E.Bolatkhan. Бүгінгі билеушілер Machiavelli-дың мүриттері емес пе?

88c46397a5074be48c3306198773d70d.jpg (1068×635)


Біз бүгін ерекше кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Білгенімізден, білмегеніміз көп екенін аңғарудамыз. Әсіресе саясатта, жұрттың күмән-күдігі болса да, сондай бір сенгіш, ақкөңілділікке бейім екені аңғарылады. Бұл үміт пен арманнан тұратын балалық сенгіштік дер едім. Алайда, халықтың, жалпы қоғам мүшелерінің мұндай «балаңдығына» орай билеушілер әлдеқайда «ақылды» екені, байқап қарасаң, бірден аңғарылады. Айталық, өткен отыз жылда биліктегілер қазақстандықтарға қандай уәде бермеді? Оның бәрі жұрттың есінде. 

Бұл жерде айтайын дегенім, біздер, қоғамның қарапайым тұрғындары бүгінгі билеушілердің кім екенін, олардың қайдан шыққанын, олардың не істеуге бейім екенін біліп-түсініп, мүмкіндігінше «аузы ашық ақымақ» болмауға, ең берісі алда тағы бір өтірік  уәде бергіштерге сеніп уақыт пен мүмкіндігімізді, болашағымызды – өзіміздің және ұрпақтарымыздың – желге ұшқан құм түйіршігіндей жоғалтып алмасақ екен. Ол үшін саясатта, билеушіні және оның билігіне қатысты түсінікте қалай да осы заманғы, айталық батыстық саяси философияның талабы «билеушілерді сайлау керек және олардың билігі қадағалануы тиіс, сондай-ақ билікті заңды жолмен өткеріп беруін талап ете алатын болу тиіс» дегенді орындауға тиіспіз. 

Бұл талап орындалмаса, саясатта, қоғамдық өмірде, күн көрісте сол баяғы таз қалпымызда қала береміз. Билеушілер өтіріктен өтірікті жауырып, ойына келгенін істеп, мемлекеттің байлығын төгіп-шашып, ұрлап-тонап, біз – халық болсақ, ішер ас, киер киімге жарымай, бала-шағаны дұрыстап оқыта алмай, олардың уақытын жеп, болашағына балта шауып және солай екенін мүлде білмеген «аузы ашық ақымақ» күйде қала береміз. Сондықтан биліктен сайлауды әділ өткізуді талап етуге тиіспіз. Билікке талап қоймай, олардың әрбір іс-әрекетіне баға беріп, тағы да талап қоймай болмайды.       

Төмендегі жазба осыдан бірнеше ғасыр бұрын жарыққа шыққан еңбектен алынған үзінді. Еуропада «билеуші Ұлы Жаратушының елшісі» деген түсінікке селкеу түсе бастағанда, Италиядан шыққан бір оқымысты тап-таза адамнан шыққан, бірақ, араны ашылған ашкөз, билік құмар көсемсымақтарға  арнап бір сұмдық кітап жазған. Сол кезеңнен тарып арам ойлы билеушілердің дені осы кітаптың философиясымен өмір сүруге бейім болды. Батыста – АҚШ пен Еуропа елдерінде демократиялық сайлау жүйесінің енгізілуі мен оның үздіксіз кемелденіп отыруына да, бастысы, осы кітап ықпал етті. Себебі, билеушілерге сенуге болмайды, сондықтан оларды сайлау керек және билігін қатаң қадағалау керек, деген түсінік саясатта басты қағидаға айналды.  Ал бізде бұл сала әлі басы ашылмаған күйде жатыр. Оқыңыздар, біліңіздер. 

«Берген әуде өзіңе тиімсіз болғанда немесе берген әудеңе байланысты шарт-жағдай өзгергенде ақылды билеуші әсте уәдеге табанды болмайды, уәдеге табанды болуға да ұмтылмауға тиіс. Себебі, жұрттың бәрі ақниетті адамдар болса, оларды орындалмайтын уәдемен алдап не істейсің. Ал жұрттың дені өзімшіл, қара ниетті жандар болса, оларға бола айтқан сөзде тұрып, саясатта ырықсыздықта қалудың не қажеті бар. Сондықтан, ақылды көсемдердің дені орындалмайтын әуделерін көбінде өте әдемі өтіріктермен көмкеріп, жасыра біледі. Мұндайға мен тарихтан жүздеген мысал келтіріп дәлел көрсете аламын. Берген уәдеден тайқып шығып, түлкі сияқты алдап-арбап, жол тауып кететін көсемдер ғана жетістіктерге жетіп отырған. Олар әлгі уәде туралы өтірікті толықтай жасырып кетумен қатар өзін өте адал әрі ұлы көрсете алатын болған. Жұрттың алдында жағдайға қарай құбыла алатын көсемдер қашанда тағы бір өтірік уәдемен өзіне аузын ашып сенетін алдындағы ақылсыз көпті тағы бір үмітке байлай біледі. Соған қарамастан мұндай көсемдер қашанда жұрт алдында өзін кімге болса да адал, жанашыр, көпшіл, қайырымды, қамқор және өте білгір, бәрін ескеріп, аңғарып отыратын адам ретінде безендіре алуы керек.»   

Niccolò Machiavelli . «Il Principe» кітабынан үзінді.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты