Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Ұлттық мемлекет және ғаламдану һәм жеу

46300282be6e674acea4be1fe9bf3811.jpg (550×447)

(Э.Елинектің(Elfriede Jelinek) «Тажал» пьесасы туралы шолу)

Э.Елинектің «Тажал» пьесасы туралы жазған шолуымызда, жазушының «жеу»  тақырыбын қозғаудағы мақсатына тоқталған болатынбыз. Автор «жеуді» адамзаттың мәндік қасиетінің біріне балай отырып, билік болған жерде жеу (өзімшілдік) болмай қоймайды дегенге жақындайды.

Бұл көзқарас туралы басын ашып алатын бір түйін Э.Елинектің бұл ойының да дәуірлік сипаты бары. Э.Елинек бүгінгі Ғаламдану жағдайымен адамзат мәдениеті кешегісінен бетер жабайылыққа кетіп барады дегісі келеді. Оған оның дәледі де бар.

Адамзат жаңа мың жылдыққа аяқ басқан тұста, әлемдік деңгейде «ғаламдану» деген сөзді төңіректей отырып айтыс-тартыс өрістетекен болатын. Ғаламдану — адамзат таяу он жылда шындап бет келе бастаған осы құбылыс туралы әр кім әр түрлі айтқанымен, жұрт бүгінде оның кейбір мәндік белгілері туралы бір ауыздылыққа келе бастады. Айталық, ғаламдану ең әуелі ұлттық мемлекеттердің орнын әлсіретеді немесе түптің-түбінде ұлттық мемлекеттерді күйретуші негізгі күшке айналады. Бұл дегенің қазірде өмір сүріп жатқан 200-ге тарта мемлекет сипаты жағынан екіге жіктелді деген сөз. Бірі ұлттық мемлекет, енді бірі АҚШ үлгісіндегі араласпа мемлекет. Соңғы он жылдағы өзгерістен саны көп болса да ұлттық мемлекеттердің тынысы тарыла бастағанын, оның есесіне араласпа мемлекеттердің жолы болғанын байқаймыз. Бұған ұлттық мемлекеттердің өздері де себепкер болып отыр. Айталық, Франция, Германия, Италия сынды елдердің шекара аттаған компаниялары ғаламданудың бел ортасында, ғаламдануды дәріптеуші күш ретінде өмір сүруде. Бұл құбылысты осы елдердің өздері де мойындап отыр. Ал, кешегінің көп заңдылықтарын мойындамайтын, оның орнына шыт жаңа өзінің таным-түсінігін орнатуды көздеген бұл жағдайды біздің «ғаламдану құбылысы» деп атап алғанымыз белгілі. Бұл орайда біздің есімізде ерекше қалғаны әр жылы әлемдегі ең қуатты жеті ел басшылары қай елде бас қосса, сол елде осы бас қосуға қарсы ереуілдердің болатыны. Ғаламдану құбылысына қарсы ұрандар тасталатыны.

Э.Елинектің «Тажал» пьесасының осы ғаламдану құбылысына қатысты өз айтар ойы бар. Пьесадағы аралды біздің кешеден бүгінге дейінгі ұлттық мемлекеттердің орнына қоюымызға болады.

Ұлттық мемлекеттердің бәрі де тарихи келіп шығу жағдайына сай билікті бір орталыққа шоғырландырумен ерекшеленеді. Мемлекетті мемлекет құрушы ұлттың белгілі тобы тіпті санаулы адамдары басқарады. Ел билігі сол шағын топтың қолында болады. Бұндай саяси жүйенің тарихта көптеген келеңсіздіктерге барғанын білеміз. Соның ішінде бұл жүйе империялық сана, фашизм, коммунизм сынды саяси көрсоқырлықтарға жиі барған. Оның себебі, әлгіндей ұрандар мемлекет құраушы ұлтты желіктіріп, бір тудың астына жинауға, сол арқылы билікті орталыққа шоғырландыруға жағдай жасайтын еді. XX ғасырдағы дара билеушілердің көбі ұлттық мемлекеттерден шыққаны; оның үстіне бәрі бірдей әлгіндей саяси ұрандар көтергені белгілі. Ал, билікті әлгіндей жолмен қолына шығырландырып алған дара билеуші бірден ойына келгенін істейтін болған. Бұндай дара билеушілердің қара ниеті асқынғандары сыртқа шапқыншылық жасап, соғыс ашқан; одан қалғаны өзіне бар билікті беріп қойған халқының басына әңгір таяқ ойнатқан, атып-шапқан. Жиып келгенде ұлттық мемлекеттердің бәріне ортақ нәрсе өздері шығарып алған «көсемдерін» өздері ауыздықтай алмай, ақырында ел болып соның құрбанына айналыпкету жағдайын бастан кешіп отырған.

«Тажал» пьесасында міне осындай саяси жүйе сөз етіледі. Арал президентінен үміткер «Самал жел» бұрыннан келе жатқан тәсілі бойынша халықты алдап-арбап, қорқытып-үркітіп, өз халқын шетелдіктерге айдап салып, түрлі-түсті айла-шарғы қолдана отырып билікті қолға алудың амалын істейді.Ол мақсатына да жетеді. Биліктен дәмелі «Самал желдің» бір ерекшелігі үнемі ұмыта береді — дара билеушілердің қайсысы ұмытшақ болмаған дейсің? Олар өздерінің адамнан туғанын да жиі-жиі ұмытып қалып отырған ғой.

Бірақ, пьесаның соңында бәрін сыпырып жеп келген «Самал желді» Ақ аю жеп қояды. Мұндағы Ақ аю әсілінде арал халқы мен оның президентінің сыйнатын құдайы болатын, оны автор өзгертеді — ол өзгеріп —халықаралық ақпарат шонжарына айналады да «Самал желді» қылғыта салады. Мұнда Ақ аю — шекара атаған халқаралық ірі компанияларға немесе ғалмдық түс алған бүгінгі саяси ауқымға өкілдік етіп отыр. Пьесада автор бұрынғы ақ аю мен кейінгі ақ аюдың парқын олардың киімімен парықтандырады. Жазушының бұл деталдар арқылы не айтқысы келгені белгіл: ұлттық мемлекеттердің ең үлкен мәселесі олардың қашанда дара билікке жол беріп қоятыны; ал, бұндай дара билеушілердің араны ешқашанда толған емес, түбінде олар мемлекетті жарға ұрындырып барып бір-ақ тынады. Адамзаттың бүгінгі ғаламдану аяқ алысы әлгіндей дара билешілерді тығырыққа тіреуде, бірақ, көне жегіш жоғалғанымен, олардың орнына жаңа жегіштер келіп жатыр және бұлар бұрынғылардан бетер жегіш әрі сұрқия.

Адамзаттың алдынан шығып отырған ендігі тың мәселе осы. Пьесаның ақырында көне жегішті жеп жатқан жаңа жегішті шыр айналып арал жұрты би билеп кетеді. Соқыр көргенінен жазбайды деген. Билемей қайтсін байқұстар, желініп кеткенше билей береді де!

. . .


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты