Ardakh Nurgaz. Қазақстан үшін үшінші жол жоқ!

c3ca6513d3cbe1f5a0f76de7ddd2cc68.jpg (1600×1011)

Зайырлы, демократиялы елде билік пен қоғамның арасындағы саяси дағдарыс азаматтардың наразылығына, ереуілге шығуына жалғасуы таң қаларлық нәрсе емес. Бірақ, оның соңы қанды қырғын соғыс, конституция мен негізгі құқыққа қайшы әрекеттердің жалпы беттік көзге түсуіне ұласуы ерекше құбылыс. Себебі, азаматтық қоғам өкілдері де, билік те өз іс-әрекетінің шегін біледі. Асыра сілтеудің мемлекетті үкіметсіз былыққа батыратынын екі жақ та түсінеді. Бұл азаматтық қоғамда жазылмаған заң ретінде, санаға сіңетін құндылық.

1 қаңтарда Жаңа өзен қаласында азаматтар биліктің экономикалық саясатына (газ бағасын қымбаттату туралы) қарсы наразылыққа шықты. Соңында Алматы қаласында Жаңа өзендегі наразылықты қолдау бағытында жаңа наразылық туындады. Наразылықты халқаралық радикалды исламдық бағытты ұстанатын топтар жақсы пайдаланды. Олар билікті қарулы күшпен басып алуға ниеттенді.  Осы барыста билік те, оған қарсы топтар да қару қолданды. Бейбіт наразылыққа шыққан азаматтар екі оттың ортасында қалды. Бірақ, билік асыра сілтеу жолымен тұтқындалған азаматтардың құқығын аяққа таптай бастады – тұтқындалған азаматтарды азаптауға дейін барған. Бұл жағдай өткен отыз жылда анық байқалмағанымен, Қазақстан қоғамының саяси жүйеде үлкен дағдырыстық күйде екенін аңғартады.   

Бұл дағдарыстың түйіні біздің қандай мемлекет құрамыз, деген сұраққа жауап беруде жатыр. Билік пен азаматтық қоғамның арасындағы саяси дағдарыс азаматтардың ереуілге шығуына жалғасса да, оны диалог арқылы шешуге болады. Бірақ, біздің қоғамда саяси диалог арқылы шешуге болмайтын немесе диалог арқылы шешілмейтін қайшылық бар. Ол халықаралық радикалды исламшылдық бағыт ұстанатын саяси қозғалыс немесе ислам мемлекетін құруды масқат ететін радикалды ислам қозғалысы. Біз бұл қозғалыстың Сирияда қандай қадамдарға барғанын әлем халқы көріп отыр. Олар исламды бетперде ете отырып жалпы мұсылмандарды өзінің жорамал қолдаушысы, айталық қаржылай және рухани қолдаушысы ету бағытында жұмыс істеді. Олар соңында мемлекет ретінде жойылғанымен, бұл бағытта белгілі табысқа да жетті. «Ислам мемлекетінің» әсері Орталық Азияда, жүйеден Қазақстанда да байқалады. Бізде «Ислам мемлекетін құрамыз» деп Сирияға кеткендер де болды. 

«Ислам мемлекетін» құрғысы келетін радикалды исламшылдар бір ғасыр бұрынғы коммунизм қозғалысы сияқты ХАЛҚАРАЛЫҚ қозғалыс. Олар ислам қағидасын алға тартатын, ұлттық мемлекеттердің шекарасын мойындамайтын ИМПЕРИЯЛЫҚ саяси идеология. Олар Қазақстан сияқты ұлттық сипатта құрылған мемлекеттерді басты жауы санайды. Ұлттық мемлекеттердің саяси жүйесіндегі демократиялық ерекшеліктерден тиімді пайдалана отырып, өздерінің исламдық құндылықтарын сіңіру жолымен біртіндеп мұсылмандарды өз жағына тартып, орайы келгенде (1 қаңтарда Жаңа өзен қаласында басталған наразылық кезінде) ұлттық мемлекеттердің билігін күшпен тартып алуды көздейді.

Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанның азаматтық қоғамы мен билігінің алдында үлкен сынақ тұр. Ол ұлттық мемлекетті сақтап қалу мен империялық исламшылдыққа қалай қарсы тұруға барып саяды. Бұл Қазақстанның тәуелсіз, ұлттық мемлекет ретінде қалуы, не қалмаудай тағдырын белгілейді. Үшінші жол жоқ.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты