріп тұрғанда көңіл күйі қош, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді, ал мыналардан әбден жалығып, ығыр болған.

Кейін бір ұлы ұшақ апатынан қаза болды, сосын-ақ ол ашыналарынан шорт қол үзді, ішкілікпен қайғы-қасіретті жеңе алмасын білген соң барып, өзгеше бір дәурен сүруге ұйғарды. Күндердің бір күнінде ойда жоқтан жалғыз қалғанын сезініп, өзінен-өзі қатты қайғырды. Енді сыйласуға тұрарлық жансерік бір еркек болса деп соны аңсады.

Сондай жағдай ойламаған жерден кезікті. Оған бұл кісінің жазған кітаптары ұнады, тіпті әрқашан сол адамның өмірін армандап аңсайтын болды. Ол бұған дегенінің бәрін істей алатын адам сияқты боп көрінді. Мұның осы еркекті қалай да өзіне қаратуға деген әрекетінің сәті түсіп, ақыр аяғы сол жазушыға бұл ғашық болып, оған мықтап ұрынды. Кейін осының бәрі мүлде керісінше болып шықты: әйел жаңа бір өмір бастадым ғой десе, оның сүйген еркегі әлдеқашан басынан кешкен өмірінің қалдықтарын саудаға салумен жүрген адам болып шықты.

Ал бұл батырың ендігі өмірін саудаға салып, сол арқылы өлшеусіз бай-дәулетке, сән-салтанатқа жеткісі келді — дәл солай болды да - орындалмаған қандай тілегі қалды енді оның? Кім білсін? Бұл әйел оған не керектің бәрін де істер еді, не тілесе соны сатып әперер еді. Бұған еркектің ешбір күмәні жоқ еді. Оның үстіне ол әйел болғанда мүсінді де сұлу әйел еді. Еркек мұнымен жұптасып бірге ғұмыр ісешуге қарсы болған жоқ, қайта өзге әйелдерден гөрі осыған көбірек ықыласы ауа бергендей еді. Себебі, өзгелерден гөрі бұл дәулетті де бай болатын. Асқан сымбатты болумен бірге махаббаттың қадірін білетін, сыртқа теуіп тұрған оғаш мінезі де жоқ адам еді. Міне, енді сөйткен әйелдің сол талпынып құштар болған жаңа өмірі құрып, бітуге айналып барады. Себебі, бұдан екі апта бұрын сол сүйгенінің маңғазданып, бастарын жоғары көтеріп ап алға қарап, танауларын делдитіп, құлақтарын түріп, титтей сыбыс білінсе-ақ қалың қауданға зым-зия зыта жөнелгісі кеп елеуреп, одырайысып тұрған бір үйір маралды фотоға түсіріп аламыз деп қалың қамыс ішімен келе жатқанында тікенек жырып кеткен тізесіне дер кезінде йод жақпады. Ал сөйткен маралдар фотоаппаратты сырт еткізіп үлгіргенше көзден ғайып боп кете барды.

Әйел де міне, келіп жетті.

Гарри жастықтан басын көтеріп оған бұрылып:

— Ә, келдің бе? — деді.

— Мен қой атып әкелдім,- деді әйел.- Сен жас сорпа ішесің, сүтке қайнатып картоп пісіртем. Қазір қалайсың өзің?

—  Бұрынғыдан гөрі тәуірмін.

— Жақсы болды ғой. Өзім де солай болар деп ойлап едім. Мен кеткенде сен ұйықтап жатыр едің.

— Бек жақсы ұйықтаппын, ұйқым қанып қапты. Сен қай жерге дейін бардың, алыстап кеткен жоқсың ба?

— Жоқ, дөңнің арғы бетінде ғана болдым. Қойға дәл тигізіп, жаза баспай атып түсірдім.

— Сен керемет мергенсің.

— Менің аң аулауды жаным жақсы көреді. Африка да маған өте ұнады. Шыны сол. Сен ауруыңнан айығып кетсең осы жолғы сапарымызды өмірімдегі ең қызықты сәтті сапар деп есептер едім. Маған сені-мен бірге жүріп аң аулаудың қаншалықты қызықты екенін білер ме едің, Африка маған ұнайды.

— Маған да солай, мен де ұнатамын.

— Сүйіктім, қандай ғажап, сенің айығып келе жатқаныңа мен кереметтей қуанамын. Сен бүгін таңертеңгідей реніште болғанда мен де күйзеліп кетемін. Бұдан былай менімен олай сөйлесуіңді қоясың ба? Қоям деші, уәде берші?

— Мақұл. Енді олай істемеймін,- деді ол. - Мен тіпті сонда не айтқанымды да білмеймін.

— Мені неге қинайсың сонша? Ондайдың керегі не. Мен сені сүйемін, не тілесең соны істеймін, тек бар айыбым - жасымның егде тартып қалғаны ғана. Мен онсыз да қайғы-қасіретті көп шеккен адаммын. Сен мені енді қинамайсың ғой, сөйтесің бе, айтшы?

— Қинағым келсе тар төсекке жатқызып қойып қинар едім,- деді ол.

— Бәсе, солай деші, лебізің енді жақсарды ғой. Біз сол үшін жаратылған жанбыз ғой. Ертең ұшақ келеді.

— Оны қайдан білдің?

— Келетініне шүбәм жоқ. Қайтсе де келеді. Қызметшілер түтін түтетіп от жағу үшін шөп-шалам жинап қойған. Мен оны бүгін барып тағы көрдім. Ұшақ қонатын алаң кең. Алаңның екі жағынан жалынын аспанға лаулатып алау жағамыз.

— Ұшақ неге ертең келеді деп ойлайсың?

— Келетініне шүбәм жоқ. Өйткені келетін уақыты болды. Қалаға барғасын аяғыңды жазады, бір-бірімізді сонан кейін-ақ шындап қинай берсек те болады. Ол мына бүгінгі қиқар әңгімемен қинағаныңнан гөрі дұрысырақ болар еді.

— Ішіп жіберсек қайтеді? Күн ұясына батып барады ғой.

— Саған ішуге бола қояр ма екен?

— Жоқ, ішемін.

— Ішелік, олай болса. Моло, бізге сода қосқан арақ әкелші, - деп дауыстады әйел.

— Сен ұзын шұлығыңды ки, әйтпесе балтырыңды қара шіркей талап тастар,- деді ол әйелге.

— Алдымен жуынып алайыншы.

Ымырт үйірілгенше екеуі арақ ішіп отырды, ал көзге түртсе көрінгісіз қараңғы түскенде, сөйтіп, мылтық атуға болмайтындай кезде бұлар отырған аңғармен қорқау жортып өтті де, дөңнің тасасына қарай кетіп жоқ болды.

— Бұл жексұрын кеш болса-ақ осында жортып жүреді де қояды. Мен бұларды екі аптаның ішінде күн сайын-ақ көріп жүрмін,- деді Гарри.

— Әлгі түнімен ұлып шығатынның өзі дәл осы. Мейлі, ұли берсін, менің онда шаруам жоқ. Тіпті ұсқындары сонша жексұрын болса да.

Әйелмен бірге отырып арақ ішкеннен кейін Гарридің аяғының сыздағаны табанда тыйыла қалды, тек тырп етпестен бір қалыптан өзгермей жатқаны ғана қолайсыз.

Қолбалалар алау жағып еді, оттың сүйреңдеген сәулесі шатырдың қабырғасына түсті, Гарри ажалға амалсыздан бойсынса да осы өмірге қайтадан сүйсіне бастағанын енді ғана сезінгендей болды. Мынау әйел бұған қайырымды да, жан-тәнімен берілген де адам. Ал өзі болса бүгін азанда қаталдық істеп, оған орынсыз шүйілді. Бұл әйел тіпті тамаша жан. Дәл осы сәтте Гарри кенеттен өзінің мынау пәни дүниеден баз кешіп бара жатқанын айқынырақ сезінді.

Осы ой бұған жазғы жаңбыр, не күзгі жел сияқты емес, қапиядан соққан құйындай тап боп, ес тандырарлық түпсіз терең тұңғиықтай көрінді, бір ғажабы сол, осы түпсіз тұңғиықтың бір шетінен сиықсыз қорқау үн-түнсіз тағы да жылт ете түсті.

— Гарри, саған не болды?- деді әйел.

— Ештеме емес,- деді ол- Сен орын ауыстырып, былай отыршы. Жел соқса сен жағымнан соқсын.

— Моло жараңды таңып берді ме?

— Иә, бор қышқылын жақтым.

— Ал қазір қалай, тәуір ме?

— Біраз әлсіреп қалыппын.

— Мен барып жуынып келейінші,- деді әйел,- Тез келем. Тамақ ішкеннен кейін төсекті шатырға апарып қояйық.

"Ұрыс-керісті доғарғанымыз қандай жақсы болды,- деді ол ішінен. Бұл өзі осы әйелмен сондай бір үлкен шатаққа бара бермейтін, ал шын сүйген өзге әйелдермен жиі жанжалдасып, сол ұрыс-керіс арадағы жақсы атаулының бәрін жуып-шайып жіберетін еді де, ақыр аяғы ажырасумен барып тынатын. Өзі әйелді бір сүйсе бірден құлай сүйетін еді де, сонымен қатар одан қайдағы жоқты талап етемін деп жүргенде ақыр аяғы қолы жеткеннің бәрінен жұрдай боп соқа басы сымпиып шыға келетін.

Ол енді баяғыда Парижден дәл аттанар сәтіндегі бір жанжалдан кейін Ыстамбулда жападан-жалғыз жер табандап қалғанын есіне түсірді. Бұл оның оңды-солды жүріс-тұрыспен ғұмыр кешіп жүрген кезі еді, кейін ақылы сабасына түсіп, өзін-өзі байқаған шақта сопайған жалғыздық сезімі сейілудің орнына қайта бұрынғыдан да ұлғая түскен болатын. Сонда ол өзін алғаш тастап кеткен бикешке хат жазып, оған деген ыстық сезімнің жүрегінен әлі өшпегенін жырдай етіп баяндаған болатын... Әлде бір ретте сол әйел Кедензе жанынан көлбеңдеп өтіп бара жатқандай көрініп, сонда іші оттай өртенгенін, өзге бейтаныс әйелдің нендей де бір жері, бір қимылы соған ұқсағандай болса, сол әйелдің мүлде басқа адам екеніне әбден көзі жеткенге дейін, бейнебір тап осы сәтте бойын еріткен кереметтей ғажап толқынды сезімінен айрылып қалам ба деп үрейленіп, саяжолдың бойымен соның соңынан қалмай ере беретіні жөнінде де жазған-ды. Өзімен бір төсекте түнеп шыққан бір күндік жолбикелердің бәрі сол сүйген жарын бұрынғыдан да қаттырақ сағынуға мәжбүр еткенін де бүгіп қалған жоқ. Сол бір күшті махаббат дертінен айығуға енді әлі келмейтініне әбден көзі жеткенде, әттең, сол бір сүйген жарының баяғыдағы нендей содыр қылыштарының бәрін де құлантаза кешірер едім дегенді де айтқан-ды. Ол хатты клубта, ішпей сау отырған шағында жазып, Нъю-Йоркке жөнелткен, ал өзіне деген жауапты Париждегі редакцияның адресіне жіберуді өтінген-ді. Осылай істеу бұған жат көзден толықтай қауіпсіз сияқты боп көрінген. Сол жағын қатты сағынғандықтан іші удай өртеніп, дәл сол күні ақшам кезінде Таксим маңынан ұшырай қалған бір бикешті іліп әкетіп, кешкі тамақ ішуге өзімен бірге ерте жөнелді. Сосын онымен биге барып еді, ол биге шорқақ болған соң тез құтылды да, бетімен кеткен тым жеңілтек бір армян қызын тауып aп соны биге шақырды. Ол бір пәле екен, билеп жүріп мұны қарынымен үйкелеп, қысып, тым жақындаса-жанаса берді, сөйтіп мұның тұла бойын ертіп-елжіретіп әбден мазасын кетірді. Өзі бұл жезөкше қызды бір зеңбірекші ағылшын жігітінен үлкен дау-дамаймен қағып кеткен еді. Әлгі зеңбірекші мұны сыртқа жекпе-жекке шақырып, екеуі қараңғы бұрыштағы тac көшеде ұмар-жұмар айқаса кеткен болатын. Зеңбірекшіні бұл екі мәрте құлаштап тұрып ұрса да, ол салған жерден табанда қулай қоймаған соң, ар жағы тым насырға шауып кетерін сезе қойған-ды. Зеңбірекші де кезегін жібермеді, мұның өңменінен, сонан кейін көзінің алдынан дәлдеп бір-екі періп жіберді. Бұл оны қайтадан бүйірден сол қолымен құлаштап ұрғанда, ол мұның бешпетіне жабыса кетіп тартқыштап жүріп бір жеңін жұлып алды, бұл құлақ шекесінен қонжита оңдырмай тағы қойып жіберді. Сөйтті де өзінен әрмен жұлқып итеріп, оң қолымен тағы бір мықтап соқты. Зеңбірекші басы тасқа соғылып сулап түскенде бұл өздеріне таяп қалған әскери күзеттен сескеніп, қызды қолтығынан ала-мала қаша жөнелген-ді. Сөйтіп, екеуі таксиге отыра caп Босфордың3 бойымен Риммили Хиссаға қарай ызғытып барып, түнгі таза ауада қайтадан үйге оралып төсекке кеп қулай кеткен. Манағы көйлекшең жүргендегісіндей қыз топ-толық, шып-шымыр, денесі раушан гүліндей нәзік, торғындай жұмсақ, былқылдаған кеудесі топ-томпақ, жабысса айрылмайтын тым ләззатты бір жан екен. Бұл таң сәріден тұрып, кете бергенде әлі де балбырап ұйқыда жатқан қызға үңіле қараса, бет-жүзі алжа-алжа, талай құқайды көрген бір қу сияқты боп көрінді. Ал өзі болса түндегі соққы тиген көзінің алды көгеріп, бір жеңі жұлынған бешпетін қолтығына қысып aп, осы арадан бірден Пера-Паласца4 қарай тартты.

Сол күннің кешінде бұл Анатолияға5 жүріп кетті. Ал келесі күні өзі мінген пойыз апиын өндірілетін көкнәр өскен алқапты бойлай жылысып бара жатты. Taп сол кеште өзінің ішкі сезімі қандай ғажап болғанын есіне алды. Жолдың майданға таянған ең ақырғы бөлігінің сондай алыс боп көрінгенін, жаңадан келген нағыз бір топас, ештемені сезбейтін грек офицерлерінің қатысуымен жүргізіліп жатқан шабуылды, солардың артиллериясының өз әскерлерін өздері атқылағанын, ал оны көрген ағылшын әскери бақылаушысының баладай боздап жылағанын есіне түсірді ол.

Сол күні үстерінде балетке киетіндей ақ юбкалары, аяқтарында тұмсығы қайқиған кебістері бар серейіп өліп жатқан әскерлерді бұл тұңғыш рет көрген-ді. Түріктер лек-лек боп қаптап келе жатқанда, ақ юбкалы әскерлердің тым-тырақай қашып, офицерлерінің алдымен оларды атқылап, сонсоң өздерінің де зыта жөнелгенінің куәсі болған-ды. Мұның өзі де ағылшын бақылаушысының ізінше жалт беріп кері бұрылып ызғыта берген-ді. Қатты жүгіргеннен алқынып, өкпесі қысылғаны соншалық, аузы темір татып кеткендей еді. Ал ағылшындар сол қашумен қашып отырып жартастардың тасасына паналады, ал түріктер болса лек-легімен бастырмалата берді. Кейінірек оның өмір бойы ойына кіріп шықпаған сұмдықты көруіне тура келді, ал тіпті одан кейініректе мұнан да зор сорақылықтың куәсі болды. Сондықтан Парижге қайтып оралғаннан соң да, оның бұл туралы айтуға да, не сол жөнінде айтылған әңгімені тыңдауға да дәті шыдамайтын. Бағзы бірде былай болды, Париждегі бір дәмхананың жанынан өтіп бара жатса, онда өзіне бұрыннан таныс баяғы бір американ ақыны отыр екен, алдыңдағы үстелде сықа толы тамақ, беті шарықтай, ескі көн тері секілді жап-жалпақ айғыз-айғыз жүзінен топастың исі аңқып тұрған адам екен ол Өзі Тристан Тцара дейтін бір румынмен дадаистер жайында әңгіме шертіп отыр, жалғыз көзді көзілдірікті бұл румын әрқашан басым ауырады дей береді. Ал бұл содан соң үйіне қайта оралып, жұбайымен баяғыша сүйісіп қауышып, бұрынғы ұрыс-керіс пен делқұлылықты ұмытып, қайта есен-сау оралғанына мәз боп, бұрынғыша тура бастады. Редакция мұның атына келген хат-хабардың бәрін үйге жеткізіп беріп тұрды. Сөйтіп жүргенде бір күні таңертеңгі асқа отыра бергенде мұның баяғы хатына жауап келе қалмасы бар ма. Сонда бұл бұрынғы ғашығының қолын тани кетті де, тұла бойы мұздап сұп-сұр боп, жалма-жан хатты басқа бір конвертке сүңгітіп жібергісі келген еді. Бірақ сол сәтте қасында отырған әйелі мұны сезіп қап, "жаным, бұл кімнен келген хат " деп сұрады. Сонымен оның бұл әйелімен қасындағы жіпше сабақталып келе жатқан нәзік дәнекер оқыстан шорт үзіліп кете барды.

Осылайша бұл өзінің әр түрлі әйелдермен өткізген сайранды-сәтті күндерін, сонымен қоса олармен кейде шекісіп қалатын шақтарын да еске түсірумен болды.

Солардың қай-қайсысы да шатақ шығаруға келгенде сондай бір көңілді, шат сәттерде сыныңа сылтау таба қоюшы еді. Шынында да, олардың сондай бір қуанышты, көңілді шақтарда кейіс білдіріп ұрыс шығара қоятыны несі екен шіркін! Бір қызығы ол осы жайында да сөз қозғап, қалам түртпеді, себебі әуел баста ешқайсысының тауын шағып көңілін жыққысы келмеді, ал уақыт өткен сайын бұдан өзге де жазып-сызатын дүниелер жетерлік тәрізді боп көрінді. Бірақ өзі әйтеуір бірде болмаса бірде осы жайттарға қалам тартармын-ау деген ойдан ешқашан арылған емес. Жазуға татитын оқиғалар, көріністер шынында да иіскісіз көп еді. Ол дүниеде болып жатқан өзгерістерге зер салып, зейін қойып отырды, өзі талай-талай басынан кешірген оқиғаларды емес, сонымен бірге басқа оқиғалар мен адамдарды да назарынан тыс қалдырады, сонда да адамдардың мінез-әрекеті әр мезгіл, әр жағдайға қарай құбылып тұратынын да жадыңа сақтап, өмірдегі нендей де бір нәзік, елеусіз деген жағдайларды да байқап жүретін еді. Осындайдың бәр-бәрін ол өз басынан да кешірген, соның бәріне жүйрік қиялмен көз жіберген, осыларды әрине, хал-қадерінше жазуға тиісті еді, бірақ амал не, енді ол өмірі қолдан келмек емес.

— Хәлің қалай, тәуірсің бе?- деді әйел жуынып боп шатырдан қайтып шыққан кезінде.

— Тәуірмін.

— Енді тамақ ішсең қайтеді? - Ол қазір әйелдің ар жағынан жиналмалы үстелді көтеріп келе жатқан Молоны және ыдыс-аяқ ұстаған екінші қолбаланы көрді.

— Менің қолыма қалам алғым кеп жатыр,- деді ол

— Әуелі сорпа ішіп әлденіп ал, содан соң көрерсің.

— Бүгін мен өлемін, сол себепті маған ас ішіп әлденудің қажеті жоқ.

— Гарри, өйтіп сары уайымға салынып, босқа түңіле берудің керегі жоқ, - деді әйел.

— Осы сенің мұрның иіс сезуден қалған ба? Аяғымның жартысы іріп-шіріп біткенін сезбейсің бе, өстіп жатқанда сорпаң не сенің. Моло, маған одан да сода қосқан арақ әкел.

— Тілеуің берсін, сорпа ішші,- деді әйел сыпайы пішінмен.

— Жарайды, ішейін.

Сорпа өте ыстық еді. Ол құтыдағы сорпаны суытып көп отырды, суыған соң ешбір шашалмастан бірден сіміріп салды.

— Сен керемет әйелсің,- деді Гарри,- менің анау-мынау дегеніме онша көп көңіл аудармай-ақ қой.

Әйел оған ажарлы бет-пішінімен бұрылып қарағанда: ол "Қала мен жайлау" атты кітаптағыдай өзі сондай ұнататын, сондай бір сүйкімді, бірақ ішкіліктен бұзылыңқырап, аз-аздап махаббат қызығына бой алдырған әлдеқандай бір жүргіш әйелдің жүзі тағы да жарқ еткендей болды. Бірақ "Қала мен жайлау" кітабы мынандай көрікті, толық кеуделі, дөңгеленген әсем бөкселі, аялы алақанды ару әйелді ешқашан суреттей алған емес, сол себепті де осыншама жанына жақын, күлімдеген нұрлы жүзді әйелдің кескініне қарап жатып, сұм ажалдың өзіне таяп қалғанын осы жолы тағы да сезінгендей болды. Бұл жолы ешқандай ұйтқыған құйын жоқ еді. Тек баяу ескен қоңыр самал, жанған шырақтың жалынын жылт-жылт еткізіп бірде сөндіріп, бірде лапылдата лаулатып тұрған бәсең леп қана бар.

— Аздан кейін тор алғызып, төсек пен ағаштың екі ортасына кергізіп қойшы, сосын от жаққызшы. Мені түнделетіп шатырға апарып неғыласыңдар. Әбігерленудің қажеті жоқ. Түн сүттей жарық. Жаңбыр жауатын емес.

Шіркін, адам деген, міне, өстіп әзер-әзер сыбырлап-күбірлеп жатып-ақ о дүниеге аттанады екен-ау. Мейлі не болса, о болсын, әйтеуір дау-дамайдан ада болары хақ. Міне, бұған оның иманы мүлде кәміл. Ол өзі бұрын ешқашан басынан кешіріп көрмеген, осы бір өзіне беймәлім ғайып тағдырды жын соққандай бүлдіргісі келмейді. Бір есептен бүлдіріп те қоюы мүмкін. Бұл жалғанда бәрін де бүлдіріп бітесің ғой, әйтеуір. Әй, сірә, бүлдірмес те.

— Сен осы стенографиялауды білесің бе?

— Білмеймін,- деді әйел.

— Білмесең, оқасы жоқ.

— Иә, бәрі бірімен-бірі жымдасып, қиюласып тұрғанымен енді оған уақыт табыла қоймас, тіпті жазу-сызу қолдан келген күннің өзінде де мұны бас-аяғын жинап бір-ақ сөйлемге сыйғызуға болатын болса да.

Көгілдір көлдің жағасындағы қырқада бөренеден қиып салған, қиюының ара-жіктері әкпен сыланған бір шағындау үй тұр. Соның есігі алдыңдағы ұзын сырыққа ілінген қоңырау жұртты тамаққа шақырарда қаңғыр-күңгір етіп, үн шығаратын. Үйдің сырт беті көлбеген жазық, одан әрі орман басталады. Үйден айлаққа дейін екі қатарлап отырғызылған күмістей ақ теректер. Осы жердегі шығанақта да дәл сондай самсаған терек. Орман етегінен тay бөктеріне қарай өрлейтін соқпақ жиегінен ол бір кезде талай бүлдірген терген. Кейін осы бөрене үйшік өртеніп кетті. Ошақ пештің үстіндегі бұғы мүйіздеріне ілініп қойылған қару-жарақтар да тегіс өртенді. Сабын қайнататын дәу қазандарға керекті сілті алынатын күл-көмірдің үйіндісінде енді қорғасыны еріген бос патрондар, дүмдері жанып кеткен мылтықтардың сорайған ұңғылары жатыр. Сен сонда бір шалдан мына оқпандарды алып ойнауға бола ма деп сұрадың, ол "жоқ, болмайды" деді. Жанып кеткенімен бұлар шалдың талай жылғы қимас қару-жарағы ғой, ал жаңасын ол әлі сатып алмаған, сөйтіп содан былай аң аулауды да қойып кеткен. Кейін дәл сол орында қайтадан жаңа үй тұрғызылды, бірақ, енді бөренеден емес, әбден қатып-семген қалың тақтайдан салып, сыртын әкпен сылады, террасынан ақ теректер, сәл әріден жарқыраған көл көрініп тұратын; бұл үйде қару-жарақ дегеніңіз атымен жоғалды. Өртенген үйде бір кездегі бұғы мүйіздеріне ілулі тұратын мылтық ұңғылары енді күл арасында қалай болса солай шашылып жатыр, енді оған ешкім қол тигізбейді.

Соғыстан кейін біз Шварцвальдте форель өсіп-өнетін тұма суы бар жер жалдап алдық, оған екі бірдей жолмен барушы едік. Бірі Трибергтен бастап жазыққа қарай түсетін аңғардағы ағараңдаған жолдың екі жағын бойлай біткен саялы ағаштар арасымен кете баратын, содан Шварцвальдтің биік үйлі үлкен фермалары арқылы тауға өрлейтін, одан әрі әлгі жолдың жылғаны көлденеңінен кесіп өтетін жеріне дейін баратын. Сол арадан біз балыққа қармақ салушы едік.

Екінші жол бірден орман жиегіндегі тік жарға қарай тартатын, сонан кейін таудағы қалың

қарағай ішімен жүріп отырып, әдемі көк шалғынмен еңістегі көпірге тірелетін. Жылғамен сарқырап ағып жатқан бұлақтың жиегінде өскен қайық болатын, ал бұлақтың өзі шағын ғана, жіп-жіңішке болғанымен, суы мөп-мөлдір, тұнық, ағыны қатты еді, сол қатты аққан судың ағыны қайың тамырларын шайып кеткен. Сол маусым Трибергтегі мейманхана қожайынының әбден жолы болған кез еді. Мекен-жайы бек тамаша екен, біз онымен тез-ақ достасып, тіл табысып кеттік. Ал келесі жылы қағаз ақшаның құны кемігенде өткен жылдардағы барлық жиған-тергені мейманхананың ашылуына қажетті азық-түлік сатып алуға да жетпей қалып, әлгі сорлы байғұс осының күйігінен асылып өлген болатын.

Міне, осындай жайттарды стенографиялауға болар еді, дегенмен гүл сатушы әйелдердің көшенің өзінде тұрып гүл бояп, сол бояу сыздықтап жағажол бойымен автобус аялдамасына дейін ағып баратын Контрескарп алаңы; шарап пен жүзім суын ішіп үнемі масайып жүретін шал-кемпірлер; суықтан жаурап, мұрындарынан маңқасы ағып тұратын балалар жайлы; тердің сасық исі, қайыршылық пен маскүнемдіктің жиркенішті кескіні, сол кезде осындайлар тұрған үйдің төменгі жағындағы Ball Musetteнің жезөкшелері жайлы - осының бәр-бәрі тұралы, сірә, стенографияшыға айтып үлгіре аларсың ба. Сол секілді республикалық гвардияның жауынгерін өз үйшігінде түнеткен күзетші қатын жайлы, сонда әлгі жауынгердің aт жалынан істеген шашақты дулығасы орындық үстінде жалпиып жататыны жайлы айтып жеткізу қайда. Немесе дәліздің қарсысында тұратын байы велосипедші бикештің сол күні азанда сүт дүкенінде S 'Auto газетін оқып, күйеуінің Париж - Тур арасындағы жарыста тұңғыш рет үшінші орын алғанына масаттанғаны жайында не айтарсың. Сонда әлгі бикеш бір қызарып, бір күліп тұрды да жылап жіберді, сонсоң сарғыш түсті спорт газетін қолына қысқан күйі жоғарыдағы бөлмесіне жүгіре жөнелді. Ball Musette-ні ұстап отырған осы әйелдің байы таксидің шопыры еді, Гарриге таң сәріден тұрып әуежайға жету керек болғанда сол шопыр ертемен кеп мұның есігін қағып оятқан. Екеуі жолға илығарда шарапханаға соғып, биік мырыш үстелге сүйеніп тұрып, бір-бір стаканнан шарап ішіп алған болатын. Гарри сол кезде өзі тұратын көшедегі көршілердің бәрін білетін, өйткені онда өңкей жоқ-жітік, кедей-кепшік адамдар тұратын.

Контрескарп алаңының тұрғындары бірі маскүнемдер және спортшылар болып екі топқа бөлінуші еді. Өздерін титықтатқан жоқшылық өмірден қажыған маскүнемдер ішкілікпен әуестенсе, спортшылар жаттығу жасап, сонымен көңілдерін жұбататын. Бұлар коммунарлар әулетінен еді, содан да оларға саясатпен айналысу қиынға түспейтін. Коммунадан соң версаль әскерлері қаланы басып алғанда, ауыр жұмыс қажытқан күс қолды, бастарына телпек киген, осы жұмысшы болар-ау деген өзге де белгілері бар адамның бәрін түгел қырып-жоя бастағанда, олар туған әкелерін, жақын-туыстары мен жекжат-жұрағаттарын атып өлтіргендер кім екенін айқын білетін. Міне осындай титықтаған жоқшылықтың, кедей-кепшіктің бел ортасында, дәл осы көшеде жылқы етін сататын дүкенге қиғаштау тұрған шарапханаға жиі кіріп жүріп, Гарри қолына тұңғыш қалам алып, тырнақ алды шығармасын жазған-ды, сөйтіп өзінің болашақ бүкіл өміріне арқау боларлықтай игі істі бастаған-ды. Сол себепті Париждің осы ауданынан артық оған ешқандай өзге Париж жоқ еді. Мұнда қалың жапырақты ағаштар, төменгі жағы қоңыр панелъді әкпен сыланған үйлер, дөңгелек алаңда ұшы-қиырсыз көк-жасыл автобустар легі, жаға жолды қаптаған күлгін қағаз гүлдер, Кардинал Лемуан көшесіндегі өзенге иек артқан тіп-тік құлама жар, ал бұған қарама-қарсы екінші беттегі енсіз Муфтар көшесінің иін тірескен ығы-жығы кішікене үйлері - бәрі де аяулы, бәрі де қазіргідей көз алдыңда. Пантеонға6 қарай көтерілетін көшеде және өзі талай рет велосипед тепкен сол аудандағы машина дөңгелектерінен жалтырап теп-тегіс болған жалғыз асфальт көшеде мұнарадай сорайған биік үйлер, бір кезде Поль Верлен7 өлген арзанқолды қонақ үй - бәрі осы ауданда еді. Бұлар осында екі бөлмелі пәтерде тұрған-ды, оның үстіне Гарри қонақ үйдің үстіңгі қабатынан, айына алпыс франк төлеп тағы бір бөлме жалдап, осында шығармаларын жазған болатын, осы арадан Париж үйлерінің жыпырлаған шатырлары мен сансыз көп мұржалары, жалпы күллі қаланың биіктері мен жоталары түгелдей мен мұндалап көрініп тұратын.

Пәтердің терезесінен көмір саудагерінің дүкені де көрінетін. Ол көмірден басқа, дәмі, күші нашарлау арзан шарап та сататын. Ал жылқы етін сататын ләпкенің кіреберіс қақпасы алдыңда аттың алтын бояумен салған басының суреті жарқырап, дүкеннің ішінде жылқының сарғыш, қызыл-күрең түсті тұтас-тұтас мүшелері жататын, сыртын жасылмен сырлаған шарап дүкенінде ішімдік сатылатын; шараптың небір түрі: қымбаты да, арзаны да көп болушы еді онда. Одан әрі көрші үйлердің әктелген ақ қабырғалары мен терезелері де көрінетін, көрші болғанда бағзы бірде кейбір шарапқұмарлар нағыз француздарша сілейе тойып aп көшеде қорылдап-пырылдап құлап жатқанда, көрші-қолаңның таңқаларлық ештеңе болмағандай бейжай, терезелерін айқара ашып тастап мас адамды айтып дабырласа сөйлескен дауыстары бұған естілетін.

— Полиция қайда бұл? Керегі жоқ та ғой, ол антұрғандар қаптап кетеді. Ал қазір ше, қайда болсын олар, әлдебір күзетші қатындардың құшағында мамыражай боп жатқан шығар. Қарауылды іздетіңдер — Осы кезде әлдекім бір шелек су алып шығып терезеден әлгі маскүнемнің басына құйып кеп жібереді, сонсоң бір сәтке болса да оның үні өшеді.-Онысы несі? Мұздай су ғой. Табылған ақыл! Бұдан тәуірді ойлап та таппайсың. Осылай деседі де әлгілердің бәрі терезесін сарт жауып алады. Сөйтіп бәрі де бұрынғысынша тым-тырыс бола қалады.

Бұлардың үйіне келіп-кетіп жүретін Мари деген даяшы әйел сегіз сағаттық жұмыс күніне наразы еді, ол былай дейтін:

— Ерім алтыға дейін жұмыс істесе де үйге жеткенше ең болмаса жол-жөнекей ішіп те үлгіреді, бірақ аз ішеді, бекерге тиын шашпайды. Ал егер сағат беске дейін істегенде айта көрмеңіз, құдайдың құтты күні өлердей боп ішіп келеді. Ондайда ақша дегенді көрмейсің. Сонда жұмыс күнін қысқартқаннан кім азап шегеді деп ойлайсыз? Әрине, мына біздер, ер азаматтың бейшара жұбайлары.

— Тағы сорпа ішкің келе ме?- деп сұрады әйел.

— Жоқ, көп рахмет. Сорпа тамаша екен.

— Тағы аздап ішсейші.

— Одан да маған сода қосқан арақ берші.

— Арақ саған жақпайды ғой.

— Иә, рас-ау, ол маған зиян. Баяғы әніңе қайта бастың ғой. Сөзі де, әні де Коул Портердікі дегендейін. Сенің кескін-келбетің құмарлықтан бозарып-сазарса, әрине, маған ішу өте зиян болғаны.

— Сені ішкілік ішкеніңде көбірек ұнататынымды білесің ғой.

— Білмегенде ше. Тек маған мұның зияны көп боп тұр ғой.

Мына қатын қашан шығып кетер екен деп ойлады ол. Сонда бар тілеуімше-ақ қылғытар едім. Тілеуімше деген дұрыс қой, бірақ қанша бар, сонша ішемін дейді ол ішінен. Ал өзі кереметтей қалжырап, шамасы әбден құрыған. Аз-маз көз іліндіруі керек еді. Ол тып-тыныш, үн-түнсіз жатыр, әзірге төніп тұрған өлім-ажал жоқ. Әлгі қатын, өзге көшеге қарай бұрылды ма екен. Ал көшеде ғой жұрт екі-екіден велосипедке отырып aп, дыбыссыз жай сырғып бара жатқан шығар.

Иә, ол Париж жайында ешқашан қалам тербеп, лебіз білдірген емес. Өзгесін қойғанда тап сол бір көңіліне ұнап, жанына жақын тартып кеткен кереметтей Париж туралы жаза алмады. Ал басқа көрген-білгендері де сол күйі қағазға түспей қалып барады.

Ал жайлау мен ондағы күмістей жарқырап тұрған қалың жалбыздың, тоғандардың тұп-тұнық мөлдір суының, балауса жасыл жоңышқаның несін айтасың шіркін? Жіптей созылған жіңішке соқпақ тауға өрлеп қайқаңдап кете барады, сиырлар болса жаз бойы тауда жайылып, жабайыланып бұғы сияқты секемшіл, үркек боп кететін, күзде таудан ауылға қарай айдағанда сиырлардың мөңіреп, маң-маң басқан тұяқтарының сыртылы естіліп, жолдың илаңын бұрқыратып келе жатқанының өзі тамаша. Ал кеш болса-ақтаудың әріректегі сүйір-сүйір биік шоқылары айқын көрініп, алқаққа мол түсіп тұрған ай сәулесінің жарығымен сен әлгі соқпаққа құлдилап келе жататынсың. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда оның орман ішімен аттың құйрығынан ұстап үйіне келе жатқаны, осы жерлер жайында жазбақ болған талай-талай хикаялары дәл қазір есіне түсті.

Сонда "ешкімге пішен берме" деп құнттап, жайлауда қалдырған әумесерлеу бір жас жұмысшы жайындағы Форкстың есерсоқ кәрі шалы - өздерінде қызмет етіп жүрген әлгі әумесер баланы жайлауға жем алуға келгенінде жәбірлеп, ұрып-соққаны туралы әңгіме де оның жадыңда. Бала шөпті ешкімге бермесе де делқұлы шал саған оңашада бірдеңе көрсетермін деп оған мықтап қожаңдаған. Сонда бала жалма-жан ас үйдегі оқтаулы мылтықты жұлып алып сарай жанында шалды атып өлтірген, бір апта өткен соң бұлар жайлауға қайтып оралса, мал қора ішінде қалып, қатып-семген шалдың өлігін ит біткен жұлмалап жеп те үлгірген екен. Сонда сен шалдың сүйегінің иттерден қалған тамтығын көрпеге орап шанаға салдың да, әлгі баланы күштеп көмекке жегіп, сөйтіп екеуің шананы шаңғыға тіркеп алпыс шақырым жердегі қалаға дейін сүйреп әкелдіңдер, ал кісі өлтірген баланы сол жерде заң орнына тапсыру керек болды. Ал ол әумесер қамауға алады деп тіпті де ойламаған еді. Қайта мен мұныммен адамгершілік істедім, сен де бөтен-бөгде адам емессің, мұным үшін мүмкін, сыйлық та беріп қаларсың деген ойда еді. Шынында да шалдың денесін алып жеткізуге қолқабыс етті, біреудің пішенін жымқырып кетуге ниеттенген мынау кәрі қақпастың сиын жұрттың бәрі көрсін, білсін деп ойлады. Сөйтіп тұрғанында полиция мұның қолына кісен сала бастағанда ол "Құдай-ау, өңім бе, түсім бе" деп аң-таң қалды. Сонсын еңіреп жылап қоя берді. Міне, ол осыны да келешекте бір жазармын деген ойда еді. Сол жерлер жайлы жиған-тергені, бәр-бәрі кем дегенде жиырма шақты хикаяға өзек болып қалар еді, ол бұған да мойын бұрмады. Осының бәрі не себепті солай болды? - деп ойлайды ол ішінен.

— Кімге айтып берерсің оның себебін?- деді ол енді ғана аузынан лебіз шығарып.

— Нені айтып отырсың, "қандай себепті" айтасың?

— Жай, әншейін ғой.

Әйел бұл еркекті өзіне қаратып алғаннан бері ішкілікті азайтқан. Тіпті Гарри осы сырқатынан айыққан күннің өзінде де бұл әйел жайлы жазбауы хақ, енді оған айқын көзі жетеді. Өзгелер жайлы да солай. Байлар әңгімеге тұрмайтын жұрт, олардың көбі не шамадан тыс ішкілікке құмар келеді, не картаға салынып кетеді. Жалпы алғанда бәрі де азып кеткен қулар. Ол осындай байларды қошеметтеп, бір кезде "Бай - сіз бен біздерге ұқсас емес" деп басталатын хикая жазған бейшара Скотт Фицджеральдты8 есіне алды. Бағзы бірде әлдекім Фицджеральдқа "Олардың ақшасы расында да көп" деп өзін қолдай кетіпті. Бірақ жазушы бұл қалжыңның астарын түсінбеген. Ол байларды "ешкімге белгісіз құпия сыры бар, айрықша нәсілден жаратылған, өз алдыңа бір тайпа" деп түсінген, ал кейін тіпті де олай емес екеніне көзі жеткенде осы жайт оны өзгеден гөрі көбірек ойға қалдырып қатты қынжылтқан.

Өмір сайысына шыдай алмай мүлт кететін оңғақ, осал адамды ол жек көруші еді. Өзінің бұл қарекетпен әуестенбеуіне де болатын-ды, себебі оның жай-жапсарын өте жақсы білетін. Қандай іс болмасын, қолымнан келеді деп ойлады ол. Өйткені өзі еш нәрседен моқымайды, тек ештемеге мән бермей жүре берсе ғана болғаны.

Иә, осы мақұл міне, енді ол ажал дегеніңді ешбір елең қылар емес. Бірден-бір қорқатыны жан төзгісіз ауруы ғана. Егер ауру тым ұзаққа созылып, cap төсек қып қажытпаған күнде (ер азамат емес пе), оның жанды қинаған азабына шыдайтын да еді, бірақ қазіргі көрген михнатына тым жан төзгісіз, бір қызығы мүлде шыдамы таусыла бастаған кезде ауруы бәсеңдейін деді.

Баяғы бір кездегі оқиға есіне түсті: сым қоршаудан өтіп бара жатқанында артиллерия офицері Уильямсонның түнде күзетші неміс қарауылының гранатасынан қатты жараланғанында жан азабына шыдай алмай, енді мені атып кетіңдер деп жалбарынып, шыңғырғаны көз алдыңа келді. Уильямсон бойына туа біткен мақтаншақтығы болмаса, толықша келген сымбатты да ержүрек офицер. Жараланған сол түні оған прожектор сәулесі түскенде ішек-қарыны ақтарылып, тікенек сымға оралып қалғаны көрінді. Сонда да оның кеудесінен жаны шықпай, алып кетпекші болған адамдардың шұбатылған ішек-қарынды пышақпен кесуіне тура келді. Ол сол қиын сәтте "Атшы мені, Гарри, құдай үшін атып кетші",- деп жалынды. Алла тағала пендесіне тек төзуге болатын ауруды ғана жібереді деп бағзы бірде осы жайында әңгіме болғанда, енді біреудің белгілі бір жағдайда шыдатпайтын аурудың өзі-ақ адамды қолма-қол мерт қылады деген қисынды жақтай қалғаны бар. Не дегенмен бұл Уильямсонның сол түнгі қайғылы халін өмір бойы ұмытпайтын болды. Жанына қатты батқанымен Уильямсон жарадан өле қойған жоқ, сол себепті Гарри өзіне деп сақтап жүрген апиын таблеткаларын түгелімен берсе де, тіпті соның өзі де оған бірден әсер ете қоймады.

Өзінің тап қазіргі халінен бұл тіпті де қауіптенбейді. Тек осы халінен нашарлап кетпесе дызылдап-безілдеудің қажеті жоқ. Әйтсе де ол өзінің дос-жарандары арасында сұхбаттасып отырғанды, әрине, әлдеқайда тәуір көрер еді.

Шіркін, осы кезде жанымда болса екен деген кейбір қимас достары туралы сәл-пәл ойға берілді ол.

— Жоқ, олай емес,- деп іркіліп қалды, бір нәрсеге тым ұзақ уақыт салынып кетіп, сол ісіңе тым кешігіп барып өкінсең, онда қасымда жанға медеу боларлық біреу қалады деп үміт күтудің қажеті аз. Ал енді той тарқады, думан бітті. Меймандар кетіп, енді зайыбың екеуің ғана оңаша қалдың.

"Өзгеден көңілім қалып, жасып-жалыққаным сияқты, ажалды да күте-күте шаршадым",-деп ойлады ол ішінен.

— Иә, әбден жалықтым,- деді ол өзгелерге даусын естіртіп.

— Неден жасып-жалықтың, жаным?

— Бір машыққа тым ұзақ беріліп кеткеннен жалықтым.

Ол әйеліне жалт бұрылды. Әйел болса шалқайып, орындыққа жауырынын сүйеген күйі от пен Гарридің екі ортасына жайғасқан екен, лаулаған оттың жарығы әйелдің шырайлы жүзіне түсіп, ұйқы меңдеп, маужырап отырғанын көрді. Осы сәтте оттың айнала түскен жарығының шетіне таман жақындап келген қорқаудың қыңсылағаны естілді.

— Мен жазғанмын,- деді ол,- Бірақ жазу әбден шаршатады.

— Қалай, сен бүгін ұйықтай алар ма екенсің?

— Әрине, ұйықтаймын. Сен өзің не ғып жатпай отырсың?

— Мен сенімен бірге болғым келеді.

— Сен бірдеңе сезіп отырғаннан саумысың?- деп сұрады ол.

— Жоқ, әшейін ұйықтағым келіп отыр.

— Ал, мен сұмдықтың тақағанын сеземін,- деді ол. Араның ашқан ажалдың кереует жанымен жүріп өткенін ол осы сәтте тағы аңдап қалғандай болды.

— Білесің бе? Менің ғұмыр бойы табиғатыма туа біткен қасиетім - бір нәрсені білуге, көруге құштарлық,- деді ол.

— Сен ештеңеңнен айрылған жоқсың. Өзім білетіндердің ішіндегі ең мықтысы сенсің деп есептеймін мен.

— О, құдірет-ай,- деп күрсінді ол.- Әйелдің ақылын қалайша аз қып жаратты екен. Ол не? Әлгі өздерің айта беретін әйел затының сезімталдығы ма?

Дәл осы сәтте суық ажал оған тым таяп кеп, кереуеттің аяқ жағына басын сүйеген сияқтанды, оның тыныс алған лебі де білінгендей болды.

— Ажал - қаңқа сүйек түрінде, қолына шалғы орақ ұстап, көздері үңірейіп келеді екен дегенге әсте сенуші болма,- деді ол,- Оның велосипедке мінген екі-үш полицей, не жыртқыш құс боп келуі де ғажап емес. Немесе ырсиған өлексешіл қорқау қасқырдың жалпақ тұмсығы сияқтанған бірдеңе көрініп тұруы да мүмкін.

Ажал таяна түсті, ол енді мынау кеңістікте жүрген ұсқынсыз алабажақ, белгісіз бір нәрсе боп көрінді.

— Ана антұрғанға жоғал деші!

Ол жоғалатын емес, қайта бұрынғысынан да қоян-қолтық жақындай берді.

— Исі не деген сасық еді сұмырайдың,- деді ол- Тіпті қолқаны жарып барады.

Ажал бұрынғысынан да жақындай түсті. Оған бұл енді сөз айтудан қалып барады, бәлкім тілі күрмелгенін сезді ме, кимелеп денесіне төне түсті, Гарри оны үнсіз-ақ қуалағысы келіп еді, болмады, төстен алып басқа шапты, бірте-бірте бойын түгел билеп, қозғалуға да, сөйлеуге де ырық бермей тұншықтырып бара жатқан сәтте қасында отырған әйелінің:

— Мырза ұйықтады. Кереуетті көтеріп, шатырға апарып кіргізіңдер,- деген дауысы құлағына шалынды.

Дем алдырмай тұншықтырып, денесін бар салмағымен басып-жаншып бара жатқан әзірейілді "қуыңдар, жолатпаңдар" деуге дәрмені жетпеді оның. Кенет қызметшілер кереуетті көтеріп әкеткенде әлгінің бәрі - қауіп-қатер де, кеудесін басып-жанышқан кереметтей ауыр зіл де, аяқ астынан ғайып бола қалды.

Таң әлдеқашан атқан шақ еді, сол кезде ол ұшқан ұшақ гүрілін есітті. Ұшақ әуелі сонау көк жүзінде ноқаттай боп көрініп, төбеде айналып біраз жүрді, оны көріп жүгіре шыққан қызметшілер үюлі шөпшекке керосин тамызды да шөпшек үстіне шөп-шалам салып от тұтатты. Сонан соң теп-тегіс алаң-қайдың екі жағынан екі үлкен алау от лаулап жанып, қошқыл түтінін ертеңгі жел ұйтқытып қосқа қарай айдап ала жөнелді. Ұшақ төмендеп, аспанда тағы бір-екі айналып өтті де, бірте-бірте құлдилап жаңағы алаңқайға ақырын кеп қонды. Міне, енді шатырларға қарай кең балақ шалбар киген, үстінде ала жолақ бешпеті, басында қоңыр мәуіті қалпағы бар Гарридің ежелгі досы Комтон келе жатты.

— Бауырым, саған не болған?-деп сұрады Комтон бірден.

— Аяғым ауырады,- деді Гарри - Тамақ ішсең қайтеді?

— Рахмет. Шай ғана ішейін, тым кішкентай қауашақтай ұшақпен келіп ем мен. Сірә, ханымды алып кете алмаспын. Ұшақта бір адамдық қана орын бар. Айтпақшы, сіздердің машиналарыңызды көрдім, жолда келе жатыр.

Эллен Комтонды былайырақ апарып сөйлесіп еді. Комтон бұрынғысынан да көңілдірек боп қайта оралды.

— Қазір біз бәрін де жайғастырамыз,- деді ол.- Ал ханым үшін қайта ұшып келермін. Кәне, тездетейік. Моторға май құю үшін Арушқа қонуға тура келер.

— Әлгіде шай ішемін деп едіңіз ғой?

— Сол шайды ішкім де кеп тұрған жоқ.

Қолбалалар кереуетті көтеріп ап, жасыл шатырлардың сыртындағы жартастың жанымен, шөбі жанып, жел үрлеп, түтінсіз қып-қызыл қоламта боп жатқан оттың шетімен өтіп, кішкене ұшаққа алып келді. Ауруды ұшаққа енгізу оңайлыққа соқпады, ал ішке енгізген соң, ол сүрікпен қапталған орындыққа арқасын сүйеп шалқая кетті де, аяғын көтеріп Комтон отыратын алдыңғы креслоға салып қойды. Осы кезде Комтон моторға от алғызды да, кабинасына келіп кірді. Ұшқыш Элленге және қызметшілерге қолын бұлғап, мотордың үні құлаққа таныс гүрілге басқан сәтте барып, ұшақты жерден қозғап, қабандар қазып тастаған шұңқыр-шұңқырларды айналып аз-маз бұрылыс жасап, секеңдеп барып алаңқайдағы алау арасымен өтті, сөйтіп бір мезетте жерден екпіндей серпіп әуеге көтерілді. Гарри жерде өздеріне қол бұлғап тұрғандарды, дөңнің етегіндегі шатырлардың жермен-жексен боп, аңғардың біртіндеп зорайып, шоқ-шоқ ағаштар мен бұталардың тырбанып бара жатқанын, кеуіп, қаңсып қалған суаттарға шұбырған аңдардың ізі ақ жіптей боп шұбатылып жатқанын байқады. Әнебір тұстан бұрын өзі ешқашан аңғармаған тағы бір суатты көріп қалды. Биіктен көз салғанда жолақ құландардың тұп-тұтас арқа жондары аңғарда тарам-тарам боп, тізбек-тізбек моншақтай тізіліп жосқан теңбіл маралдардың үйірі бейне тауға өрмелеп бара жатқан тәрізді. Үстеріне ұшақтың көлеңкесі түскенде құйттай боп жан-жаққа бытырай қашып, сонау көкжиекке дейін созылып жатқан сұрғылт-сарғыш жапанда бар шабысымен зымырап-зытып бара жатқандай.

Ал өзінің көз алдынан Комтонның ала жолақ бешпет киген жотасы мен мәуіті қалпағы ғана көрінеді. Әрі-беріден соң, олар маралдар өрмелеген әлгі биіктен ұшып өте шықты. Енді кенеттен көкпеңбек бамбук тоғайын беткейлеп, сосын тағы да бір қалың жынысты орманға тап боп, бірімен-бірі жымдасып қапталдасқан тау жоталары мен шатқалдардың үстінен зымырап бара жатты. Ақыры бір асудан асқанда баяғы таулар аласарып, ыстыққа күйген күлгін топырақты қоңырқай алқап қайта пайда болды, ұшақ осы ыстық ауа толқынынан бұлғақтап теңселе бергенде, Комтон ұшақтың шайқағанына ауру қалай шыдап келеді екен дегендей артына бұрылып қарады. Ал алдан тағы да қарауытқан тау жоталары көрінді.

Комтон, сірә, мотордағы май жетер деп ойласа керек, Арушқа бағыт алмай солға қарай бұрылды. Гарри төменге көз жіберіп еді, қайдан келе жатқаны мәлімсіз, ол алғаш соққан дүлей борандағы жапалақ қар сияқты боп, ауада, жерден әлдеқайда биікте, түйдек-түйдек жөңкілген қызғылтым бұлтты көріп, бұл оңтүстіктен қаптаған қарақұрым шегіртке екенін біле қойды. Ұшақ шарқ ұрып биіктеп, шығыс бетке бұрылған секілді болып еді, осы сәтте аспан кенет қап-қара боп кетті, бақса нөсерлі қара бұлтқа киліккен екен. Қатты нөсер құйып, көз алды буалдыр тартып кетті, сөйтіп бұлар тасқындаған сарқыраманың ішіне сүңгіп кеткендей болды. Енді бір сәтте Комтон мойнын бұрып күлімсіреп ауруға қолын созды. Сол мезетте Гарри алдан көз жетер жердің бәрін тұтас алып, көкке тіреліп, бүкіл дүниені көлегейлегендей боп күн нұрымен ерекше жарқыраған Килиманджароның заңғар биік ақ басты шоқыларын көрді. Гарри Комтонның ұшып келе жатқан бағытының дәл осы екенін енді ғана айқын сезді.

Дәл осы кезде қап-қараңғы, меңіреу, мылқау дүлейде қорқау қыңсылауын қойып, мүлде бір таңғажайып жат дыбысқа, белкүллі адамзаттың жылағаны тәрізді өксік үн шығара бастады. Бұл үн құлағына келген әйел төсегінде жата алмай мазасызданып, қайта-қайта дөңбекши берді. Әйтсе де оянған жоқ. Қайта түс көріп Лонг-Айлендтегі өз үйінде бойжеткен қызының ел көріп, жер аралауға шығатын тұңғыш сапары қарсаңындағы кешіне келіп отыр екен. Қайдан екені белгісіз, өзінің әкесі де осында, ол кісі мұнымен соншалық тік сөйлеседі. Сонан кейін қорқаудың жер тітіретіп соншама қатты ұлығанынан бұл шошып оянып, алғаш өзінің қайда жатқанын біле алмай, тым үрейленіп кетті. Жалма-жан қалта шамын қолына алып, Гарри ұйықтап кеткен сәтте шатырға енгізген екінші кереуетке жарық түсірді. Гарри маса-шіркейден қорғанатын торды жамылып, неге екені белгісіз, аяғын кереуеттен шығарып салбыратып жіберіп жатыр екен.

Жара таңған дәкесі тарқатылып кеткен. Соны көргенде, енді қарай беруге мұның дәті шыдамай кетті.

— Моло, қайдасың, Моло, Моло!- деп дауыстады әйел. Сосын Гарри, Гарри деп, ал сәлден кейін "Гарри, құдай үшін, қайдасың сен, айтшы!"- деп айқайлады.

Ешбір жауап болмады, тіпті Гарридің әдеттегідей тыныс алған дыбысы да естілмеді.

Ал шатыр сыртынан қорқаудың баяғы өзі ұйқысынан шошып оянғандағыдай сол ғажайып ұлыған үрейлі үні әлі естіліп тұрды. Сол сәтте әйел жүрегі аттай тулады. Оның тіпті жүрегінің соққанын сезуге де мұршасы болмаған еді.

 

Аударған Н. Әбуталиев

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты