Оразбек Әбділ (Orazbek Abdil): Боздаған бота

aa685b65d9560c56e99bbe18b79744aa.jpg (800×600)


(Тарихи деректі повесть)


Бұл мені ұзақ жыл толғандырған оқиға еді. 1988 жылы болатын. Тілшілік қызметімен шұғылданып жүрген кезім еді. Тілшілердің тұрақтап тұрып істегенінен жүріп істегені көп, өрісі кең, қоныс болжамсыз, екі тізгін бір шылбыры қолында болады. Осындай күндердің бірінде үш дәуірдің куәсіндей болған Шинжаң Қазақ прозасының тұңғыш шаңырағын көтерушілердің бірі, қазақ тарихының мол қорлы қамбасы, пұшпағы қара рандай ғұлама ғалым Ниғымет Мыңжани мен әңгімеде болғаным бар. «Жақсы лепес, жарым ырыс» дегендей кезінде Нықаң 1979 жылы Күйтің Халық баспасында тұрғанында, менің тұңғыш орманым «Ұстаздың» талқысында жылы лебіз білдірген ақсақалдың бірі еді. Әңгіменің барысында осынау аңғарлы ақсақалдың.

- Осы сен анау мекемелеріңдегі Мұсаттар (Әпсен) деп, қос атпен аталып жүрген жігітпен араластығың бар ма? – дегені. 

- Неге раластығым болмасын, - дедім де алғаш қызметке алмасып келген 1980 жылдан бері радиостансиясындағы үлкенді-кішілі азаматтардың өзіме деген ақтарылған ақпейілдерін қайдан ұмытайын. Оның үстіне жасы өзіммен қарайлас болса да «ағалап» құрмет тұтып жүретін, жолдастары бірде «Әпсен» десе, бірде «Мүсаттәр» деп, жылы сезім, сыйластықпен атап жүретін талдырмаш, аққубаша жігітті өзім де іш тартып жақсы жүретіндігімді Нықаң алдына жайып салдым. 

- Міне осы жігіттің де, әкесінің өмірі де жатқан бір тарих, тарих болғанда күрделі тарих, - деді де Нықаң қасқа маңдайын сипап отырып толғаныспен тарихи шежірелік әңгімеге түсіп кетті...

Я, күрделі өмір, күрделі тарих, кімді болса да қызықтырады. Әсіресе, жазушы үшін ол қызықтырып қана қоймайды, шүңетіне батырады. Мен осы шүңет, осы шыңырауды бойлай отырып Нықаң айтқан «Мүсаттар» мен әкесінің қалың қатпар, қалтарысына үңілдім, сапар шектім. Менің осынау ізденіс сапарымда Ниғымет ақсақалдан бастап Мүсаттар атанған Әпсеннің өзімен де, Шинжаң газетіндегі Әділ (жездесі), көненің көзі Кәрім Әкірами, тіпті Әпсеннің туған күніне дейін білетін кезінде Сәлістің қорғаушысы болған Биянгулік (жер аты) Құсайын ақсақалмен Әпсен және Сәліс өмірі туралы көп рет әңгімеде болдым. Міне, оған да он екі жылдан артық уақыт болды. Менің де ойланып, түйген шағым жетті. Сол бір көкірегі кең сарай көне көз қарттардың кейбірі қазір арамызда жоқ. Мені де ұзақ жыл толғандырған осынау әке-бала өмірінің қанды кешу, күрделі тарихи іздерімен, олардың шытырман өмір жолдары еді. Ақыры ойлана-толғана келіп мен әңгімелескендердің өлілерінің аруағы, тірілерінің көз алдында өтірік мақта бикештеп жазатын емес, тірлік дүниесінде пенде баласының күрделі өмір кешулерін бастан өткізетіндігін бүгінгі күнімізде жан-жақтылы ой елегінен өткізе отырып, сол бір бүгінгілер үшін тарих болған естеліктерімді қаз қалпында оқырман өздеріңізге ұсындым. 

Автор, 2001 жыл,  2-ақпан.   


Теріскейлеп соғатын Саяпылдың күзгі ызғарлы желі сарғайып, қурап түскен ағаш жапырақтарын Үрімжі көшелерінде үйіріп, шаңдатып, ұйтқып тұр. Көшедегі жапырақтарынан айрылған, сымпиған сүреңсіз ағаштардың сояу бұтақтары да бір-біріне соғылып жел уілімен қосылып, жағымсыз сарын қалыптастырады. Үрімжі табиғаты сүркей, осынау сүркейлі табиғатпен бірге көше тірлігі де сүркей тартқан секілді. Көшеде түрлі харекет қамымен жүрген қайшалысқан адамдардың да жақтары бозарған бүрсүйіңкі. Барлығын да осынау мезгілсіз сүркей суық тартқан күздің ойнамалы, шытынған табиғаты қусырып, құтын қашырып жіберген сияқты. 

Көшеде Сәліс келеді. Оның көңіл-күйі де осынау күз табиғатынан аумаған, жанында титтей жылу жоқ. Қат-қабат келген шытырман шырмауы мол ойлар бунағында мынау күздің мезгілсіз қыр көрсетіп тұрған қарасуығы жол қалсын әлдебір ызғарлы суық ағын мұздай болып денесін қойып, өзегін қариды. Оның ойы астаң-кестең, көңіл-күйінің тиянақ табар түрі жоқ.

Ол осы көшеде, осы жолда өзінің ат жалын тартып мінген, қоғамдық қызметке араласқан шағынан бергі шытырман өмір жолдарындағы әр қырынан басқан өкше ізіне, табанының табына үңіледі. Үңілген сайын өмір жолдарын, кешірмелерін ой елегінен өткізген сайын, өзін бір шүңет дүниесіне шөгіп бара жатқандай сезінеді де аяғын алдыға аттаған сайын болашағының қараңғы сұлбасын көргендей болып түршіге, үрке қарайды. 

Я, Сәліс ес біліп, етек жапқан кезін Арғы бет (Қазақстан жері меңзеледі) аталатын Сартау өңіріндегі Тума-тоқпақ ішінде өткізді. Өзі де сол елдің қолтумасы. Қызыл үкімет (Кеңес үкіметі) орнады. Теңдік дегенмен, ашаршылық қысым елді тоздырды. Тозған елмен бірге әкесі Әмірәлі де тозды. Жан сақтау, талқармау іздеп бөлтірігін ерткен бөрі секілді бергі бет (қытай жаққа)  қытай жеріне асты. Алғаш аяқ суытып, тыныстап түтін түтеткен жері Тарбағатай еді. 

Бірақ ол жерде тиянақ табар, тұғыр болмады. Жансебіл Әмірәлі сырғып отырып осы Үрімжіге жетті. Қанша дегенмен үлкен қала, талқармау талшық, тіршілік етер кәсіп тапты. Ірге көмді. Бастабында көтерме жұмыс істей жүріп, қатынасы кемшіл Үрімжі тұрғындарының ең қажеттісі отын екендігін байқап қалған кәсіпқор, жұлымыр Әмірәлі отбасындағы қолына қарап отырған көкгенкөздердің тірлік қамы үшін іргедегі таудан шөркелеп отын, қаптап көмір тасыды. Бастабында жаяу басталып иық тоздырып, бел талдырып, балтыр сыздатқан бұл кәсіпті жансебілдікпен істей жүріп ұқыпты да қоренді адам тұрмысынан қысып-қымтырып жүріп дегендей армандай болған көлікке де қол жеткізіп енді бұл кәсіпті ат арбамен жалғастыратын болды да «отыншы Әмірәлі», «көмірші Әмірәлі» атанды. 

Аңғарлы әке тұрмыста қанша тарғалаң тақаршылық көріп михынат тартып жүрсе де ұлы мен қызын оқудан қақпады. Әсіресе, өз жерінде мектеп көріп қалған, жалғыз ұлы Сәліс оқуға құныға кірісіп сол кездегі «Мың-Қа» (Үрімжіде ашылған Маңғол-Қазақ мектебі)-дан бір-ақ шықты. Осы мектептегі кезінен бастап ұзақ жыл «шырағым» деп, «ұрпағым» деп, жон арқасын төсеп, қаранарша қайыспай не бір қиындықты көтеріп, өмір керуеніне ілесіп келе жатқан әкесі Әмірәлінің қатарына Сәліс бозтайлақ болып қосылып, әке сүйреген арбаның бір бөлегіне жегілді де, демалыс кездерінде әкесімен бірге таудан кесілген бөрене, сырғауыл, шөркелеген отын, арбаларға көмір тасып әкесіне қолқабыс тигізе бастады. Күндер өтіп жатты. Кезінде Кеңес Одағында ашаршылық, қызылдың қысымы болса да «кедей теңдігі», «бостандық» езгі-зұлымдық дегенді түйсіне қалған Сәліс сол кездегі Шың Сысайдың зұлымдық, ақ терорлық езгісіне қарсы, Жапон имперализіміне қарсы Отаншыл жастардың қозғалысына қатысты. «Мың-Қа» -ның оқтушысы болды. Шың Сысайдың түрмесінің де дәмін татты...

Үрімжі астаң-кестең болып, тулаған толқындай болып тұрған кезінде Шың Сысай Шиннжаңнан кетіп, Жаң Жыжұң келді. Жаң Жыжұң дипломатиясы Үрімжіні сәл тыныштандырғандай болып, саяси қылмыстылар делінгендер түрмеден босай бастады. 

Бұл Алтай шаруаларының халықтық көтерілісінің дүмпуінде Үш аймақ ұлт азаттық көтерілісінің қаулап, жалындай бастаған кезі еді. 

Гоминдаң үстемдігіне қатер төнді. Гоминдаң үстемдігін қорғап қалуды ойластырған Жаң Жыжоң ең алдымен Үрімжідегі оқыған зиалыларды өзіне тартудың түрлі айла-шарғысын істеді. Оларға жем шашты. Кейбір тауық мінезді зиалылар «кімнің тарысы пысса, соның тауығы бол» дегеннің керін келтірді. Жаң Жыжоңның шашқан жеміне тояттағанның бірі Сәліс болды. Қанша дегенмен жұмырымен есептесетін ет жүректі пенденің тұқымы бұрынғы жанталасып тартып, шұқынып жегеннен мынау қомақты шашылған, қордалы жемге бөтегесін бұлтитты. Жаң Жыжоң құрған Үкіметтің оң көзіне айнала бастады. Қанша дегенмен оқыған, көзі ашық, Шың Сысайдың ұлттық езгісін көре қалған Сәліс тояттаса да ұлттық тұғырын ұмытпады. Жаң Жыжоңды жағалап жүріп кезінде Шың Сысайдың төрт меңгерушісінің бірі Биангудегі (Үрімжінің қасындағы жер аты) үкіметтің азық-түлік шебі есепті болған Жаң фамлиялы басқарған малды Құтыбидағы (жер аты) гоминдаң үкіметіне қарсы көтерілген Көксеген бастаған ереуілшілер тігерге тұяқ қалдырмай, айдап әкетіп, Биангу бос қалғанда, Сәліс осы жерді, сол өңірде шашылып жүрген қазақтарға алып беріп, қоржаландырып орталарынан мектеп ашуға жұмылдырды. Онымен тынбай «Ырыс» атты компания құрып Үрімжі көлеміндегі қазақтардың жүн, тері сияқты шикі заттарын базарлауға орай тудырып, оларды бизінеске бейімдеу жолында қызмет істеді. Ниғымет Мыңжани редокторлығында «Сәуле» атты баспахана құрып, Ниғымет Мыңжани жазған «Тұрмыс тілшісі», Жанымқан атында «Иманшарт», Нәзір жазған «Шаншу, үш жетім» және Абайдың өлеңдерін құрастырып төрт кітап шығарып, Үрімжінің шығыс, батыс аудандарында төртеуін бір тоқтыдан сатып Үрімжідегі Қазақ қоғамына қаржы топтады. 

Шың Сысайдың ұлттық қорлау, езгісіне қарсы Шинжаңның жер-жерінде туылып жатқан шаруалардың ұлттық ұлтазаттық көтерілісі тұтасып, қанаттана келіп бөгеу бермес тасқынға айналды. 1945 жылы қаңтар айында Іледен гоминдаң аласталды. Үш аймақтың оңтүстік бағыт армиясы Дуаннан  (Еренқабырға тауындағы жер аты) асып Ақсу, Бай аудандарын алды. Тасқорған тәжіктері, Қызылсу қырғыздары атқа қонды. Жерлік партизандар жағынан Үрімжінің иек асты дерлік Тұрпан, Тоқсын, Пішан азат болды. Еренқабырғаның оңтүстігі мен солтүстігі соғыс өртіне бөленді. Байыз таппаған гоминдаң армиясы Үрімжіге тығыла бастады. Осындай қысым астында Жаң Жыжоң Шинжаң мәселесін бейбіт жолмен шешіп, өлкелік біріккен үкімет құруға ұмтылды. 

Орталық Азияның бел омыртқасындай болған Шинжаңға кезінде ақ байрағын қадап ислам мемлекетін құрмақшы болған донген Ма болсын, Шинжаңды дербес билеп дара патша болғысы келген Шың Сысайдың жыртқыш кеспірін жасырын тон жамылып, өзін Сталиннің құшағына атып Кеңес компартиясына мүше болуға дейін барған айла-шарғысы болсын бәрін де Шинжаң дербестігіне қарсы, Шинжаң қытайдың бір бөлегі деп қарап келген Кеңес одағының Үрімжідегі консылы араға дәнекер болды. 

Ақыры Үрімжіде 1945 жылы қазанның он бірі күні гоминдаң үкіметі мен Үш аймақ үкіметі келіссөзге отырды. Шиху, Сауанды алып, екпінмен тебінді жорықпен келе жатқан Үш аймақ ұлт азаттық армиясы манаста тоқтады. Келіссөзде өлкелік бірлескен үкімет құру күнтәртібіне алынды. Кездесу өтіп жатқан іште тартыспен қатар, көшеде Үш аймақты қолдаушылар мен гомендаңды қолдаушылардың қырқысқан ереуілі етек алды. 

Ақыры жетпіс неше күнге созылған кейде керіскен, кейде келіскен кеңестің нәтижесінде 1946 жылы қаңтардың екінші күні «Он бір тармақты» келісім қабылданып, шілде айында бірлескен үкімет құрамы жарияланды. Кеңес төрағасы Жаң Жыжоң батыс солтүстік әкімшілік раионының бастығы, орынбасар төрағасы Ақметжан, Бұрқан болып, бас хатшының орынбасарын сайлауда  Жаң Жыжоң бастағандардың емеурінімен бұрыннан гомендаңның төрт мықтысы атала бастағандардың бірі – Сәліс бас хатшының орынбасарлығына сайланумен, Қазына меңгерушілігінің бастығы Жанымқан, Үрімжінің уәлиы Қадуған, Қаба туанының (полк) туанжаңы Закариялар біріккен үкімет құрамына кірді. «Он бір тармақты» келісім бойынша ендігі ретте Шинжаңда демократиялық сайлау жүргізу үйірмесі жер-жерге аттанғанда Тарбағатай үйрімесін Сәліс, Алтай үйірмесін Түркістан бастап Дөрбілжінге жеткенде оқиға туды. Шың Сысайға, гоминдаңға кекті ашуы қабынған Дөрбілжін халқы бұл гомендаңшыларға қарсы қозғалаң тудырды. Дөрбілжін халық кулыбында Алтай үйірмесінің бастығы Түркістан, Кәмелбек қатарлыларды халық ұрып өлтірді. Сәліс кезіндегі сабақтасы сол кезде Тарбағатай аймақтық сақшы бастығы Ақыметқали, газетхана бастығы Дубектің (Шалғынбаев) қорғауында аман қалды. 

Бұл оқиға Үрімжідегі гомендаңшыларды қатты дүрліктірді. Үкіметтегі Үш аймақ уәкілдеріне қарсы әуен көтерді. Тіпті рушылдық, жершілдік қабындап Сәлістің өзіне Қадуан, Жанымқандар «туысымызды наймандарыңның арасына апарып өлтірдің», - деп, өшпенділік пиғылын байқата бастады. Үрімжі тағы да аласапыран күйге түсті. Өлкелік үкіметте гомендаңшылар, діншілдер, ұлтшылдар дүрбелең туғызып Үрімжі шайқала бастады. Осы сапырылыста 1947 жылы 19-май күні гомандаңның Нанжиің үкіметі Жаң Жыжоңды Шинжаң өлкесінің төрағалығынан қалтырып орнына Мәсхұтты төрағалыққа, өлкелік үкіметтің мүшесі Айсаны Бас хатшылыққа белгіледі. Бұрһан мемлекеттік үкіметтің мүшелігіне тағайындалды. 

Бағыт, мақсаты ұқсамайтын Масхұт, Айсалар мен Ақыметжан бастаған Үш аймақ жетекшілері қайтып шығыса алсын. Өлкелік үкіметте қырғиқабақтық бар кезінде Тұрпанның әкімі Абдырахман басшылығындағы Масхұт, Айсалар «үкімет құрамынан шығып кетсін!» деген ұран көтерген көтерісшілер қосыны гомендаң үкіметіне хауіп төндіреді. Ежелден халыққа қарсы Масхұт, Айсалардың қолдауымен Үрімжідегі гомендаңның әскери гарнизонның бастығы Сүн Шилиаң бүтін гарнизондағы әскелрерін бастап қолында көк темірі жоқ ереуілші халықтың үш мыңдай адамын қырып, қанды оқиға тудырды. Бұл сынды қанпезер, қанқұйлыққа төзбеген Ақметжан бастаған Үш аймақ уәкілдері Ілеге қайтып кетіп, қайтып оралмады да гомендаң үкіметі «Он бір тармақты келісімді» жыртып тастады. Үрімжіні тағы да гомендаң үстемдігі басты. Бірақ бұл Үш аймақты қолдаушылар мен ұлт азаттығын аңсаушыларды мүлде тұншықтырып тастай алмады. Қайта олардың гомендаңға қарсылығын күшейте түсті. 

Жаздың бір күні кешке таяу сол кезде оқытушылықпен шұғылданып жатқан Сәлістің әйелі Зібила көшеден асығыс келеді де қорасындағы Сәлістің күтушілері мен қорғаушыларына «тез қақпаны, есікті бекітіп, терезе қақпағын жабыңдар, төменгі көшеде ереуілшілер қосыны «Жанымқанды жоғалтайық, Сәлісті жоғалтайық! Гомендаңшыларды жоғалтайық, қытайшыларды жоғалтайық!» деп, ұрандап өрлеп келеді. «Сәліс сен дереу тығыл!» деп, Сәлісті қолды аяққа тұрғызбай, үйдің екінші қабатына сүйреп дызақ қақты. Ереуілшілер қосыны гомендаң «Он бір тармақты келісімді» жыртып, Үш аймақ уәкілдері Ілеге қайтып кеткен соң көтерілген бірінші реткі халықтық ереуіл еді. Бұл қосынның ішінде кімдер жоқ, зиалы қауымы, Үш аймақты қолдаушылар, діншілдер, ұлтшылдар бар еді. Бұл бейне бір реткі өткінші себелеп, селден пайда болатын қойырытпақ, құлатасқын сияқты еді. Міне осындай құлатасқын Сәлстің қорасы мен іргелес отырған Жанымқанның қорасына қарай құлап келеді. Қайтерін білмей, абыржып, сасқан Сәліс іргелес отырған Жанымқанға телефон береді. Ол кезде Жанымқанның қорасында Алтайдан келген Манап батыр бастаған 30-40 атты сайлауыт жасақ жатқан болатын. Ақыры Манап батырдың сайлауыттарының араласуымен ереуішлілер қосыны тараса да, осы оқиға Сәлісті қатты түршіктірді. Ол енді бұл мекеннің өзіне пана болмайтынын білді де көп өтпей Иаң Фаңның қағаберіс шеткері бұрышындағы Яқұп атты ұйғырдың қорасын пәтерге алып көшіп кетті. Кетерінде өзіне септігін тигізе алмай отырған қорғаушыларын да, күтушілерін де алмады. Жалғыз 1946 жылдан бері өзіне серік, бір жағы жеке қорғаушысы болып келе жатқан Құсайынды ғана қасына ертті. 

 Міне содан бері Сәліс отбасы осы пәтерде тұрып келеді. Қолында 1941 жылы қыста дүниеге келген сол кезде өзі де Шың Сысайға, жапон жангерлігіне қарсы болғандықтан «Фандүйжүн» (қытайша «қарсы тұрушы армия»- деген мағынада)  деп атайтын тұңғыш ұлы Әбдсаттар мен онан кейінгі көрген қызы Қайниқан атты кішкене қызығы бар.

Осындай шағын басты отбасының тұрмыстық керек-жарағын канавайы Құсайын дайындайды. Үкіметте қызымет шамалы онсыз да 1949 жылы ақпанның оны күні Бұрһан әпенді қайтадан өлкелік үкіметтің бастығы болғаннан бері арыпталасып қарсыласып жүрген Масхұт, Айсалармен гомендаңшылар қызыл армияның Ланжуды (жер аты) азат еткен хабары Үрімжіге жеткенде нағыз жанталау күйге түсті. Жанымқан Американың консулы Хакыманмен тілдесіп, Оспанға кетті. Гомандаңдықтардың жан сауға күйі басталды. Міне осындай қысылтаяң жан қыл үстінде тұрғанда Сәліс қайту керек? Қолғанат болып жүрген Құсайын да қазір жоқ. Ол Құтыби, Манастағы Оразбай, Ошыр қажыларға өткенде бір тоқтыдан төрт кітаптың малын жинауға кеткен. Әлі хабарсыз. 

Сәліс кезінде Шың Сысайға, жәнгерлікке қарсы болды. Алтайдан басталған ұлттық азаттық қозғалысты қолдады. Кейін Жаң Жыжоң  ішке тартқанда бой тартпады. Пендешілік етті. Ақыры гомендаң үкіметінің төрт мықтысының бірі аталып Үкімет құрамына кірді. Орынбасар хатшылыққа дейін көтерілді. Күні ертең компартия қызыл армиясы Үрімжіге келгенде жан қала ма? Осындай қыл кезеңде Үш аймаққа өтсе, қабылдай қояр ма? Өйткені кезіндегі демократиялық сайлам жүргізу сапарында Түркістандардың өлімін көзімен көрді. Бұрынғы сабақтас, тілектес болған Ақыметқали, Дубектер Тарбағатайда, Үш аймақта қалып қалуды ұсыныс еткенде оларға ой ұшығын ұстатпады. Мақсатын айтпады. Тіпті қайтып келген соң Түркістандардың өлімі, Үш аймақ үкіметі туралы газетте қарсылық мақаласын жазып, гомендаңның сойылын соқты. Осындай өз жолын өзі бекітіп отырғанда Үш аймақта, Дубек, Ақметқалилар да маңдайынан сипап, құшағына ала қояр ма?

Я, үкімет құрамындағылардың осы кезеңдегі жанталау, алашапқын күйін түсінді ме, әлде Жанымқанның қашып кеткенінен сезік алды ма? Бірнеше күннің алдында төраға Бұрһан әпенді шақырып, өзінің көңіл-күйін тап басқандай кезеңдегі гомендаң үкіметінің Үш аймақ армиясымен Ланжуды азат етіп жорықпен келе жатқан компартия қызыл армиясы сынды екі оттың ортасында қалтырап тұрған жағдайын, қалайда Шинжаңның бейбіт жолмен азат болатындығы жайлы әңгімелеп келіп, анау Алтайда бүлініп кеткен Оспан, немесе күні кеше қашып кеткен Жанымқан, елін бастап көшкен Қалибектердей бөлініп-жарылып тозбай-ақ, салмақты, байсалдылықпен компартияның келуін қарсы алу керектігін, Шинжаң бейбіт жолмен азат болғанында өзі сияқты аттөбеліндей оқыған зиалылардың болашаққа қарауын, орнықты болуын тәпіштеп тұрып айтып еді. Сәліс төраға алдында «мақұл, алаңсыз болыңыз» дегенмен, былай шыға бере: «гомендаңды жойып келе жатқан компартия қызыл армиясы келсе, Бұрһан қайда, мен қайда? Байтал тұр ғой, бас қайғы болмасына не сорым» деп қатты қобалжыған. 

Міне бүгінде сол қобалжыған көңілді Сәліс күздің осынау сүркейлі күнінде, сұрқы кеткен көшеде өмір жолын екшегенде ойы қаңтардың қарлы боранындай ұйтқып, өзегін қариды...

Арпалысты ойменен, алдағы өміріне жіп таға алмай, асау толқын асықша атқан салындысындай сенделіспен Сәліс пәтерге алған ауласына жеткенде алдынан әйелі Зыбиланың әпкесін алған Биангудегі бажасы Әбдікәрім шықты. Бұл кезінде Шың Сысай түрмесінен қашқан, Шәріпқанның қазасына арнап жоқтау өлеңін түрмеде отырып жазған ақын Әбдікәрім.

Әбдікәрімнің көзінде жас, Сәлісті көрген жерден аман-сәлемге келтірмей құшақтай алып, баурына баса өксікті дауыспен аузыннан жалындай атылып бірақ ауыз сөз шықты: 

- Раздықты атып кетті!  

Раздық оқытушы әрі домбырашы, күйші, «Мың-Ханың» (Маңғол-Қазақ) мектебінен бастап Сәлістің сыйласып, сырласып өткен Биангудегі ең жақын адамы. Сәлістің гоминдаң үкіметі жағынан Биангуден алып берген жеріне тұрғындап жүрген жатақтарды құрап ел етіп жылу жинап мектеп салдырған өзінің бір қанаты болып қызмет істегенде осы Раздық еді. Міне сүйткен қадірлі Раздық...

Әбдікәрімнің айтуынша өзіндік аңшылығы бар Раздық, осындай қоңыр күз, аңның семіз кезінде тауға аң қарауға шығып жоқ болып кеткен соң сол өңірдің елі жиылып іздеуге кіріседі. Содан үш күн өткенде шабуылдап таудың жыра-жықпылын ақтарған адамдар бір жартастың түбінен Раздықтың өлігін табады. Атып кетіпті. Кім атқаны жұмбақ. 

Раздықтың белгісіз адамдар жағынан атып өлтірілуі Сәлісті де, әкесі Әмірәліні де түршіктіріп жіберді. Әбдікәрім бұл рет тек Раздық өлімін айтқалы келмепті. Кеште Сәлістің үйінде бас қосқан дастарқан үстінде негізгі бұйымтайына көшті.

...

(Жалғасы бар, ҚХР, «Тарбағатай» журналының 2002 жылғы №1 санынан көшіріп басылды)

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты