Т.С.Элиот: Улисс, тәртіп пен миф


Әлемдік әдебиеттің тарихында ағылшын-американ әдебиетіне модернизмнің келуі ерекше кезең ретінде аталады. Поэзия, проза сондай-ақ драматургияда жалпы беттік көрініс тапқан модернистік ағымның өкілдік шығармалары 1922 жылы қатар жарық көрген. Олар Джеймс Джойстың (1882ж. – 1941ж.) «Улисс» (Ulysses) романы мен ақын Т.С.Элиоттың (1888ж. – 1965ж.) «Шөл» (The Waste Land) поэмасы. Жанр ұқсамастығына қарамастан қос шығарманың табиғатында белгілі жақындастық барын аңғарамыз. Біздің мұны «модернизм»  деген ұғымның бір көрінісі деп түсінуімізге де болатын сияқты. 1914 жылы бастап жазылып, үздік-создық журналда жарық көрген «Улисс» сол кезеңде әдеби ортаға ядролық бомба түскендей әсер еткен екен. Айталық, әдеби орта «Улисспен» ауырған.  Жеті, сегіз жылға жалғасқан сол тартыста романды жақсы жағынан бағалағандар да, немесе түкке алғысыз етіп жоққа шығарғандар да көп болыпты. Т.С.Элиоттың алғашқы шығармалары  1914 жылы жарық көре бастағанын ескерсек, ақын «Шөл» поэмасына дейінгі уақытта, негізінен жоғарыдағы тай-таластың өтінде өмір сүрді деуге болады. Осы барыста жаңа заманның шығармасы пайда болып, талас-тартыста біртіндеп тұлғаланып, соғында басынан тұманы сейілген асқар шыңдай қасқайып ортаға шыққан. Бұл, енді, Т.С.Элиот сияқты талантар үшін өз шығармашылығын бағамдап, сараптауда ерекше қажетті, қайталанбас мүмкіндік екені анық нәрсе. «Улиссте» бар эпостық сарын мен миф өз кезегінде бір құбылып «Шөлде» басқаша түс алып, тыңнан түлеп мүлде бөлең бір көркемдік әлемін ашқанын ескерсек, әдебиеттегі ықпалдастық деген ұғымның мән-мағынасын тағы бір қырынан түсінгендей боламыз.  

Тағы бір ескеретін жағдай Т.С.Элиоттың поэтикасында «тәртіп» деген ұғымның өз алатын орны бар. Сыншы оны әдебиеттің ішкі құрлымын анықтайтын маңызды эстетикалық шаманың бірі ретінде қарастырады. Онсыз шығарма өзінің даралығын,  болмысын жоғалтады, деп қарайды. Айталық, кезінде оның «Қалыптасқан әдебиетте ұлы шығармалар өз тәртібін орнатып, соған сай келетін жүйе жасайды. Бұл тәртіп жаңа шығармалардың (ол шын мәнінен үздік туынды болса) қатарға қосылуымен өзгеріске ұшырап, толыға түспек. Жаңа шығарма келуден бұрын әлгі жүйе, тәртіп біртұтас болса, ендігі жерде өзгерістің орын алуымен жаңа тәртіп, жаңа жүйеге қарай қадам басуға тура келеді. Бұл жалпы ауанды өзгертпегенімен жаңа тепе-теңдікке қарай жол ашылды деген сөз. Сондықтан жүйеде, шығармалар арасындағы ықпалдастықта, тіпті, шығармалардың құны мен салмағында да өзгерістің болатыны анық»,(«Дәстүр және талант») деп жазған. Ал мифты ол модернистік эстетиканың басты құраушы факторлардың бірі ретінде бағалайды. Сондықтан да ақынның барлық шығармасынан дерлік мифтік дүниелерді көптеп кездестіреміз.     

Ағылшын-америка ақыны, сыншы, драматург, 1948 жылғы Нобель сыйлығының иегері Т.С.Элиот  сыншы ретінде де «Улиссті» жоғары бағалаған. Ақын романды бағалай отырып өзінің одан көп нәрсе үйренгенін де ашық, анық айтады. Мен ғана емес, бұл романнан жалпы жұрт көп дүние үйренетін болады, деген. Төменде ақынның әдебиет тарихында ерекше маңызға ие осы мақаласын өнер сүйер қауымның назарына ұсынып отырмыз.           

Аударушыдан

Джеймс Джойс мырзаның бұл шығармасының («Улисс» романы) жарық көргеніне де бірсыпыра уақыт болды. Сондықтан, мен оны құр мақтағым немесе даттағандарға жөн айтып көлгірсігім келмейді. Енді бір тұрғыдан, бұл шығарманың жарық көргеніне де көп бола қойған жоқ, сондықтан, оның маңызы мен мәніне жанжақты тоқталып, шынайы бағасын да бере алмай жатырмыз. Мұндай шығармаға қазір біздің қолдан келіп істей алатын шаруамыз оның бойындағы кейбір өзімізге белгісіз қырларына үңіліп, соның басын ашып алуға барып саяды. Дегенмен, мұндай тұстардың бұл шығармада өте көп екенін де атап өтпей болмайды. Меніңше, бұл бүгінгі таңда өзінде ғана бар тәсілмен осы кезеңнің болмысын жеріне жете  ашып берген, бізге берері көп, біздер айналып өте алмайтын бірегей туынды. Бұл менің төменде айтайын деген сөзімнің тоқ етер түйіні. Мен оқырманның алтын уақытын шығарманы құр мақтаған салтанатты сөздермен сырап еткім келмейді. Алайда, бұл шығарма мені мен күткеннен әлдеқайда артық деңгейде таң қалдырды, тамсандырды және үрейлендірді. Мен мұны ашық айтқым бар.

Бұл роман туралы жазылған еңбектердің ішінде мен Л.Валери мырзаның мақаласын – оны мақала дегеннен гөрі романға жазылған беташар деп қабылдаған дұрыс шығар – жоғары бағалаймын. Бұл еңбекте сыншы шығарманың желісі, мәтіннің өзгерісі мен ол беретін сивольдық мәні жағынан «Одиссея» эпосымен шым-шытырық байланысып жатқанын тамаша ашып берген. Бұл ерекше назар аударуға тұрарлық жағдай. Ол бойынша жазушы шығарманы жазу барысында алдымен эпоспен қатысы бар бір жүйе жасаған да, соңынан шығарма аяқтағанда әлгі құрлымды жойып тастағаны байқалады. Бірнеше жылдың алдында Р. Олдингтон мырза  «Улисс» туралы жазған сынында осы түйінде ағат басқан болатын. Бірақ, ол кез шығарма толық емес, қайта, романның тараулары ретінде басылып жатқан еді. Сондықтан, ол тұста орын алған қателіктерді айтып жатпасақ та болады. Р. Олдингтон мырза Дж.Джойысты  көріпкел ретінде бағалайтынын байқаймыз.  Сыншының түсінігінше дүниені дадаизмшілдер астаң-кесең еткен соң, орын алған күрделі жағдайда жазушы өзінің мол мүмкіндігін жеттік пайдаланып, сиқыршының таяғын бір сілтеп бәрін өзгертіп жіберетініндей керемет жаңалық ашып отыр. Дж.Джойс мырзаның бұл кітабының түбінде неге апарып соғарына дәл қазір бірдеңе дей алмаймыз. Кейде керемет туындының да жаза басып жұрт назарынан шығып қалатын, ал кейбір түкке тұрғысыз кітаптардың оқырман қалауын қандырып жататынын білеміз. Келесі ұрпақтың талғамын біз бақыламайтынымыз анық нәрсе. Бірақ, таланттар өзі сияқты таланттарға құрметпен қарауға тиіс. Ол оқымаған немесе тәрбиесі төмен адамдарға жауап беріп жатпаса да болады. Р. Олдингтон мырзаның талғамы төмен оқырмандардың тұрғысынан тұрып Дж.Джойыс мырзаның бұл романы туралы айтқан ойларына біздер келісе бермейміз. Меніңше, бұл роман – мен қателесіп кетпесем – былыққан, тегінен тайған, астаң-кестең болған жандүниені біз білетін шындықтан басқаша тәсілмен жеткізген. Мен Р. Олдингтон мырзаның төл сөзін келтіре кетейін. Онсыз біреулерге өз ойымды басқаға еріктен тыс таңып отырғандай көрінуім мүмкін. Ол: «мұнан тыс, Дж.Джойыс мырзаның ерен таланты мендегі адамзатқа деген жеккөрушілікті оятқандай болды. Мұнда бір мән бар, ол өмірді мәнсұқ етуге жетелейді», - дейді. Бұл, енді, аздап артық кеткендік. 

 Өмірді мансұқтап отыр ма, жоқ (өмірді аяқасты етіп, келсін-келмесін жеке немесе бір шоғыр адамдардың тұрғысынан өлшеп-пішу бізге таңсық жай емес) бұл мәселеге философиялық тұрғыдан қарау керек. Бірақ, кесіп айтарым «Улисс» шынымен бірдеңені «бүлдіреді» делінсе, ол әсте қай біреулер алаңдайтындай бұзып-шағып кететіндей дүние емес, қайта, сөзден өрнек салған, өзіне жауап бере алатын мәтін деңгейіндегі өнер туындысына жатады. Бұл жағынан қарағанда Р. Олдингтон  мырзаның алаңдауының онша қисыны жоқ деп білемін. Тағы бір қыстыра кететін нәрсе, Р. Олдингтон мырза Дж.Джойс мырзаны атағанда: «ұлы талант, бірақ, өзіне тектеу салуды біле алмай қалатын жері бар», - депті. Мен болсам, сөйлемнің алдыңғы бөлегін ғана айтып, соңын жұтып қояр едім. 

Мен Р. Олдингтон мырзамен арамызда көзқарас ортақтығымыз бар деп білемін. Ол болса біздің классизмге бүйрегіміздің бұрып тұратыны. Содан да мен аталған мәселеде Р. Олдингтон мырзаның ойына ой қосып отырмын. Біздер бір тұрғыда тұрсақ та, ойымыз сабақтасып жатса да, бүгінгі таңда әдебиетте орын алып жатқан жаңалықтарға қарата өз көзқарастарымызды ортаға салудамыз. Мен біздің ұғымымыздағы «классизм» романтизммен бәсекеге түсу үшін арнайы қабылданған таңдау деп қарамаймын. Біздер «мынау күні батқан немелерді сахнадан қуыңдар» дегендей, «мен қалып, сен өлетіндей»  партия-топтардың өмір сүру дағдысынан аулақпыз. Бізге үздік әдебиет қажет, ол таңдаулы, керемет болса болды, біз оны өмір сүрген уақыты немесе кезеңіне бөліп, «ала қойды бөле қырқатын» сауатсыздыққа бармаймыз. Кейде нағыз таланттар қолындағы шикі материалдың тоқсан пайызын тастап, қалғанымен, айталық мұражайда тұрған мумия дерлік деталдармен өз мақсатына қол жеткізіп, өзіне ғана тән туындысын жаратып жатады. Бүйректен сирақ шығарғыш кейбір сыншы сымақтардың «классизм» дегенді ұстап алып, жатып келіп аузына келгенін айтатындары бар (мен Р. Олдингтон мырзаны бұл санатқа қоспаймын, әрине). Кейбір жазушылар талантымен біздің түсінігіміздегіден басқаша, тіпті, кереғар келетін классикалық дүние жаратуы мүмкін. Бұл жерде орын алып отырған мәселе жеке бастың талғам-түсінігі, әдет, дағды және әдебиеттің қоғамдық өмірдегі орынымен қатысты. Осыдан барып ұқсамаған жағдай орын алып жатады. Таза шығармашылықпен салыстырғанда сын саласының өз заңдылығы бар. Сын жазғанда кейбіреулер «классизм» дегенді жиі пайдаланады. Өйткені, оның өзіне тиісті сара жолы қалыптасқан. Оны сөздің тұздығы, шығар түйіні етіп пайдалануға мүмкіндік мол. Ал шығармашылықта сөз басқа. Жазушы ретінде ой мен сезімің жиған материалыңның өзегінен өтіп, жаныңның қалауын, талғамыңның таразысын таппаса, оның дегендей шығарма болмай шығады. Сондықтан Дж.Джойыс мырзаның романы туралы айтқанда, жазушы нені қалай пайдаланды және өнерді қандай деңгей көтерді деген салмақты сұраққа барып тірелеміз.

Дәл осы түйінде Дж.Джойыс мырзаның «Одиссеямен» парелелдік таба алуының алатын мәні зор. Бұл ғылымда ашылған ерекше жаңалықпен барабар мәнге ие. Мұнан бұрын ешбір жазушы бұлай жазып көрген емес, бұлай жазуды ойлап та көрмеген шығар. «Улиссті» «проза» деп атағанда мен оның әдебиетке тән ойдан туындағанын алғы шарт етіп отырғаным жоқ. Сен оны «эпос» жеп қабылдасаң, менің оған  да еш қарсмылығым болмас еді. Егер, біреулер ол роман жанрына жатпайтын сияқты деп қараса, мен оны біздің проза жанры туралы түсінігіміздің бейшара халге жеткенінен солай, деп айтар едім. Проза жанр ретінде өзін формасымен емес, қайта дәуірді өзіне тән ерекшелігімен жеткізіп беруімен дәлелдеуі тиіс. Форма ол үшін көздеген мақсатқа барар жол ғана. Сондықтан, бұрынғыдан да икемді әрі қажетті форма іздеу қалыпты нәрсе. Дж.Джойыс мырза «Портрет» деген шығарма жазды. Уиндем Льюис мырзаның да «Дар» деген туындысы бар. Меніңше, бұл екі жазушы біздің бұған дейін қабылдап келгенімізге сай келетін роман жазып отырған жоқ. Біздің түсінігіміздегі проза Г.Флобер мен Джеймисон дәуірімен аяқталды. Бұлай деудегі себебім Дж.Джойыс пен Уиндем Льюис прозаның жаңа кеңістігін ашып отыр. Бұл жазушылар ырықты немесе ырықсыз түрде ме, әйтеуір бүгінге дейінгі прозаның талабына қанағаттанбайтындарын танытқан. Содан да өздерін ақылды санайтын кейбір жазушылардың шығармасына салыстырғанда бұл екі мырзаның жазған романдарының формасында таласты мәселелер жетерлік.                                                  

Мифты пайдалануда, бүгін мен өткеннің арасына желі тартып ортақ бір құрлымдық жүйе жасай алу жағында Дж.Джойыс мырза бізге тамаша бір жол салып беріп отыр. Алда көптеген шығармашылық иелерінің бұл жолмен өз бағын сынап көретінінде дау жоқ. Мен оларды «еліктеушілер» деп атамас едім. Себебі, ғылымда Альберт Эйнштейн ашқан жаңалық өз алдына дара жол болып қалмастан, саланың шыт жаңа серпінмен дамуына ықпал етіп кетті. Ғалым жаңа дүниенің шымылдығын сыпырып отыр. Біз оның өз алдына бір әлем екенін, өзіне ғана тән шыт жаңа болмысы барын, тұрақсыз, тұрлаусыз қасиетімен тарихқа тың өзгеріс және мағына әкелгенін таныдық. Мұндай таным ақын У.Йейтс мырзаның шығармашылығында да көрініс тапқан болатын. Сондықтан да мен оны бүгінгі заманға сай сананың ақыны ретінде жоғары бағалаймын. Бұл сана жұлдызшылардың таным әлеміне ұқсап кетеді. Ол психология (қазіргі таңда бұл ғылымның көп ақауы болса да, біреулер күлкі етіп жүрсе де, біз бәрібір оған сенім артамыз), адамтану ғылымы және «Алтынбұтақ» (Golden Bough) шығармасымен іштей астасып жатыр. Бұл байланыс осы бірнеше жылдың жүзінде ғана қалыптасып үлгірді. Біз бүгін мифты пайдаланамыз, бірақ, оны әсте бұрынғы сияқты баяндап бермейміз. Мен мұны жаңа заманның өнертану саласындағы дәуір бөлгіш жаңалық, жаңа қадам деп бағалаймын. Біз Р. Олдингтон мырза айта беретін өнердің табиғатына жасырынған тәртіп пен форманының жаңа үлгісін таптық десек, артық айтқандық емес. Жол сілтер белгі, қол созар көмек те жоқ мына заманда осылайша жүрер бағытыңды танып қалсаң, ол да ғажап емес пе?!            

Аударған –Ардақ Нұрғазы


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты