John Keats: Ежелгі грек құмырасы

5db98beaa5b460368c0fef6cf427d6f1.jpg (515×600)


I

Сен қаймағы қалпында ибалы қыз 

Баласы уақыттың ыңсыз-жыңсыз 

Тарихшысы жер-судың 

Айтқандардың 

Дастаннан да қызықты мәнді-мінсіз. 

Бойыңда жасыл желек оқалаған 

Жатыр деші қанша аңыз 

Қанша заман 

Тәңір ме? 

Пенде ме? 

Танбиг* бе? 

Иә Аркади*? 

Тәңір болса не тәңір 

Пенде не жан? 

Бейне арман бір ып-ыстық жайған құшақ!

Бейне жас қыз ибалы сонша ұйялшақ! 

Бейне шаттық шалқытқан тұла бойды! 

Бейне бір күй тәтті саз әсем ырғақ!


II

Естілген күй бойыңды елжіретер, 

Естілмегені әлдилер онан бетер. 

Сызыла түс сыбызғы! 

Үнсіз күйің 

Құлаққа емес 

Шымырлап жүрекке өтер. 

Үзбе әніңді ағаштың түбіндегі 

О, бозбала 

Мәңгілік ағаш көгі; 

Әйтседе ернің 

Сүйе алмас өмірбақи 

Сүймедім деп ренжи көрме тегі. 

Сүйе алмағанға асықпа қазір оны 

Қартаймайтын соны жол оның жолы 

Өмір бақи сен сүйсең 

Ол да мәңгі 

Сақтар балғын сымбатын нұрға толы!


III

Уа, бақыт Бақытты орман! 

Көктем бағы 

Түспейді сендегі ағаш жапырағы; 

Уа, бақытты қажымас сыбызғышы 

Сыбызғың мәңгі, 

Тартатын күйің мәңгі. 

Махаббат — бақ! 

Бақытты 

Бақ — махаббат! 

Мәңгі ыстық 

Ғашықтар күтіскен шақ 

Жүрек мәңгі дүрсілдеп шапшаң аттай 

Адам мәңгі жасарып 

Балғын тұрмақ. 

Жол қалсын күйдім-сүйдім фанидегі 

Кірлетпейді көңілді жоқ 

Мұң 

Жегі. 

Жоқ қызбалық ес-ақыл шығатұғын, 

Жоқ шағатын аранды тіл кеселі.


IV

Кімдер құрбан шалуға бара жатқан 

О, молла еке, 

Тайыншаңды дедек қаққан 

Қызыл тағып жетелетіп мөңіретіп 

Шалар жерін белгіледің қайсы жақтан? 

Соңыңызға ілесіп құлатаңнан 

Келе жатқан жапырлап соншама адам 

Қай өзен 

Қай теңіздің жағасының 

Қай қалашық 

Қай жым-жырт қыстағынан? 

Уа, қалашық 

Ың-жыңсыз көшең қалды 

Әлгі кеткен жандар қайтпас мәңгі 

Айтшы маған 

Өтінем 

Айтшы маған: 

Неге мұндай орнаттың жым-жырт халді.


V

Уа, Гректің бейнесі! 

Жайсаң мүсін! 

Жасыл тоғай 

Көк шалғын 

Жердің үстін 

Тамылжытып бойыңа тағыныпсың 

Кәрі-жасты 

Ер-әйел не бір пішін. 

Тұлғаң үнсіз телмірген жоқ ың-жың 

Әндей болып ежелгі тілсім сырлы 

«Мәңгілік» құсап бейне 

Нышандайсың 

Ой жетпейтін қайдағы-жайдағыны. 

Мезгіл қурап пендені 

Бүгінгі ұрпақ 

О дүниеге кеткенде жүктерін сап 

Тек сен ғана қалатын! 

Кейінгінің 

Түскен кезде басына қамырық шақ 

Мына бір сөзді айтуды ұмытып кетпе: 

«Көркемдік — шындық, шындық та көркемдік» 

Сендей адам досының 

Білмегі де 

Білері де дүниеден осы нүкте.

Аударған: Әзімхан Тышан


Түсініктеме:

*Аңызда айтылатын о дүниедегі өзен, өзеннен су ішкен кісі барлық нәрсені ұмытады екен. 

*Аңыздардың айтуынша, Гректердің оңтүстік өңірінде муза суы дейтін бір бастау болып, ол бастаудан су ішкен адамға ақындық шабыт дариды екен. 

*Руз — «Тәуратта» әңгіме болатын Дәуіт пайғамбардың ғашығы. Дәуіттен айрылған соң тентіреп, жат өлкеден масақ терген. 

*Танбиг — Өлке пірі Аполлонның тұрағы. 

*Аркади — ежелгі Гректегі жер ұйық атанған тау.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты