Ardakh Nurgaz. Аңызды миф деңгейіне көтерген жазушы

4aa7b41b0352e92eef64868ef1765cdc.jpg (1200×799)

Chingiz Aitmatovтың әр жылдар берген сұхбаты мен мақалаларының жинағын оқып шықтым. Жазушының шығармашылығында бірнеше зерттеуге тиіс түйін бар. Олар ілік-шатыс жатыр. «Ақ кеме» повесті қалай туындады және жазушының өз кезінде Латын Америкасы әдебиетін, онда да Г.Маркесті қалай қабылдағаны туралы дерек мені ұзақтан бері қызықтырып келеді. Бұлар Aitmatov әлемінің қалыптасуы мен дамуына барып тірелетін дүние.

Жазушы бір сұхбатында «мен Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын оқыған сәтімде, бірден өзіме «мен осындай шебер жаза аламын ба? - деген ойға қалдым. Біздің әрбіріміз өзімізге тиісті шығармамызды іздеудеміз. Оны тапсақ, бағымыздың жанғаны. Менің түсінігімде, жас жазушы кітап оқу керек, оқығанда да бар назарын салып, беріліп оқуы тиіс. Сөздің дәлдігіне назар аударуға керек. Біз үздіксіз үйренуміз тиіс. Нағыз таланттардың шығармашылығының құпиясы болады, соны игеруге тиіспіз», - дейді. Бұл сөзді жазушы 1978 жылы айтыпты.  

Aitmatov шығармашылығының шарықтап ұшқан тұсы «Ақ кеме» повестінің жарыққа шығуымен тұспа-тұс жатыр. Повестегі бала, Момын және Оразқұл  сынды үш жақты образдың сентірінде Бұғы ана тұр. Өзара тартыстан әлгі үш жақты бірлестіктің шаңырағы шайқалады. Ұғымдар тас-талқан болған жерде уақыт та шытынайды. Осы көріністің мәні, әлгі образ шеруінің заңды жалғасы немесе қортындысы - санасы біртұтастығын жоғалтқан Мәңгүрт образы.

Aitmatov «Қош бол, Гүсары», «Ерте қайтқан тырналар», «Ақ кеме», «Су жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Жан пида» шығармаларында аңыз, мифты пайдаланған. Ол шығармаларда жазушының өзіне ғана тән қиялдау қуатына да куә боламыз. Бұлар жақсы жазушыға тән қасиеттер. Бірақ, Мәңгүрт образы мұнан мүлде бөлек дүние. Мәңгүрт образы адамзат өркениетінің соңғы болмысы – өнеркасіптену кезеңінен кейін туындаған модернистік миф түріне жатады. Айталық бүгінгі батыстық кино фильмдер мен телесериялдарда жиі ұшырасатын бір образ бар. Ол   – тіріөлік (Rigor Mortis). Постмодернистік қоғамның іргесі сөгілген ертеңгі күмәнді болашағының рухани көрінісі ретінде қаралатын осы образдың бойынан Aitmatov тұлғалаған Мәңгүртті көру қиын емес. Басқаша айтқанда Мәңгүрт образында қою болашақтық түс бар. Ширк ғасыр бүрын ортаға шыққан. Оның кереметі де осында. Мұндай жаңа-модернистік миф әлемдік әдебиетте де өте сирек ұшырасады. Мұндай жаңа миф пайда болады екен, кең ауқымдағы қоғамдық және мәдениеттік белгілерді бірден өзіне тартып, үйіріп, содан тың мазмұн тудырып, жаңа сапа береді, бұрын кездеспеген, жаңа әлемнің өлшемі сияқты рол ойнай бастайды. Мифтік қасиет болады екен, ол өзінен сөзсіз  алапат күш-қуат туындата алады және оның ауқымы уақыт өткен сайын зорайып, іргесін кеңейтіп отырады. Басқаша айтқанда уақыттың өтуімен солғын тартып әлсіремейді, қайта күш алып отырады. Мифке жүк арта алу дегенің құндылықтың Нұх кемесіне белет алдың деген сөз. Батыстың модернистік әдебиетінде байырғы грек-үрім мифтеріне тән дүниені үнемі жаңа заманның ойлау заңына салып түлетіп пайдалануға бейім тұратынының да сыры осында жатыр. Онда да біреудікі ойға қонса, көбісінікі онша сәтті шығып кетпейді. Өмірі ұзаққа бармай суға шөккен салындыдай бір көрініп, соңынан жоғалып кетенідері қаншама. Жаңа миф жарату өте қиын шаруа. Оның таным заңдылығында үлкен кемелге келумен қатысы бар.

Тарих қойнауынан жеткен аңыздың өзіндік өміршеңдігі болады. Талантты жазушылар деталға өзіне тиісті мазмұн, рух, болмыс сіңіріп отырады. Өз шеңберінен шыға алмайтын, танымы таяз, көргеннен жазбайтын қарабайыр жазғыштар қашан да осы түйінде сүрінеді. Проза жанрын ертек деңгейінде түсінетін шығармашылық адамы үшін Aitmatov әлемі қашан да жұмбақ, алынбайтын қамал сияқты. Бұл бастауыштық қана білімі бар адамның жоғары математиканы түсінуге шарасы жоқ екенімен бірдей мәселе.                     

Мәңгүрт образының өз шығармашылығында пайда болу тарихы туралы Aitmatov 1982 жылы берген сұхбатында арнайы тоқталған. Тілшінің «Мәңгүрт образы шынымен аңызда болған ба, әлде оны сіз жараттыңыз ба?» деген сұрағына жауап берген.

«Мәңгүрт туралы ауыз екі әңгіме, дәл мен жазған формада болған емес. Бірақ, қазақтарда сондай аңыз үлгісі бар. Менің бұл образды пайдалануым кездейсоқ емес... Егер мен аңызды әуелгі күйінде пайдалансам, оның бүгінгі оқырманға берері шамалы болар еді. Мен оған әр бергім, тарих қатпарында жылтыраған шоқты үрлеп жалындатқым келді. Басқаша айтқанда мен аңызға жаңа сапа бердім. Сол арқылы оқырманыма өзім айтқым келетін дүниені жеткізгім келді», - дейді.

Aitmatovтың шығармашылықтағы даралығының сыры, міне, осы жолдарда жатыр. Aitmatov аңызды миф деңгейіне көтерген жазушы. Ол қазақ аңызын адамзат өркениетінің тағдыр-тәлейін бағамдайтын өнер туындысына айналдырды.

Бізде «Aitmatov қазақ жазушысынан көшірген» дегенге жақын алып қашпа сұмаң сөз желдей есіп жүр. Ақымақтықтың шегі жоқ-ау. Алма әркімнің басына түсуі мүмкін. Бірақ, Ньютон ғана одан әлемдік тартылыс заңын сезінді. Мүмкін, Ньютонмен де таласатын шығарсыңдар?! Масқара емес пе?

 

Chingiz Aitmatov. Боранды бекет (I)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3956

 

Chingiz Aitmatov. Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3826

 

Chingiz Aitmatov. Ақ кеме

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3752

 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты