Ardakh Nurgaz. Екі торғай

 38fb2ba85831cbbcc64c94cc446ae19b.jpg (800×798)

I

Екі күннің алдында

Торғайлардың біреуі

Есік алдындағы

Кәтелдегі суға тұншығып

Өліп қалғанын көрдім.

 

Екі күннен кейін

Екінші торғай да

Дәл солай

Кәстелдегі суда

Өліп жатыр.

 

Екеуі бір бейнеде

Ұқсамайтын ештеңесі жоқ

Тек мен ғана

Бір сұрақтың көлеңкесіне

Аттап кіріп алып

Қайтып шыға алмай тұрмын.

 

II

Кәтелдегі су таяз болғанымен

Ол одан өзін көрді.

Тәнін, тәнінің құштарлығын

Шөлді көрді.

Шөлдің артында өлім тұрғанын

Білген жоқ.

 

Аз ба, көп пе

Әйтеуір бір мезетте

Ол да қарады.

Ол өзін, шөлді және

Өлімді көрді.

Тасасында құштарлық тұрғанын

Білген жоқ.

 

III

Әлімнің таусылғанын білемін

Серпілуге шамам жоқ.

Дүниенің кеңдігі

Кәтелдің аузындай ғана екенін

Енді сезіндім.

Ұша алсаң ғана

Қанатыңның бары анық.

 

Сені жоғалтып алдым

Ұшып барып

Кәтелдің аузына қонғаның

Есімде

Менің де су ішкім келген.

 

Судың бетіне үңілгенімде

Сені көрдім.

 

IV

Шөп басы сарғайып

Жапырақ түсе бастаған

Күздің айы.

 

Түнде көтерілген тұман

Таң ата

Сейіле бастаған.

Ағаш бұтақтарында

Шық мөлдірейді.

 

Шарбақтан асып төгілген

Күн шуағында

Бусанған, дымқыл, жатып қалған

Қоғалы шөп.

 

Шөп арасында

Соңғы күлтесін жарған қызғылт гүл

Өзгеше көз тартады.

 

Келе жатқан аяз, қыс емес

Көктем сияқты.

 

Шарбақтың тасасындағы

Бір түп бүргенге

Күннің нұры әлі

Жете алмай келеді.

 

Шөп, жапырақ арасында

Қыбыр жоқ.

Айнала демін ішіне тартып

Әлде нені күтіп тұрған сияқты.

 

Екі торғайдың денесін

Алма ағашының түбіне көмдім.

Көңілім біртүрлі құлазып тұр.


Терезеден сарғайған күзгі баққа

Қарап тұрған жан сияқтымын.


V

Олар менің ерінімді

Менің өбуімді күтіп тұр.


Ardakh Nurgaz. Іңір (The Evening)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3601


Ardakh Nurgaz. Май бояулы картина (The Painting)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3809


Ardakh Nurgaz. Қалақай шөп (Urtica)

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3883

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты