Samuel Beckett. Годотты тосу (En attendant Godot)

f226681f6fb2b4d2895b152981d20c2d.jpg (1592×1073)

(Пьеса)


Кейіпкерлер:

Естрагон 

Валадимр  

Роззо   

Бақтыбек  

Бала 


Бірінші көрініс: Ауыл арасының жолы, басында жапырағы жоқ ағаш көрінеді. Қас қарая бастаған кез. Естрагон топырақ үймесінің  үстінде отыр, аяғындағы етігін шешпек болады. Аяқ киімін қолымен күшеп тартып көреді. Алқына дем алады. Сəл кідіріп, шаршаған бейне танытады. Одан қайтадан аяқ киімін шешпек болып тарытқылай бастайды. Саханада ауелгі көрініс. Валадимр көрінеді.


Естрагон:  (аяқ киімімен алысып шаршаған бейнеде) Бұған еш амал жоқ. Валадимр: (аяқтарын талтайтып, икемсіз бейнеде қарға адымдап келеді) Мен бір байламға келе бастадым. Мен өмір бойы бір байламға келе алмай жүргем, айтайын дегенім Валадимр, ақылдырақ бол, сен бəрін бірдей сынап көрмедің ғой. Содан да менің үздіксіз алға ұмтылуым керек (Ол ойға шомып кетеді, «үздіксіз ұмтылу» деген сөзді гүбірлей береді. Естрагонға қарап ) ой, сен тағы осындамысың? 

Естрагон: Не дедің? 

Валадимр: Сенің қайтып оралғаныңды көріп қуанып қалдым, мен сені енді қайтып оралмайтын шығар деп едім. 

Естрагон: Менде солай ойлағам. 

Валадимр: Ақыры тағы бірге болдық-ау, біздің мұны жақсылап бір тойлағанымыз жөн. Қалай құттықтасақ екен? (ойлана қалады) тұр орныңнан, мен сені құшақтап қояиын. 

Естрагон: (онша бір жақтырып кетпеген бейнеде) Жоқ, қазір емес. 

Валадимр: (беті қайтып, тосырқап қалған бейнеде, салқын қабақпен) Менің сұрауыма боларма екен, мəртебелім, кеше түнді қай жерде өткізді екен? 

Естрагон: Арықтың ішінде. 

Валади мр : (сүйсінген бейнеде) Арықтың дедің бе! Қай жердегі? 

Естрагон: (нұсқап жатпастан) Ана жақта.     

Валадимр: Олар сені сойып салған жоқ па? 

Естрагон: Олар сойып салмады мА, дейсің бе? Олар əлбатта сойып салды. 

Валадимр: Баяғы сол адамдар ма? 

Естрагон: Сол адамдар ма? Білмеймін. 

Валадимр:Ойыма келіп тұрғаны... осы жылдарда... мен қараспасам... сенің қайда боларыңды...? (бірден батылданып) қазір əлде қашан қу сүйекке айналған болар едің, бұған сенімдімін. 

Естрагон:Онда жаман бола ма? 

Валадимр: Соқа басың, жалғыздықта жаның төзбейді (сəл кідіреді, көңілденген бейнеде) енді біржақтан, салының суға кетсе де бəрі бір, менің саған айтайын дегенім осы. Біз мұны ертерек білуіміз, дүниенің жас кезінде, тоқсаныншы жылдарда білуіміз керек еді. 

Естрагон: Қой енді, онанда маған көмектес, мына пəлені шешіп тастайық. 

Валадимр: Қол ұстасып Парижь мұнарасының төбесінен секіруіміз керек еді, біз алдымен солай істеуге тиіс едік. Ол кезде бет-беделіміз болатын еді. Енді кеш қалдық. Бізді олар енді онда тіпті де жібермейді. (Естрагон етігін шешпек болып, күшеп тартып жатады) сен не істеп жатырсың? 

Естрагон: Етікті шешуім керек. Сен не етік шешіп көрмеп пе едің? 

Валадимр: Етікті əр күні шешу керек, бұны да саған мен айтамын ба? Сен неге менің сөздеріме дұрыстап құлақ салмайсың? 

Естрагон: (шаршаған бейнеде) Көмектес маған. 

Владимр: Аяғың ауыра ма? 

Естрагон: Аяғың ауыра ма! Сен менің аяғымның ауырғанын білгің келе ме! 

Валадимр: (ашуланған бейнеде) Тек өзің ғана жалғыз жапа шегіп жүргендейсің. Мен адам емес сияқтымын. Егер сен мен сияқты жапа шексең, сонда көрер едім не дегеніңді. 

Естрагон:Сенің де аяғың ауыра ма? 

Валадимр:Аяғың ауыра ма! Сен менің аяғымның ауыратын-ауырмайтынын білгің келе ме! (еңкейіп) өмірде ұсақ-түйек істерді əсте есіңнен шығарушы болма. 

Естрагон:Неден үміттенесің сонда? Сен қашанда  ең соңғы минутқа дейін күтуге барсың. 

Валадимр:(əлдебір ойға кеткен бейнеде гүбірлеп) Соңғы минут... (аз үнсіз қалады) үміт үзілмейді, тосқан адам тозаңдай тозады. Кім осылай деген еді? 

Естрагон:Маған неге көмектеспейсің? 

Валадимр:Кейде жынданғандай боламын. Тұла бойымнан əлде не ағын өтеді. (бас киімін жұлып алып ішіне үңіледі, ішін сипалайды, одан қайта басына киеді) қалай айтсам екен? Біржағынан сарайың кеңіп қалады, енді бір жағынан...(тртиған қарынын сипап, айтарға дəл сөз іздеген бейнеде)... жүрегің мұздайды (әуеніне салмақ қосып) жүрегің... мұздайды (бас киімін тағыда қолына алып, ішіне үңіледі) Ғажап (бас киімінің төбесін шертеді, бас киімінің төбесінен əлденені қағып тастағысы келгендей, одан тағыда бас киімінің ішіне үңіледі) амал жоқ. (Естрагон бар күшін сала жүріп, ақыры бір аяғындағы етікті шешеді. Етіктің ішіне үңіле қарайды, ішіне қол жүгіртіп сипалайды, етіктің аузын төмен қаратып қағады. Жерге əлде не түсіп қалмады ма дегендей қарайды. Жерде ештеме жоқ. Тағыда етіктің ішіне қол жүгіртеді. Екі көзі алдыңғы жаққа безірейе қараған.

e2612c9b6483f12eb8534e453573648b.jpg (960×640)

Естрагон:Ештеме жоқ. 

Валадимр:Мен көрейінші. 

Естрагон:Сен көре қоятын не бар?!. 

Валадимр:Қайта киіп сынап көрші. 

Естрагон:(аяғын сипайды)Аздап жел тигізейін. 

Валадимр:Сен міне осындай адамсың, аяғыңнан əңгіме шықса етігіңнен көресің (бас киімін тағы қолына алады, ішіне үңіледі, қол жүгіртіп сипайды. Бас киімінің төбесін шертеді, ішін үрлейді, одан қайта киіп алады). Сабырды тауысасың (үнсіз қалады, Валадимр ойға шомады, Естрагон  аяғын уқалап отырады) екі ұрының біреуі аман қалған. (аз кідіріп) Жарасыпақ тұр (аз кідрістен кейін) ГоГо. Естрагон:Не боп қалды? 

Валадимр:Біз таубеге келсек қайтеді? 

Естрагон:Ненің таубесіне келеміз? 

Валадимр:Е... (аз ойланады) екеуіміз ол жағына бармай-ақ қояиық. Естрагон:Өмірге келгенімізге таубе айтамыз ба? (Валадимр қарқылдап күліп кетеді, күлкісін шорт тоқтатады, ішін қолымен басады, бет-бейнесі күлкіден өзгерген. 

Валадимр:Тіпті күлуге де батылым бармайды. 

Естрагон:Қандай қасірет. 

Валадимр:Тек ыржиуға ғана болады (тістерін ақситып тынымсыз күле береді, одан күлуін шорт тоқтатады) бəрі бірдей емес. Амал да жоқ (аз кідірістен соң) ГоГо? 

Естрагон:(жалыққан бейнеде) Не? 

Валадимр:Сен «Інжілді» оқыған ба едің? 

Естрагон: «Інжіл?»... (ойланады) есімде қалса, бір екі бетін көрдім ғой деймін. 

Валадимр:«Таурат» есіңде ме? 

Естрагон:Қасиетті жердің картасы ғана есімде. Карта реңді болатын. Көз тартатын еді. Өлі теңіз-сұрғұлт түсті еді, мен ол сүреттерді көрсем болды қышынғандай боламын. Біздің баруға тиісті жеріміз əне сол, мен үнемі солай істйік, деп ойлаймын, ол біздің шырын айымызды өткізуге тиісті жеріміз. Онда біз суда малтар едік. Бақытқа да батар едік.     

Валадимр:Сенің ақын болуың керек екен. 

Естрагон:Мен ақынмын (үстіндегі тозығы жеткен киімді көрсетеді) байқалмай ма? (үнсіз қалады ) 

Валадимр:Əлгінде мен не деген едім... сенің аяғыңа не болды? Естрагон:Біраз ісіп тұр. 

Валадимр:Дұрыс, әлгі екі қарақшы турасында айтқан екенмін ғой, сол ертек есіңде ме? 

Естрагон:Есімде жоқ. 

Валадимр:Айтып берейін бе? 

Естрагон:Естігім келмейді. 

Валадимр:Уақыт өткіземіз (аз кідіріп) ертекте Иемізбен бірге кіреске шегеленген екі қарақшы турасында айтады. Бір қарақшы... Естрагон:Тұра тұршы, біздің неміз дедің? 

Валадимр:Біздің Иеміз. Екі қарақшының бірі айтуға қарағанда құтылып кетіпті, енді бірі... (құрысқан қарынын сипайды, «құтылып кетіу» деген сөздің қарсы мағанасын таба алмай ) құрдымға құлапты. Естрагон:Құтылып кетті, неден құтылған? 

Валадимр:Тозақтан. 

Естрагон:Мен кеттім (орынынан қозғала қоймайды) 

Валадимр:Алайда... (аз кідіріп) не болды, менің сөзім сенің құлағыңды ығыр қылмаған шығар. Тəпсірді жазған төрт мүриттің біреуі ғана бір қарақшы құтылып қалды, дейді. Төрт мүрйітте сол майданда болған немесе соған таяу жерде болған тұрса, тек біреуі ғана бір қарақшының құтылып  кеткені турасында жазады (аз кідіреді) Ей, Гого маған сөйлеуіңе бол ма? Тіпті ара тұра бір рет болса да. 

Естрагон:(артықша қызғындылық танытып) Меніңше, сен айтып 

жатқан ертек керемет. 

Валадимр:Төртеудің біреуі ғана солай дейді. Қалған үш мүриттің екеуі қарақшы турасында, тіпті, тіс жармаған. Ал енді біреуі қарақшы оны балағаттады, деп жазады. 

Естрагон:Кімді балағаттапты? 

Валадимр:Не дедің? 

Естрагон:Сен сонда не айтып жатырсың? (аз кідіреді) қарақшы  кімді балағаттапты? 

Валадимр:Иемізді. 

Естрагон:Неге балағаттайды? 

Валадимр:Өйткені оларды құтқармады ғой. 

Естрагон:Оларды тозақтан құтқаруы керек пе? 

Валадимр:Ақымақ! Олардың шыбын жандарын құтқаруы керек. Естрагон:Мен сені оларды тозақтан құтқаруы керек еді, деп тұр деп ойлап қалыппын. 

Валадимр:Олардың жанын, шыбын жандарын құтқаруы керек. Естрагон:Е, солай де, одан кейін не болыпты? 

Валадимр:Соңынан əлгі екі қарақшы тозаққа қайтып оралмастай бірақ кетіпті. 

Естрагон:Солай болуға тиіс қой. 

Валадимр:Деседе, бір мүриттің айтуына қарағанда бір қарақшы құтылып қалған. 

Естрагон:Солай, олардың айтқандарының өзі бір жерден шығып отырған жоқ, мəселенің тетігі сонда.

Валадимр:Қалай дегенмен де, төрт мүритте сол ортада болды ғой, олардың біреуі ғана бір қарақшы құтылып қалды, дейді, біз неге олардың біреуіне сеніп қалған үшеуіне сенбеуіміз керек? 

Естрагон:Оның сөзіне сеніп жүрген кім? 

Валадимр:Жұрттың бəрі. Олар солай деп жазылған «Інжілге» сенеді. Естрагон:Осы жұрттың есі ауысқан, маймыл сияқты нені көрсе соған еліктейді (Естрагон зорлана орынынан тұрады, ақсаңдай басып сахананың сол жағына қарай жүреді, одан тоқтап, қолдарын маңдайына апарып алысқа көз салады. Валадимр оның басқан тұрғанын қалыт жібермей бағып бір шетте тұрады. Жерде жатқан етікті қолына алып ішіне үңіле қарайды да бір шетке  лақтыра салады. 

Валадимр:Түйт! (түкіреді) (Естрагон сахананың ортасына барып тоқтайды да, көрермендерге жонын беріп тұрады). 

Естрагон:Қандай көркем жер (көрермендер жаққа бұрылып) қандай көркем көрініс. (Валадимрге қарап) біз жүрмейміз бе? 

Валадимр:Біз үйте алмаймыз. 

Естрагон:Неге? 

Валадимр:Біз Годотты тосудамыз. 

Естрагон:Ия, (аз кідіріп) сеніңше тосатын орынымыз дəл осы ара 

ма? 

Валадимр:Не дейсің? 

Естрагон:Біздің күтетін жерімізді айтамын. 

Валадимр:Ол ағаштың қасы болсын деген (ағашқа қарайды) сен басқа ағаш көріп тұрсың ба? 

Естрагон:Қандай ағаш еді? 

Валадимр:Білмеймін, мəжүн тал-ау деймін. 

Естрагон:Жапырағы қандай? 

Валадимр:Сөзсіз жапырағы қурап қалған мəжүн тал. 

Естрагон:Салбыраған бұтақ көріп тұрған жоқпын. 

Валадимр:Мүмкін, мезгілі болмаған шығар. 

Естрагон:Қарап тұрсаң терекке ұқсайды екен. 

Валадимр:Орманға ұқсайды. 

Естрагон:Терекке ұқсайды. 

Валадимр: ...ге ұқсайды... сен не демексің, адасып басқа орында тұрмыз деймісің? 

Естрагон:Ол енді келіп қоюға тиіс еді. 

Валадимр:Ол дəл уағында келемін деген жоқ. 

Естрагон:Егер ол келмей қалса қайтеміз? 

Валадимр:Онда ертең келеміз. 

Естрагон:Ертең келмесе, одан арғы күні тағы келмесе қайтеміз? Валадимр:Мүмкін... 

Естрагон:Осылай жалғаса берсе. 

Валадимр:Мəселе... 

Естрагон:Ол келгенше күтеміз. 

Валадимр:Сөзің сүйектен өтеді екен. 

Естрагон:Біз кеше де келгенбіз. 

Валадимр:Жо, сен қателесіп тұрсың. 

Естрагон:Кеше біз не істедік? 

Валадимр:Рас, кеше біз не істедік? 

Естрагон:Дəл солай. 

Валадимр:Не болды...(ашулана қалған бейнеде) сен болған жерде... бəрінен кесіп айтудан қаламыз. 

Естрагон:Менің білуімше, біз кеше де осында болғанбыз. 

Валадимр:(жан жағына қарайды) Осы араны танып тұрсың ба? Естрагон:Мен олай деген жоқпын. 

Валадимр:Онда...? 

Естрагон:Танысақта-танымасақта бəрі бір. 

Валадимр:Бəрібір ме...мына ағаш...(көрермендерге қарап) мына жатқан саздық. 

Естрагон:Бүгін кешке екеніне сенімдісің бе? 

Валадимр:Не дедің? 

Естрагон:Дəл бүгін кешке күтуші ме, едік деймін? 

Валадимр:Ол сенбі күні болсын деген (аз кідіреді) менің ойымша… Естрагон:Сенің ойыңша…? 

Валадимр:Мен сөз жоқ естелікке алдым (Валадимр қалтасын ақтарып əр түрлі қажетсіз дүниелерді алып шығады) 

Естрагон:(ашынған бейнеде) Сонда қайсы сенбі жəне бүгін сенбі ме, жексенбі емес пе? (аз кідіріп) мүмкін дүйсенбі шығар? (аз кідіріп) тіпті жұма болар? 

Валадимр:(жан жағына алақтап қарайды, əлдеқайдан күнтізбе іздеген жан сияқты) Бұл мүмкін емес. 

Естрагон:Немесе бейсенбі шығар. 

Валадимр:Енді не істейміз? 

Естрагон:Егер ол кеше келген болса, біздің жоқ екенімізді көрді, бүгін онда келмейді. 

Валадимр:Бірақ, сен кеше біз осында келгенбіз дедің ғой. 

Естрагон:Мүмкін мен қателескен шығармын (аз кідіреді) біз біраз үндемей тұрайықшы, келісесің бе соған?

...

(Пьесаның басы, жалғасы бар)

Аударған Ardakh Nurgaz


Қосымша:

Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Абсурд театр және «Годотты тосу» (I)

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=6&id=3532


Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Абсурд театр және «Годотты тосу» (II)

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=6&id=3569

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты