Самюель Хантингтон: Тағы да өркениеттердің қақтығысы туралы (II)

c73443e7bd156a6e44ceb8dd801c8b0f.jpg (1279×901)


Самюель Ханденгтон — АҚШ -тың саяси стратегиялық зерттеулер орталығын ұзақ жыл басқарған кәнігі зерттеуші. 1992 жылы ол «Өркениеттер ара қақтығыс» деген еңбек жазып, Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі дүниенің бет алысына өркениеттердің дамуы тұрғысынан талдау жасап, бір ауық елді шулатқан болатын. Арада он жыл өткен соң, автор осы тақырыпқа қайта соғып, «Тағы да өркениеттердің қақтығысы туралы» деген мақала жазып, адамзаттың жаңа ғасырда бет келген мәселелеріне өз көзқарасын білдірген. Төменде автордың осы мақаласының соңын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.


Мəдениет жəне ғаламдық саясат

Біз енді қайтадан ғаламдық саясатқа оралайық. Менің өркениеттердің қақтығыстары туралы кітабымда баяндалған негізгі көзқарас, соңғы қырғиқабақ жағдайындағы əлемде халықтар арасындағы ең басты айырмашылық идеялогияда, саясатта  немесе экономикада емес, қайта, мəдениеттердің ұқсамастықтарында екендігі өзекті көзқарас ретінде пайымдалған. Əлемнің əр шалғайындағы халықтар мен ұлттардың барлығы адамзаттың алдында тұрған ең негізгі мəселе «біз кімбіз?» деген сауалға жауап беруге ұмтылу. Олар əлі де бұрынғысындай адамзаттың бұл мəселеге жауап беріп келген дəстүрлі формасымен жауап беруде. Былайша айтқанда, олар өздері үшін ең мəнді болған нəрселерді ортаға қояды. Адамдар атабабаларын, дін, тіл, тарих, құндылық, салт-санамен құрлымдар арқылы өздеріне шекара белгілейді. Олардың ден қоятыны мəдениет ұйымдары; əулет, тұқым, діни ұйымдар, мемлекет жəне кең аумақтағы сыртқы қабаттардағы өркениеттер. XXI ғасырдағы ғаламдық саясат, мəдениет немесе өркениетердің шекарасын бойлап қалыптасуда. Бұл бағыт бір қанша мазмұндарды сабақтап жатыр.

Бірінші, ең негізгі мемлекеттік топтар қырғиқабақ соғыс кезіндегі сияқты үш қана топ емес, қайта, əлемнің жеті немесе сегіз негізгі мəдениеттерінің: Батыс мəдениеті, православия мəдениеті, Қытай мəдениеті, Жапон мəдениеті, ислам мəдениеті, Үнді мəдениеті, Латын мəдениеті жəне Африка мəдениеттерінің иелігінде болғандығында. Генрих Кесенгр:«XXI ғасырдағы халықаралық құрылым... кем дегенде алты қуаты күшті — АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапон, Ресей жəне Үндіні өз ішіне алуы мүмкін» деген болатын. Оның айтып отырған алты қуатты күші, бес түрлі ұқсамаған өркениетке тəн. Əрі оған жетекшілік жасауда немесе өз мəдениеттерін өзек еткен елдер. Бұдан тыс жəне де маңызды мазмұн алып отырған Ислам мəдениеті бар. Олар стратегиялық орнымен, жан санының көптігімен, мұнай байлығымен халықаралық  істерге ықпал жасап отыр. Супер елдердің бəсекелестігінің орнын, дəл қазір мəдениеттердің қақтығысы басып келеді. Адамзат тарихында бірінші рет ғаламдық саясаттың көп бағыттылығы мен көп мəдениеттілігі жарыққа шығып отыр.

Екінші, əртүрлі өркениеттер мен оларды өзек еткен елдердің күш салыстырмасында өзгерістер туылуда. Бірқанша ғасырлардан бері Батыс мəдениеті мүлдем үстем, жетекші мəдениет саналып келді. Келесі ғасырда да солай бола береді. Ал, əлемнің басқа негізгі күштері бұл үрдісті өзгертуге ұмтылуда. Бұл Батыстың жан санының тоқырауы мен экономикасының құлдырауын өз ішіне алады. Енді бір жақтан Шығыс Азия елдері экономикасының  өркендеуі мен  Мұсылман елдері жан санының артуынан көрініс табады.

Үшінші, осынау жаңа əлемде ұқсамаған  мəдениеттегі елдердің арасындағы өз-ара қатынас көбінде алшақтаған, сенімсіз, аңдысқан, жаулық күйде болады. Өркениеттер шекарасынан аттаған өзгеше кездейсоқ одақтардың өмір сүруі мүмкін. Ал, өркениеттер арасындағы өз-ара қатынастар қырғиқабақ соғыс жағдайында немесе қырғиқабақ бола отырып бейбітшілікті, бəсекелестікті дəріптейтін күйде болады («Қырғиқабақ» бұл тілге алуға татитын термин. Оны XIII ғасырда испаниялықтар тапқырлап, өздерінің мұсылман көршілерімен болған қатынасын сипаттаған болатын. Ал, қазіргі əлем көптеген қырғиқабақ жағдайдағы əлем болып отыр.) Ғаламдық саясаттың ең басты өзегі—Батыс пен басқа елдердің қатынасы. Батыс елдері өздерінің құндылықтарын, көзқарасын, мəдениетін басқа қоғамға күштеп таңуға тырысады — тап қазір осылай істей беруге қуатының жетпей бара жатқанына қарамастан солай істеуде.

Осынау жаңа əлемде ең қауіпті зорлықты күштердің қақтығыс формасы — ұқсамаған өркениеттегі негізгі, тіректі елдердің арасындағы соғыстардан туылуы мүмкін. Осы формадағы қақтығыс келесі ширек ғасырдағы саяси тұрақсыздықтың басты қайнары көзі болады, ол — мұсылмандардың өркендеуі мен Қытайдың еңсе көтеруінен туылмақ. Батыс пен бақталас — мұсылмандар, қытайлардың — ара қатынастары шиеленісіп, қарама-қарсылыққа айналып кетуі де мүмкін. Тасадағы ең қатерлі қақтығыс Қытай мен АҚШ-тың арасындағы қақтығыс.

Төртінші, ұлттық топтар арасындағы қақтығыстар тіпті де жалпылық сипат алады. Алайда, осындай қақтығыстар ұқсамаған өркениеттер шоғырын шарпыған кезде, ол ғаламдық бейбітшілікке қауіп төндіреді. Балқан түбегінде, Кафказ тауларында, Орталық Азияда туылған, Орта Шығыстағы өркениеттер арасындағы қанды қақтығыстардың қатерлілігін айтып жатудың өзі артық нəрсе. Өйткені, бұлар зор көлемдегі соғыстарға мұрындық болып, басқада елдерді де шарпып кетуі бек мүмкін. Сонқықтан осынау қақтығыстар Біріккен Ұлттар ұйымынның бас хатшысы мен Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысының назарын əр кез аударып отыруын талап етеді.

Бұндай аумақтық соғыстар беталды туылмайды. Олар негізінен мұсылмандар мен мұсылман емес мемлекеттер арасындағы қақтығыстардан өрбиді. Басты бір себеп, мұсылман елдеріндегі туыт мөлшерінің күрт көтерілуі, баланың көп туылуы 15 пен 20 жас аралығындағы «жастар санының күрт көбеюіне» қатысты. Болжауға болатын келешекте Батыс пен мұсылмандардың қатынасы жақсылықпен біткеннің өзінде де, бір бірінен алшақтайды жəне айтысып-тартысып, керіне бақса, қақтығыстар мен зорлықты күш қолдануға дейін барады. Ұзақ болашақтан қарағанда, қалай айтсаң да жан санының өсуінің шарықтауы өткінші нəрсе, егер, солай болса, мұсылмандар мен Батыстың арасында қатар өмір сүруге лайықталған жол да ашылар.

Бесінші, мəдениеттер мен өркениеттердің айырмашылығы адамдардың арасына жік тастай бастаған кезде, мəдениеттердің ұқсастығы тағы бір жағынан, адамдарды байланыстырып, өзара сенім мен ықпалдастыққа итермелейді. Өңірлік экономиканы бір тұлғаландыруға жасаған талпыныстар дəл қазір жаһандық көлемде жүріп жатыр. Бүл талпыныстың салыстырмалы жетістік дəрежесі мен ол шарпыған мемлекеттер мəдениетінің ұқсамастық дəрежесімен тікелей қатысты болуда. Бүкіл əлем елдері қазір мəдениеттердің шекара жиектерін бойлап, саяси жақтан қайта бастан топтаса бастады. Идея ғана біріктіріп тұрған, бірақ, мəдениеттері алшақ Кеңес Одағы мен Югославия сияқты елдер ыдырап тынды. Ал, идеялогиялар ғана бөліп тұрған, бірақ, мəдениеттері ортақ елдер жақындаса бастады. Мəселен екі Германиа, екі Кория жəне Қытай осыған дəлел. Халық пен үкімет қазір мемлекеттің шекарасынан алқып, мəдени ошақтармен біртіндеп келіссөздер жүргізе бастады. Ресей қазір православиялық мəдени дəстүрге ие елдердің басын қосуға ынталы. Шығыс Азияның экономикалық бір тұлғалылығы қалыптасу үстінде, бірақ, ол көптеген адамдардың күткеніндей Жапонияны өзек еткен экономикалық бір тұлға емес, қайта өзге бір мəдениетті негіз етуге бағытталып жатыр, содан да бұл өңірде экономикалық бір тұтастықтың түйіні келешекте Қытай болады. Қытайлық бизнесмендер, бүгінде Жапония мен Кориядан басқа барлық Шығыс Азия елдерінің экономикасына жетекшілік жасауда.


Таяудағы беталыс

Меніңше, таяудағы халықаралық жағдайдың дамуы мəдениет пен өркениетті тəсіл ретінде пайдаланып, ғаламдық саясатқа сараптама жасаудың өнімі бар  екенін көрсетіп отыр. Əлемнің көптеген жерлерінде ұқсамаған өркениеттер шоғырының арасындағы соғыстар əредік толас тапқанымен, əлі де сұрапыл жүріліп жатыр. Еуропа саясатын мəдениеттердің шекарасын бойлап, қайтадан жасақтауда: өзіне тəн дара мəдениеті бар тұлғалардың экономикасы, айталық ЕуроОдақ пен Оңтүстік Америка бір тұтастануға қарай сəтті қадам тастап жатыр. Ал, көптеген өркениетті қамтып жатқан өңірлердің экономикалық бір тұлғалануы, айталық, Азия-Тынық мұқит экономикалық селбестік ұйымы мен Солтүстік Американың еркін сауда өңірінің қалыптасуы нəтижелі бола қойған жоқ. Үнді, Израиль, Түркия т.т. бір қанша елдерде ұқсамаған діни, саяси топтар заңды түрде бір тұтастық көзқарасына  шабуыл жасауда; мұсылман емес  елдерге қарсы тұру жағында мұсылман мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы барған сайын күшейіп келеді; батыстық емес босқындардың Еуропа мен Солтүстік Америкаға ағылуына қарсы қақтығыстар жүріліп жатыр; Қытай ықпалы бар ірі ел ретінде еңсе көтеріп келеді. 1990 – 1991 жылдардағы Иракқа қарсы құрылған одақ ыдырауда; Ресейдің Батыс елдерінің қатарына қосылу мүмкіндігі бұлыңғырланып кетті; Оңтүстік Африка мен Нигерия Африканың тіректі елдеріне айналды. Бразилияның Латын Америкасының тіректі еліне айлану мүмкіндігі біртіндеп айқындалып келеді; бүгінде адамдарды алаңдатып отырғаннəрсе, ядролық қару-жарақтың тарқалуы мен оған қарсы тұру шараларының нəтижесінде болып отыр.

Ғаламдық саясаттың мəдениет жиектерін бойлап, қайта құрылуы Орталық Еуропа мен Шығыс Еуропада тіпті де айқын көрініс тауып отыр. Өткен 45 жылда Еуропа саясатының шекарасын “темір шымылдық” бөліп тұрды. Қазір шекараның ол сызығы шығысқа қарай бір қанша жүз ағылшын милліне жылжып кетті. Кезекте ол бір жағынан Батыстың христан халықтарын мұсылмандардан бөліп тұратын, енді бір жағынан православия дінінен де бөліп тұратын шекараға айналды. Австрия, Швецария, Финландия қатарлы елдер мəдениет жақтан Батысқа тəн. Қырғиқабақ соғыс кезінде олар амалсыздан бейтарап қалуды қалап, Батыстан қол үзіп қалған болатын. Қазір олар өздерінің мəдениет ошақтарына — ЕуроОдаққа кіріп алды. Польша, Венгрия, Словния республикасы НАТОға қабылданды. Енді ЕуроОдақтың мүшесі болуға талпыныс жасап жатыр. Балтық жағалауындағы бұрын Кеңес Одағының шеңгелінде болған елдер қазір бұғаудан босап, өздерінің батыстық, мəдениет жақтағы туыстарымен одақтар құруда.

Қырғиқабақ соғыс мезгілінде, Балқан түбегіндегі Греция мен Түркия НАТО-ның мүшелері болатын. Ал, Булғария мен Романия Варшава шартты ұйымына бағынышты еді. Югословия еш одаққа кірмей, Албания жеке-дара қалған. Қазіргі кезде Булғария, Сервия жəне грециялықтар өздерінің аталмыш «правосваиялық қауымдастықтарына» қарай жиналып жатыр. Славония мен Кротия Батыспен бір сапта болуға қарай қадам басуда. Түркия Албания мен Босниядағы мұсылмандармен тарихи қатынасын қалпына келтіруге тырысуда. Қырғиқабақ соғыс кезінде, Кеңестер Одағы мен коммунизмнен қорқып, бұғып қалған Греция мен Түркияның арасындағы жаулық қайтадан ояна бастады. Олардың соғыс ұшақтары Егей теңізінің үстінде, біріне-бірі қыр көрсетіп ұшып жүр, əскери дайындықтың бəсекесі Сайпулста қызу жүргізіліп жатыр. Греция қазір көптеген жақтарда НАТО-ның одақтасы емес, қайта Ресейдің серіктесіне айналып барады. 1997 жылы қазан айында Грецияның президенті бұл бетбұрысты ашық айтып та тастады. Ол: «бүгін біз солтүстіктен келетін қауіпке назар аудармасақ та болады..... Өйткені ол елдер бізбен ұқсас діни сенім  ұстанып отыр. Бүгін біз Батыстан келетін зымиян қауіп пен Рим католик діні, жаңа діннен келетін қауіптермен бетпе-бет келіп отырмыз»-деген болатын. Керісінше, ЕуроОдақ та Түркиядан бет бұрып, оның талабын аяқасты етуде. Түркиядағы батысқа бейімделген əскери жақ пен күшейіп келе жатқан мұсылмандық қозқарастағылардың қақтығысынан туындаған екіұдайылық заңдылық болып қалды. Осы елдегі мұсылмандық қозғалыстың саяси формасы Құт партиясы болып отыр. Оның алға қойып отырған мақсаты, Түркияны НАТО -дан шығарып алу, осы саяси партияның жетекшісінің шетелге сапары Бруссел мен Вашингтоннан емес, Тегран мен Триболиден басталды. Əскерилер бұл партияны үкіметтен аластады əрі оны заңсыз деп жариялап отыр. Сонымен Түркия  демократияланудың немесе батыстанудың жолында, бірақ, екеуін бірдей еншілей алмайды.

Құрама Штаттар мен Ирак жаға жыртысуға жеткен кезде, Квеиттен басқа Араб елдерінің барлығы, Құрама Штаттардың əскери əрекеттеріне қарсы тұрды. Ұлыбритания, Канада, Австралия жəне Жаңазелландия қатарлы Құрама Штаттарға мəдениет жақтан өте жақын елдер соғыс кемелерін жіберіп АҚШ-тың парсы шығанағындағы əскери қимылына қолдау көрсетті. 1998 жылы қыста, Косводағы албандар мен сербтердің арасындағы қайнауы бұрыннан-ақ шегіне жетіп тұрған қақтығыс бұрқ ете түсті де, алдын-ала мөлшерлегеніміздейақ, бірден көлемді соғысқа айланып кете барды. Үнді мен Пакістан ядролық сынақтар жасау арқылы, мəдениеттерінің арасындағы қарсылықты білдіріп жатты. 1998 жылы жазда, Құрама Штаттардың Кения мен Танзаниядағы елшіханаларында жарылыстар болды. Албаниядағы жарылыс жасауға ниеттенудің ізі кесілді. АҚШ-тың Ауғанстан мен Суданға бағыттаған кек алу сипаттағы соққысы мұсылман əлемінің жалпы беттік наразылығын тудырды. Тек Ұлыбритания, Германия жəне Израиль үкіметтері ғана АҚШ-ты ашық қолдады. Əлем саясатында мəдениеттердің қақтығысы айрықша белең алуда.

Жұрт менің көзқарасымды өзі қиыстырып алған сəуегейлік, немесе мəдениеттер қақтығысының туылуына себепкер болатын көзқарас деп үнемі сын айтып жатады. Бұл қисынға келмейді. Əрқандай болжам өздігінен қиыспайды, қайта адамдардың оған қалай мəн беруіне қатысты болады. XX ғасырдың 50-60 жылдарында көптеген мамандар Құрама Штаттар мен Кеңестер Одағының арасында ядролық соғыс болмай қалмайды дескен болатын. Бірақ, ол соғыс туылған жоқ. Өйткені, адамдар бұл ескертулерге мұқият көңіл бөлді. Олар қару- жарақты тежеу, байланыс орнату, өзара кешірім жасау, іс-əрекет нормаларын белгілеу қатарлы шаралар арқылы соғыстың мүмкіндігін азайтты. Мен мəдениеттер қақтығысының қауіп-қатерін алдынала ескерткеннен бермен қарай, көптеген адамдар бұндай қақтығыстарды болдырмау мен шектеуге көңіл аудара бастағанына қабағат қуанамын. Саяси көсемдерден Германияның, Чех республикасының, Иранның басшылары өркениеттер арасындағы сұхбатқа ашық шақыра бастады. Ирандықтардың бастамасының нəтижесінде Бірлескен Ұлттар ұйымы 2001 жылды “өркениеттердің сұхбаттасу жылы” етіп белгіледі. Мен өз басым шамамның жеткенінше Харворд университетінде ресми жиналыстар мен конференциялар ұйымдастыруға тырыстым. Бас қосуда ұқсамаған өркениеттерден келген адамдар араларындағы алшақтықтарды қалай жеңіп, түсіністікті қалай жетілдіруге болатындығын зерделеп көрді.


Мəдениет жəне ұлттық ояну

Мен бірер ауыз сөзбен мəдениет жəне ұлт туралы, əсіресе, Құрама Штаттар ұлтын тану жайын айта кетсем деймін. Өркениеттердің қақтығысы немесе бірігуі, Құрама Штаттар қоғамының алдындағы аса маңызды мəселелердің бірі. Біздің еліміз, бір түрлі мəдениетті ме, əлде көп түрлі мəдениетті ме, егер біз көп түрлі мəдениетті ел болсақ, онда біздегі ұлттық тұтастықтың негізі не? Тарихта, Құрама Штаттар дара мəдениет үстемдік құрған ел болатын. Бұл, о баста англиялық қоныстанушылардың туындысы болды. Осыған жалғас толассыз ағылған келімсектер ағыны, осы мəдениетке кіріге түсті жəне оны өзгерте берді. Бұл мəдениеттің өзегі Еуропа мəдениетінің жаңа өркені, ағылшын тілі, христан діні, жаңа діннің құндылық-көзқарастары деуге болады. Нəсілдер, ұлттар, дін мен басқа да қосымша мəдениеттер осынау топтарға ортақ болған жетекші мəдениеттің аясында өркен жайды.

Ал, қазір бұл мəдениеттің заңды орнына  космополиттер, кейбір аз санды ұлттық топтар, келімсектер жəне президент пен орынбасар президентті өз ішіне алған кейбір саяси қайраткерлер қарсы сөздер айтып жатыр. Президент Клинтон біде «біз ұлы өзгерістер жасау арқылы... Еуропа мəдениетінің жетегінсіз-ақ өмір сүретін керемет қоғам жасауға тиіспіз» деп ашық мəлімдеме жасады. Президенттің орынбасары Ал Гор Харвордтың тəлімтəрбиесін ала тұрса да, «біздің ұлтымыздың болмысы бір негізді мəдениеттен көп негізді мəдениетке бет бұру» деп салды.

Құрама Штаттар қалай десеңіз де көп ұлтты, көп нəсілді қоғам. Егер ол — ұйтқылық мəдениеті кемшіл, көп мəдениетті қоғамға айналар болса, онда оны немен тұтастырып тұрамыз? Бұған тоқ етер жауап: Құрама Штаттарды тұтастырып тұрған «тəуелсіздік деклорациясы» , «Ата заң» жəне басқа да құжаттарда бейнеленген саяси принциптерге мойын ұсыну талабы деуімізге болады. АҚШ-тықтардың құбыланамасына айналған бұл саяси принциптер:  еркіндік, теңдік, дарашылдық, демократия, заңға бойсыну жəне жекеменшікті мойындау. Біздегі көптеген Құрама Штаттар бұл құндылық көзқарастарды қадір тұтады. Ал, бұл құндылық көзқарастар Американың ең алғашқы бір тектілік мəдениетінің туындысы. Егер, бұл мəдениет жоғалар болса, толып жатқан дерексіз саяси принциптер бұл қоғамды ұйытып ұстап тұра ала ма? Басқа елдердің тəжірибесі көрсеткендей, тек саяси принциптердің бірлігіне ғана сүйену, бұрынғы Кеңестер Одағы мен Югослауия сияқты, ақырында жарға сүріндіреді.

Құрама Штаттардың алдында тұрған мəселе, біз өзімізді тарихта ұлт ретінде қалыптастырған мəдениетті жаңғыртып, жетілдіре түсеміз бе? Немесе, бұл елдің еуропалық, христандық, жаңа діндік, ұлыбританиялық мəдениетін əлсіретіп, күйреткісі келетін адамдардың бөлшектеуіне жол беріп қойып қарап отырамыз ба? Мəдениетіміз біздің ұлттың байлығы, қуаты, сондай-ақ, еркіндік, теңдік, демократия сынды ұлы принциптердің қайнар көзі болды. Осы ұлы принциптер бұл елді бүкіл əлем халықтарының үмітіне айналдырған еді. Міне бұл XXI ғасырдың басында біз анықтап алуға тиісті  көкейтесті мəселе.


Аударған - Əрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ


Мақаланың басы: http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=2&id=3533

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты