Қандай қоғам тас-талқан болады?

1968 жылы АҚШ-тың саяси ғылымдар зерттеушісі S.Huntington-ның «Political Order in Changing Societies» атты еңбегі жарық көрген. Кітапта зерттеуші әр кезеңде билік өз мүддесі үшін тұрақты жүйе орнатуға күш салады. Соған қарамастан қоғам үздіксіз өзгеріске ұшырап, тұрақтылық бұзылып отырады. Міне осыдан «қозғалыстағы тұрақтылық» немесе «шартты тұрақтылық» пайда болады. Бірақ, бәрібір тұрақтылық өзгереді. Осы өзгерісті дұрыс, ырықты қабылдай алған қорғам ғана тасталқан болмайды, ыдырамай алға жылжиды, деп қарайды.
Тәуелсіздіктен кейін қазақ қоғамы 30 жылға тарта Назарбаевтың жүйесінде өмір сүрді. Ол кезең тәуелсіздікті жариялау, мемлекет құру, мемлекеттің саяси болмысын анықтау, саяси жүйенің құрлымын бекіту, оны іс жүзінде атқару, т.б. басып өтті. Негізі бұлардың бәрі бір буын биліктің ішінде атқарылған жұмыстар. Саяси ғылымның даму барысы тұрғысынан айтқанда ол жүрістің алғашқы қадамы ғана.
Тоқаев дәуірінде біз – қоғам, жалпы қазақстандықтар Huntington айтқан әлгі «өзгерісті» анық сезіп жатырмыз. Бірақ, билік осы өзгерісті қандай деңгейде сезініп, соған қай деңгейде дайын? – деген сұрақ бізді мазалайды.
Егер билік қоғамның өзгергенін сезіне алмаса, өзгеріске сай өзін өзгерте алмаса, саясатта икемсіз, қала берді қолындағы қаруға, мүмкіндіктерге ғана сенім артып саясатта догмаласса, онда Қазақстан қоғамында үлкен дағдарыс орын алады деген сөз.
Бұл жағынан Назарбаев жүйесін жақсы атай алмаймыз. Олар жүрісті дұрыс бастағанымен, соңында нәпсінің құлына айналып кетті, мемлекеттің есебінен өз қалтасына ақша жасау, ұрлауға құнықты, саяси ғылымның даму үрдісінен сауатсыз адамдар екенін көрсетті. Соның ақыры Қазақстанда 2022 жылы «Қаңтар қырғыны» орын алды, қан төгілді, қоғам хауысқа ұрынды. Енді Тоқаев билігі неге бара жатыр?
Билік қаламағанымен, қоғам бәрібір өзгере береді. Өзгеріс қаласа да, қаламаса да, билікті өзгертеді. Неге?
Қазақстан қоғамы жалпы жаһандық жүйемен тығыз байланыста. Экономика, саясат, техника, мәдениет, ақпарат, т.б. барлық салада әлеммен байланыста. Сондықтан қоғамның күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп жатқаны анық. Бұл қазақстандықтардың, азаматтардың дүниетанымы мен түсінігін, ең берісі қарапайым талдау-таразылау қабілиетін өсіретіні анық. Ол жинақтала келе саяси жүйе мен билікке көзқарас болып тұрақтайтыны белгілі.
Әр кезеңдегі билік өз мүддесі үшін қоғамдық саяси жүйенің орнықтылығын қорғауға мемлекет есебінен көп қаржы, күш шығаратыны белгілі. Биліктің өз үстемдігін қорғап, саяси жүйені «жамап-жасқаған» осы тірлігінің де шегі болады. Биліктің әр буынын басынан-бақайшығына дейін қаруландырып, өзіне қарсы кез келген бас көтеруді аямай басып-жаншып тастауға қауқары жеткенімен, түбінде оның да жұмыс істемей қалатын кезі болады. Неге? Басты себеп, жоғарыда айтқанымыздай қоғам үздіксіз өзгереді. Оны тосып, тоқырату мүмкін емес. Оны тосып, тоқыратқысы келетін билік сөзсіз күйрейді. Өкініштісі әлгіндей өзгерісті ырықтылықпен қыбылдай алмайтын, оған қарсы жұмыс істейтін билік өзі құрып кетумен бірге қоғамды хауыс жағдайға апарады, - дейді зерттеуші. Біз соның қайсысына бара жатырмыз?
E.Bolatkhan.
