Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Гомер немесе әдебиеттің ұлы жорығы

10bf071a502468d07bb0e569668aeb6c.jpg (956×400)

Әдебиет туралы сөз болса, көз алдыңнан әуелі бір шоғыр елес кезіп өтеді. Ол елес сонау Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарынан бүгінгі «Шөл» поэмасы, «Жүз жылдық жалғыздық» романдарына дейінжалғасқан шығармалардан туындап, адамзаттың рухани көгінде құсжолындай көсілген образдардың әлемі. Әдебиет уақыт пен кеңістіктің шектемесіне ұшырамайтын адамзат мәдениетінің айнасы. Одан сен тарихты, тарихта жасаған ұлы тұлғалардың тағдырын, уақыттың сырын, өмірдің мән-мағынасын, тіршіліктің болмысын, мәдениеттің бүгінге жеткен ізін, жиып келгенде өзіңді көресің, өзіңнің жандүниеңе үңілесің. Жер бетінде мәңгілік дүние жоқ, бірақ, шартты түрде әдебиетті мәңгілік дүние, деуге әбден болады. 

Кейде жас талапкерлермен әдебиет туралы ой бөлісіп отырғанда, басыңа қайдағы ғажайыптау ойлар келеді. Жандүниесі ақ қағаздай таза, өнерге алып ұшқан қызғушылылғы бар жандарға әдебиет туралы өзің жақсы білетін, бірақ, бірден жеткізіп айтып бере алмайтын әлдебір дүниелердің барын сезінесің. Айталық, әдебиет арғы мәні тұрғысынан аса күрделі әрі сырлы нәрсе. Сырлылығының бір белгісі оған жақындасаң, ол сені шексіз өзіне тартады. Бұл оның туабітті тәбиғатына тән қасиет. Әдебиеттің бұл сиқыры оның болмысындағы мән-мағынасымен қатысты. Адамзаттың мәдениет тарихынан қарағанда алғашқы миф, аңыз-әңгімлер, кейінгі діни киелі кітаптар әдебиеттің алғашқы белгісін құрайды. Бірақ, шын мәніндегі әдебиет өзінің ұлы құдыретін мәтін ретінде толық көрінгенде ғана анық айғақтаған.Бұған Гомердің жоғарыдағы екі дастанын мысал ертінде алуымызға болады. Жыл санауымыздан бұрынғы сегізінші ғасырда пайда болып біртіндеп толық көрініс тапқан екі шығарма өзіне дейінгі адамзат қоғамының болмыс-бітімін, тәбиғатын толық көрсетіп қана қоймай, бүгінге дейінгі мәдениет пен тарихтың болмысын айқындап келеді.Бұл жай жалпылама сипаттағыалып қашпа сөз емес. Нақты дәлелі бар ұғым.   

Біраз жылдың алдында сәті түсіп Түрік елінде сапарда болдым. Сонда атбасын тіреген қаламыздың бірі Изімер еді. Толқыны ұрған Мәрмәр теңізінің жағасында тұрғанда бойымды түсініксіз, бірақ, арыдан жеткен бір ағынның қуалап өткені бар. Мен мұны сонда тарихтың толқын-ау дер түсіндім. Тарихи аңыз бойынша Гомердың табаны тиген жеті қаланың бірі осы Изімер. Ұлы жырау Гомердің елден ел , жерден жер кезіп жүріп, тынбай жырлаған  жырымен әдебиет ресіми түрде ортаға шықты, десек, қателеспейміз.Оның екі дастаны бірінші рет адамзат қоғамының жалпы көрінісін барлық қырынан айшықты көрсеткен еді.Байқасаңыз, екі дастанның құрлымы артық  та, кем де емес, өзінің алға қойған мақсатына жұмыс істеп тұр. Бұл түйін әдебиеттің биік деңгейдегі ішкі жасалу заңдылығына саяды. Әдебиет деген мазмұн мен форманың айнымас бірлігі немесе У.Йейтістің сөзімен айтқанда «мазмұн мен форманың қатынасы би мен бишінің қатынасы сияқты» байланысының бір көрінісі. Бұл қағида сол кезеңде қалыптасса, екі жарым мың жылдан кейін де өз құнын жойған жоқ. Сонымен бірге әдебиет сол тұстан бастап «нені және қалай жазу керек?» деген сұраққа да жауап берген. Бұл арада «екі дастанда сонда не жазылды?», деген заңды сұрақ туыуы мүмкін. Бұған мәдениет, саясат, экономика, қоғамтану, т.б. сала тұрғысынанмыңдаған еңбек жазылып, зерттеліп, жауап берілді. Осылардың ішінде әдебиеттану, өнертану тұрғысынан берілген жауапты мен ең құдыретті әрі өміршек жауап деп білемін. Ол бойынша жоғарыдағы екі дастандаадамға тән әлсіздіктің қыры мен сыры жазылған.

Адамзаттың өзін тануының басында дүниенің жаралғаны туралы аңыз, миф тұр. Ол бойынша дүние әуелде қап-қараңғы біртұтас еді, содан «пайда бол!» деген Ұлы Жаратушының үнімен жарық түсіп,жер мен аспан пайда болады. Одан кейін адамзаттың алғашқы мекені – Еденбағы болды. Онда екі тұрғын – Адам ата мен хауана өмір сүрді. Содан кейін адам атаның ұрпақтары жер бетіне мекен салып, алғашқы қала мемлекеттерін құра бастады. Сол кезеңнен дәл бүгінге дейін адамзат сан сүрініп, сан тұрды,  алапат соғыстарды, қырғындарды,  тұқымымен құрып кетудей зобалаңдарды бастан кешті. Осы барыста өзіне өзі қойған бір сұраққа жауап іздеді. Ол «Мен кіммін?» деген сұрақ еді. Сірә адам деген не нәрсе? Шексіз жансыз тәбиғат дүниесі және жаны бар тіршілік әлемімен салыстырғанда жоғарыдағы сұрақты өзіне қояалатын тек адам баласы ғана. Содан да адамнан басқа дүниенің бәрі бір текті, тұтас дүние. Тек адамның ғана екі жақты ерекшелігі бар, ол – тән мен рухтан тұратын біртұтас әлем. Оның рухы көрінбейтін, тәні көрінетін әлемге тән. Ендеше, басқа дүниемен салыстырғанда адамның өзгеден артықша қасиеті, оның рухы қайдан келді және ол не өзі? – деген сұрақ туатыны анық. Міне осы сұраққа әдебиет жауап береді. Гомердің жоғарыдағы екі дастанында адам мен Құдайлар аралас-құралас жүреді, адам баласы Құдайлардың бойындағы кейбір қасиеттеріне ие болып, сонымен өмір сүреді. Ол қасиеттер адам баласының әлгі өзге жаниесінде жоқ рухын қайталайды. Бірақ, адам Құдай емес еді. Оған бір айғақ адам баласының шекті өмір сүретіні. Міне, адамға тән қайшылық осы тұстан басталады. Жансыз табиғат пен өзге тіршілік әлемінен артық қасиеті – рухы бар адамбаласы шекті жасайтынына қарамастан өз мүмкіндігінен артық дүниеге қол созады, соған ұмтылады. Оның ақыры адамға тән барлық қасиеттерді көрнекілендіреді.Соның ішінде көзге бірден түсетіні адамның әлсіздігі. Әдебиет адамған тән әлсіздікті жан-жақтылы, терең көрстеуімен,философия, тарихты, мәдениеттануды қамтыған ғылымдардың бәрін шаң қатырып кететін артықша қасиетке ие өнер. Әдебиеттің өзгеде жоқ осы ерекшелігіөзіңе үңілдіреді, өзіңді тануға жетелейді. Әдебиет көрнеудегі және көмескідегі әлеммен байланысты болғаны себепті адамтануға қатысты барлық ғылымдардың бастау көзінде тұрып келеді. Батыс философиясының тарихынан мысал алып айтсақ, Гомердің екі дастаны болмағанда, Платонның «көрінетін әлем және көрінбейтін әлем» туралы философиялық тұжырымы өмірге келмес еді. Платонның осытұжырымы болмаса, адамзат өзін тануда, мәдениет тарихын жасауда бүгінгі деңгейге жете де алмас еді.Бір қызықты деталь Платонның өз  теориясында «Қиялдағы мемлекеттен» ақындарды шететуі. Бұл да әдебиетке қатысты шындықты бір қырынан дәлелдейді. 

Платон заманынан бастап адамзат өзін тануда материалдық мәдениеттің заңдылығын игеруге күш салды. Көрінетін әлемнің барлық мүмкіндігін қамтитын теориялық тұжырымдамаға жетіп, қоғам дамуының орнықты желісін қалыптастыру философтарды қамтыған ұлы тұлғаларізденісінің түпкі мақсаты болды. Бұладамға тән тәтті қиял еді. Содан да Платон өз шығармасының атын «Қиялдағы мемлекет туралы тракат» деп қойған. Филосыф Грек қоғамын Гомердің екі дастанынан бас таруға итермелеген жоқ, қайта, оны оқуға, ондағы рухы биік қасиеттермен тәрбиеленуге үгіттеді. Платон өзінің жорамал мемлекетінде Гомердің емес, Гомер жазған екі дастандағы кейбір дүниелердің болмауына ғана ерекше назар аударды және сол мазмұнды кіргізбеуге барынша күш салған.Бұл детальдар шындап келгенде әдебиет қана жеткізе алатын, тереңіне бойлай алатын адамға тән қасиеттердің көрінісі еді. Айталық, Платон Гомердің Троя соғысы кезінде Ахиллестей батырдың олжаға түскен дүие-мүліктің өзіне аз берілгеніне бола өкпелеп, соғыс майданына шықбай қойған пенделігін, адамға тән әлсіздігін гректерге оқытпауға тырысқан. Бірақ, оны гректерден жасырғанымен, ол жоқ болып кете ме?! Әлбатта, ол жоғалып кетпейді. Адам болады екен, оның тән мен рухтан тұрған арпалысты тірлігі болады екен, ондай әлсіздіктер қашан да өмір сүре бермек. 

20 ғасырда әдебиет тағы бір рет түледі. Поэзия мен прозада Гомердің биігіне ұмтылған, Гомерді қайта тірілткен ақын, жазушылар жиі көзге түсті. Уақыттың сыны тұрғысынан адамзаттың бүгінге жеткен аяқ алсын бағамдап, рухани хал-күйін таразылаған шығармалар «Илиада» мен «Одиссеяның» күйін тыңнан шерітті. Құдайлар мен адам арасындағы рухани кеңістіктен басталған әдебиет екі жарым мың жылдық тарихты басып өтіп бүгінге жеткенде жаңа тынысымен көзге түсе бастады. Бірақ,  бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол әдебиеттің көрінетін әлем мен көрінбейтін әлемнің екеуін бірдей қамти отырып адамзат тіршілігінің бомысына үңілетін қасиеті.Оның басында сол баяғысындай «Біз кімбіз?» деген сұрақ тұр. Осы сұрақты дұрыстап қоя алса, әдебиет әлгі де өз  тұғырында, өз биігінде қала беретіні анық.

Бұл сұрақты бүгінде қазақ жазушылары да қойып жатыр.Менің ойыма Сағдат Ордаешваның «Жантелім» әңгімесі оралады. Көп нәрсеге көз жеткізсем де, бұл шығарма маған үнемі бойынамен аңғармаған әлде бірдеңені жасырғандай сезіледі де тұрады. Шығарманың қасиеті баяндау мен мазмұнның ішкі байланысын ым-жымын білдірмей, бітеу күйдегідей етіп жеткізуіне байланысты. Бұл талапты аталған әңгіме толық орындаған.Оның жеткен жетістігі де осы түйінде деп ойлаймын. Жеткізбек ойының күрделігіне, қамтыр көлемінің кеңдігіне, уақыт пен кеңістікті икемдеу мүмкіндігіне қарамастан,кей шығарма өзінің шекті болмысынан әлдеқайда үлкен сана аумағын қамтып жатады. Меніңше, аталған әңгіменің өзіне жиі тартатын себебі де осында болар деп ойлаймын.Айталық, тәуелсіздіктен кейінгі ширк ғасырлық тарихтағы рухани күйіміз туралы біздің қоғамтанушылар, тарихшылар, саясаткерлер, т.б. түрліше айтып, жазып келеді. Өз басым олардың дені табан тіреп тұра алмайтын көзқарастардың жиынтығы деп ойлаймын. Бастысы ол көзқарастар көп жағдайда адамның арыдағы рухани болмысынан гөрі нәпсісінің қоғамдық көрінісі сияқты сезіле береді.Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бодан кезімізде жақсы сезінетін сияқты едік.Тәуелсіздік келісімен, уақыт өте келе, әлгі мәңгілік өзгермейтін құндылық сияқты дүниетанымымыздың өзінде үлкен өзгеріс болғанын қалай жасырамыз?! Осы тұрғыдан келгенде «Жантелім» маған бір ой салды. Адамға тән азғындықтың алдында ештеңе мәңгілік құндылыққа ие емес.Адамға тән дүниелер өзгереді, жаңарады, соңында орнында қалатыны осы заңдылықты түсіну және оған құрмет ету. Жиып келгенде жазушының бұл шығармасының бізге ескертері түйіні осы. 



Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты