Ardakh Nurgaz. Қас батыр, Вангок және үш кісілік одақ

 9caf0c1ee7b66ae4a1995edbfdc91f9f.jpg (1284×768)

Қай кезең екенін кесіп айту қиын, ақын бір кезеңде кемелділікке ұмтылады. Бұл төрт аяғынан тік тұрған, төрт тұрманы сай, қайталанбайтын дүние жазуға бет бұру ғана емес, онан да маңыздысы әлгі тиекке — сөздің бар болмысын ашып жіберетін тиекке қол тиген сәтке тура келеді. Бұл ақын өзі ұзақ іздеп келіп ақыры тапқан есіктің алдында сәл тыныстап тұрып, клтті бұрап ашқандай — өзін де ашып жібергендей — соған дейінгі барлық сәттілік пен сәтсіздікті, кедергілер мен адасуларды артқа тастаған, жетпек мақсаттың соңғы баспалдағын мыжып тұрғандай өзгеше көңіл күй. Құдіретті поэзияның да осы деңгейде өмірге келетінін айтпағанның өзінде, ақынның кемелділікке айналып кетер алдындағы толық бейнесіне байыздай қарап, түс тоқтатып қалудың өзі нағыз поэзияны тереңнен түсінудің өзгеше бір мүмкіндігі екені де шындық. Мұның өзіндік себебі де бар. Ақын өмір бойы сөздің клтін іздесе, оқырман ретінде — біз де тынбастан поэзияның клтін іздейміз.

Қазақ поэзиясында өзін жаңа бір әлемге айналдырып жіберетін әлгі есікті іздеген ақындар болмады емес, болды. Бірақ олардың бәрібірдей сол есікті ашты деп айта алмаймыз. Дегенмен, «Жалғыз» («Қазақ әдебиеті» №1, 2009ж) поэмасымен қазақтың талантты, бір туар ақыны Жәркен Бөдешұлы сол есікті ашқан сыңайлы.

Поэма кіріспеден және алты бөлек жырдан тұрады. Соңғы алтыншы бөлек бүкіл жырдың текшесі, тұғыры сияқты. Ол текшеде тіршілікке, бұлқынған өмірге қажетті дүние — ауа, су, топырақ бар. Бұл тұрғыдан келгенде поэма терезенің алдында, күн шуағында тұрған гүл құмырасына ұқсайды. Көзалдыңызға Ван Гоктың «Күнбағыс» атты май бояулы суретін келтіріңізші. Айтпақшы, Ван Гок пен ақын Жәркен Бөдешұлының арасында сырлы бір байланыс бар. Өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасында, ақын Вангок туралы өлең жазған. Ван Гокпен қатар сол тұста ақынның назарына ілінген тағы бір тұлға бар. Ол Шешенстанның тұңғыш президенті, аты әлемге әйгілі қасбатыр Жоһар Дудаев. Бұл екі адам ақынға несімен ардақты болды дейсіз ғой. Бұл екеуі де дара туған жалғыздар болатын. Жоһар Дудаев — жарты әлемге үкім сүріп тұрған Кеңес Одағынан тәуелсіздікті талап еткен бірінші көсем. Бұл тіпті 1989 жылғы іс. Ол кезде тәуелсіздік туралы ой кейін Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан елдердің өңі тұрамақ түсіне де кірмеген кезең болатын.

Қас батырдың бейнесі әсіресе олардың құрбан болар шағындағы соңғы арпалысы замандардан бері адамзаттың көкірек көгінде мәңгілікке жанған шырақтай болып қалып келеді. Әлем әдебиетінде жанып тұрған сондай шырақтың бірі Л.Толстойдың «Қажымұрат» повесінің соңындағы Қажымұраттың оқ тиіп құлап түсіп, жаны шығып кеткеннен кейін де, өзін жұлмалап, басын кесіп жатқандарды біліп жататын сол бір беттер. 1995 жылы Жоһар Дудаев та Қажымұрат сияқты сәтсіздікте қастандыққа ұшырады. Ақын Жәркен Бөдешұлы міне осы кезеңде қас батырға арнап жыр жазды. Бұл батырлық пен жалғыздық туралы толғау болатын. Ван Гокқа келсек, бұл адамның ақынды қызықтыратын себебі, Ван Гок соңғы екі ғасырдағы батыс суретшілерінің ішіндегі өнердің отына өзін өзі итеріп жіберген ең бір айтулы тұлға. Онан да маңыздысы, Ван Гок сурет өнерінде адамның ішкі рухани дүниесін жеріне жете, үзілді-кесілді, қайталанбастай етіп жасаған, жарық пен бояу арқылы адамзаттың арыдағы көрінбейтін әлемінен бір үзік жол ашқан өнер иесі. Ван Гоктың «Күнбағыс», «Тұқым себу», «Батар алдындағы күн» т.т. суреттері тап-таза рухани дүниені бейнелеуге арналған туындылар. Оларды өзінен бұрын ешкім жасай алмаса, кейін де қайталай алғандар болған жоқ. Бұл туындыларда рух пен тән өнерде үйлесім тапқан өзгеше бір өрнектің бар екені байқалып тұрады. Өнердегі мұндай ішкі келісімді біздің «поэзия» деп атауымызға да болады. Ақын Жәркен Бөдешұлын Ван Гокқа жақындатқан да суретшінің бойындағы осы поэзия. XIX ғасырдың соңында, Ван Гок өз суреттерін қалай «дүлей» етіп салса, сол кезеңдегі Француз ақындарының дәл сондай «дүлей» жазғаны бізге белгілі жағдай.

Сонымен өткен ғасырдың 90- жылдарының ортасында үш жалғыздың басы қосылған. Олар: Жоһар Дудаев, Ван Гок және ақын Жәркен Бөдешұлы. Бұл энергияның өзгеше жиналуы еді. Бұл арада осы топырақта жер басып жүргеніне қарамастан, жарты ғасырдан бері Жәркен Бөдешұылының да жалғыз болғанын айта кеткеніміз жөн сияқты. Қылышынан қан тамған Кеңес Одағының әлі де дәурені жүріп тұрған кезеңде, шекара жарып бері өткен ақынның 1990 жылдарға дейін желі оңынан тұрды- деп айта алмаймыз. Идеялогияға ең қатал қарайтын саяси жүйе ретінде Кеңес Одағы үшін Жәркен Бөдешұлы ең әуелі «қашқын», одан қалса «қазақ» болды. Енді бір сөзбен айтқанда ол «қашқын қазақ» еді. Орыс та, тіпті қазақта емес «қашқын қазақ» болудың неден дерек беретінін сезіну үшін Кеңес Одағы кезін іздеп жатудың қажеті жоқ, оны бүгінгі өмірден-ақ сезіне салуыңа болады. Ол дегенің барлық жағынан қоғамның шеткері, алыс аймақтарына шеттетілу — көзге түсе бермейтін, елеусіз, ешкімнің алдынан көлденең өтпейтін, тек өзіңе өзің ғана сыбырлап сыр ашатын міскін өмір. Жәркен Бөдешұлының 1970 — 1990 жылдарда жазған шығармаларына назар салсаңыз, туған жері Жәйіртауды жырға қосқан өлеңдерінен басқада, ақынның тұсаулы аттай кібіртіктеп, созылып шаба алмағанын бірден байқайсыз.

Жәркен Бөдешұлының жырдағы бағын ашқан 1991 жылы келген тәуелсіздік болды.

Өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасында құрылған үш жалғыздың одағы араға он жылдай уақыт салып барып өз жемісін берді. Жинала берген энергияның түптің түбінде партыламай қалмайтыны белгілі еді. Ол жарылыс мынау алдымызда жатқан «Жалғыз» поэмасы. Бұл арада «неге он жылдай уақыт қажет болды?» деген заңды сұрақ туады. Бұған біз поэманы бастап оқып алғанан кейін жауап қарастырып көрейік.

Жалғыз арқар.

Жалғыз оқ.

Жалғыз құздың басында —

Селт етпейді боранға,

Селт етпейді жасынға.

Мұңлы қоңыр жанары бір жанады, бір өшіп,

Ажалына сүйеніп, қатып қалған сіресіп.

Қос өкпесі деміксе – жуан исі бұрқырап,

Таңғажайып тағдырға тау тағысы тұр шыдап.

Жапанда жалғыз бәйтерек, айнала дауыл боратқан.

Жапырағын желге ол тонатқан.

 

Өз діңіне сүйеніп, шайқалса да жарықтық құламайды құрдымға –

Тамыры шынжыр болаттан.

Батыр Баян бабамыз ақ найзаға сүйеніп, ел қорғаған қасқайып,

Көкірегін кекті жас шайып.

Киелі қара шаңырақ, сүйеніп қызыл уыққа, уыққа емес рухқа.

Ана тіл ақ боз биедей оқыранып, жер тарпып,

Талқандап тұсау, кісенді ілінбеген құрыққа.

Ақ бесікке сүйеніп, әлди-әлди әндетіп апамыз бөбек тербеткен.

Әкем қырдың басында ақ таяққа сүйеніп ақтылы қой төлдеткен.

Ең әуелі айтарымыз, жыр еркін жазылған. Бұл бостандықтың белгісі. Идеялогияның қатаң ноқта-жүгенімен қаңтарылған 1991 жылдан бұрынғы Кеңес қазақ әдебиетінің поэзияға қойған талап-талғамы, түсінігі бойынша өлеңде ең алдымен бәрін көзге көрсетіп тұратын нақты форма болуы керек. Партия өзін қалай тұйық ұстаса, басқаларға дәл соның керісінше барынша ашық болу талабын қоятын. Ақындар саналы не бейсаналы түрде өлең үшін ғана емес, форма үшін де ұйқас жасауға міндетті бола беретін. Тәуелсіздіктен соң 18 жылдан кейін жазылған жоғарыдағы жырда жандүниені шеңбектеген ондай буғау дегенің атымен жоқ. Бұл жолдар бостандықтың рух та, өнер де, қалаберді мәтінде белең беруі. Бұндай бостандыққа шығу Кеңес қазақ әдебиеті үшін оңай болған жоқ. Көптеген ақындар тәуелсіздіктен кейін өлең жаза алмай қалды, жазса да кешегісін қайталаудан ары аса алмады. Әубастағы қарақұрым шаңнан бой жазып сытылып шыққан ақындар да болды. Әне солардың бірі Жәркен Бөдешұлы еді. Жоғарыда біз «Жалғыз» поэмасына дейін ақын он жылдай уақыт жұмсады-деген болатынбыз. Сол сөздің мәнін де осы тұстан табамыз. Өткен он жыл бойында Жәркен Бөдешұлы өзінің Жаңа поэзиясын іздеумен болды. Осы жылдарда оның қаламынан онға тарта поэма, жүздеген өлең туды. Олардың ішінде сәтті шыққандары да, кемістік қалғандары да болды. Бірақ, үздіксіз жалғасқан шығармашылық ізденіс ақынды үзбей толғаныста ұстады. Бұл түйіннің маңызы зор. Тау басынан төмен домалаған қардың етекке түскенше жолындағының бәрін жиып, үздіксіз ұлғайып, дүлей күшке айналып кететіні сияқты, ақынның рухани дүниесі де үздіксіз ұлғаю, барынша көп, кең дүниені шарпи отырып жаңа бір өнер туындысын жасақтауға қарай бет түзеген. Міне осы тұста ақын әлгі өзі көптен іздеген, аңсаған есігін тапқан.

Жоғарыда келтірілген жырдың алғашқы тоғыз жолы бір мазмұн ретінде оқырманға «жаралы арқар» мен «оқ» деген бір біріне қатысы бар түсінікті сийлайды. Бұның артында ерлік, қайсарлық жиып келгенде батырлық тұр. Ақын онан кейінгі жолдарда батырлықтың тегін ұлы рухтан іздейді. «Тамыры шынжыр болаттан» тұрған алып бәйтерек сана көгіне көтеріледі. Келесі жолда батырдың өзі ортаға шығады. Ол — Батыр Баян. Бұл жерде Батыр Баян ақын санасындағы барлық қасбатырлардың өкілі ретінде тұр. Оның орнына басқа батырды қоюымызға, айталық Жоһар Дудаев атауымызға әбден болады. Батырлардың иілмей, қасқайып тұратыны тіпті өлгенде де бойын бүкпей құлайтыны (Қажұмырат сияқты) бізге өте таныс көрініс. Қазақтар бұны «еңсесі биіктік» деп бағалайды. Түркі тектілер үшін көктен қалса, отбасы — шаңырақтан биік, еңселі дүние жоқ. Шаңырақты көтеріп тұрған уықтың «рух» болатын қадір-қасиеті де міне осында. Ақын поэмасының кіріспесінде бәйтеректен басталып, шаңыраққа ұласқан асқақтықты жиып келіп бесіктен белін буып шығатын Ана тілге апарып бір-ақ тірейді. Бұл бөлекті ақынның шабыт шақыруға жасаған тұздығы деуімізге де болады. Өлең содан кейін шындап басталады:

Жоңғар құмын омбылап, Сары-Арқаға жеткенше —

Қияметтей жол жүрдім.

Өкпемді қарып ыстыққа, жүректі аяз, тоңға ұрдым.

Адамша ерлік жасадым, бұралқы иттей болдырдым.

Өмір сүрдім дегенім — тырағай тірлік, тірі егес.

Тек өлген соң боламын құбылмалы құр елес.

Алабөтен тағдырым Такламакан шөліндей жазы ыстық, қысы аяз.

Қабірімнің басында сексеуіл өсер, гүл емес...

Жалғыздыққа сүйенген Мен де жалғыз арқармын.

Жалғыз өлең дарыса жүректегі тарқар мұң.

Жырдың уы бойыма жайылғанда өлермін,

Өзі айтады үкімін келер ұрпақ, келер күн.

Бұл енді жоғарыда айтып өткен үш жалғыздың біреуі, өмірдің асу-асу белдерінен асып, тірі келе жатқан ақын — Жәркен Бөдешұлының өз портреті. Алғашқы алты жолда ақын айнақатесіз өзі туралы жазады. Күні кеше ақын дәл осы тақырыпты кеңейтіп поэма етіп те жазған болатын. Келесі екі жолда ақын санасы басқа Жәркен Бөдештерді шарлап өтеді. Олар — шекараның аржағында қалған, Жәркен Бөдештің замандас ағалары, тұстастары, інілері — өткен ғасырдың 60, 70- жылдарында қытайда алды атылып, арты 25, 20 жылдан сотталып, Такламакан шөліндегі жаза лагерлерінде қалған ақын, жазушылар. Айталық Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Задахан Мыңбайұлы, Оразхан Ахметұлы.т.т. Қаласақ бұл тізімдікті он емес, жүзге дейін созуға болады. Бұдан кейін Жәркен Бөдешұлының жалғыздығы жаңа мағына алуға тиіс. Енді ол ерекше дәуірдің куәгері ретінде де жалғыз деген сөз. Ендеше жалғыздық деген сірә не өзі? Ақын поэманың келесі үшінші бөлегінде бірден осы тақырыпты ашуға көшкен, шығарманың өзіндік кескін-келбеті де, болмысы да осы жерден көрнеуге шығады.

Бұл жалғанда кім жалғыз?!

Ақ борықтай Ай жалғыз, айдан нұрлы Күн жалғыз.

Жарқырап тұрған шолпан да жалғыздығын сезінер,

Таң алдында көз ілер...

Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда... ...

Жоғарыда біз Жәркен Бөдешұлы өзінің Жаңа өлеңін ұзақ іздеді және оны тапты- да деген болатынбыз. Осы сөзімізге дәлел ретінде поэманың жоғарыда басталған екінші бөлегі мен келесі үшінші бөлегін атауымызға болады. Бұл екі бөлек жырдағы көзге ұрып тұрған ерекшелік — онда қатып қалған форма жоқ, оның орнына өзіне тән форма бар. Ол форма ырғақ — музыка. Француз ақыны Малерме кезінде поэзия түптің түбінде музыкаға жақындауы керек-дегенді айтқан болатын. Символистердің сонда көздегені алуан түсті бояудан, симфонияға ұласқан әуеннен, телегей-теңіз мазмұннан тұратын бір әлемді кескіндеу болатын. Бұл ой кезінде асыра сілтеушілік- деп қаралып, көптеген таластар тудырса да, XX ғасырда өлеңде жетістікке жеткен ақындардың оның әсеріне ұшырамағаны кемде кем. Символистердің жоғарыдағы талабын бір ауыз сөзге жинақтар болсақ, ол «өлеңнің тығыздығын арттыру» болып шығады. Өлең бірсыдырғы, жалаң көріністі емес, қайта қатпарлы, құйқалы болу үшін не істеу керек? Ол үшін символистердің ескертпесін ескермей болмайды. XX ғасыр әлем әдебиетінде, өлеңнің тығыздығы мәселесін ең қарапайым жолмен тамаша шешкен ақынның бірі 1987 жылғы Нобель сыйлығының иегері, АҚШ қарастылығындағы орыс ақыны И.Бродский. Оның «Ж.Донды жоқтау жыры» тығыздығымен дараланып тұратын туынды. Бұл өлеңде И.Бродский «ұйқыда» деген сөзді іліп алады да, оны топса ете отырып, елу реттен артық қайталап қолданып «ұйқыданың» екінші мағынасын іздейді.

Джон Донн уснул, уснуло всё вокруг.

Уснули стены, пол, постель, картины,

Уснули стол, ковры, засовы, крюк,

Весь, гардероб, буфет, свеча, гардины.

Уснуло все. Бутыль, стакан, тазы,

хлеб, хлебный нож, фарфор, хрусталь, посуда,

ночник, белье, шкафы, стекло, часы,

ступеньки лестниц, двери. Ночь повсюду... ...

 «Болышая элегия Джону Донну»

 Түптеп келгенде поэзияның өзі сөздің осы екінші мағынасын іздеу. Жәркен Бөдешұлы да поэмасының екінші, үшінші бөлегінде «жалғыздық» дегенді қалқып алады да, осы сөздің екінші мағынасын іздейді. Бұнда ақын ырғақ, әуенге сүйене отырып (бұл симвлистердің басты талаптарының бірі) қайталаулар, үстеулер жасайды. Оқиық:

... Жалғыздықтың азабын Шәкерімдей тартқан кім?

Жалғыз құдық түбінде жалғыз қурап жатқан кім?

Жалғыз таудың қуысын жалғыз қажы паналап,

Жалғыз балға. Төрт таға. Жалғыз атын тағалап.

Тобылғы сап, жез бунақ, жалғыз қамшы сабалап...

Жалғыз қыстау. Жалғыз меңіреу тас үйде:

Жалғыз шырақ. Жалғыз төсек. Жалғыз жастық.

Жалғыз қыран. Жалғыз құман. Жалғыз шаршы жайнамаз. ...

Бұл арадағы қайталау бізге (оқырманға) әсте жайшылықтағы қайталаулардай қарабайыр сезілмейді. Себебі оның тегінде музыка — әуен жатыр. Біз біріншіден, сөздің өз мағынасын емес, екінші мағынасын қабыл аламыз. Одан қалса әуенге берілеміз. Егер кімде кім поэманың осы екі бөлегіндегі мазмұнды таратып жазар болса, оның том-том кітап жазарында дау жоқ. Бұл жерде өлеңнің биік поэзиялық деңгейге көтеріліп кеткеніне, соның арқасында ақын «жалғыз» деген сөздің анықтамасын шексіз кеңдікке сөза алғанына куә боламыз.

Поэманың төртінші бөлегі «даралық» және «тобыр» деген мазмұнды бөліп алып қортқан. Бұлар алдыңғы мазмұнда да қамтылған. Бірақ ақын бұл мазмұнды дара қайталау арқылы шығарманы тағы бір биікке көтерген. XX ғасырдың тумасы ретінде ақын жоғарыдағы тақырыптан айналып өтуге болмайтынын анық аңғарған сияқты. Кешегі жарты әлемді қанқақсатқан коммунистерден тартып, бүгінгі қара басының тойымсыз қара ниетінен жұртты жерге, ұлысқа, жүзге, руға бөліп аласұрып адасып жүргендердің бәрі де осы топшылдықтың ауруымен ауырғандар. Ондайлардың бір ғана сұмдық қорқатын қас дұспаны бар. Ол — даралық. Коммунистер кімді қырды? Ең алдымен халықтың ішіндегі сорпа бетіне шығар, жетекке ере бермей даралана алатын адамдарды қырды. Бұның себебі халық өзінің әлгіндей ұл-қыздарынан айырылған соң, бірден тобырлық деңгейге төмендейді, қоғам қара ниеті қабынғандар мен алаяқтардың ойына келгенін істеуіне кең жол ашады. Кеше ғана өтіп кеткен XX ғасырдың өзі осындай сорақылыққатардан жетіп-артыларлықтай мысал көрсеткен жоқ па?! Бұл тұрғыдан келгенде поэманың төртінші бөлегі аса ауыр салмақ ұстап тұр. Бұл бөлек лирикалық жырда әлеуметтік-тарихи тақырыпты (тарихшылар қанша жазса да дәл түйінін басып, жеткізіп айтып бере алмай жатқан дүниелерді) тамаша жеткізген жыр ретінде қазақ позиясының жарқын беті болып қалатыны анық. Осы жолдарды оқиық:

Бауыры жерге тимеген, шалғысы күнге күймеген —

Ақ сұңқарды жаралады сауысқан, қарға, құзғындар —

Шоқып, түртіп талады. Қауырсыны желге ұшып, қос топшысы қанады.

Арашалар ешкім жоқ, Сұңқар маған қарады.

Мен Сұңқарға қарадым, тұнжырап түндей қабағы.

Қаламымның ұшымен құзғынның көзін ағыздым.

Белбеуімді суырып сауысқан мен қарғаны —

Сансыратып сабадым.

Ақ Сұңқар құс былай деп — сабырлықпен үн қатты:

«Жүрегімдей көрдің бе, қан жоса боп күн батты.

Арашадан қалған жан, жан емес ол, жалған жан.

Шапағат, мейірім күтпеймін мынау жалтақ жалғаннан»

Сұңқар басын тасқа ұрды, Өз үкімін пәш қылды.

Жалғыздықтан қорықпаймын, топқа, жікке бөлінген,

 құм төбедей өрілген тобырлардан қорқамын.

Аш бөрідей бүкеңдеп, жортсам, жалғыз жортамын.

 Тырналар ұшар тізіліп, бұлдырық ұшар топтанып.

Ал, құстардың тектісі қырандар жалғыз самғайды.

Жер мен Көкті шарлайды.

Тексіз шиебөрілер оннан-бестен ұйлығып жүргенімен қампайып,

Бірін-бірі аңдыйды, бір-бірінен қорқады.

Күн баласы арыстан, түн перісі сілеусін, тау серісі

Барысың жалғыз-жалғыз жортады.

Күйбеңдемей күй кешіп, өзіне өзі сенеді такаппарлық, паңдықпен.

Ығысады олардан былайғы топшыл аң біткен.

Сыбыры көп болғанмен, сылдыры көп болғанмен —

Жолбарыс үрікпес қамыстан.

Ажалдан емес, Сұңқарша өлермін түбі намыстан.

Күншіл топтан жерінген мен бір тарпаң құланмын.

Күлсем жалғыз күлермін, жыласам жалғыз жылармын.

Уатшы деп біреуге қол қусырып құнықпан.

Құлай қалсам сүйегім табылар шыңырау құдықтан.

 Поэманың бесінші бөлегі шарықтап кеткен қиялдың сәлде болса тізгіні тартылып, өлеңді өмірге жақындату сияқты сезіледі. Сондықтан да бұл жолдарда ақын өзінің аса қадір тұтатын ақын ағалары мен інілері туралы тоқталып өткен. Бізде содан бұл бөлекке онша шұқшиып кетпедік. Бұдан соң поэма сірке жияр ақырғы алтыншы бөлекке — түйін сөзге қадам тастайды. Оқиық:

Кең аула.

Шексіз кеңістік.

Қанатты жыр — менде бар, емеспін нөсер жауынға, найзағайға, желге зар.

Кең аулама ектім мен өз қолыммен түп емен,

Түп еменнің түбіне Ай туғанда түнегем.

Сол емендей қасқайып тағдырыма қасарып.

Сол емендей найқалып, сол емендей түнерем.

Кең аулама ектім мен, алма ағашын аласа,

Суармаған кешім жоқ. Ұрпақтарым алмасын үзіп-үзіп жесін деп.

Кең ауламның ішінен шыңырау құдық қаздым мен.

Суы көздің жасындай, іше бергім келеді, сусыным бір басылмай.

Кең аулама сыйғасын, құс баулып, ат ұстадым.

Көрмейін деп тірідей бұл жалғанның қыспағын.

Құс болғасын қолымда, ат болғасын астымда, місе тұтпай ауламды —

Шықтым дала, тас қырға.

Апанынан осылай ұзап шығып жортады екі ұртын майларға —

Қасқыр екеш, қасқыр да.

Қолымда құс болғасын, көтерілдім ғарышқа,

Кеңістігін жұлдыздар қызғанбады қорғаштап,

«Ақбозат» пен «Көкбозат» кісінесті жол бастап.

Кең аула, шексіз кеңістік, қанаты жыр деген сол,

Онсыз менің болады жүрегім мұз, төбем сор.

Сел жаусада сөнбейтін өлеңнен қойдым от жағып,

Төрт құбылам жап жарық, ортасына мені алып —

Суретке түсер көп халық...

Суретке түсер Алты Алаш, патша да, ханым да шарпылып жүзі жалынға.

Бұл жолдарды бүкіл жырдың, тіпті жалпы Жәркен Бөдешұлы шығармаларының алтын тұғыры деуімізге болады.

Кең аула.

Шексіз кеңістік.

Осы жолдардан бастап ақын енді жаңа әлем. Жәркен Бөдешұлының өлеңдерінің барлығынан дерлік өзгеше трагедиялық сарын есіп тұрады. Ертеректе жазған өлеңдерінде ол бізге ақынның туған жері Жәйіртауға жолдаған сағыныш сазы болып естілсе, уақыт өте келе ол әуен бұрынғысынан өзгеше, күрделі, қарауытқан, тереңге тартқан үнге айналып кеткен. Біз ол әуенмен осы поэманың басында да кездесіп қаламыз. Бірақ, бұл әуен поэманың ақырғы бөлегінде тұңғыш рет күрт өзгереді. Поэманың құдіреті де осы бұрылыстан туындаған. Енді ақын күйзелмейді де күңіренбейді, қайта, соның бәрін — түнекті, қараңғылықты, қайғыны жиып келіп, соңында одан өзгеше бір дүние — айталық айналасына тек жарық пен жылу сыйлайтын күн жасайды. Бұл көзбен, құлақпен емес, көкірекпен сезінуді қажет ететін деңгей. Бұл жерде мынадай бір сұрақ және соған жауап тұр: Адамзат деген кім өзі? Ғарыштан қарағанда көзге көрінбейтін шаңдай ғана осынау «жер» деген мекенде қыбырлап жүрген, оң-солына қараған, «не үшін? неге бұлай?» деп өзіне күбірлей алған жан иесі сырлы тірілікті не деп түсінуі керек? Ескен желдей өте шығатын өмірде «мен былай өмір сүріп едім» деп өзінің бір кезде тірі болғанына белгі ретінде өмірге қандай қазық қағуға тиіс? Еріксіз ойланасың. Поэманың ақырғы бөлегін оқып отырғанда менің ойыма бірден «ауа, су, топырақ» деген сөздер келді. Бұл үш сөз біздің санамыздағы табиғат ананың — тіршіліктің, дарқандық пен мейірімнің бейнесі емес пе. Біз өзімізге «біз кімбіз? Біз немізбен мағынаға иеміз?» деген сұрақты адал қойғанда ғана осы үш сөздің тасадағы мағынасына терең бойлай аламыз, Жәркен Бөдешұлының кеңістігіне де енеміз. Біздің санамызда өзімшілдік, қызғаншақтық, қатыгездік қашанда үстем тұратынын да білеміз. Бірақ, онда сол бір сезімнің де бар екені шындық. Әйтпегенде біз әлгі үш сөзді бұлайша қосақтап айтпаған болар едік. Тіршіліктің бір түрі ретінде адамзаттың — біздің — мәніміз де бойымызда міне осы ерекшелігіктің бар екендігінде.

 Осылайша Жәркен Бөдешұлы әлгі есікті тапты, есіктің көзінде сәл тұрды да кілтті бұрады, есік ашылды. Біздің алдымызда жаңа бір әлем тұр. Бұл енді қазақ поэзиясы үшін де жаңа кеңістік.

 

Жалғыз

 

Ғұлама таулардың тұрғыны - арқар, құлжаны кәнігі мергендер күзде, тек қана күзде аулайды. Жауынға бөртіп, шыққа шыланып піскен қара жусанды қарпытып, тасты жарып шыққан мөлдір бұлақпен шөлін басқан еркін, қамсыз хайуандар, қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдардай бірден құлап түсіп, жан тәсілім етпейтін көрінеді. Қойдың құмалағындай қорғасын оқтың уы ұлы денесіне тегіс жайылып болғанша сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. Мұны ежелгі аңшылар қауымы “оққа сүйенген жалғыз арқардай” деген тәмсіл арқылы еске салады. Ақынша айтсақ:

 

 

Жалғыз арқар.

Жалғыз оқ.

Жалғыз құздың басында –

Селт етпейді боранға,

Селк етпейді жасынға.

Мұңлы қоңыр жанары бір жанады, бір өшіп,

Ажалына сүйеніп, қатып қалған сіресіп.

Қос өкпесі деміксе - жусан исі бұрқырап,

Таңғажайып тағдырға тау тағысы тұр шыдап.

Жапанда жалғыз бәйтерек, айнала дауыл боратқан.

Жапырағын желге ол тонатқан.

Өз діңіне сүйеніп,

Шайқалса да жарықтық құламайды құрдымға –

Тамыры шынжыр болаттан.

Батыр Баян бабамыз ақ найзаға сүйеніп,

Ел қорғаған қасқайып,

Көкірегін кекті жас шайып.

Киелі қара шаңырақ, сүйеніп қызыл уыққа, уыққа емес рухқа.

Ана тіл ақ боз биедей оқыранып, жер тарпып,

Талқандап тұсау, кісенді ілінбеген құрыққа.

Ақ бесікке сүйеніп,

Әлди-әлди әндетіп анамыз бөбек тербеткен.

Әкем қырдың басында ақ таяққа сүйеніп,

Ақтылы қой төлдеткен.

 

I

Жоңғар құмын омбылап, Сары-Арқаға жеткенше –

Қияметтей жол жүрдім.

Өкпемді қарып ыстыққа, жүректі аяз, тоңға ұрдым.

Адамша ерлік жасадым, бұралқы иттей болдырдым.

Өмір сүрдім дегенім - тырағай тірлік, тірі егес.

Тек өлген соң боламын құбылмалы құр елес.

Алабөтен тағдырым

Такламакан шөліндей жазы ыстық, қысы аяз.

Қабірімнің басына сексеуіл өсер, гүл емес ...

Жалғыздыққа сүйенген, Мен де жалғыз арқармын.

Жалғыз өлең дарыса, жүректегі тарқар мұң.

Жырдың уы бойыма жайылғанда өлермін,

Өзі айтады үкімін келер ұрпақ, келер күн.

 

II 

Бұл жалғанда кім жалғыз?!

Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз.

Жарқырап тұрған Шолпан да жалғыздығын сезінер,

Таң алдында көз ілер...

Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда.

Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да.

Аспанды бұлт торлайды, жауынсыз жер сорлайды.

Абылай хан жалғыз болғансын, Бұхар екеу болмайды.

Махамбет жалғыз құбылыс, Исатай оқыс бұрылыс.

Ақжайық көздің жасындай, Қарой топырақ бір уыс...

Қиял - қыран, ақыл - шың. Майдансыз қайтпас жау беті.

Сен де, жалғыз батырсың. Ер Баукең Момыш әулеті.

Көңілде бар көп түйткіл, айтыла бермес көбінде.

Өмір жалғыз болғасын, екеу емес өлім де.

Өз көзіммен көргем жоқ, себебі әлі өлгем жоқ.

Тозақ та жалғыз деседі, жұмақ та жалғыз деседі.

Бір қынаптың ішіне екі қылыш түнемес.

Айтарым бірақ, бұл емес.

 

... Жалғыздықтың азабын Шәкәрімдей тартқан кім?

Жалғыз құдық түбінде жалғыз қурап жатқан кім?

Жалғыз таудың қуысын қысы-жазы паналап,

Жалғыз балға. Төрт таға. Жалғыз атын тағалап.

Тобылғы сап, жез бунақ, жалғыз қамшы сабалап...

Жалғыз қыстау. Жалғыз меңіреу тас үйде:

Жалғыз шырақ. Жалғыз төсек. Жалғыз жастық.

Жалғыз Құран. Жалғыз құман.

Жалғыз шаршы жайнамаз.

Бес намазын оқиды. Күңіреніп білікті ұл,

Тыңдайды оны сай-сала,

Орман тоғай, Тымық қыр.

Жалғыз жарлы ас үйде:

Жалғыз ошақ. Жалғыз қазан. Жалғыз шөміш.

Жалғыз көсеу. Жалғыз табақ. Жалғыз кесе.

Жалғыз қасық.

Жалғыз шәугім. Бәрі-бәрі жалғыздан.

Жалғыз жүрек. Жалғыз қалам. Жалғыз жан.

Тас қораның сыртында:

Төңкерілген ит-аяқ.

Жалғыз боран. Жалғыз бөрі ұлып тұр.

Емен есік күзеткен жалғыз шойын құлып-құл...

Босағада мөңірейді іші қуыс тұлып құр.

Ағаш науа ішінде қатып қалған тұнық су.

Қатып қалған сіресіп жалғыз қайың құрық тұл.

Беу, жалғыздық әлемі, беу жалғыздық әлемі.

Ғұламаға ғұмырлы жарасқаның әдемі...

Жалғыздықтан қорқады обыр, жемқор,

Топшыл, құзғын, күшіген.

Жалғыздықты - даралық, даналық деп түсінем.

Тағдырлар бар сан алуан, ішінде құла, аласы.

Жалғыздықтан жаралған адамзаттың баласы.

Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа қашайды ел.

О, жалғыздық, жасай гөр, о, жалғыздық, жасай бер!

 

III

- Кім жалғыз бұл жалғанда?!

- Қара жер жалғыз қашанда.

Адамның жетпес ақылы қолдан оны жасарға.

Қайран, біздің Сары-Арқа сағымнан алтын сапырған.

Қайран, біздің Жетісу топырағы құт шақырған.

Қайран, біздің Қарақұм дауылы тау көшірген.

Қайран, біздің Атырау мұнайын қыздай ұзатып,

Ел мерейін өсірген.

Солай да, солай десек те, жер-судың бәрі есепте ...

Өлуге маған болмайды, Тағдырым шіркін, сондай-ды.

Жер қалмады бұл маңда сүйегімді көмерге.

Жердің бәрі сатылған. Сатылған жер қат-қабат тікенек сыммен қоршаулы.

Құстар да аспан самғаған, балық та суды шарлаған –

Сатылып кеткен бәрі де.

Қалмағасын сүйем жер, сүйегімді көмерге –

Аяқ пен қолым ұйқасып, жүрегім күмбір күй тасып -

Қыл қобыздай мөңіреп жарғақ екі құлағым –

Санам құстай сілкініп - айналып кеттім өлеңге, айналып кеттім өнерге.

Жалғыздықтың азабын тартқан жалғыз мен бе екем:

Күйші Құрманғазыға кілтсіз “Кісен аштырып” –

Күңіренген Қорқытқа тірідей көр қаздырған –

“Торайғырды” тағалап, ерке “Аққуға” наз қылған –

Домбырам, сен де жалғызсың.

Қобызым, сен де жалғызсың.

Ұшқыр қиял, кемел ой, шіреніп тартқан жебедей,

Дарияға салған кемедей тілім де жалғыз, ділім де.

Қатыгез қатал ғасырдың тепкісіне шыдаймын.

Ашынған даусым жетсе екен құлағына Құдайдың ...

Төбең көкті тіреген, ағашың құстай түлеген –

Алатау, сен де жалғызсың.

Көгілдір нілге шыланған, Күнікей қыздай сыланған –

Көкшетау, сен де жалғызсың.

Қазынасы қат-қабат, арулары ақ тамақ –

Қаратау, сен де жалғызсың.

Алтынын бұлттай көшірген, бұғысын ұлдай өсірген –

Алтай, сен де, жалғызсың.

Шекарасы темірден, байлығы мұнай, көмірден,

Ақыны бұлттай егілген Жайыртау, сен де жалғызсың.

Патшаның алтын тағындай, адамзаттың бағындай,

Хан-Тәңірі, сен де жалғызсың!

Таңғажайып ертектей, еңіреп туған еркектей –

Тарбағатай, сен де жалғызсың.

Кешір, мені, тауларым, жалғыз-жалғыз болғасын,

Қосылмайды бастарың. Араласпайды тастарың ...

Жұтынып тұрған жұт жетеу,

Құлшынып келген құт жалғыз.

Ғалам шексіз әмәнда, кіндік кескен жұрт жалғыз.

Жалғыздықтың азабын тартқан жалғыз мен емес,

Жалғыздығын өзінің сезбеген ел, ел емес.

Азия, сен де жалғызсың.

Еуропа, сен де жалғызсың.

Бостандық, шындық, ақиқат

Сендер де мендей жалғызсың.

Отан жалғыз. От жалғыз.

Қайда қаңғып кетсек те. Саған келіп тоқтармыз.

Барымызды жарылқап, жоғымызды жоқтармыз.

Ділсіздерді тілгілеп, опасызды соттармыз.

 

IV

Бауыры жерге тимеген, шалғысы күнге күймеген –

Ақ сұңқарды жаралы сауысқан, қарға, құзғындар –

Шоқып, түртіп талады.

Қауырсыны желге ұшып, қос топшысы қанады.

Арашалар ешкім жоқ Сұңқар маған қарады.

Мен Сұңқарға қарадым, тұнжырап түндей қабағым.

Қаламымның ұшымен құзғынның көзін ағыздым.

Белбеуімді суырып сауысқан мен қарғаны –

Сансыратып сабадым.

Ақ Сұңқар құс былай деп - сабырлықпен үн қатты:

“Жүрегімдей көрдің бе, қан жоса боп күн батты.

Арашадан қалған жан, жан емес ол, жалған жан.

Шапағат, мейірім күтпеймін мынау жалтақ жалғаннан”

Сұңқар басын тасқа ұрды, Өз үкімін паш қылды.

Жалғыздықтан қорықпаймын, топқа, жікке бөлінген,

құм төбедей өрілген тобырлардан қорқамын.

Аш бөрідей бүкеңдеп, жортсам, жалғыз жортамын.

Тырналар үшар тізіліп, бұлдырық ұшар топтанып.

Ал, құстардың тектісі — қырандар жалғыз самғайды.

Жер мен Көкті шарлайды.

Тексіз шиебөрілер

оннан-бестен ұйлығып жүргенімен қампайып,

Бірін-бірі аңдиды, бір-бірінен қорқады.

Күн баласы Арыстан, түн перісі Сілеусін,

тау серісі Барысың жалғыз-жалғыз жортады.

Күйбеңдемей күй кешіп,

өзіне-өзі сенеді тәкаппарлық, паңдықпен.

Ығысады олардан былайғы топшыл аң біткен.

Сыбыры көп болғанмен, сылдыры көп болғанмен –

Жолбарыс үрікпес қамыстан.

Ажалдан емес, Сұңқарша өлермін түбі намыстан.

Күншіл топтан жерінген мен бір тарпаң құланмын,

Күлсем жалғыз күлермін, жыласам жалғыз жылармын.

Уатшы деп біреуге қол қусырып құнықпан.

Құлай қалсам сүйегім табылар шыңырау құдықтан.

 

V

Жалғыздықтың тозағын, тартқан жалғыз мен емес.

Жалғыздар бірақ, көп емес.

Ақындары Апаштың, шеттерінен қызыл шоқ,

жел үрсе маздап жанады.

Шабытты шақ, оқыс шақ. Қарашаңырақ Қағаны –

Мырқасымұлы Нұрланжан үйренсең де от ұстап -

сен де, жалғыз, дарасың.

Уға, балға толтырған, жырдың күміс шарасын.

Көк түріктің әуенін асқақтатқан әспеттеп,

Рухына кетердей, топырақ түгіл тас көктеп.

Медетбек тегі Темірхан, сен де мендей, жалғызсың.

Қарға бойлы Есенбай, Дүйсенбайдың тумасы –

Өлеңнің сұңғақ ағашы, Жәркеннің жалғыз ағасы –

Айналаңа қарашы? Тұғырындай бүркіттің,

Сен де мендей бір түпсің.

Несіпбек Айттың оғлы, “Көкала үйрек” секілді –

Сен де жалғыз құстайсың.

Ата жырау Ақтамбердінің аузымен,

Қасқалдақтың қанымен жіберейін ұшықтап,

ұш, тағы да ұшып бақ.

“Фариза қыз, Фариза қыз,

өмірде ақындардың бәрі жалғыз”.

Жалғыз, жалғыз, жалғыздарым-ай,

рухани балмұздағым-ай!

Балмұздағымды, жалғыздарымды жарға қамалап –

Сары уайымға салғызба, Құдай!

Тұз уатқан келсаптай ағарса да қастарың,

ағарса да шаштарың –

Жалғыздықтың дертіне шыдап бақ, замандастарым!

Шыдаңдар, шыдап бақ! Шыдаңдар, шыдап бақ!

Қараңғыға - шырақ сәт. Сусағанға - бұлақ сәт.

Өмір бұлаң сағымдай, өмір деген бір-ақ сәт.

 

VI

Кең аула.

Шексіз кеңістік.

Қанатты жыр - менде бар, емеспін нөсер жауынға,

найзағайға, желге зар.

Кең аулама ектім мен өз қолыммен түп емен,

Түп еменнің түбіне Ай туғанда түнегем.

Сол емендей қасқайып тағдырыма қасарып.

Сол емендей найқалып, сол емендей түнерем.

Кең аулама ектім мен, алма ағашын аласа,

Суармаған кешім жоқ.

Ұрпақтарым алмасын үзіп-үзіп жесін деп.

Кең ауламның ішінен шыңырау құдық қаздым мен,

Суы көздің жасындай, іше бергім келеді,

сусыным бір басылмай.

Кең аулама сыйғасын, құс баулып, ат ұстадым.

Көрмейін деп тірідей бұл жалғанның қыспағын.

Құс болғасын қолымда, ат болғасын астымда,

місе тұтпай ауламды –

Шықтым дала, тас қырға.

Апанынан осылай ұзап шығып жортады екі ұртын майларға –

Қасқыр екеш, қасқыр да.

Қолымда құс болғасын, көтерілдім ғарышқа,

Кеңістігін жүлдыздар қызғанбады қорғаштап,

“Ақбоз ат” пен “Көкбоз ат” кісінесті жол бастап.

Кең аула, шексіз кеңістік, қанатты жыр деген сол,

Онсыз менің болады жүрегім мұз, төбем сор.

Сел жауса да сөнбейтін өлеңнен қойдым от жағып,

Төрт құбылам жап-жарық, ортасына мені алып –

Суретке түсер көп халық ...

Суретке түсер Алты Алаш,

патша да, ханым да шарпылып жүзі жалынға.

 

РS:

Ғұлама құздың басында оққа сүйенген жалғыз арқар әлі сіресіп тұр. Сауысқан, қарға, құзғындардың тұтқиыл шабуылының кесірінен мерт болған ақсұңқар құстың рухы қомданып, Хан-Тәңірінің қиясында қонақтап отыр. Жаралы арқардың қашан көз жұмары белгісіз... Қомданған қыранның күні ертең-ақ шарықтап аспанға көтерілуі айдан анық. О, Жаратушы жалғыз Тәңір-Ием, өзіңе ұқсаған жалғыздарыңды жарылқай гөр! 

Жәркен Бөдешұлы


Ardakh Nurgaz. Жәркен Бөдеш және оның «Гүл» өлеңі

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3766


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты