Жерде туып, көкте өлген...

b76a7e31bf82a39207216874aec1e1f1.jpg (1152×772)

Омекеңнің (Омарғазы Айтанұлы) жаңа рухани өмірінің басталуына жыл толған кезде, қалың қауымға мынадай бір жəйттерді айта кеткім келеді.

1981 жылы «Ақын жəне табиғат» (Омарғазы туралы жазылған монография) еңбегімнің сегіз тарауын журналдарда айырым-айырым жариялаған едім. Соны оқыған Омекеңнің 1991 жылы 30 қарашада жазылған хатынан мына үзікке көз жіберейікші:

 

“Раушаннан жазған хатыңды жақында ғана алдым. Ол аралықта «Тарбағатайға» шыққан мақалаңды оқып та үлгірдім. Айтқаныңның бәрі жылты бар кісіге қоныпақ тұр. Өз жазғандарын кім соншалықты ойлай береді дейсіз, жазды, бітті, қалды оның өтейтін борышы да сол. Рас, ойлайды, бірақ ол ойлау – жазылып біткеннен кейін емес, жазылудың алдында болатын бір көмескі процес қой. Сондағы айтпағым; біріншіден, кең масштабта әр қырынан қойып, әдемі құбылтыпсың; екіншіден, ізін көміп, бояуын сорғалатып, ылғи қалың беріп отырыпсың! («Көкбөрі», «Жасыл көйлек») жазып жатқан үлкен еңбегіңе өзіңе қосылып мен де қуанамын” -депті.

 

Мұнан Омекеңнің өз дарынына сенімі мен қайталанбас дара стилі белең бергендей. Əлгіндегі “ізін көміп қылаң беріп” деуінде зіл батпан салмақ бар. Омекең ылғи да уақыттың ығына жығылып “тезегін теріп” итпекке жүре беруден гөрі, халық тағдырының тауқыметіне, адам мен табиғаттың үндескен құпия сырына үңілгенде, сəулелі жүрекпен сезініп, соңынан жалт беріп бой жасырып, даналықты тереңге қымтағандықтан оқырмандарының жаңыла беретіні де содан.

Бүкіл өмірінің қызығы мен шыжығын жасынан өнер — əдебиетке арнап, “күллі қазақ перзенті менің ұрпағым” деп аса бір сеніммен, терең мейіріммен айтып кеткендей, өз өлеңінде “диуана” екенін жазғандай мəңгілікпен үндесіп, мезгілмен құрдас көреген əулиеге айнала білді. Шығармаларындағы өңшең дана қарттармен бірге кемсалиқа мүгедектер соның айғағы. «Таразыдағы» өлі мен тірінің арасындағы Қатыран; «Аң шадырын оқ табардағы» жер бауырлап қалған мүгедек Ақтағыс; «Паңгідегі» тірі аруақ Бағашар; «Желеміктегі» парасатты бола тұра ақылы кіресілішығасылы Есім; «Бас сүйектегі» қуыршаққа өзгерген мүсінші, «Екі теке қашан сүзісердегі» туада су қараңғы Бекбайыс; «Жерде туып, көкте өлгендегі» бозторғай мен Демежан; ақтабан шұбырынды заманында “бос келеді” болып суреттелетін тайлақтың машинада буылыпəкетілгені ұлы суреткерге хас тектілікті білдіреді.

Өлең өнеріндегі сазды да салмақты жаңа леп, соны серпін, прозаларындағы кейіпкерлердің ой көзінен кейде авторлық жұмсақ əзілге ауысатын баяндау машығы көңілді тербейді. Жүректі шымшылайтын тұнжыр пəлсапалық парасат қатар өрілген шеберлігі алдымен ұлттық онан əлемдік тұлға тұғырына көтереді.

Əр қандай ұлы тұлға бүкіл адамзаттық бола тұра ең алдымен өз елі мен жерінің түлегі. Өйткені осы топыраққа балалықтың кіндік қаны тамып, осы ортадан даналықтың ұрығы бойға жиылған. Бір рет 1992 жыл, 11 қараша «Таразы» романына қолтаңбасын қалдырғанда былай деп қол қойыпты.


“Аяулы бауырым-

Менің білгірім-

Ол менің жалғасым:

М. Құрманбаевқа.

Оның өз тауының, өз жерінің ағасы”

 

Жүректі жылытып та жылататыны туған тауы мен жеріне деген перзенттік ықыласы мен ағасы болғандығы. Дегенмен күпі мен тон киген далалықтар: ағасы бардың жағасы бар деп тегін айтпаса керек.

Шығармаларында дала тірлігінің тірі суреттері мен бедерлі бейнелері бусанып көрінеді де, əуел десеңіз боғдаға көшірілген майлы – жəйір көріністері ен таңбасын білдірмей қоймайды.

Шыңғыс (Айтматов) пен Əбіш (Кекілбаев) жазған мəңгүрттен қашқақтап, əдейі “Паңгы” аталған повестің салмағы ауырырақ. “«Жасыл сораптары» атымен төрт повестімді баспаға ұсынып едім, бірін қалдырып үшеуін жариялайтын болды. Бұлардың лирикалық бояуы мен тың үрдісі ендігі қаламгерлерге септігі тиер деген мақсатта жазған едім” – дегені əлі есімде.

Бұған қарағанда өзіне қанық өмір сырларынан нəр алып, екшеп електен өткізіп жазғандығынан дерек береді.

«Бас сүйек» атты дастанда жауыздықты айыптап, өмір мен өнерге құштарлықты дəріптеп, адамның қадыр-қасиеті мен қоғамдағы орнын сөз еткенде де алыстағы ауылын аңсайды.

 

 «Үш моңғұл»,

«Керқаданың» жотасында,

Қайдасың лақ алып қашқан жылдар?

Жағасы “бөліс бұлақ” көк майсаңа,

Ып-ыстық бауырымды басқан жылдар,

Еді ғой “үш ашалы” құтты мекен,

Тұнық су, салқын ауа, жасыл текше.

Аспаннан болушы еді-ау нұр жауғандай,

Сәл ғана себезгілеп нілін төксе.

Сол бір ән есіңде ме қос дауысты,

Алыстан түн самалы алып келген.

Не деген сиқырлы еді аппақ үйлер,

Бір сөніп, бір бозарып қылаң берген.

 

— деген шұмақтарында сағыныш сазы суретпен беріліп, халық жүрегімен етене болып үндесіп тұтасып кетеді. “Жауынның себезгілеген нілін төгуі” мен “бір сөніп, бір бозарып қылаң берген аппақ үйлер”, “көк майсаға бауырын басу” күллі халықтың ғарыштық наным-сеніміне ұласып, кім-кімнің де жүрек пернесін басып, жан жүйесін дірілдетеді.

1991 жылы жарияланған «Сағым-мұнар» өлеңінде: “сұйық жасылтым, сүзіліп жыртылғалы əрең тұрған, бірақ ұстауға келмейтін дала мұнарын”, “па, шіркін, қандай рахат қара жермен бірге жылыну” деп адам мен табиғаттың үйлесімділігін өбістіреді.

 

Түн бе, бума?

Ұқсайды төгілген суға,

Мөлдір бір жайқын,

Бар киіміңді шешіп,

Жүгіре жөнелерме еді дейсің,

Әттең жалаңа яқ кешіп.

 

Көктемгі даланың алдында ақын да бір дала, еркелегісі, санын шапалақтап тыржалаңаш ойнағысы келеді. Түйсінуі, танымы, шеберлігі өз алдына бөлек əлем, дүниежүзілік тұлға ретінде танып отырған суреткеріміз ел мен жер алдында сəби көңілмен жүрегін қолына алып ұшыртып жүр. Расында əулие емей немене?

«Жерде туып көкте өлген», «Төрт тайлақ», «Қызықпа сен оған» туындылары роман жүгін көтерген тұғыры берік ғұмыры ұзақ дүниелер. Өйткені мұнда ой-ұғым, сурет, үн-дыбыс, лайықты желі мен тұтастық құрылымы өлең сөздің төрт тұрманын сай қып тұр.

Қырғи тырнағындағы боз торғайдың қаны кеңістікте төгілсе, Демежанды дараға асып көкте буындырудың қатар алынуы жан шошырлық. Бəрі де естіп, біліп жүрген жайттер болса да дəл Омекеңше қиялдау екінің бірінің қолынан келе бермеген. Ақын осы өлеңінде өзі айтқандай: шабытына кезіккенде қиядан шалып, қияннан көре білетін тұлғасымен болашақ ұрпақтары арасында мəңгі бірге жасай бермек.

 

Мырзақан Құрманбай

Белгілі сыншы, Омарғазы поэзиясынтанушы ғалым.

Қосымша:

 

Жерде туып көкте өлген

 

Немене дейсің,

Қиядан шалып.

Қияннан көргенде дәл солай болар.

Бір ақын, шабытына келгенде.

Титімдей ғана бір торғай-

Жан иесі.

Бұғып қалған басында,

Даланың сұр тағы,

Қырғи қыраны оған қарасын ба?

Қалды тек

Жас бұтақтар дірілдеп,

Ап-анық кеңістікте қалқығаны.

 

Ойланып қалдым,

Жерде туылып, көкте өлген,

Мұндай трагедияны.

Кім көрген?

Есіме түсті Демежан,

Не ойлады екен сонда есіл ер,

Дара алдында,

Қалып бара жатқанда

Табанынан үзіліп қара жер?

 

Бір торғай бір адам-

Екі жан иесі

Қандай ұқсата қойған

Екеуін бір-біріне.

Тәңірінің

Бұл опасыз пәни дүниесі.

Айтыңдаршы кәнеки

Жерде туылып, көкте өлген

Мұндай трагедияны

Кім көрген


Omarkhaz Aytan. Қорқыт күйі

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3789


Омарғазы Айтан (Omarkhaz Aytan). Жылыну ма, махаббат па?

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3722


Мүзафар Əлімбаев. Ақын Омарғазы Айтанұлының поэзиясы

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=2&id=3787


Жеңісхан Мұқатай. Өлеңге айналған тарих

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3788


Ardakh Nurgaz. Еліктеу және лирика

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3725


Ардақ Нұрғазы: Соңғы сарын

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3478


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты