Harold Pinter: Мен жексұрын адамдардың шындығына көз жеткізгім келеді...

f4fa39ef7f46545b2d25e8523ca0e85a.jpg (620×543)

Harold Pinter (1930ж.—2007ж.) - Англия актер, режиссер һәм драматургі. «Қарапайым өмірдегі диaлогтардың тасадағы болмысына үңіліп, қыстығып қалған санадан саңлау ашқаны үшін» 2005 жылы Нобель әдебиет сыйлығының иегері атанған. «Есік қараушы» (1963ж.), «Туған күн» (1968ж.), «Сатқындық» (1978ж.), т.б. пьеcaсы жинақтарының авторы. Батыстың үздік драматургтерінің бірі. Сахна өнерінде өзіне тəн «Пинтерше» (Pinteresque) стиль қалыптастырған тұлға. Төменде драматургтың шығармашылығы туралы сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 - Ертеректе сіз өзіңіздің саясатқа баратын шығармаларыңыз – «Туған күнге жиналу», «Мылқау даяшы» немесе «Бөлме» туралы ауыз ашпайтынсыз. Соңғы кездері сіз өз шығармаларыңыз туралы айтатын болып жүрсіз, не үшін? 

- Ол шығармалардың саясаттқа қатысы барын білемін, бірақ ол кезеңде, жас тұрғысынан айтқанда – жиырманың ішіндегі кезім ғой – мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласа бермейтінмін. Сіз білесі бе, менің он сегіз жасымда әскерге барудан бас тартқаным бар. Ол кезде тәуелсіз болуды қатты ұнататынмын, жұрт алдына шығып өз ойымды ашық айтқанан гөрі театр арқылы жеткізгенді құп көретін жас жігіт едім. Ал онымды жұрт түсінбей жатса, оған да көп бас қатырып жатпайтынмын. 

- Сіздіңше жұрт алдына шығып сөйлеу өнерге жат па? 

- Мен солай деп ойлаймын. Жұрт алдында саяси көзқарасыңды ашық айтуға болады. Бірақ, театрда ондай ашықтық болмауға тиіс. 

- Сіз әлгінде әскерге барудан бас тарттым дедіңіз. Сол жағдай туралы айтыңызшы.

 - Мен өз ұстанымымда берік тұратын адаммын. 1948 жылы «әскерге бармаймын», - деп шештім, себебі, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанымен «қырғиқабақ соғыс» басталып кеткен болатын. Ядролық қару Кеңес одағына қатер төндіруде дер ойладым. Мені екі рет сотқа шақырды, екі рет сотталдым, түрмеге отыруға да дайын болдым. Он сегіз жастамын, мені қылмыстық емес, әкімшілік жауапқа тартты, екі ретінде де бір судия қарады. Екі ретінде де айыппұл төлеуге тиіс болдым. Әкем ақша жиып әуре болды, себебі, маған кескен айыппұл сол кездің жағдайында қомақты ақша болатын. Әкем ол ақшаны әйтеуір тапты. Мен болсам, әр рет сотқа шақырғанда киім-кешегімді толықтап, тіс щоткама дейін дайындап түрмеге отыруға әзірленіп баратынмын. Мен ойымнан айнығаным жоқ. 

- Отбасыңыздағылар бұл мәселеге қалай қарады? 

- Олардың менен қатты көңілі қалды. Себебі, менің бұлай істеуім сол кезде масқара жағдай есептелетін. Дегенмен, ақырында олар менің дегеніме көнді. Білесіз бе, ол кезде жұрт бұйрықты бұлжытпай орындайтын, оның үстіне сені басқа емес, мемілекет әскерге шақырып отыр ғой. 

- Шығармаларыңызға байланысты көзқарасыңызды өзгертуге не себеп болды? 

- Менің өзім өзгердім. Өзімнің түсінігімді жеткізуде мен бұрынғыдай үнсіздікті қаламайтын болдым. Сондықтан, театр туралы да бұрынғыдан басқаша тәсілмен айтатын сияқтымын. 1973 жылы Чилиде болған әскери төңкеріс менің жандүниеме қатты әсер етті. Болған жағдайға таң қалдым әрі жиіркендім. Бұл былықтың артында АҚШ тұр, солардың арнайы қызметінің жұмысы, деп ойладым. Кейін белгілі болғандай, былыққа шынымен АҚШ-тықтар араласқан ғой. Міне, осы істен кейін менің өмірімде өзгеріс болды, мен саясатқа көбірек араласа бастадым. Сондықтан да 70 жылдарда мен саясатқа қатысы жоқ, бірлі-екілі ғана шығарма жаздым. Мен де өзіме тән бұлжымайтын ұстанымдар бар, оны түсінесің деп ойлаймын, мен саяси партияларға қатысты шығарма жазбаймын. Қазір шығармаларымның қалай өзгеріске ұшырағанын өзім де айтып бере алмаймын, нақты бірдеңе деу қиын сияқты. 

- Бірақ, сіз қазір де билік пен биліктің тартып алынуы мәселесіне назар аударасыз. Бұл да саясат, солай емес пе? 

- Әрине, солай деуге болады. Егер сіз кісілік құқық пен кісілік құқығыңды тартып алынуын саясат деп түсінсеңіз, онда айтарым жоқ, ол мен үшін қашан да ойланарлық мәселе. 

- «Отбасына оралу», «Есік қараушы» шығармаларыңызбен не айтқыңыз келеді? Онда құқық пен құқықтың тартып алынуы мәселесі бар ма? 

- Мен оларда саясатқа қатысты дүние бар деп ойламаймын. Бұл мәселеге орай нақты айтуыма болады. Белгілі ағылшын драматург Terence Rattigan маған: «Мен «Есік қараушыда» не айтылғанын білемін, онда Жаратушы, кие мен адамзат туралы айтылған», - деген еді. Мен оған: «Жоға, онда ағайынды екеу мен есік күзеткен біреу туралы айтылған», - дедім. Мәселенің түйіні осында. Мұндағы есік қараушы образында панасыздың образы бар. Сондықтан ол шығарманы панасыздыққа қатысты деп қабылдауға да болады. Дегенмен, мен оны барынан айрылған үшеудің образынан тұратын қойылым деп айтар едім. Мен оның қалай саясатпен байланысатынын білмеймін. 

- Экономикалық қиындықтардың себебінен есік қараушы жұмыссыз қалады ғой... 

- Рас, есік қараушы, сондай себептен жұмыссыз қалады. Мен өзім «Отбасына оралуды» жанұяға қатысты шығарма деп ойлаймын. Әрине онда әйелдерді жеккөрушілік мәселесі де айтылады. Француздардың осы шығарманы қойғанын көрдім. Жаман емес деп ойлаймын. Екінші көрініс басталған жерде бір эпизот бар: отбасы түскі ас ішіп жатады, сол ортада бір еркек Росты (шығармадаы әйел кейіпкер) қорлап сөйлейді, бірақ жұрт түк болмағандай отыра береді. Содан кейін еркектер шылым шегіп бөлмеге кіреді, Рос та інісімен бірге кофе шашкесін көтеріп кіреді, ол отырған жұртқа жағалап кофе құйып береді. Осының бәрі үнсіз ғана жүзеге асады, бірақ не айтбақ екені анық сезіліп тұрады. 

Осындағы Ростың қарғыс атқыр анау еркектердің алдында жеңіліп тұрып жеңетін жері, маған ұнайды. Бұл менің жеке көзқарасым. Спектакльдің соңындағы Росты әйелдердің ішіндегі нағыз өз билігі өз қолына тиген жан деңгейіне көтеріледі деуге болады, басқалар сол сәттен бастап оған еш ықбал ете алмайды. Еркектер шарасыз қалады. Осы тұрғыдан келгенде мен бұл шығарманы әйелдер құқығын қорғайтын қойылым деп те айтар едім.

 Бірнеше жылдың алдында бұл пьеса Мемлекеттік театрда қойылды, бірақ түрлі себептерден қойылым онша сәтті шыққан жоқ. Бірақ сол қойылымның соңында тамаша бір эпизот бар. Онда Рос пен Жой қатар отырады, Жой басын Ростың тізесіне қояды. Егерде тартқан еркек жүрелей отырып оған: «Мені сүйші», - дейді. Олардың қасында Ростың ағасы Lenny қарап тұрады. Мен мәтінде: «Lenny қасында қарап тұрады», - деп жазғанмын. Осы көріністі ойнаған актер шебер, талантты жігіт екен. Соған дейін мен білетін Lenny-ді ойнаған актерлердің дені сол орнында қарап тұратын. Сол орында: «енді оған не істей аламыз? Біз оны тоқтатуға шарасызбыз, еш амалымыз жоқ», - дегендей қарап тұратын. Әлгі актер оны (H.Pinter орнынан тұрып, еппен жылжып, жылжып бара жатсада бір қырынан бұрыла біреуге назар аударып бара жатқан бейнеде) есіктен шығып кетеді. Бұл жерде есіктен шығу мимырт қимылмен орындалады. Байқайсыз ба, актер мұнда рольдың айтпағын тапқан. Өзінің Росқа енді қайтып ықпал ете алмайтын жағдайын жақсы жеткізген. Дегенмен, 1997 жылы Парижде сахналанғанда бұл қойылым онша көңілден шықпады. Спектакль аяқтаған соң сахнаға көтеріліп актер, режиссермен сөйлескенде мен оларға қойылымның кейбір тұсында мүлде ағат кеткендерін айттым. Меніңше олар шығарманы дұрыс түсіне алмаған. Қойылым әсілінде былай: Рос отырады, Lenny оның ту сыртынан жақындап, иығына қолын қояды: бұл таза үстемдікті білдіретін әрекет. Мен оларға: «бұлай болмайды, Lenny үстем тұрған көңіл күйдегі адам емес, сіздер бұл түйінде қателескенсіздер, - дедім. Не десеңіз де Рос санасы тәуелділіктен ада әйел. Мен сол үшін де бұл кейіпкерімді жақсы көремін. Мен оның жаны нәзік екенін білемін, бірақ ол бәрібір анау еркектерді жеңеді әрі ауыздықтайды.

- Сіз көрермендерді онша ұната бермеймін, тіпті, оларды «алдайтын» актер ретінде менімен көрермен арасында «қайшылық» бар деген едіңіз. Сондай қайшылық автор ретінде сізге белгілі бір еркіндік берген деп түсінуге бола ма? 

- Солайдеуге болатын да шығар, бірақ ол еркіндікті пайдаланудың да өзіндік қатері бар. Менің өмірімде ең бір драмалық жағдай «Отбасына оралу» спектакльн Нью-Йоркта сахналап жатқанда орын алды. Ол 1967 жылы болатын, көрерменде онша парық жоқ, бірақ, менің есімнен кетпейтіні келген қонақтардың дені қымбат аң терісінен тігілкен киімдер киіп келгені еді. Олар аса бай адамдар сияқты көрінетін. Спектакль басталып көп өтпей әлгілердің арасынан біреулердің: «О, Жаратқан, біз мұнда нені тамашалағалы келдік?», - дегендей дауыстары шығып жатты. Сол ортада отырып мен әлгі жұрттың бойынан қойылымға деген жеккөру сезімін анық аңғардым. 

Соған қарамастан кереметі актерлер қойылымды тамаша ойнап шықты. Олар көрерменнің жеккөріп отырғанын, тіпті, жаулық пиғылын анық сезе отырып барын салып ойнады. Соңында олар жеңді. Әлгі үлде мен бүлдеге оранып отырған ер-әйелдер тіксініп қалды: актерлер олардың пиғылын елеп жатпастан-ақ ойнады (H.Pinter дауысын шығарып күліп кетті). Мен сол түнді керемет кеш болды деп бағалаймын. Сол түні спектакльді қоюшымен көрушінің арасында жарыс жүрді. Қойылым тамаша болды. Өкініштісі үнемі сондай бола бермейді.

Мен көрерменді әділ бағалауға тырысамын. Кейде көрермендер көреген болады, ондай сәтті мен жоғары бағалаймын. 

……..

Аударған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты