Ardakh Nurgaz. Май бояулы картина (The Painting)

4b924c696970800619a6b543c15bd6de.jpg (2444×2084)

(поэма)

«Мен оны төбеме көтергім келді, ол батпан болды»

«Gilgamesch» I.-c (З.Б. XXII ғасыр)

I

Түн ортасы ауған да, бір өлең жазып болып далаға шықтым

Бұлыңғыр, бұлтты, жұлдызсыз сұрғылт аспанда ештеңе көрінбейді

Айнала мүлгіген тұман,

Мына дүние өзін жоғалтқан сияқты,

Жоғалтқанда ұғымдар толық ыдырап, заттық әлем шөгіп, тасаланып

Әлдебір шексіздік басталып кеткендей.

Мен өзіме бірден мынау бейіш пе, әлде тозақ па, деп сұрау қойғандай болдым.

Сол мезетте тағы бір сұрақ төбемде мамырлаған бір шөкім ақ бұлттай пайда болды.

Мен кіммін? Тірімін бе, өлімін бе, барлығы ыдарап, ұсақталып, тасаланып кеткен дүниеде мен шынымен бармын ба?

Әлде сол бір алғашқы жалт еткен, жарық түскенде шыққан үнмін бе?

Толық жазылып болған өлеңнің айдынында жылт еткен бір тармақ сияқты,

Бар мен жоқтың арасында,

Кітап парағының әр бетінде,

Түн аспанын тіліп аққан жұлдыздың өртенген жарығында,

Қас пен көздің арасында,

Әлгі тоқтап тұрған жебенің ұшында,

Ояна келгенде қолыңда қалған раушан гүлінің қауашағында,

Атардың* қалам ұшынан көтерілген құстардың қанатынан қалықтаған мамық қауырсын тәріздімін.


 II

Бір сөз қонып, бір сөз қанатын қағып,  ұшып жатқан

Раушан түс көрген шақ бұл -

Уысымдағы топырақтың дәмі, кермек тартады

Жаным, нені аңсап тұрғанымды білмеймін

Буырқанған шабытты ма, әлде тасадағы құстың дауысын ба?

Дүлей дауылдың кейде жетіп келетіні бар үн-түнсіз есік қағып тұрған қонақ сияқты

Арнасында өрекпіген теңіздің тереңінде жылы ағыс үйріледі

Алаңда жұрт қайшалысып, көліктердің де бір сәт дамыл алар түрі жоқ

Ақ қағаздың бетіндегі шимай-шимай жазулар сияқты

Өңмеңдеген тарихтың бетінен сумаңдаған жүздер жылт ете қалады

Кітап парағы, далада жанған оттан алау ұшқындайды

Көлеңкелер аңдысады, арбасады, алысады

Артына жалтақ-жалтақ қарап қойып құны перен қашып келе жатқан жан сияқтымыз

Тарихтың бетіндегі ізді ірі аңдар жосылып өткен сораптан көтерілген шаң басып қалды

Уақыттан тамған қан ұйып, үйіліп, тас болып, тау болып қатып қалған

Ғасырлардың арасынан жеткен ызғарда сұмдық бір дауыс бар

Қара терге батып, батпақта малтығып қалған жан сияқтысың

Батып бара жатқан күннің үзіліп бара жатқан шуағына ілесіп тереңге бойлап бара жатқан

Ояна алмаған түсің сияқты 

Жел кейде оңнан, кейде солдан соғады

Тоқтайын деп тұрған сағаттың тілі тәрізді бұлғақтайды

Төк тоқтағанда қараңғылық өзінің шырқау шыңына көтеріледі

Қараңғыда теңізге малтағандардың киімдері шегеде ілулі тұр

Тіршілік саған берген бір реткі уәде сияқты

Толқын көтерілгенде бәрібір жағаға қайтып ораласың

Таулар шөксе, төбеге айналады

Біздің өлкеде құмды төбешіктер көп

Сан тарау жолдар көне жұрттың елесінде ғана түйіседі

Түнгі аспанда жамыраған жұлдыздар, темірқазық, жетіқарақшы бір өшіп, бір жанады

Бұл құмды өлке, бір түйір жаңбыр тамшысына зарыққан

Әр рет құдықтан су тартқанда, кәтелден тамған соңғы тамшының даусына ерекше құлақ түремін

Жетер жеріне жеттім екен, деп

Қоңыраудың үні, табыты жоқ сөз, шоқтай қызарған күн...

Бояу қанша бұлқынғанымен, стиль өзгермейді

Тасада, көлеңкенің ішінде тұрған жан өмірдің мәнін тарпа бас салуға оқталып тұрғандай

Қарауытқан теңіз бетінің кейде балық бауырланып ағараң тартатын кезі де болады

Терезеден қиып түскен күн сәулесіндегі көріністер сәт сайын бұлқынады, құбылады

Бөлмені кернеген үнсіздік ақ көбік атқан теңіз толқыны сияқты жағаға шабады

Шегі жоқ аспанда көрінбейтін жіпті батпырауық ұстап тұр

Батар күннің арайында жеті аққу түзу артқан сызық сияқты төмендеп келеді

Көлдің бетін сызып барып қонып жатыр

Түн ортасында оянған жандар баспалап қараңғыдан жарық, жол іздейді

Шахмат тақтасындағы жүріс әр рет өзгергенде балалық шағым қыр басында асыр салады

Ғашықтық деген кейде дертпен тең

Удың дәмін татқан адам ғана біледі

Қарлы далада тұрған жалғыз ағаш ұйтқыған желдің түпкі мән-мағынасы сияқты

Жолдар сансыз болғанымен, бәрібір түйіспей тұрмайды

Сәбидің күлкісі, гүлдің ашылған қауашағы, ұмыт болған өлеңнің жолдары

Айналған алты қаздай төбемде үйріледі

Қас қарайған шақта, орманда қонақтаған ұстардың өзі жоқ, шулаған дауысы ғана естіледі

Құм астында қалған тас мүсіндердің сыбырласқан үнін естігендеймін

Желде желбіреп, жатып қалған топ қамыстың үлпілдегі өрт сияқты, тұтамайды, қаулап жанады

Қара бұлттың ішінде ойнаған найзағайдың кешігіп жеткен дауысы сияқты 

Бояу, сөз, көктемде еріген мұзсобық, тамшы

Айнаның беті көл, әр рет тамған сайын дір етеді, дір етеді де қалпына келеді

Толқын толқынды қуады, жар жағада өзін күткен үнсіздікті құшады

Бұл көрген түс емес

Бұқаны қуған Қорқыт әлгі сөзді айтқан, Одессей өзін кеменің діңгегіне байлатқан сәт

Ақ қағаздың бетінде аты жоқ күндер қарыштап барады

Үрлеп қалсаң, раушан қауашағын жаратындай-

Қабырғада ілулі тұрған  картинада бір шөкім ақ бұлт қонақтап тұр.


III

Әр күні таң құлан иектеп саз бергенде,

Қоқыс толы машинамен қаладан шығамыз.

Қараңғылық толық сейілерден бұрын қоқысты

Қала шетінде тау болып үйілген қоқыс алаңына апаруға тиіспіз.

Бұл менің жұмысым.

«Жайлау» деп аталатын осы қоқыс алаңы қаладан қалыспайтындай кең аумақты тұтас алып жатыр.

Онда толмайтын да, солмайтын бір көгілдір бастау-көз бар.

Мен оған «Қайнар» деп ат та қойғанмын.

Қай Құдай атқыр әкім шешім шығарды екен?!

Қоқысты осында –

Мөп-мөлдір тұмба жатқан жылғалы саяға төгеміз.

Қоқысты төгіп болып, кейін бұрылған көлікке отыруға ыңғайланып тұрған едім.

Көзіме алдымызда, жолда жатқан әлдене шалынды.

Көлік мыжып кетуден бұрын жолдан алып тастайтын, деп еңкейдім.

Сонда балық бауырланып саз берген таң рауанында қолыма алған дүнием,

Рамкасы қыйраған бір парша май бояулы картина екен.

Су тиіп тозған, шаң-топырақтан бұлғанған, жартылай жыртылған, бірақ

Шебер адам қолымен салынған картина:

Қызыл, сары, ақ, жасыл, көк, қара... рең-түс

Бояудан тұрған күн шуағындай біздің мына әлемнің көрінісі.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты