Ардақ Нұрғазы: Ердоғанның ұлы жорығы немесе исламның туын түркілер көтере ала ма?

f038c8baa0a1bc07f6d2d7ce96cd0506.jpeg (996×546)

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында идеологиялық теке-тірес ақырласып (Кеңес одағы ыдырап) капитализм жеңген тұста, Түркияны қамтыған Орта Шығыстағы елдердің алдында жаңа таңдау жасаудың кезеңі күтіп тұрды. Батыс елдерімен арадағы тарихи шиеленісті байланыс бір мезгіл Кеңес одағының алдыға шығуымен бәсеңсіген болса, енді ол жаңа сипатта қайтадан өзекті мәселеге айналған еді. Жеңістің туын желбіретіп тұрған батыспен енді қалай диалог құру арабтар ғана емес, түріктер үшін де жақсылап ойланатын сұрақ еді. Байқап отырсақ бұл сұраққа түріктер саясатпен исламды бір қазанда қайнатқан Ердоғанды қолдаумен жауап бергенін байқаймыз. 

Соңғы жиырма жыл бойында Р.Т.Ердоған зайырлылығы бір деңгейге жеткен Түркияда исламды жаңа сапада қарапайым өмірдің барлық саласына енгізу саясатын ұстанды. Мұны ол елдің өткен тарихтағы османлы заманымен сабақтастығы дегенді алға тарта отырып сіңірді. Сыртқы саясатта өзін Сауд Арабиясынан асып түсіп исламның туын көтеруші ретінде танытты. 

Түріктердің саясат пен дінді бірлестіру немесе зайырлылықтан бастарту жолымен жүруі бүгінде екі күмәнді сұрақ тудырып отыр.  Біріншісі, исламның туын көтеруге араб елдері мүмкіндік бере қоя ма? Екіншісі, діндік түс алатын саясат немесе мемлекеттік жүйе бүгінгі адамзат қоғамының даму заңдылығына қаншалық үйлесе алады?

2001 жылы «9.11» қыркүйек оқиғасынан кейін Сауд Арабиясы билігі радикалды исламшыл күштерді қолдауын амалсыз доғарғаны белгілі. Бірақ, ислам дінінің екі үлкен қасиетті ордасына ие болып отырған елдің жалпы ислам дінінің көшбасындық тұғырын басқа біреуге өткеріп бере салады деу ақылға қонбайтын шаруа. Оны түріктерге тіпті де бермесі анық. Таяу заман тарихында арабтардың түріктерге төрт жүз жыл бағынышты болып, соңында батыстықтардың қолдап-қолпаштауымен ғана бағыныштылықтан құтылғанын ескерсек-ақ жетіп жатыр. Соңғы жылдардағы Сауд Арабиясы мен Түркияның түрлі жақта жүз берген теке-тіресінің ушығуынан да біз өз ойымыздың шындыққа бір табан жақын екеніне көз жеткіземіз.       

Ислам қағидаларын өмірдің барлық саласына, айталық зайырлы заңдардың орнына қою Түркияны біртіндеп Сауд Арабиясы, Иран сияқты елдерге жақындатып бара жатқандай. Бірақ, оның Түркияға берері мардымсыз. Тіпті, жағымсыз жағы көп болуы мүмкін. Сауд Арабиясы мен Иранның исламды саясаттандыруда алатын өз ұпайлары бар. Арабтар осы қадамы арқылы исламның жалпы сүни бағытын өз туы астына шоғырландыра алады, парсылар болса шииттерге көшбасы болуға мүмкіндігі бар. Ал исламды саясатқа кіргізу Түріктерге не береді?  Үлкен ортада Түріктерге ала қоятын мүмкін күш жоқ. Исламды саясаттандыру Түркияға батыс елдерімен жауласуға барудан басқа ештеңе бермейді. Тіпті бұл саясат Түркияның ел ішіндегі саяси жағдайын күрделеструмен қатар жалпы түрік тектес елдер – Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, т.б. елдердің ел іші жағдайына да теріс ықпалы болуы мүмкін.  

Дін мен саясатты теңшеп ұстау, жалпы әлемдік өркениетпен диалогқа бара алатын ашық мәдениеттік саясат ұстану түркі тектес елдер үшін уақыттың бүгінгі кезеңінде ерекше қажет және маңызды. Онсыз, жауыңды көбейтіп, ішкі жақтан азғындап, сырттан қысым көріп торғайдай тозып кетуің әбден мүмкін. 

Сондықтан да Р.Т.Ердоғанның тарихты қайталау мақсатындағы ұйқылы-ояу ұлы жорығына біздер күдік аралас күмәнмен қарамай тұра алмаймыз.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты