Өркениеттің көшіндеміз...

 aa24b8d25c947a26dac664a33a5da39a.jpg (800×941)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға хат

Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы:

2017 жылдың күзі, менің М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеп жүрген кезім. Сол кездегі театыр басшылығының ұсынысымен бір ұлы тұлғаның сахнадағы бейнесін тұлғалауы керек болды. Театрда жұмыс істейтін драматургтардың бәрі дерлік осы тапсырманы орындауға тартылды. Соның ішінде мен де бармын. Әуелгі жоспарда драматургтар пьесаны бірлесіп жазуы керек еді. Бірақ, оның жүзеге аспайтыны белгілі болды. Сонымен пьесанның алғашқы нұсқасын дайындау маған тапсырылды. Басты талап ұлы тұлғаның әлемдік саясаттағы, руханияттағы салмағын, көрегендігін, көшбасы қабілетін көрсету еді.

Сонымен пьесаны жазуды мен қолға алым. Бірақ, шығармашылықта бас асаулық, ерікті бұзарлық деген болады. Мен бас кейіпкер ретінде Абай Құнанбаевтың бүгінгі образын жасағым келді. Онда да дәстүрлік Абай емес, модернистік ойлауға тән сахна тілі арқлы Абайды бүгінгі таңға тірілтіп, ортамызға әкеліп, біз бастан кешіп жатқан бүгінгі әлемнің жағдайына ортақтастырып, сол арқылы тұлғаның парасат-пайымы, толғамы, жалпы болмысы арқылы қазақ халқының бүгінгі кескін-келбетін, рухани күйін, көрегендігін, парасатын көрсеткім келді. Осы ойымды мен театрдың басшылығына жеткіздім. Ол кісі ойланып көріп, «басты беталыстан алшақтап кетпесек болды, алдымен жаз, соңынан жетпей жатса, бірлесіп талқылаймыз, Егер Абайды тұлғалайтын болсаң, онда оған серік керек, мүмкін шығыстағы көршіміз, ұлы тұлға Конфуцийды аларсың» деген ой айтты. Мен бұл  ұсынысты қабыл алдым. Негізі, Абайға Конфуцийдан гөрі, Аристотельдің шығармашылығы жақын. Серік ретінде  Аристотельді  алу әлдеқайда дұрыс еді. Бірақ, басшылықтың емеуріні анық болатын. Мен ол ұсынысты орындадым. Мен пьесаны жазып, аяқтадым. Пьесаны бірінші болып  М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының сын бөлімінің жетекшісі, белгілі театр сыншысы Әлия Бөппежанваға оқуға бердім. Ол кісі шығарманы оқып шығып, «Атымды адам қойған соң...» деп тақырып қойды.

Пьесаны театарда талқылау басталды. Арада театрдың директоры ауысып кетті де, аталған жоба тоқтап қалды. Соңынан, тіпті, біржола аяқсыз қалды. Дегенмен, мен өз жазған шығармама көңілім толатын еді. Ол сахналауға дайын болатын.

«Атымды адам қойған соң...» шын мәнінде бүгінгі уақыттың өзекті мәселелеріне тоқталған шығарма. Дәл  қазір сахналауды  қажет ететін туынды. Мен көріпкел емеспін. Бірақ, 2017 жылдың өзінде аздап сезімталдығы бар адам бүгінгі адамзат басына келген зобалаң, дағдарыс, соғысқа бет алып бара жатқанымызды сезіну онша қиын емес болатын. Пьесада мен Абайды бүгінгі қоғамға алып келдім. Адамзат қоғамы сын сағатқа, онда да рухани дағдарысқа түсіп тұр. Оның соңы үлкен зобалаңға апармасына кесім жоқ еді. Біздің ортамызға келген Абай соны көреді, сол туралы толғанады. Шығармада тұлға жеке басының нәпсісі, тойымсыздығы себебінен құмарпаз сияқты қадамға барады, оның арты тартысты жанжалға, теке-тіріске ұрындырады. Пьесса осы жанжалдың түп себебіне үңіледі. Оның себебі қоғам өркениеттің көшінен қала бастаса, тоқыраса, бірден адасу үрдісі белең алады, соған сай жабайлыққа тән қараңғы жандүние, құмарпазға тән ашкөздік, тойымсыздық белең алады. Қоғамдық дағдарыс деген сол. Және ол үлкен, алапат дағдарыс болып келеді. Пьеса «Ертеңің туралы ойланбасаң, бүгініңді қор қыласың»  деген оймен қортынды жасайды.

Құрметті президент, сізден өтінерім осы пьесаны Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында саханалануына ықпал етсеңіз. Бүгінгі таңда қазақ елі тәуелсіздігінің 32 жылдығын қарсы алуда. Бірақ, әлем тынышсыз, соғыс өрті жалындап тұр. Біз де Адамзат қоғамы деген үлкен шаңырақтың, ұлы көштің айрылмас бір бөлшегіміз. Біздің де ұлт ретінде, қауым ретінде өзімізге тән шұғылалы тарихымыз, мәдениетімз, ұлы тұлғаларымыз бар. Адамзаттың бүгіні мен ертеңі туралы біздің де айтар ойымыз, парасатымыз, толғамымыз бар. Аталған пьесса Абай тұлғасы арқылы Қазақстанның, қазақ халқының бүгінгі тарихи сәттегі рухани болмысын, пайымын, талғамын, көрегендігін және таңдауын әлем алдында көрсетуге мүмкіндік туар еді. Арысы Орталық Азиядағы түркі тілді елдердің, берісі еліміздің үнін шығарар еді. Біздің де өркениет көшіне ілесе алатын, мәдениетті, рухани салмағы бар ұлт екенімізді айқындар еді.                   

Сізге ізгі тілекпен хат жазған

Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz)

Ақын, драматург һәм сыншы.

08.10.2023.

Қосымша ақпарат:

АРДАҚ НҰРҒАЗЫ. АТЫМДЫ АДАМ ҚОЙҒАН СОҢ... (ПЬЕСА)

https://ult.kz/post/ardak-nurgazy-atymdy-adam-koygan-son-pesa 



Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты