Yuriy Serebriansky. Барыш

f861f964d001d6458b41812418c835bd.jpg (600×531)

 

(Романнан үзінді)

 

Аудан орталығы Барышта бұрын тир болатын. Ол вокзал маңындағы алаңның ең шетінде, алаң станцияның платформасына және бір мезетте қалаға шығатын көшеге айналатын тұста тұрды. Кез-келген капиталистің көзқарасы бойынша тар, стратегиялық маңызды орында.

Немере ағаларымызбен бірге өскенде сонда атып көруді армандаушы едік. Бірақ, мылтық ататын жасқа жеткенде, тоқсаныншы жылдар басталды. Ересек адамдардың оқ ату мүмкіндігі әжептәуір кеңейді және тир талқандауға түсті.

Коммерциялық дүңгіршекке айналды. Сауда жүру қабілеті бойынша қаладағы маңызды позицияға ие болған өте табысты кәсіпорынға айналды.

Сонымен бірге, Қытайдан іскер екі жерлесі әкелетін киімдерді тұрғындар тек осы жерден ғана сатып ала алатын. Біз, әкем екеуміз осы дүңгіршекті көру үшін пойызда сегіз күн бойы селкілдедік. Төрт күн ары, төрт күн бері жүрдік. Жазда, Қызылорданың түбіндегі құмды боранның өтіп кеткенін бірнеше сағат тосып барып, барғанбыз. Купеде тыныс тарылатын ыстық және жолаушылар сүңгуір қайықтың түбінде ауыр жағдайға душар болған теңізшілер сияқты қозғалыссыз отырды. Үстел үстіндегі ақ қауынның қант дәмдес кесегінен еріген шырынның тамшыларын сезген болар, дәлізден семіз шыбын ұшып кірді. Ызылдап жүйкеге тиді.

Жазда вагон-мейрамханаға барғанда плацкарт вагондар арқылы пошымын жоғалтқан сөмкелер мен еденде еңбектеп жүрген балалардың үстінен аттап, кір өкшелердің жанынан өтуге тура келетін.

Қысты күні көрші бос купенің сынған терезесінің орнына жастық тығып қояды, бірақ бәрібір суық болады. Тоқсан үшінші жылдың қысына дейін мен пойыз еңбек демалысы кездеріндегі жылы маусымдарда ғана жүрмейтіні туралы ойламаппын. Ал қысқы вагондағы қайнаған су жуынбаған алты жолаушы үшін жанды суға бергісіз болатынын білмеппін.

Мен қаншама пойыздарды көрдім.

Бұл, әрине, жылу жағылатын вагон емес, бірақ сол бір құрдымға кеткен кезеңнің қырсығы бәрінен бұрын нақ осы пойыздарға тиді. Бұдан былай жолаушылардың арасында өзара достық және ауызбіршілік атмосферасы болмады, шығарып салушылар вагоннан түспей жатып, көңілді оқиғалар аяқталып қалды, өзінің станциясынан ұйықтап қалып, өтіп кеткен іссапарға шыққандар көп еді. Кассирдің еркімен төрт күнге жабық кеңістікке жинап қойған, бұрын шыққанды соңғылары перронда көзіне жас алып қоштасқан бөтен адамдардың өзара берік достығы.

Қонаққа шақырулар мен хат жазу уәделері. Мен бұл жолмен бала кездерімде көп жүргенмін. Мені Орынбор облысына бүкіл жаз бойына қонаққа шақырған. Бізбен бірге жол жүріп келе жатқан Ресейдің орталық белдеуінің қыздарына мені екі рет атастырды және бір рет сыртымнан құда түсті. Одессаға.

Тоқсан үшінші жылдың қараша айында АлматыМәскеу бағытының алты жолаушысы бір-бірімен танысуға асықпады. Вагондағы ерлер арасында қасқырлардай бір-біріне деген сенімсіздік орнап тұрды. Нөмірі екінші купеде біз әкем екеуміз ғана болдық, төменгі сөрелердің жәшіктерінде сілкілдеп тауарлар жатты.

Біз сонда ұйықтадық. Көрші екі мұжық жылыну үшін үзіліссіз арақ ішті. Келесідетерезе жоқ. Терезе жақтауы жастықпен кептелген.

Одан әріде әскерден қайтқан салмақты азамат келе жатты, ал терезесі жартылай ашық әжетхананың алдындағы купеде, жайма төселмеген төменгі сөреде жөтеліп алтыншы жолаушы жатты. Әжетхананың есігі вагон жұлқынысының ырғағымен ашылып-жабылып, оның жағымсыз иісін желпуіш ретінде бүкіл вагонға таратты.

Кейде біз түсі оңып кеткен ақшыл көк формалық көйлегінің түймесі кіндігіне дейін ағытылған жолсеріктің елесін көретінбіз.

Түнде Шудан өттік. Бейне бір ақ-қоңыр камуфляждық киім нысаны сияқты әр жер-әр жерін үзіп-жұлып қар басқан дала басталды. Темір қақпалы  пойыз мақта төсенішінің күртік қарын екі жаққа лақтырып, оның төсін екіге тіліп келеді. Әкем тамбурге шылым шегуге шықты. Мен ол уақытта купеде кезекшілікте қалдым. Сосын мен кетілген тұтқаға иегімді қойып, пердесі жоқ терезеге қарау үшін дәлізге шықтым. Шыны суық болатын, оған бетіңді тигізе алмайсың.

Біз қажет болғанда ғана жиіркенішпен әжетханаға баратын едік.

Жол жүргенімізге үшінші түн өткенде біздің купемізді ақырындап тықылдатты.

Сақалы алынбаған екеу бос жатқан жоғарғы орындарға балықтан тігілгенге ұқсайтын дәу сөмкелерімен бірге жайғасты.

Сұмдық иістен оянып кеттім. Купе жарығы көмескі. Мен отырдым. Мұнымды қонақтар бірден өз пайдаларына жарата қойды. Менің төсек жабдықтары жиынтығымды қабырға жаққа дөрекілене ысыра салды. Үшеуміз менің сөреме қонжия қалдық.

Әке, сағат неше? — мен әлі толық оянған жоқ едім.

Жаңа жолаушылар отырып болған соң, әкеммен және менімен қол беріп амандасты. Үстелге жақын отырғаны маған қол созу үшін ептеп орнынан көтерілді.

Сағат түнгі үш, — әкем сағатына қарады, — жаңа ғана Арал қаласынан өттік. Ол біздің бағыттағы барлық станцияларды жатқа білетін, тіпті кестені көру үшін азынаған дәлізге шығып керегі жоқ.

— Біз Аралдан отырдық, — деп растады көршім. Олардың дауыстары есімде жоқ. Екіншісі үндеместен бір шөлмек арақ пен қара дақтары бар ақ майға толтырылған лайсаң литрлік құтыны алып шықты.

— Арақты уылдырықпен ішіп қоюды ұсынамын.

Мен үндемедім. Әкем басын изеді. Шеткі көрші асқан ептілікпен біз станцияда сатып алған нанды бітіріп, біздің пышақпен әрқайсымызға қара уылдырықтан бутерброд жағып берді. Маған әкемнің суып қалған қара шайын берді. Қалған екеуіне арақ құйылды. Менің үйдегі күрешкем оған бұйырды.

— Кездескеніміз үшін! Сәттілік үшін! — деді жаңа жолаушылар жарыса.

— Иә, — әкем аздап бөгеліп барып айтты.

Нағыз уылдырық болатын. Балық сөмкелерінің иісі мені бірден баурап алды.

Әр сөйлемінің соңғы сөзіне екпін түсіре отырып, көрші мынаны хабарлады:

— Біз ертең түсте түсеміз, бірақ, қалай болғанда да – ешкім біздің не әкеле жатқанымызды білмеуі керек, келістік пе жігіттер?

— Мүмкін шылым шегерміз? — деп әкем сұрады да, үстелдің үстінен сигарет алды.

Бәрі бірдей орындарынан тұрды. Бұлай шығуға болмайтынын білген соң, қайтадан орындарына отырды. Купеден кезектесіп шықты. Ең соңғы болып әкем шықты.

— Сен жата бер. — Ол есікті жапты.

Мен төсекті бірден орнына келтірдім, бутербродымды жеп алдым, қиқымдарының бәрін қағып түсірдім, — кірпияз жасөспірім болатынмын. Жүзімді қабырғаға беріп жаттым.

Ептеген қарбалас және шөлмектердің сыңғыры есімде. Қандайда бір сөз тіркестерінің үзінділері: «Біздің Аралда  ... болады,  ... біз тасимыз». Әкемнің дауысы: «Біздің базарда мұны арзанға алуға болады...».

«Нақты нені?» — деп ұйықтап бара жатып ойладым мен.

Төртінші күні таңертең менің бәтеңкемді ұрлап кеткенін білдік. Ол қорқынышты емес еді. Біз әкем екеуміз сөрені көтердік те, одан чемоданды алып шықтық. Әкем тіктеліп, купе есігінің құлпын салды. Терезенің сыртында солдан оңға қарай ағаштар көрінеді. Күн көзі жоқ қыстың күні. Қардың шағылысуынан туған жарық та, жоғарыдан түскен жарық та бірдей. Біз Барышқа келіп қалған едік.

Шабаданнан қытайдың иісі шығады

Пойызбен саяхаттау қашанда иістерге қатысты сынақтан өткенмен бірдей. Әжетхананың, тамбурдың, купе дәлізінің, плацкарт өткелінің, вагон-мейрамхананың иістері мүлдем әртүрлі. Шпалдар. Тіпті қыста да.

Мен қабылан түстес жаңа биік бәтіңкені алып шықтым да, киіп алдым. Олар ағаштай қақиған, қалып сияқты болатын. 

— Жібіп кетеді, — деді әкем.

Барышта пойыздың тоқтайтын уақыты — бес минут. Біз шабадан мен сөмкелерімізді алып шықтық. Жолсерікті көрмедім. Бізді шеткі купеден шыққан жөтел шығарып салды.

Біз электричкамен «Чуваш решеткаларына» жарты сағатта жеттік. Әкем бірнеше таныстарын кездестірді. Бізге ешкім таңғалған жоқ. Бәрі алдын ала біліп алған. Мен оған жастайымнан үйренгенмін. Біз осында демалысқа келіп және атамызға заттарымызды әкеле жатқанда, ақпараттық толқын біздің алдымызды үш үй бұрын орап жүретін. Бізбен сыпайы амандасатын және хабарды әрі қарай жылжытатын – алматылықтар келе жатыр. Менің немере бауырларым Эдик пен Юрик кіреберіс мінберіне шығып алыпты. Люся тәтей әжеймен бірге алыстан күтіп тұрды.

Жол бойында мен терезеден саз-балшыққа, ала қарға және орман алқабы ағаштарының жапырағынан айырылған қаралығын көріп келдім. Жылдың осы мезгілінде ойша ауылды елестеттім.

Бала кезімде бәстесіп орама темекісіне жүзімнің жапырақтарын қосып жіберетін қартпен біз бірге шықтық.

Жартылай қатқан саз-лай мен төңкеріліп қалған балшық кесектерінен қорғанып төсем бойын бойлап келеміз. Бірақ таза жүру мүмкін емес еді. Мен бәтеңкемді бірден ластап алдым. 

Ешкім үйлерінен шықпады. Ауыл ұйқыға кеткен еді.

Біз заттарымызды алып келдік те, асүйге барып отырдық. Содан кейін Люся тәтенің Барышта жұмыста екенін, Эдик пен Юрикті Ульяновск Суворов училищесіне бергендерін білдік. Адам болсын деп берген. Үй жылы және жайлы екен. Моншаға түсіп шықтым. Кешке қарай суық тигізіп алғанымды түсіндім.

Әкем атама Алматының жаңалықтарын жеткізді. Атай балдың сапасына шағымданды.

Кешқұрым ат қорадан Сашок келді. Тағы бір немере бауырым. Оның аяғында біз мұның алдында келгенде әкелген кроссовка. Киімі ластанған.

Бұл таңғаларлық жағдай. Әдетте, біз Алматыда қытай базарынан сатып алатын аяқкиімдер мұнша ұзақ киілмейтін. Олар әсем безендірілген, бірақ ұзаққа шыдайтын материалдармен жасалмаған, сондықтан қытайлық иісінен арылып біткенше, жыртылып болатын. Сашок өзінің Абибасын екінші жыл киіп жүр, күн сайын ат қораға бара жатқанда және кері қайтқанда онымен өзенді кесіп өтеді. Ол оны осылай жуатын. Кроссовка бүлінген жоқ. Қытайдың иісі кетті, бірақ оны әлі киіп жүр.

Сашок біздің жарнамалық науқанымыз болды. Алайда, мұндай кроссовкалар деревняда тек екі-ақ адамда бар еді. Енді тек онда ғана. Қалған жұптары Барыштың, Инзудың және Сызранның топырағын басып жүр. Джинсалар көбірек киіледі. 

Сашок мені асүйден бал шайқауыш және күрек тұрған дәлізге алып шықты. Атайдың үйі тартымды, дәстүрге сай. Жазда биік кіреберісті көк желек жауып кетеді. Ағаштан жасалған. Үй тұтасымен ағаштан жасалған. Кіреберістің сыртында – шығар есігі ішкі аулаға қарап тұрған күңгірт ауызүй бар. Жарық тек қабырғадағы өрескел  жарықшақтан түседі. Тұрғын бөлменің оң есігі жағында – қосарланған екі бөлме. Ұйықтайтын бөлме және зал. Атай ұйықтап бара жатып, перденің артынан дауыстап есінейді. Ауызүй асүйге баратын баспалдақтармен бітеді. Бала кезімде ішкі аулаға қатты қызығатынмын – ол жабық, төбесіне шөп жиналады. Онда марғаулар туып, жабайы боп өседі, өскенде мысық оларды асүйге ертіп әкелетін. Олар үстелдің үстінде бу шығарып тұрған электр  самаурынына бүкшиіп, пырылдап, жабайы көзбен қарайды. Құстардың саңғырығынан тайғанақ болған, ішкі аулаға төселген қалың тақтайдың шетінде кесік-тесігі көп жабық есік бар. Торай. Әжей күн сайын таңертең оған  «салық» төлейді – жаңа сауылған сүтке ұнтақталып салынған екі бөлке ақ нан. Ауылда нанға деген құрмет ерекше. Мен дүкен жаққа қарай қашан бара қалсам да, ылғи «алты бөлке ала кел» дейтін.

Нан — ас және азық.

Ауыз үйде суық еді. Сашок мүшеленген үй қоянының ұшасынан пышақпен жапырақтата ет кесіп  алды да маған ұсынды. Біз аз араласқан едік. Ол ат қорадан шықпайды, ал менің аттарға қызығушылығым жоқ.

Бір күні қыста Синька есімді көрші кемпір, айтпақшы, электричкадағы анау күнгі шалдың әйелі, Сашкадан тауықтарды ұрлап жүрген итті асып тастауын өтінді. Әдеттегі, ешкімді таңғалдырмайтын оқиға. Мұны түсіну үшін ауылда тұру керек. Балалар балта көтере алатын шақтан бастап тауықтардың басын шабатын болады. Және содан бастап ержету кезеңі басталады.

Кешкілік Сашок итті қарғы баумен орман алқабына жетектеп апарды және сол жерде қарғы баумен асып кетті.

Үйде түк болмағандай кешкі асын ішті, сосын киініп, қайтып барды.

Ол ағаштан сіресіп қалған өлікті шешіп алды, өліп бара жатқанда аласұрып қамыт аяқтарымен бұтаны тырмалаған екен, оны сүйретіп кемпірдің үйінің табалдырығына отырғызып кетті. Қырау басқан қарғы бау бесінші аяқ болып шошайып тұр.

Өкінішті-ақ, бірақ біз сирек кездесетінбіз.

Түнге қарай менің температурам көтерілді. Асүйде тұшпара пісіп жатты, моншадан кейін буланып шыққан туыстар отыр. Маған бір стақан бал нәрін құйып берді де, күштеп ішкізді және бірден ұйықтауға жіберді.

Атай жастығының иісі менің балалық шағымда қалай шықса, дәл солай шығып тұр, теледидар бұрынғы, күңгірт пластик шынысы бар сағат. Бірақ ауылдың өзі өзгерген.

Күзде мұнда істейтін іс болмайтын. Бірақ бәрінен жаманы жұмыспен келген маған қарым-қатынастары өзгерген. Менің демалыстарым біткен. Басқасынан жақында хабар жоқ.

Тоқсан төртте Барыш базарындағы қаскөйлер тирді жағып жіберді. Біз Ресейге тауар тасуды тоқтаттық.

Мен университетке оқуға түстім.

 

Орыс тілінен тәржімалаған – Даулет Асауов

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты