Әуелгі ізіне қайтып оралушының жалғыздығы
Ақындар бір сапарға шығады, бірақ, ол сапардың қайда бастарын өздері де біле бермейді. Өйткені, ол жырдағы сапар ғана емес, белгісіздікке ұмтылған тағдырдың ізіне де түсу.
Бүгінгі заманның ақындары кешегі ақындардай қолдарына шырақ алып ұрандамайды, қайта, шырақты өздері іздейді. Түнқата аттанған жолаушының үміт пен сенімнен, арман мен мұраттан тұрған бұл сапарының түптің түбінде жарыққа ұмтылатыны да содан. Енді бір сөзбен айтқанда бұндай ақындарды мәңгілік мекен іздеушілер деуімізге болады.
Серік Боқан да әне сондай “мәңгілік мекен” іздеген ақын. Ол жыр жинағы «Періштемнен» (2007 жыл “Үш қиян” баспасы) бүгінгі «Сарай» поэмасына дейін бір сапарды басынан кешіп келді. Кім де-кім «Үй» өлеңінен «Сарайға» дейін жүріп келген ақынды баспана тілеушілердің айқайы, деп қараса, оңбай қателеседі. Себебі, ешкім де Серік сияқты бір тақырыпты бұлайша бір уақытта екі мәрте түлеткен емес. Серіктің “Үй” деп отырғаны төрт қабырғасы бар, сол төрт қабырғада отырғанына бола өзін төрт қабырғасы жоқтардан бақытты санайтын жандардың көкейіндегі үй емес, қайта, ол өзгеше мекен — арыдан айтсақ Асанқайғының “жерүйығы”, беріден айтсақ “елім” деп, “жерім” деп келген ақынның іздеп жүрген әлгі жан шырағының символы.
Дегенмен, өнерде сонау Гомерден Қорқытқа дейін, Дәнтеден Омарғазыға дейін өздері іздеген “жерұйықтарын” — мәңгілік мекенді тапқандары некен саяқ. Бір жағынан, бұл ақындар сол мекенді таба алмай шырылдап жүргенімен де бақытты сияқты, себебі, “жерұйықты” іздеп жүрген оларға жарық пен жылуды өзге емес жыр құдайы ғана берген. Содан да Серікте баспана жоқ болса, болар, бірақ, онда екінің бірінде кездесе бермейтін төселген шабыт бар. Ол және не жазатыны мен қалай жазатынын айқындап алған ақын. Бұл тұрғыдан келгенде мен Серік Боқанды бүгінгі қазақ әдебиетінде енді-енді төбе көрсете бастаған “Қоныс аударушылар әдебиетінің” алғашқы өкілдерінің бірі, дегім келеді. Серіктің бойында да өнері мен өмірі берік үндестік тапқан.
Серіктің жыры — туған жерінен алыс кеткен, содан да әлде нені жоғалтып алып, соны тынбай іздеген, сағыныш пен қасіреттің қос қыспағында өмір сүрген, шабытынан ғана жылу алған ақынның жыры.
Ардақ НҰРҒАЗЫ
«Шетел Әдебиеті» газеті. №20(22). 2007ж. 24 наурыз.