Шәкір Ыбыраев. Тарихи шындық және эпикалық уақыт

aa024efb4f748799c13a923668034632.jpg (1283×1262)

Қай заманда да халық тарихының ауқымы тарихи құжаттардан, жазба деректерден, шежіре аңыздардан анағұрлым кең. Ауызша, жазбаша мәліметтер тарихтың толық обьективті шындығын бере алмайды. Себебі олар айтқан не жазған адамның, асып кеткенде тұтас бір топтың түсінігінен, болған оқиғаға деген тарихи концепциясынан туындайды. Іс жүзінде қандай деректерді алсақ та ол тарихтың дәл өзі емес, оның бағаланған, көзқарас сүзгісінен өткізілген бейнесі. Оқиғаны қазқалпында баяндағанның өзінде басқадан бұрын дәл сол оқиғаның нысанаға алынуы тарихи мағлүматтардың іріктелетіндігінің айғағы.

Эпос та бұл қүбылысты аттап өте алмайды. Тарихи оқиғалар фольклорда типтендіріліп, жанрдың ерекшеліктеріне бағындырылады, әр жанрдың бейнелеу мүмкіндіктеріне қарай икемделеді. Сондықтан да мүнда баяндалған оқиғалардың тарихқа қатыстылығы көбіне жанамалы түрде. Эпостағы бейнеленген оқиғалар тарихи шындықтың халықтық түғыры /концепциясы/, оның өз тарихына берген бағасы. Оның ішінде өткені ғана емес, болашақ идеал тұтқан арман-тілегі де қоса қабат жүреді. Эпос тарихтың соңынан шабан аттай ілбіп еріп отыратын туындылардың жиынтығы емес, керісінше сол тарихқа азды-көпті ықпал ете алатын халықтың “алдан күткен мұқтажы мен идеалының” 1 да көрінісі.

Эпостың тарихилығы хақында біраздан бері келе жатқан екі көзқарастың бар екендігі мәлім. Кезінде эпостан нақтылы тарихи оқиғаларды іздестірген, тарихи тұлға мен эпос кейіпкерлерін қарайластырған, жазба деректер мен эпос оқиғасын қатар қойған Б.А.Рыбаковтың зерттеу әдісіне В.Я.Пропп тарихи шындықты эпостық жырдың көркемдік жүйесінен тарататын пікірлерін қарсы койды1. В.Я. Пропптың дәлелдеуінше, эпосқа арқау болған жекелеген тарихи оқиғалар емес, халықтың ғасырлар бойы аңсары ауған, өмірде болмаса да солай болуға тиіс деген тарихи концепциясы.

Бүл екі көзқарас та жекелеген пікір дәрежесінде қалмай, осы ғалымдардың көлемді зерттеулеріне арқау болды. Оның үстіне осындай бағыттағы ізденістер күні бүгінге дейін өзінің қолдаушыларын тауып, ары карай тереңдетілуде.

Сөз жоқ, сүйенерлік негізі бар, табан тірерлік дәлелі бар бұл пікірлердің әрқайсысының ден қоярлық тұстары аз емес. Себебі эпостық жырлардың нысанасы, бағыт-бағдар етіп ұстанатыны алдымен тарих, ол қалай болған күнде де тарихтың төл туындысы. Ал оның тарихи оқиғаларды өзінің көркемдік мақсатына қарай, бас-аяғы бүтін сюжеттің құрылымына қарай,, бір сөзбен айтқан да, жанрдың табиғатына лайық икемдеп иіп әкелетіні де жоққа шығаруға болмайтын шындық.

Осыдан келіп эпостың тарихилығына қатысты ой-пікірлерді жинақтаған, қарама-қарсы тұжырымдардың ұтымды жағымен қоса, ұтылған тұстарына да баға берген еңбектер жазылды2. С.Н.Азбелев осындай қарсы тұжырымдардан аралық жол табуға әрекеттенді3.

Қазақ эпосыньтң тарихқа қатысы өткен ғасырдан бастап түрлі дәрежеде жырдың зерттеліп отырған мәселесіне қарай қойылып келе жатыр. Батырлық жырлардың тарихпен байланысы жайында азды-көпті сөз қозғамаған ғалымдар кемде-кем. Олардың пікірлерінің эпостың тарихилығына қатысты тұстарын мынадай мәселелердің төңірегіне топтастыруға болады екен: І.Қ қазақ эпосының пайда болған дәуірі, рулық бірліктердің, ұлыстардың, хандықтардың, тарихи оқиғалардың жырға арқау болған мезгілі.

2: Қазақ эпосын шыққан дәуіріне қарай тарихи кезеңдермен байланысты жіктеу /классификациялау/, жанрлық белгілерін, түрлерін қоғамдық-экономикалық дамумен бірлікте алып, хронологиялық тізбесін жасау ' /мәселен, көне түркі, оғыз-қыпшақ, ноғайлы дәуірлері/.

3. Эпос жанр түрінде ертегі, миф, аңыз, әңгіме, түрмыс-салт жырларынан қашан, қай дәуірде іргесін бөліп алып, өз алдына дербес жанр болып қалыптасты; оған себепші болған қай заманның әлеуметтік, тарихи ортасы дейтін сауалдарға ой жіберу.

4. Жырда кездесетін оқиғаларды, кісі, жер-су аттарын, көне сөздерді, тұрмыс-салт көріністерін арнайы тарихи дерек ретінде қарастыру. Бүл ретте тіл ғылымы мен этнография да өз мақсаттарына қарай атсалысты.

Көрсетілген бағыттағы ой-тұжырымдардың тарихын баяндап, олардың әрқайсысына талдау жасап отырудың біз үшін қажеттілігі аз. Алайда эпостың тарихты дәстүр аясында бейнелейтін өзгешеліктеріне қатысы бар пікірлерге тоқтала кетейік.

Батырлық жырлардағы тарихи оқиғаларды дәуіріне қарай жіктеудің нәтижесінде қазақ эпостану ғылымында “түркі қағанаты дәуіріндегі эпос”, “оғыз-қыпшақ эпосы”, ‘Қыпшак эпосы” , “тайпалық эпос”, “ноғайлы эпосы”, “тарихи дәуірлердегі эпос” дейтін атаулар қолданылып келеді. Бұлар С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, В.М.Жирмунский, К.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Габдуллин, Ә.Коңыратбаев, Т.Сыдықов, Р.Бердібаев, т.б. еңбектерінде қаһармандық эпостағы окиғалардың түрлі тарихи дәуір шындығымен қарайлас келіп, ру, тайпа, ұлыс одақтарының тұтастығын куәландыретін өзгешеліктеріне қарай берілген атаулар еді.

Сөз жоқ, эпикалық дәуірдің сыйпатын анықтауда бұл ізденістердің маңызы айрықша. Дегенімен, мына бір мәселені ескерген абзал. Батырлық жырдың түрлі тарихи кезеңдеріне берілген бұл атаулар эпостың поэтикасына, оның ішінде көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістік ұғымына негізделген емес. Мұнда эпосты тарихи кезеңдерге жіктеу ғана бар.

Ал, тарихи оқиғалардың өзі эпоста қалай бейнеленеді, жалпы эпикалық дәстүрдің тарихи дәуірге деген мәмілесі қандай болды деген сауалдардың басы әлі күнге ашық тұрған мәселё. Әрине, біз қарастырғалы отырған эпикалық уақыт осы сауалдардың барлық сыр-сипатына жауап бере алмайды. Солай бола тұра халық ұғымында қалыптасқан эпиқалық дәуірді танып-білу осы жанрдың тарихи бітімін түсінуге септігін тигізетіні даусыз.

Батырлық жырдағы тарихтың алатын орны туралы Н.С. Смирнова былай деп жазды: “Халық өміріндегі батырлықты көрсету - эпикалық жанрдың ерекшелігі. ' Онда халык тарихы еске алынып жырланады. Алайда эпостың тарихқа байланысы өзінше болып келеді. Эпос тарихи фактіні дәлме-дәл айтып беретін архив мәліметтері емес.

Эпикалық жырларда ақын-жазушылар, жыраулар көркем тілмен халықтың өткен өмірін баяндайды. Тарих “эпостағы әр дәуірден құралған кезең” - деп аталатын шеңберде ғана сүреттелінеді. Басқаша айтқанда жырларда әр ғасырлардағы тарихи фактілер араласып келеді" .

Бүл пікірмен толық келісуге болады. Ендігі мәселе “эпостың тарихқа байланысының өзінше болып” келетіндігін ажыратуға тірелгендігінде. Ал мұның салмағы эпос поэтикасында жатқаны да күмәнсіз.

Эпос оқиғасы өткен бір заманда болады. Ондағы оқиға, әлеуметтік қарым-қатынас, тұрмыс-тіршілік сипаты жалпы алғанда типтендіріледі. Сюжет кейіпкердің ісәрекетіне қарай қалыпты ситуациямен көмкеріледі. Эпоста тұрақты сюжеттердің, дәстүрлі мотивтердің болуы окиғаның болған-болмағанына қарамастан кейіпкер ісәрекетінің бас-аяғының белгілі бір мақсатқа лайық жинақталатындығының айғағы. Типтік сюжеттік ситуация /байланыс, оқиғаның дамуы, шарықтау шегі, шешім, т.б./ типтік оқиғаларды қажет етеді. Жырау үшін толып жатқан оқиғалардың өмірде болған рет тәртібін дал сол қалпында сақтау шарт емес. Сюжеттік ситуациянын қажеттілігіне. қарай болмаған оқиға да болған оқиғаның қатарын толықтырып, бас-аяғы бүтінделген сюжет құраиды. Сондықтан да қартайған ата-ана, баласыздық зары, ерекше жағдайда батырдың дүниеге келуі, онын жар таңдауы, ат таңдауы, жауға аттануы жекпе-жекте жауды жеңуі сияқты толып жатқан типтік ситуациядар алдымен эпикалық дәстүрге, сюжет құрылымына бағындырылған.

Бұл ретте эпосты шығарушылар да, оны кейін жырлаушылар да тек сюжетті негізге алады десек қателескен болар едік. Эпикалық дәстүрдің тарихи шындыққа қатысты ауқымы сюжеттен анағұрлым кең. Сюжет қай кезде де белгілі бір эпикалық дәуірге таңылады, сол дәуірдің аясында қызмет етеді.

Эпиқалык дәуір - жырда баяндалатын түрлі оқиғаларды, әлеуметтік ортаны, тұрмыс-тіршілікті, адамдар арасындағы қарым-қатынасты бейнелеудің эпикалық дәстүрге бағындырылған көрінісі. Жырдағы іс-әрекет, оқиғалар, адамгершілік, батырлық, алыс-беріс, қарымқатынас, жауласу, татуласу сияқты көріністердің қайқайсысы да осы эпикалық дәуір шеңберінде жинақталады.

Қазақтың батырлық жырларының ұзын-ырғасына көз жіберсек екі түрлі эпикалық дәуірді байқауға болады:

1. Ноғайлы дәуірі.

2. Жеке рулар аясындағы дәуір.

 

Шәкір Ыбыраев. «Эпос әлемі». кітабынан алынды. Ғылым баспасы. 1993ж.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты