Ardakh Nurgaz. Прозадағы тарихи және көркем шындық

984daa3a88c89c0f0231361718615a7f.jpeg (720×682)

Біраз жылдың алдында бір әңгіме оқығаным бар. Онда М.Шолоховтың «Тынық дон» романының үшінші кітабына байланысты Сталинмен жүздескен сәті туралы жазылған. Оқиға былай өрбиді:  М.Шолоховтың «Тынық дон» романының үшінші кітабы жазылып болып, баспаға ұнынылса да, кітап жарық көрмей жатып қалады. Себебін сұрастыра келе жазушы кітаптың жарық көруіне жоғарғы жақтың, онда да Сталиннің қатысы бар екенін біледі. Содан жазушы М.Горькийді тауып, сол арқылы мәселені шешудің жолын қарастырады. Соңында Горький  жазушы Шолохов пен күнкөсем Сталинді өз үйінде жүздеструге орай жаратады. Әңгіме Шолоховтың Горькийдің үйінің есігін қағуымен басталады. Есікті Горькийдің жас әйелі келіп ашады. Жазушы Сталиннің Горькиймен бірге өзін тосып отырғанын біледі. Шолохов дегбірсіздене бастайды. Оның өңі қашқан түрін көріп Горькийдің әйелі: «Миша саспа, бәрі дұрыс болады, өзіңді ұстай білсең болды», - дейді. Шолохов: «мәселе сонда ғой, мен өзімді ұстай алмай қаламын ба, деп алаңдаймын» дейді. Содан әйел оған: «онда былай болсын, сен менің ишаратыма қара, егер мен шай тостағанын столға қойсам, сен одан ары сөйлеуден тоқтай қал, осылай келісейік», - дейді.  Екеуі соған келіседі.

Қысқартып айтқанда әңгімеде «Тынық дон» романының соңғы екі томы туралы Шолохов пен Сталин тілдесіп, ой алмастыра келе, біртіндеп үлкен айтысқа қарай бет алады. Арада Горький екі оттың ортасында қалады. Сөз қызған сәтте, ноқта-жүгенді сыпырып тастап біржола асау мінезіне басқан Шолохов әйелдің тостағанды «шарқ» еткізіп столға қойғанын да елемей кетеді. Сол араға келгенде айтыс әбден қызып, ашуға бой алдырған жазушы мен Сталин орындарынан атып тұрады. Горькийде ілесе орнынан тұрады. Горький не істерін білмеген адамдай төбелесетіндерді айыруға тұрған кісі сияқтанады. Сол кезде бірінші болып Сталин есін жинайды. Ол Горькийдің кіші атын атап: «Қымбатты ... сізге не болған, мені Шолоховпен төбелеседі, деп тұрсыз ба, жоқ, сіз отырыңыз...» деп, өзі де орнына қайта отырады. Шолоховқа да отырыңыз, дейді. Жазушы осы кезде барып қорқынышты есіне алады... Әңгіменің осы тұсында Шолоховтың ішіне жиналған барлық запыранын ақтарып, қауіп-қатердің бәрін қайырып қойып, ештеңеге қарамастан айтарын сарқып айтқан, мінезді тұсы тамаша жазылған.

Соңында сабасына түскен Сталиннің біраз үнсіздіктен соң, тыныштықты бұзып: «жақсы, біз «Тынық дон» романының соңғы екі томын жарыққа шығаратын боламыз...» дейтін жері бар.

Менің бұл әңгіме туралы сөз қозғауымның себебі, онда айтылған дүниелер «Тынық дон» романында жазылған дәуірдің шындығына басқаша қарауға жетелейді. Әңгімеде Шолохов пен Сталин тарихи шындық және оның салдары туралы сөз таластырады. «Тынық дон» XX ғасыр прозасындағы аса беделді, белгілі роман. Оның салмағын арттырып тұрған нәрсе романда жазылған тарихи оқиғалар және жазушының сол оқиғаларды тамаша қолтаңбамен көркем жеткізу шеберлігі. Егер адамзат тарихында із қалдырған сол тарихи оқиғалар жазылмаса, жазушы шеберлігінің де көзге түспейтіні белгілі нәрсе. Осы тұрғыдан алғанда реалистік роман жанрында жазушының таланты мен қатар тарихтың да алатын орыны өзгеше салмаққа ие екенін аңғарамыз.

Енді бір жағынан реалистік прозаның жетерсіздігі де осы тұста байқалады. Айталық, «Тынық дон» романы ұлы шығарма саналса да, онда жазылған тарихтың бір жақты екенін біз жоғарыдағы әңгіменің ауанынан байқаймыз. Тарихтың сол бір беті туралы Шолохов жазған нұсқадан тыс та (айталық «Ақ гвардия» романындағы сияқты) , тіпті, Шолохов пен сол кездегі биліктің (Сталин өкілдің еткен) арасында да алшақтық барын білдіреді. Әңгімеде Сталиннің «Ақтардың жеңілгені туралы, жарыстың нәтижесі әлдеқашан белгілі болды, енді саған не керек?» дейтін жері бар. Шоховтың сонда «Нәтиже анық болғанымен, шындық бүркемеленбеуі керек. Большевиктер шындыққа тура қарайтын адам болуы тиіс» деп Сталинді сөзден жеңіп кетеді. Реалистік проза жанры өзі тақырып еткен мазмұнды (тарихи оқиғаларды) қашан да белгілі бір тұрғыда тұрып береді. Басқа тұрғының барлығын толық қамтып кете алмайды. Оның себебі реализм бір ізді уақытқа құрылады. Тарихи-қоғамдық оқиғалар сол жүлге бойынша өрбиді, шарықтайды, аяқталады. Ал тарихи оқиғалардың дені шындығында көп жақты, көп арналы болады. «Соғыс және бейбітшілік», «Абай жолы», т.б. романдарының жазылу барысын еске алайықшы. Бәрі де сол ерекшелікке ие. Шығармамен тарихи шындықтың арасында үлкен парық бар. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейін жазылған тарихи романдарда бұл мәселе тіптен асқынған. Тарихи шындық мәселесін ескеруді былай қойғанда, қолдан өтірік тарих жасау, өзі жазып отырған батыр-билерді жер-көкке сиғызбай мақтау, марапаттау, тіпті адам сенбес періште деңгейде сипаттау орын алды. Одан ары асқынып тарихи оқиғаларды ойдан құрастыру, сюжеттерді бір-бірінен көшіру асқынды. Сондай көшіре-ұрлық сипаты бар жазушылар, тіпті, мемлекеттік сыйлақтардың иегері атанды. Бұған жыларыңды да, күлеріңді де білмейсің. Кеңес әдебиетінің «идеал кейіпкер жасау» тәсілінің ауруынан сауыға алмаған әдеби орта үшін бұл таң қалатын дүние де емес. Бірақ, жас буын үшін ойналатын жағдай. 

Соңғы зерттеулер «Абай жолы» романы туралы көптеген тың мәліметтермен толықты. Байқайтынымыз бұл роман тарихи шындықтан гөрі көркем шындыққа жақын. Басқаша айтқанда «Абай жолы» реализм стилімен жазылған шығармалардың артықшылығы мен кемшілігін толық бір басына сидырған шығарма. Ол туада кемістігі бар шығарманың санатына жатады. Мұнан түсінетініміз романды бүгін және ертең ұлы шығарма ретінде биігінен түсірмей ұстап тұратын ерекшелігі әдебиетке тән көркемдігі, тілінің шұрайлығы. Бары сол. «Абай жолының» әдеби тілі, ол өзіне тән ерекшелігі бар, қайталанбайтын, сиқыр жасырынған қазақ тіліне жатады.  Мұндай тіл ұлттың байлығы, ол тек ескіреді, бірақ құнсызданбайды. Қазақ әдебиетінде мұндай сиқырлы тілі бар шығарма жаратқан екінші жазушы жоқтың қасы. Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романынан ғана біз аздап бірінші жақпен баяндауға тән қазақтың осы тақлетті сөз сиқырын, тілін кездестіреміз.

Сөзіміздің басына қайта оралсақ, айтпағымыз дәстүрлік реализмнің (кешегі және бүгінгі қазақ әдебиеті жатып алған) мүмкіндігі әлдеқашан таусылған. Қазақ жазушылары үшін бұл жаңалық емес. Бірақ, қазақ прозасының тоқырауының түп тамырында осы түйін жатыр. Бүгінгі таңда оқырман (қазақ оқырманы) «Абай жолы», «Ботакөзде» жазылған дүниенің жалғандығы көп екенін біледі. Кейінгі жазылған романдардың көркемдігі төмен. Бастысы бай қазақ тілінен айрылып, шұрайы кеміп, публицистикалық стиль басымдық алып кеткен. Қазір кітап оқығысы келген оқырман кітапханаға бара қалса, алдыңнан шығатын кітаптар осылар. Алдыңғысының көркемдігі жоғары болғанымен, тарихи шындығы кемшіл. Оқырманға сенімсіздік ұялатады. Оқығысы келмейді. Соңғысының тарихи шындығы да, көркемдігі де жетіспейді. Жұрттың бәріне ортақ түкке тұрғысыз дүниелерді сылдыр сөзге айналдырып, тықпалаумен ғана айналысады. Оқырманды өзіне тартпайды, зеріктіреді. 

Бүгінгі 40 жастың айналасындағы қазақ прозасының өкілдері жазған дүниелерді оқысаң, жабырқап қаласың. Жазу мәдениеті деген болады. Көбіне сол жетіспейді. Біздің прозаиктер орта жасқа келгенше өзіндік қолтаңбасы бар шығарма жазғанды былай қойғанда, жанрдың табиғатын да дұрыс тани алмайтын сияқты. Қанат-құйрығы шолақ, қиялдан кенде, тілден де жұрдай мақтаншақ «прозаиктер» жетерлік. Мықтағанда қарадүрсін очерк пен мақаланың арасындағы қойыртбаққа ғана барады. Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады, демекші. Әдеби ортаны халтүршіктер иелеп, тізгін-шылбыры солар қолға алғанан кейін, басқаға не жорық. Қарап отырып қарының ашады. Бұған дейін, «нашар шығармалар туралы бас ауырып не керек, олар бәрібір уақыт көшінде жоғалып кете береді» деп ойлайтынмын. Бірақ, халтүршіктердің аш бит сияқты өріп кетуіне қарап отыруға болмайды екен. Олар әлінен асса, қара құрық талғамын алға шығарып, өздерін көсем көрісетумен айналысады екен. Бүгінде олардың түкке тұрғысыз дүниелерін бетін айдай қылып жыртып, жұрт алдында сойып салуға толық мүмкіндік бар. Соны істеуге тиіспіз. Негізі сынның да бір парызы сол. Әдеби ортаның қасат қарын, арам шөбіне қарамай жыртып, тың ашып, жаңа, өміршең өскінің өркен жаюына жағдай жасау. Халтүршіктерді арам су құбырына уақ-уақ ағызып жіберіп отыру.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты