Vargas Llosa: Желде қаулаған өрт

ed34320d2034d2dc967b08220c73eb22.jpg (983×1245)


 «Живаго дәрігер» романының жарық көруіне байланысты дау-дамай ақыры тарихқа айналды. Борис Пастернактың тағдырын тәлкек етіп, мазаққа айналдырған, сонымен бірге Нобель сыйлығына иегер етіп шексіз құрметке де бөлеген осынау кітапты жұрт араға отыз жыл салып барып байыпты көңіл-күймен оқитын болды...

Б.Пастернактың Лев Толстойды пір тұтатыны анық – ол ғұмырнамасының бірінде бала кезінде әке-шешесінің қасында Толстойды көргені туралы жазады – содан да «Живаго дәрігер» мен «Соғыс және бейбітшілік» ішкі иірімі тұрғысынан сабақтас, жұрттың оларды салыстыра беретін себебі де сонда. Я, бұл екі шығарма әке мен баланың қатынасы сияқты, ықпалдастыққа ие. Мазмұны мен құрлымына қарағанда олардың көлемі мен ұстанымында ортақтық көп.

50-ші жылдардың ортасында «Живаго дәрігер» батыста жарық көргенде сыншылардың барлығы, тіпті осы шығарманы шексіз жақсы көрген оқырмандардың өзі оның ескі жазу мәнері мен бошалаң сөз алысына таң қалған еді. Әлдеқашан ескірді делінген авторлық шұбалаңқы баяндауды көріп тіксінгендер көп. Бұл шығарма прозада ұлы жаңалық ашқан У.Фолкнер, Э. Хемингуэй,  Джон Дос Пассос,  Жан-Поль Сартрларды оқымаған – әлемнен бөлініп қалған дүниеде жазылған болатын. Ол тіпті Фолберден бұрынғы өнер эстетикасының туындысы еді. Мұны шекаралармен шектелген кеңес жазушыларының жағдайының көрінісі дегеннен гөрі, Б.Пастернактың өз таңдауы, деп қабылдауға да болады... «Живаго дәрігер» ақын жазған шығарма. Онда табиғатты жазған тұстары айта қалсын әсерлі, тіпті кереметтей деуге болады. Романның ондай тұстары аудармада толық көрініс таппады дегеннің өзінде де көз тартады. Бұл жағынан роман Ресейдің ұлы даласын әнге қосқан дара туындының қатарына жатады. Бірақ, соған қарап жатпастан авторды Жазушылар одағынан шығарып, «екіжүзді, халық жауы, отанға опасыздық жасаған» деп түкке тұрғысыз етіп шығарған ғой шіркіндер...

Анадай қоғамда Живаго ешқашанда батыр саналмайды. Ол мақалалар жазып, өлең шығарып өзіне тән зиалылық танытса да, олар тарих үшін жоққа тән дүниелердің санатына жатады. Аласапыран заманда, дәрігерге тән болмысымен айналасына самарқау қарайтын оны оқырманның қабылдауға шарасызданатын жөні де бар. Қай тұрғыдан айтқанда да ондағы самарқаулық, тыныштық көп адамға түсініксіз, жат сезіледі. Ол уақыт өте келе өзгеше салқынқандылыққа, тағдыршылдыққа апаратындай көрінеді. Ондағы зиалыға тән болмыс, этикалық әрі символдық мәні бар құндылықтың өз құдыреті бар. Шындығында төңкеріс кезінде, ішкі соғыс тұсында, одан кейінгі аумалы-төкпелі заманда Живаго да өзіне тән тұрғымен арпалысты өмір кешеді. Ол өзінің тіршілігі үшін ғана емес, жақындарының жан амандығын сақтап қалу үшін де үлкен бодау береді. Сол барыста ол ой кешеді, қуанады, қайғырады, тіпті тарих толқыны өзін бір жола құрдымға итеріп тасауға айналған сәттерде де өмір үшін үмітін үзбейді. Живаго ескі қоғамның қатігез тұсын жасқы сезінеді, біледі, бірақ, ол басқалар сияқты жаңа қоғамды төтесінен – от пен оқтан жаралған қоғамды бірден құшақ жая қарсы алып кетпейді. Ол өзі білетін, өзіне жақсы таныс және алған тәрбиесі жағынан жақын болса да кері төңкерістің сойылын соғудан аулақ. Өзгелер тарих ағысында, сын сағаттарда әйтеуір бір жақтың тобына қосылуға тиісті болса, ол қалыс қалады, ешкімнің қарасын көбейтпейді. Ол от пен судай отаспайтын екі жақтың аралығында қалуға бар. Негізі мұндай тұрғының бодауы үлкен...               


...«Живаго дәрігер» - сұлулыққа тұнып тұрған туынды. Ол және үлкен қасірет пен аяулы сезімдерді тоғыстырған, кімге болса да ескертпе ой туындататын  шығарма. Ол өнер адамының көкірегін жарық шыққан қыстыққа қиял, қасіретке тоғытылған жанның үні.        



(Vargas Llosa. Борис Пастернактың «Живаго дәрігер» романы туралы шолудан үзінді. 1989ж.)

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты