Niels Hav. Анестезиологтар ғарыш туралы айтып жатыр (The Anesthtetists Discuss Astronomy)

9519a39fb95162bb2cb5f4a613a12289.jpg (4928×3264)


Анестезиологтар ғарыш туралы айтып жатыр

Олар лифтпен жоғары көтеріліп барады

Науқас арбада үнсіз отыр

Мүмкін оны мұнда  туыстары әкелді немесе өзі келді.


Ғарыш 

Құсжолы сияқты триллион жұлдыздар шоғырынан тұрады.

Егер өркениет жоқ емес десек

Біз жасап жатқан мекен соның он миллиардтан біріндей.

Біз жалғыз емеспіз.


Сыртта: сырғақты жауын төпеп тұр,

Бұл деген желтоқсан айы.


Бір науқас 

Көлік күтіп аялдамада отыр

Түтесі шыққан көне журналды парақтап қояды

Көлеңкедегі өмір сияқты

Тек сенімің ғана өзіңде.


Аударған Ardakh Nurgaz


Ardakh Nurgaz. Көкжиектің аржағында...

Өлеңнің үнсіздікпен қатысы бар. Кейде тіпті өлеңді үнсіздіктің өзі, деуге болады. Мұндағы түп қасиет өлеңнің өзіне тән тәсілмен тасадағы, айтып беруге мүмкіндігі жоқ дүниелерді жеткізе алатыны. Бұл жағынан оның сурет және музыкамен ұқсас ерекшелігі бар. Олар ұстап, көріп, айтып беруге болатын материяның екінші бетіне - тасадағы болмысына өте алатын қасиетке ие. Тасадағы дүние рухпен қатысты. Оның түрлі деңгейі бар. Адамның зейін-зердесі, түйсігі соның бірі болса, адам жаратқан мәдениет тағы бір көрінісі. Бұл барыстың ұшар биігінде Жаратушы туралы өте нәзік ұғым тұр.      

Ақын Niels Hav-тың жоғарыдағы «Анестезиологтар ғарыш туралы айтып жатыр» (The Anesthtetists Discuss Astronomy) атты өлеңі сондай айтып бере алмайтын дүниелерді айтуға құрылған. Мәтін үш шумақтан тұрады. Арада бір қыстырма бар. Ақын үш шумақ арқылы үш түрлі көрініс ұсынған. Оны сен қозғалыстағы картина, деп қабылдасаң да болады. Бары сол ғана. Ақын мұнда ештеңені айтпайды, айтты десең, ол тек көріністерді ғана берген. Бірінші шумақта дәрігерлер мен науқастың лифттегі көрінісі. Дәрігерлер ғарыш туралы айтады. Ал науқас үнсiз. Науқас өзі туралы ауыр ойда. Дәрігерер болса еш уайымсыз сөйлеп жатыр. Осы картинаның өзі парадокс. Ол сенің ойыңа ауру, жерден көтерілу (айталық періштелер жеңіл көтеріледі), өлім және адамға тән ойсыздықты салады. Келесі шумақта ғарыш туралы түсінік бар. Ол да картина сияқты. Шексіз-шетсіз ғарыш көз алдыңа келеді. Сол шексіз-шетсіз ғарышта біз жасап жатқан Жер сияқты мекен де боулы мүмкін, «біз жалғыз емеспіз»,  дейді. Соңғы сөзді айтып тұрған дәрігерлер екенін ескерткім келеді. Олар ғарыш туралы, Жер туралы ойланады және «біз жалғыз емеспіз», - дейді, бірақ қасында ғана ауруы, операцияға кіретіні, жаны тіпті өлімі туралы ойланып, жалғызсырап отырған науқасқа еш назар аудармайды. Қандай кереғарлық?! Келесіде екі тармақтан тұратын кіріспе бар. Өлеңде ақынның оқырманға арнап анықтап айтқаны да осы екі тармақта жатыр. Қар араласа мұздай жауын құйып тұрған «бұл жектоқсан айы» дейді. Жылдың ең соңғы аяқталар айы – жаңбырлы әрі суық көрініс көз алдыңа келеді. Жалпы өлеңнің түйіні осы екі тармаққа жинақталған. Жоғарыдағы шумақта айтылған «біз жалғыз емеспіз» деген тіркесті адамның мейірім іздеуі, бір-бірінен жылу, жақындық сезінуі деп қарасақ, мұндағы «желтоқсан айы» дәл соның керісінше – қатігез, суық, мейірімсіздікті аңғартады. Өлеңге сіңген ақынның рухани бейнесі де осында көрініс береді. Мұнда тіршілік, өліммен аяқталар сапардың болмысы туралы трагедиялық түйсік бар. Өлеңді осымен аяқталды деуге де болады. Соңғы шумақты жоғарыдағы тіршілік сонетасының ақырғы парағы дегенен гөрі өлеңнің жинақталған жаңа бір образы деген дұрыс. Мұнда аялдамада науқас көлік күтіп отыр. Ол тозығы жеткен журналды парақтап қояды. Ақын өлеңнің соңын «Тек сенімің ғана өзіңде» деп аяқтайды. Аялдамда көлік күту бірден ойыңа адамның өмір сапарын салады. Ол жоғарыдағы «бұл желтоқсан айы» деген тіркеспен де үндеседі. Күндер парақталған кітаптың беті сияқты өтеді. Сол барыста сен соңғы сағатты, өзіңе бағыштап ұрылған қоңыраудың үнін күтесің. Сен негізі көлік күтушісің. Бұл тұрғыдан алғанда өлеңнің соңғы тармағы - «сенімің ғана өзіңде» деген жолды артық дүние, деп қабылдамай тастауға да болады. 

Поэзия деген образ, ол және үнсіз  образ. Ол ойдан құрастырылған болуы мүмкін, бірақ, қалай да анық, нақты болуы тиіс. Оны нақты, анық ететін ақынға тән түйсік. Ақын жүрегінен өткен образдар ғана нақты, анық, жанды болады. Ақынға тән шеберлік те, поэзияға ғана тән ерекше талғам да осы деңгейде басталады. Ол саған айтып бермеуі мүмкін, бірақ, айтып тауысуға болмайтын шексіз-шетсіз дүниелерді аңғарта алады. Бұл тұрғыдан келгенде поэзия деген сенімен басқаның (the other) ерекше қатынасы. Жоғарыдағы шағын үш шумақтан ғана тұрған өлең сондай қасиетке ие.      

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты