Ardakh Nurgaz. Adagia

cec440eb03411ae09ed7953b11faed93.jpg (1201×800)

Сөздің дәмін алған сәтіңде

Әлдеқайда раушан қауашағын 

Жарады.

 

Қайраңдағы жазу

Толқын шайған сайын 

Жаңарады.

 

Тұтқынның төбесінде

Мамырлайды

Бір шүлен ақ бұлт. 

 

Орман мен жауын

Қапысыз қауышқан

Бір тұлға.

 

Тарихтың әлдебір парағынан

Будақтаған түтін

Көріледі.

 

Қайтып келіп есік қағып тұрған

Жанның қасынан

Басын бүркеген күндер жылыстап өтіп барады.

 

Ғасырлардың ізінде

Шапқан аттың тағасы жатыр

Тат басқан, топыраққа тамыр тартқан.

 

Шындық қараниетке шөккенде

Құладүзде тұрған сахнаның пердесі

Ашылды.

 

Көлеңкелер қарық болып 

Құшақтасып жатыр

Тас көбіктен де жеңіл.

 

Қармақ қапқан балық бар күшін салып

Тулайды

Сарғайған қағаздың бетінде сужаңа жазу.

 

Толқын келеді, кетеді

Жағада

Күндер шашылып жатыр.

 

Релист ауыстыратын жерде үнсіз мүлгіп 

Пойыз тұр,

Әлдеқайда қараңғыда мас біреудің ән салған дауысы 

Естіледі.

 

Терезенің сыртында айсыз түн

Әлде кім

Күндерін қаттап қара канвертке салып қойды.

 

Шырқ ирілген ғасыр да

Уақыт та емес.

Шырқ ирілген - сөз.

 

Малинаның түйіні гүл ашайын деп тұр

Күздің соңғы шуақты күні

Қашан үсік жүрер екен.

 

Қағазға бәрін сарқып жаза алмайсың

Көпір орнында жоқ

Өзен ғана арнасында жатыр

 

Қапалақтаған қар

Ізді жасырып, жауып тастаған

Әлде кім соңына қайрылып өткен өміріне қарап тұр

 

Желде, бұлтты аспанда ұшқан

Қарғалар сияқты

Кейде сені үнсіздіктің өзі ідеп табатыны бар

 

Ұланқайыр дала да

Төрт тұяқтың үні қалды

Ақ қағаздың бетінде із емес, дүбір

 

Бусанған өзен мұз арасымен ағып жатыр

Көпірде біреу өткенін шығарып салып

Болашағын күтіп тұр

 

Қалаға кіретін жол белгілер

Түнде де жарқырап, жанып тұрады

Билеушілер өтірікті шын етіп айтуға тынбай машықтанады

 

Айнадағы бет-бейнең сәт сайын өзгеруде

Сырытта, қараңғыда құс шақырған еді

Соңынан тым-тырыс бола қалды

 

Балалар қоя берген шар әуеде жарылды

Билеушілер келесі сайлаудың белетін толтырып, дайындап қойып

Той тойлауға жиналды

 

Кешкі қараңғылықта

Көшенің соңы жоғалып кетті

Бала кезіңде көрген түсің сияқты

 

Мұздың бетінде ай көрінеді, күңгіріт

Тарихтан топырлап шыққан тұлғалар

Тас мүсінге айналды

 

Ауылға Бақсы келетін күні

Балалардың ойнауына тиым жарияланды

Билік өзі сызып алған шеңберге ешкімді кіргізбейді

 

Айналаны аппақ қар бүркеген

Дала тып-тыныш

Тасада, оянғысы келмейтіндердің тынысын естігендеймін

 

Шешемнің жас кезі үнемі түсіме кіреді

Қарыттық алыста, таудың ар жағында сияқты еді

Самайыма ақ кіріп қалыпты

 

Құмырадағы гүлді екі күнде бір ауыстырамыз

Терезеден түскен шуақта жапырақтар

Сәт сайын есіңе әлде нені салады.

 

Ұйқыға терең батқан жанның төбесінде

Күн қақшиып тұр

Екі дүние бір тәнге таласып жатыр.

 

Теңіз бен өлеңде ортақтық жоқ

Олар бір нәрсе

Ағаш пен жапырақтар тынбай сыбыр қағады.

 

Аңызда уақыт деген болмайды

Театрда сахнаға жүгіріп шыққан көрерменге

Әртистер әр тұстан таңдана қарасып тұр.

 

Бақты кесіп өтетін жолда жарық жоқ

Ағашқа емес, алмаға соғылып қалмау үшін

Қараңғыда, түйсігіңе ғана сүйеніп жүресің.

 

Кейде бөлменің іші шексіз үлкейіп кетеді

Үлкейгені соншалық

Өзің жұлдыздар самсаған, үнсіз, қараңғы бір әлем сияқтысың.

 

Түннің бір уақытында, қар толастады

Айналада мимырт тыныштық

Бір ғана терезеде шырақ өшіп, қайта жанды.

 

Алдымен оқырман аңысы: «Сөздің дәмін»  «түсінбедік, бұнда не айтылған, өлең десек, тармақ, шумақ жоқ, сөздерді жыйып жазып қойған, ішкі сыры жәй көзге көрінбеді, микроскоппен көрсек болады екен…» - деген жақтырмай, жатырқаған мінездер көп кездеседі. Орынды пікір. Оқырмандардың шығарманы түсініп, қабылдауы ұқсамайды, бәрі оқырманның өз еркіндігі.

Ардақ Нұрғазының «Сөздің дәмі» деген шығармасының тақырыбының құндылығын түсініп алайық. «Сөздің дәмі» - ойдың қортындысы, сөздің мәйегі деген мағынаны білдіреді. Ойдың, оқиғаның, тұрмыстың, тарихтың қортындыланған, тобықтай түйіні. Өлең ұйқасы - өлең тармақтарның соңғы буындарның не соңғы дыбыстарның өзара үндесіп, үйлесіп келуі. Өлең ұйқасы - өзара ұйқасып келген бунақ, буындардың, дыбыстардың сапасына қарай аш ұйқас және тоқ ұйқас болып бөлінеді. Тоқ ұйқас - өлең тармақтарның соңғы бунақтарның және буындарның өзара үндесіп келуі. Ал аш ұйқас - өлең тармақтарның соңғы дыбыстарның ғана үндесіп келуі.

«Сөздің дәмі» деген поэзиялық шығарма формалық жақтан аш ұйқаспен жазылған туынды. Аш ұйқас тартымды болады, жасандылық болмайды, ақын айтайын деген ойын - қиял, фантастика арқыл обектив заттарға сіңіре отырып бейнелейді. Мысалы:

Сөздің дәмін алған сәтіңде

Әлде қайда раушан қауашағын

Жарады.

 

Қайраңдағы жазу

Толқын шайған сайын

Жаңарады.  деген төрт тармақтан құралған бір шумақ, аш ұйқас болып, екінші тармақтағы (жарады) сөзбен соңғы тармақтағы (жаңарады) сөздің «-ды» дыбыстары дыбыстық жақтан ұйқасып, табиғи келген.  Жалғандық жоқ, адам мен табиғатты (қауашағын жарған өсімдік) бірлестіріп жіберген.

Ғасырлардың ізінде

Шапқан аттың тағасы жатыр

Тат басқан, топыраққа тамыр тартқан, деген төрт тармақтан құралған бір шумақ, Жер шарында ғасырлар бойы адамдар қоныс үшін, мал мен басқа ие болу үшін тұлпардың тұйағымен таптап, қыймылын тоқтатпаған, сол тұлпарлардың тұяғынан кетіліп түскен тұяқ, таға топыраққа сіңіп (топырақ жасырып) татқа айналған көріністер. Аш ұйқаспен жазылып (тат басқан) (топыраққа тамыр тартқан), тармақтардағы «басқан», «тартқан» сөздің соңғы «-қан» дыбыстары дыбыстық жақтан ұйқасып, үндесіп тұр.

Көлеңкелер қарық болып

Құшақтасып жатыр

Тас көбіктен де жеңіл, деген үш тармақтан құралған бір шумақ болып, тыныштық орнаған (ұйқыға шомған) түнде көлеңкелер (түрлі заттардың, өсімдік, бұтақта отырған құс көлеңкесі, түн жамылып тұрған ғашықтар көлеңкесі) сағыныштарын басып құшақтасып тұр-ғой. Ол (құшақтасып жатыр), (тас көбіктен де жеңіл.) деген тармақтардың (жатыр, жеңіл) сөздердің «-ыр, -іл» дыбыстары үндесіп ұйқасып тұр.

Тарихтың әлдебір парағынан

Будақтаған түтін

Көріледі.

Қайтып келіп есік қағып тұрған

Жанның қасынан

Басын бүркеген күндер жылыстап өтіп барады, деген төрт тармақты шумақта бірінші, екінші тармақтағы (парағынан) мен (қағып тұрған) сөздің «-н» дыбыстары, үшінші, төртінші тармақтағы (түтін көрінеді) мен (өтіп барады) сөздердің «-ы» дыбыстық жақтан үндесіп, сырласып ұйқасып, тарихтан жалғасып келе жатқан адам тіршілігі мен үйіне міндетін орындап қайта оралған жанның қимылы, ойы тамаша бейнеленген. Міне, бұдан бұл поэзиялық шығарма формалық жақтан аш ұйқаспен жазылып, түрлі ақын ойының мазмұны дыбыстық жақтан үндесіп, ұйқасып келіп, бір бүтіндік тұлғаны бейнелейді.

Ал шығарма мазмұндық жақтан өте бай, оқырманды баурап, ойын қиялға жүгіртеді. Өйткені, бұл шығарма көркемдік деңгейге көтерілген туынды. Көркем әдебиетте ой астарлы келеді. Мұнда ақын қиялдан, фантастикадан, романтикадан пайдаланған. Әрі табиғаттан пайдаланған, реалыстік өмірден, өткен тарих ізінен пайдаланған. Сондай-ақ, бәрін ұштастыра отырып обыраз жасаған. Мысалы: «Сөздің дәмін алған сәтіңде» деген тармақта, адам бар, реалыстік шындық жатыр. Сөздің нарқын білген зерделі адам бар. «Әлде қайда раушан қауашағын жарады» деген тармақта табиғат бар, өсімдіктің жерден қөрек алып, қауашағын жаруы айтылған. «Қайрандағы жазуда» тарих бар, бәлкім тасқа адам қолымен ойылған жазу, өткен тарих жатыр. «Толқын жарған сайын жаңарады» деп теңіз, табиғат бар, теңіз толқыны арқылы сол көнеден қалған мұра жағаға шығуы мүнкін.

Тұтқынның төбесінде

Мамырлайды

Бір шүлен ақ бұлт. Ол неге тұтқын болды, оның қайғысы, жаңылысы (қылмысы) мамырлаған шүлен ақ бұлытқа сіңіріп отыр.

Орман мен жауын

Қапысыз қауышқан

Бір тұлға, деген тармақта, табиғат заңдылығы философялық ой арқылы бейнеленген. Орман мен жауын егіз, бір тұлға, бір жүйе. Орман экологиялық жүйедегі өндіруші, ол Жершарына өттегін өндіріп, тіршілік иесі үшін өлшеусіз еңбек етуде. Ол орман (өсімдік) жапырақ жүйкесі арқылы, тамыры арқылы суды сіміріп, бір тұтас тұлғаға айналып, бейне шын сүйіп қауышқан ғашықтардай тәтті махаббаты арқылыбыр тұлға болып, жер шарының тепе-теңдігін сақтап тұр.

Тарихтың әлдебір парағынан

Будақтаған түтін

Көріледі, деген тармақта адамның тірлігі, түтіннің тұзу ұшуы көрніп тұр.

Қайтып келіп есік қағып тұрған

Жанның қасынан

Басын бүркеген күндер жылыстап өтіп барады.

Қайтып келіп тұрған кім? Бәлкім, тұтқын болуы мүнкін, міндетін өтеп, үйінің есігін қағып тұрған. Ол есігін қағудан бұрын, қиялдап тұр, оның қиялы - басын бүркеген қайғы, түрменің зардабы, я, ол кеткен де жары қандай еді, бәлкім, құрсағында бала қалған болса, ол қандай боп ер жетті, есік қағып кіріп барсам, олар мен қалай қауышады?… сияқты ойлар жатыр.

Ғасырлардың ізінде

Шапқан аттың тағасы жатыр

Тат басқан, топыраққа тамыр тартқан.

Бұнда, Жершарында ғасырлар бойы адамдар қоныс үшін, мал мен басқа иелік ету үшін тұлпарлардың тұйағымен таптап, қыймылын тоқтатқан емес, сол тұлпарлардың тұяғынан сынып түскен тұяқ, таға топыраққа сіңіп (топырақ жасырып),  татқа айналған көрністер көз алдыңа келеді.

Шындық қараниетке шөккенде

Құладүзде тұрған сахнаның пердесі

Ашылды, дегенде, адамның табиғатты өзгертуі, бойсұндыруы айтылған. Тоспа жасап, құмды құла дүзді өзгертіп, жасылдыққа айналдыру мақталса, көзсіздікпен, қараниеттілікпен жер байлығын орынсыз пайдаланудан келіп шыққан зардаптарды сындайды.

Көлеңкелер қарық болып

Құшақтасып жатыр

Тас көбіктен де жеңіл,  деп тыныштық орнаған (ұйқыға шомған) түндегі көлеңкелер (түрлі заттардың, өсімдіктің, бұтақта отырған құстардың, түн жамылып тұрған ғашықтардың көлеңкесі) сағыныштарын басып тұрған көрністерін, тасқа соғып көбіктенген судың кейпін беріп, обыраздандырған.

Қармақ қапқан балық бар күшін салып

Тулайды

Сарғайған қағаздың бетінде сужаңа жазу, бұнда жануар (балық) мен адамның байланысын ұштастырып, адамзаттың өз тіршілігі, мүдесі үшін экологялық жүйенің бір құрамы болған жануарларды орынсыз қармақ салып зияндайтын өзімшілдігі шенелген. Сондай-ақ, сарғайған тарихты, жаңалық басатындығы (сарғайған қағаз-су жаңа жазу) жазу арқылы ескінің орнын жаңа басатын философялық қағиданы айытқан.

Толқын келеді, кетеді

Жағада

Күндер шашылып жатыр, деп табиғат пен адам тіршілігі салыстыра суреттелген. Жағаны сүзгілеп тұрған теңіз толқыны мен мәнсіз өтіп жатқан адам тағдыры шендестіріліп, расында мағынасыз күндерін жерге шашылған тарыдай өткізіп жатқан адам өміріне сын көзбен қарайды.

Релист ауыстыратын жерде үнсіз мүлгіп

Пойыз тұр

Әлдеқайда қараңғыда мас біреудің ән салған дауысы

Естіледі.

Мүнда қоғамның қажеті үшін, белі иілгенше қайқая жүк тиеп, еңбек сіңірген темір көлікті мүлгіген адам кейпіне келтіріп суреттеп, жүк тиеген пойыздан шыққан үн мен сылқия араққа бөккен адамның ән салуы шендестірілген. Бәлкім ол ән салған жалқау, алқаш, я тегін олжаға бөккен, қуанышын тойлаған жемеңгердің дауысыма…

Терезенің сыртында айсыз түн

Әлде кім

Күндерін қаттап қара канвертке салып қойды, айсыз түн (табиғат) пен адам тағдыры шендестірілген. Айсыз түн - Айшарының Жершарын айналуымен қатысты. Жарық Ай - қуаныш, айсыз түн-қайғы, әлдекім, күні толған күні, айсыз түні күндерін (өмірін) аяқтастырып, қара кануертке (ажал) салып, аттанып кететін заңдылықты айтып, адам өмірінің қысқа, недеген өкініш, дейді.

Ақын қиял, фантастикадан пайдаланып, ойын түрлі заттарға сіңіре отырып, оқырманды ойға шомылдырады, ойландырады. Міне, бұл ақынның даралығы, өзінің дара жолы, сылоф деген осы. Мұндай көркемдік деңгейге көтерілген шығармадан іргемізді аулаққа салсақ болмайды. Мұндай үлгіде жазу өзіміздің ауыз әдебиетімізден де кезігеді. Мысалы:«Ләйлі-Мәжүндегі»:

«Махабаттың жолы тайғақ,

Астымда атым көп сүрінді.

Көкірегіңнің көзімен,

Таға соғып берсең нетті» - қарап көрейік, махаббат айтылып жатыр, ол ортақ, жануарлар да да махаббат бар, атты (жылқы) айтып отыр, жануар көп сүрінді, дейді, неғып? Ол атпен ғашығына барған, кезіге алмай көп томарларға кез болған. Ол нені тілеп отыр?… Көкірегіңнің көзімен, шын сүйсең, шын жүрегіңмен берілсең болды, дейді. Міне, бұл көкіректің көзімен соғылған ғашықтарға арналған адал махаббат.

Тағы, еліміздің әйгілі жазушысы Лу Шүн: «Жылы жердің жаңбыры тегіннен мұздай суық, дейді.»  Мұнда не айтылып тұр? Туған жер, кіндік қан төгілген жер әр кімге ыстық. Жер мен жаңбыр қатынасы бар. Жаңбыр жердің ырысы. Бірақ, не үшін туған жердің жаңбыры мұздай суық боп тұр? Суық-туған жердегі келеңсіз істерге (әрекеттерге) қаратылған. Лу Шүн дәуірі - соқыр сенім басым, февадалдық езгі жоғары, мұздай суық боп халықты езді. Сондықтан өрелі ойлы жазушы өмірді, табиғатты, тағдырды, тарихты… бірлестіріп, көркемдік деңгейде жазу - жазушының дара істіліне баыланысты. Мұндай даралық Ардақ Нұрғазыда бар. Оның көрегендік пен көркемдік деңгейдегі шығармаларының астарын, ондағы айтылған ой иірімін білу үшін сол ой иірімді бақылайтын көз жанар болу керек, көкірек көз жанарының микро микросковымен бақылағанда ғана сырын түсінеміз.

 

Nurzhan Orazkhan.

 

Ардақ Нұрғазыұлы. Саябақ

https://abai.kz/post/16235


Ардақ Нұрғазыұлы. Құз басындағы құйын

https://abai.kz/post/14526


Ардақ Нұрғазыұлы. Қорқыт (The Korkut)

https://madeniportal.kz/article/3006


Ардақ  Нұрғазыұлы. Қала аспанындағы қарақшы

https://www.angime.com/ardak-razboynik-kz


Ardakh Nurgaz. Май бояулы картина (The Painting)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3809


Ardakh Nurgaz. Қараңғы

https://mp.weixin.qq.com/s/Hjdf8TI020Fv896_66tm5w


Ardakh Nurgaz. Қалақай шөп (Urtica)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3883


Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Іңір (The Evening)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3601


Ardakh Nurgaz. Екі торғай

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3995

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты