Seamus Heaney. Үзілмейтін үн - С.Плат

3f14eadc0534dc70af29f64df55460a6.jpg (800×979)

Мен біркезде ақын өзінен аттап өтіп барып өзінің үнін табады, деген болатынмын. Ондайда поэзияның мəні мен мазмұны сөз теңізінде өркеш ата толқып, биікке шапшып, ақынға жаңа өріс ашады.

Шабыттан тұратын бұл деңгейді əр ақын өзінше түсінеді. Роберт Фрост оны “мəннің үні”, поэзияға тəн даралықтың белең алуы деп түсіндірген...

Т.С.Элиот бұл тұрғыда тіпті де өзгеше ойға беріледі. Ол поэзия бұл деңгейде нақты мəн мен тіке түйсіктен тұратын бағы замандардан келе жатқан ішкі мүмкіндігін табады дейді...

У.Б.Йейтс те өзінің жұрт естімейтіндерді еститіндерге — шойын құлақтарға арнап жазатынын айтады, бірақ ол поэзияда музыка мен ритмінен гөрі сөздің образдылығына ерекше мəн беретінін аңғартады.

Жоғарыда мен поэзияның үш түрлі өкілінің — төгілме шешендікті дəріптейтіндердің, құлақтан кіріп бойды алар образ қуатындардың жəне драмалық қасиетке тəн мифке жол тартатындардың көзқарасына тоқталдым. Менің айтайын дегенім С.Платтың бойынан осы үш үлгінің де елементі кездеседі. Ақын ретінде С.Плат мынадай деңгейге жетті деп мен нық сеніммен айта аламын: ол өзін тəңірдің сыбырын еститін əрі соны қайталай алатын адам ретінде сезінген сияқты; оның көкірегінен туындаған шумақтар оның өзінен гөрі басқа біреудің атынан жетіп жатқандай сезілетіні бар; оның бұл бағытта ұзап кеткені соншалық ақын енді қайтып жеке өзі емес, қайта үн мен мəннен тұратын өзгеше бірлестікке айналып кеткен. “Сөз” деген өлең ақынның 1963 жылы ақпан айында жазған ең соңғы алты өлеңінің бірі.

 

Балта

Шапқан ағаш шырылдайды,

Үні кетеді жаңғырып!

Даладан келген жылқы дүбіріндей,

Бір үн барады бір үнді жалғап.

 

Ағаштан аққан сөл

Көздің жасы сияқты,

Тамшылап қауызға тамады.

Өзін тапқандай...

 

Ақынның сол ақырғы күндерін еске алсақ: 1962 жылы қазан айынан 1963 жылы наурызда өзін өлтіргенге дейін, С.Плат базбіреулер айта беретіндей тек бақытсыздық пен бейберекеттіктен ғана тұратын өмір кешкен жоқ; ол үстелге таңғы ас ішу үшін емес, өлең жазу үшін отырған; төсегінен У.Б.Йейтсше айтқанда “көңілінде тотықұстай түрленіп” тұрған; өзін су төгілмейтін жорғадай сезінген. 29 қыркүйекте, жаңа шығармасын жазуға отырудан бұрын ол шешесіне былай деп хат жазған:

“Сүйікті анашым, қазір тағңы сағат 6 жарым, мен жұмыс істеп жатырмын, таңертеңгі алғашқы кофемді ішуге отырдым.”

12 қазанда ақын өз ойлаған өлкесіне алғашқы қадам басқанын аңғартады:

“Әр күні таңертең, ұйқы дәрісінің әсері өткеннен кейін, мен сағат бестерде оянамын, өлең жазғым келіп тұрады, әр күні таңғы астан бұрын бір өлең жазып тастаймын. Жинағым толды. Бір жағынан қорқынышты да, отбасының тірлігі онда өзгеше жазылып кеткен сияқты.”

Міне осындай халде С.Плат Р.Лоуелд айтқандай “қатаң сұрыпталған, қар шаңғысын тепкен адамның мəнеріндей өзгеше сұлу көркі бар, кездескен сəт сайынғы қатердің бəрінен аттап өтіп соңғы аялдамаға жетіп жығылған шабандоздың” құдіретіндей құдірет танытады. Бұл жолдардың иесі айтып отырған сəт сайынғы қатер дегеннің поэзияның ішкі мүмкіндігіне бағытталып айтылғаны біздерге түсінікті.

«Алиер» мен онда топталған өзге жырлардың жұртты өзіне тартатын жері ондағы лирикалықтың өзгеше түс алатыны. Бұл өлеңдер ішкі түйсік жағынан болмыспен аңдаусыз түйіседі. Өлеңдердің шабыттан туғаны соншалық, оларды оқыған адамның кездесер мазмұнға өзін дайын еместей сезінетіні бар. Бұл өлеңдер Поунд айтқан шегіне жеткізілген əсер мен елестің үндестігінен тұрады...

Бұлардан бұрын С.Платтың тілін ырғақ, ұйқас, ритім, тармақтар ара үндестік деген дүниелер байлап-матап тұратын. Ақынның соңғы жетістігіне қалай жүріп келгенін, қандай “ізденуші” болғанын бізге тіпті оның ақын күйеуі де дұрыстап түсіндіріп бере алған жоқ. “Ертеректе ол баяу жазатын” -дейді Тед Хьюз, - “сөздікті алдына жайып алып, ірі де сойдақталған əріптермен ақ қағазды шимайлап жататын. Оның жазуларының өзі салған суретке ұқсап кететін. Бір-бірінен ажырап тұрғандай көрінетін əріптері арыдағы тамырынан өріп шыққандай əсер беретін. Баяу əрі табанды қимылына қарап сен оны есеп шығарып отыр ма деп қалар едің. Тістеніп алып сөздіктен бас алмай отырған оның түріне қарап-ақ сөздерге ғашық болып қалған шығар деген ойға келерің де кəдік жоқ”. Сол 50- жылдардың соңында, С.Плат өзінің 1960 жылы Англияда жарық көрген алғашқы жинағы «Алып мүсінге» кірген өлеңдерін жазу үстінде міне осындай күндер кешкен. Ол өлеңнің тасадағы кеніне, өзін жеріне жеткізе жазудың тың мүмкіндігіне осындай қадамдарымен барған...

Аударған Ardakh Nurgaz.

Robert Lowell: Ақтық айналымда өмір кешкен ақын

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3512

 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты