Ardakh Nurgaz. Жәркен Бөдеш және оның «Гүл» өлеңі

675f78b10bf6690f3ed948b7f37cacec.jpg (892×519)


Айдың бозамық сәулесінде жер бетіне ағаш бұтақтарының кұңгірт көлеңкесі түсіп тұр. Кенет, желемік соқты да, бұтақтар желп етті, көлеңкелер қозғалып, жер бетін шимай басып кетті. Соңынан тағы да тыныштық орнады. Мен жерде жаткан ағаш бұтақтарының көлеңкесіне үңілдім. Көлеңке сол орнында жатыр, бірак, ол ... әуелгі көлеңке ме?

Кейде, ақын үшін поэзия алдыңда тұрған қабырға-там сияқты. Оны көрмейсің, бірақ, бар екенін сезінесің. Ақын қабырғадан өтіп кеткенде, әлде нені қалдырады да өзі поэзияға айналып кетеді, Осындайда бір сұрақ туады. Ақын нені қалдырып, нені алып кетеді?

«Жұлдыз» (№6, 2007ж) журнапында жарық көрген Жәркен Бөдешұлының бір топ өлеңін оқып отырғанымда, әлде қалай алақызып, өзімнің де өлең жазғым келіп кетті. Содан «мені түрткен не болды екен?», — деп ойлап қалдым. Сөйтсем, менің бойымда да бір желемік тұрыпты. Ол желемік мендегі әлденені шарасынан шығарып, шайқап кетіпті. Мен поэзияны іздей бастаппын.


Кеше ғана тойға әкелген гүл еді, 

Сұлулықтың белгісіндей тірі өңі... 

Жас отаудың терезесі алдында 

Жұпар шашып үш-ақ тәулік түнеді.


Бір-бірімен қауышты да от қушақ,

Той тарқады,

Абыр-сабыр өтті шақ.

Алып шықты лақтырып тастарға -

Солған гүлді жабайы бір шөп құсап...


Көз жұмғандай қапелімде киелім, 

Үнсіз ғана басымды соған иемін. 

Мола жаққа алып бара жатқандай, 

Қауырсындай қыздың нәзік сүйегін.


Осы өлеңнің тақырыбы не? Үш шумақтан тұратын өлеңді басынан түсіп сыдыртып оқып шықсаң, мынадай бір мазмұнға жолығасың: екі жас отау құрады, оларға гүл ұсынылады, ол гүл үш күн бойында жұпар шашып тұрады да солады, соңында еш керексіз зат ретінде қоқсыққа лақтырылады. Осыларды бір шетте күзетіп тұрған ақынды әлдебір нала мұң басады. Ол керексіз етілген гүлге бас иеді, себебі, гүлдің бойынан өзгеше қасиет көргендей болады, тағы келіп гүлден қыздың тәнін елестетеді. Қарамаққа, бәрі орнында сияқты: өлеңнің тақырыбы сұлулық пен нәзіктіктің лездік дүние екені турасындағы — қай кезден екенін ешкімде кесіп айта алмайтын, әйтеуір ұзақтан келе жатқан — адам бойындағы мәңгілік бір түйсікті шиырлау. Өлеңді осылай ғана шешіп, қоя салуға болар еді, бірақ, коя алмайсың. Өйткені, жоғарыдағы ойдың тасасында одан да қомақты бір дүние жатыр. Егер өлеңді тек екі жастың тойы мен оларға әкелген гүл төңірегінде ғана ойласақ, онда жоғарыдағы мазмұндар біздің тұмсығымызды тасқа тигізбей қоймайды. Ақын не десең де, адам өміріндегі санаулы қуаныштың бірі болған екі жастың отбасын құрған бақытты шағын, ондағы қызды бұлайша сүркейлі теңеуге қия қоймас елі. Ендеше, өлеңнің басқа да қыры болғаны ғой?

Өлеңнің бірінші шумағындағы «той» деген сөзді былай қоя түрып, ойланар болсақ, «сұлулық» пен «тірі» деген сөздер жымдаса келіп, осы шумақтың өзгеше жүгін көтеріп тұрғанын байқайсың. Жас отаудың терезесінде «үш-ақ тәулік түнеген» не ол? Ақын оны қалай құбылтқанымен оның аты біреу: ол — тіршілік. Біздің ұлттық санамызда «бес күншілік дүние» -деген сөз тіркес бар. Бұл халықтың шексіздік пен шектіліктің арасындағы ғұмырдың өң-түсіне үңілу арманынан дерек береді. Уақыт жылжып өтеді, соған ілесіп кеңістік өзгереді, бірақ, уақыт өзгерісінің шынайы сырын біле бермейтініміз сияқты, кеңістіктің өзгерісінің нені меңзейтінін де аз білеміз. Оның үстіне бұл екеуі бізді мүлде маңайлатпайды. Адам өзін өткен шақ, бүгінгі шақ және келер шақ делінген әлде неге байлап қойған, бірақ, пенде баласы үшін бұның үшеуі де жұмбақ: өткен шақ пен келер шақ тастай қатқан, олар бізге бас имейді , біздің қолымыздан келетіні тек олар туралы қиялға бату, тек сонымен ғана тынамыз. Ал, бүгінгі шақ әлгілерге ұқсамайтындай, табанымыздың астында тұрғандай сезіледі, бірақ, ол да су сияқты, сәт сайын өзгеруімен ерекшеленеді, судай сусып жатқанын көзіміз бақырайып біліп тұрсақ та бәрібір, оған қылар өзге шарамыз жоқ. Борхесгің: «уақыт деген менен әлденені ағызып кетіп жатқан өзен; менің өзім де сол өзенмін. Уақыт деген мендегі тіршілікті сарқып бара жатқан от; менің өзім сол отпын» -дейтіні де сондықтан. Өлеңдегі «үш-ақ тәулік» деген сөздің бойынан ерекше бір зіл аңғарылатыны да содан. «Тіршіліктің түпкі мәні — пенденің шарасыздығы» дегенің міне осы болса керек. Бұл зіл бізді бірден өлеңдегі әлгі жұмбақтың шешуіне қарай жетелейді.

Өлеңнің екінші шумағында ақынның тойға қатысты ойды тездетіп өткізіп жібергісі келгені байқалады. Бұл аңдаусыз санада туындаған қадам. Бұл өлеңнің формасынан да көрініс берген. Алдыңғы шумақтың десі. Ақынды бұнда бөгемей жаңа бір мазмұнға қарай асықтыра жөнелген.

Егер, өлеңнің бірінші шумағындағы ой рөл атқарып тұрмағанда, өлеңнің ақырғы шумағы бізге мүлде тұсініксіз, баран бір дүние болып қалар еді. Бұл шумақта ақын керексіз етіліп қоқсыққа тасталған гүлді «киелі» деп бағалайды да, оған бас игісі келетінін айтады, соған іле «гүл» «молаға алып бара жатқан» қыздың нәзік тәні сияқты — дейді. Тәтті, бірақ ащы айтылған ой! Өлең сарқылып осы деңгейге жеткен де, бірінші шумақтағы ойдың түйдегі домалап келіп жарға соғылады. Біз ақынның жандүниесінде жатқан ащы сезімінің тепсіп шыққан жараға ұқсап ақырғы сәтте өзін пәш еткен өзгеше көрініске куә боламыз. Той мен гүлден сабақталған ой соңғы сәтінде өзінің әуелгі қауызынан ұшып шығады да, ақынның тасадағы санасына — тұңғиыққа қарай қалықтап кетеді, Ақын бізді той, гул, қыз дегендермен алдаусырата тұрып өзінің тіршілік турасындағы тасадағы түйсігіне қарай еркін көсіледі: тіршілік деген гул, қуаныш, өлім немесе осы үш түрлі дүниенің бірінің үстіне бірі түскен — қабаттасқан бір ғана көрініс.

Байқап отырсақ, ақынның жандүниесінен бір дүбір жүріп өткен, бірақ, ол жәй желемік емес, қайта, дүлей дауыл болған сыңайлы. Мұндай да жердегі көлеңкенің әуелгісінен басқаша болатыны өзінен өзі түсінікті.

Ж.Бөдешұлы әлгі көрінбейтін қабырғадан өте шыққан шақта, мен ол кісінің қолынан гул көргендей болдым. Бұл менің ойыма әлденені салды: Баяғы Бодльер. Поэзияны жұрек қанымен суарған екі ақын.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты