E.Bolatkhan. ҰҚШҰ кімге керек?

d57ef722b66e6935d59318d01bad3c27.jpg (1481×757)

Ресейдің халқаралық тәртіпті бұзып, Украинаға ашқан соғысы жеңіліспен аяқталар алдында тұр. Бұл үлкен тарихи оқиға болды. Бастысы осы соғыстан кейін Еуразия кеңістігінің саяси картасында түбірлі өзгеріс болайын түрі бар. Ресей біртұтас ел болып қала ма, жоқ, деген сұрақ қазір төтесінен қойылып жатыр. Путин мен оның командасы соғыстан кейінгі госаяси жағдайға бейімделудің қадамын бастап та кеткен сыңайлы. Соңғы уақытта ҰҚШҰ-ға (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) қатысты мәліметтердің ашық ақпарат кеңістігіне көптеп шыға бастағанынан-ақ осы беталысты байқаймыз.

ҰҚШҰ дәл қазір кімге керек бола қалды, деп ойлайсыз? Соны санамалап көрелік.

Ол ең әуелі Путинге керек. Путин келесі жылы сайлауға түсуге мүдделі. Украинадағы соғыс, соғыстың беталысы және дәл қазіргі «Ресей мен Путинсіз әлем» орын алып отырған жағдайда, орыс билігіне жаңа жол, бір жұтым ауа беретін ашық-алаңқа өте керек болып тұр. ҰҚШҰ осы талаптан шығатын аз ғана мүмкіндіктің бірі. Біріншіден, Путин ҰҚШҰ жиналысы мен соған қатысты шараларда көптің ортасында жүрсе,  оның халқаралық саясатта әлі де беделі барын, «аттан түссе де, үзеңгіден түспегенін» сайлау алдында орыс халқына насихаттауға жақсы. Одан қалды соғыстан кейін Ресейде ішкі жаңжалдың асқынып кетуі де бек мүмкін. Оның дені Мәскеуден алыс Ресейдің Азия аумағындағы жерінде болуы мүмкін. Егер, жаман айтпай, жақсы жоқ, жаңжал туса, қарулы соғыс ошағы орын алса, орыс билігі үшін өршіген отты өшіруге ҰҚШҰ үлкен көмегі болатыны анық. Оған қазақтарды тару стратегиялық жақтан маңызды. Қазақстан президенті Қ.Тоқаев соңғы уақытта В.Путіннің бетіне тура қарап сөйлейтін, елге келсе, қазақ тілінде тілдесетін болып жүр. Бұл орыс билігіне ұнамайтыны әуел бастан анық. Сондықтан Тоқаевқа қарсы «бір қазақты» саяси сахнаға шығарып, араға қысу, бүгінгі Путин үшін керек. Ол сес көрсетудің бір тәсілі. Бүгінгі Путинде бұдан артық тиімді таңдау да жоқ сияқты. 

Одан қалды бұл ұйым Иманғали Тасмағамбетовке де қажет. Қ.Тоқаев ел билігін қолына алған соң, «ескі Қазақстанның» кадрларының біразы саясаттан кетті. Соның ішінде Тасмағамбетов те бар. Саясатта бір күн ел алдына шықпасаң, ескіресің, деген қағида бар. Осы қағида бойынша, ел билігін ұстауға қауқарлы, әлдеқашан дайын болған, бірақ, сәтті түспеген Тасмағамбетовтың тасада қалуы мүмкін емес нәрсе. Тек орай болса болды. Осы тұрғыдан алғанда Путиннің батасын алып, ҰҚШҰ-ның бас хатшысы лауазымына ие болу Тасмағамбетовке де Жаратушының жар болғандығының белгісі (ол өзі солай ойлатыны анық). Елде келесі президеніт сайлауына да бес-ақ жыл қалды. Осы беталысынан жазбаса, ол кезде Тасмағамбетовтың саяси салмағы бүгінгіден басқаша болатыны айтпаса да белгілі. Бүгінгі билік келесі сайлауға түсуге ниеті бар «Ескі Қазақстанның» кадарларының бәрін де ауыздықтауға толық мүмкіндігі бар. Басқаны қойғанда «ол – жемқор!» десең болды, бүкіл қазақ үн қосып шыға кетеді. Осындай саяси ауанда бірден «оққа ұшып кетпеудің» бір жолы халқаралу деңгейде жұмыста жүру. Тасмағамбетов бір күн ҰҚШҰ-ның бас хатшысы болып тұрса, оған Ақ орданың оңайшылықта тісі батпайтыны анық.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты