Isaac.B.Singer. Екі жапырақ

 b0f26990cc3fe7c6b96b23e0c9b7dba6.jpg (605×400)

Бұл өзі ылғи кең жапырақты ағаштар өскен, ит тұмсығы өтпейтін ну орман еді. Жайшылықтағы жылдар болса ендігі күн суытып, тіпті қар жауып қалған балар еді. Бірақ, биыл қараша айы болды, сонда да жер қара, күн жылы. Мұқым орманның арасын жапырақтар сіреп қымтап алғаны болмағанда, күн əлі жаз мезгілі деуге тұрарлық жылы еді. Жапырақтардың кейбіреуі сары, кейбіреуі қызыл, кейбіреуі сарғыш, кейбіреуі теңбіл. Осынау жапырақтарды күндіз-түні жел соғып, жаңбыр сабалап жерге түсіріп кеткен еді. Енді міне олар мұқым орманның өн бойын бейне бір қалың кілемдей бүркеп жытыр. Солып қурап қалғаны болмаса, иісі əлі аңқып тұр. Күздің талай реткі суығынан, боран-шашынынан аман қалған шыбыншіркейлер ағаш бұтақтарының үстінде өрмелеп жүр, шырылдауық шегіртке, көртышқан жəне жер астынан пана іздеген басқа да жəндіктер жапырақ астындағы қуыстарды кеулеп алған.

Басқа жапырақтарының барлығынан тегіс айрылған бір түп ағаштың ұшар басындағы жетім бұтақта екіақ тал жапырақ тұр. Оның бірі Эвр, енді бірі Зуфар еді. талай реткі боран-шашындар мен қара суықтан қалай аман қалғандығын Эвр мен Зуфар өздері де білмейді. Жапырақтың бірінің түсіп, енді бірінің түспей қалып қоятын кезі бола ма, осыны білетін жан бар ма? Бұл сұрақтың туатын себебі, Эвр мен Зуфар бірін бірі құлай сүйетін еді. Эвр Зуфардан бірнеше күн үлкендігі бар, кесектеу, ал Зуфар болса сымбатты, нəзік. Боран соғып, жаңбыр жауғанда, немесе үсік жүріп суық түскенде жапырақтардың біріне бірінің қарайлауға мұршасы келмейді. Бірақ, Эвр əйтеуір орай туа қалды болды Зуфарды жігерлендіре береді. нажағай жарқылдап, жаңбыр жауып, дүлей боран жапырақтардың ту-талақайын шығарып ұшырғанымен қоймай, ағаштың не бір жуан бұтақтарын сындырып түсірген кезінде Эвр Зуфарға:

—Мықты бол, Зуфар! Бар қайратыңды бойыңа жинай түс! –деп қадағалайды.

Ызғарлы нөсер төккен түндерде Зуфар:

—Шыдамым қалмады Эвр, енді өзің мықты бол, - деп қомпылдайды.

—Неге?, - дейді Эвр, -сен кетсең менің тірі тұрғанымның не сəні, егер сен кетер болсаң, артыңнан қалмай мен де кетемін.

—Жоқ, Эвр, олай істеуге болмайды, жапырақ үзіліп түспей тұра алатын болса, тұра бергенге не жетеді.

—Ол саған байланысты, - дейді Эвр, - күндіз сені көріп көркіңе мəз боламын. Түнде жұпар исіңді иіскеп жадыраймын. Ағаштың басындағы жетім жапырақ бол дейсің бе? Жоқ, оның бетін ары қылсын!

—Эвр, сөзің балдай тəтті, бірақ, шындық емес, - дейді Зуфар. - Баяғыдағы сұлу бейнемнің қалмағанын өзің əбден біліп тұрсың, міне əжімдерім айғыз-айғыз болып, сондай кəртейіп кеттім, ендігі менде қалғаны тек — саған деген махаббат қана.

—Одан артық не болмақ? Біздегі барлық күш-қуаттың ішіндегі ең ардақтысы, ең көріктісі əне сол махаббат қой, - дейді Эвр, - тек бірімізді біріміз сүйе білсек, осы арада боламыз. Ешқандай нөсерлі жаңбыр, қарлы боран да бізді күйрете алмақ емес, ендігі айтарым Зуфар, мен өзіңді дəл қазіргідей ынтыға сүйген емеспін.

—Неге Эвр? Оның қалай? Сап-сары болып сарғайып кеткен кейпім мынау.

—Жапырақтың жасылы ғана көрікті, сарысы көрікті емес деп кім айтты? Жапырақтың бəрі көрікті.

Эврдің сөзі осы араға келгенде бірқанша айдан бері Зуфардың зəресін алып келген оқиға ақыры туды — тосын соққан құйын Эврді ағаштың бұтағынан үзіп, ұшырып əкетті. Зуфар желге ұшып кеткендейақ селкілдей бастады. Бірақ тырмысып бұтақтан жібермеді. Ол қалықтап ұшып бара жатқан Эврге жапырақтың тілімен айғайлады:

—Эвр! Қайтып кел! Эвр бері кел, Эвр!

Бірақ оның сөзі аяқтамай жатып, Эвр жерде жатқан басқа жапырақтардың арасына сіңіп, көзден ғайып болды. Бұтақта Зуфар жалғыз қалды.

Зуфар күндіз тырмысып қайғы-қасіретіне төзіп шыдаған болды. Бірақ сұсты қараңғылық үйіріліп, күн суытып, себезгілеп жаңбыр жауған шақта тұла бойын үрей биледі. Қалай екені белгісіз, оған осы бақытсыздықтың барлығы дəл ағаштың өзінен, оның ана сансыз мықты бұтақтарынан шығып жатқандай-ақ сезілді. Жапырақтар төгіліп жерге түскенімен, тамырын топыраққа шаншып ағаш сол қалпы қаздиып тұра береді. Боран, жаңбыр, бұршақ, үсік атаулының барлығы оны құлата алмайды. Жапырақтың көрген көргілігі, мəңгі тірі тұра бергісі келетінін ағашқа айтқанда не өнеді. Зуфардың көзіне ағаш бір түрлі жаратушы құсап көрінді. Ағаш бірқанша ай жапырақтарына оранып тұрады да, онан соң оларды сілкіп жерге түсіреді. Өзінің шырынымен жапырақтарды асырайды, қаншаға дейін асырағысы келсе соншаға дейін асырайды да, онан соң оларды қуратып қырып салады. Эврді əкеліп бер, жаздағы қалпына қайта келтіре гөр деп Зуфар ағашқа қатты жалбарынды. Бірақ ағаш оны кəперіне де алмады.

Таңның дəл бүгінгідей ұзақ боларын, — сондай қараңғы, сондай суық боларын Зуфар ойламаған еді, ол Эврға тіл қатады, онан жауап алмақ болады, бірақ, Эвродан дыбыс шықпайды, тіпті ешқандай тіршіліктің белгісі де білінбейді.

—Эврді менен тартып əкеткенің рас болса, онда мені де қоса əкет -деп Зуфар ағашқа зар қағады.

Бірақ, ағаш оның мұнысын да кəперіне алмайды.

Əудемнен соң Зуфар есінеп ұйқысы келеді. Бірақ, раХат тəтті ұйқыда жатқан бейне де емес, құрысып жатқан бейнеде сияқты. Зуфар ояна келгенде өзінің ағаш басында емес жерде жатқанын байқайды. Бақса, ол ұйқтап жатқанда есірік боран оны ұшырып жерге түсірген екен. Енді міне таң атып, күн шыққанда бұрынғы ағаш басында тұрғандағысынан мүлде басқаша болды. Оның қорқыныштары мен əурешіліктері мүлде ғайып болды. Оны былай қойғанда, бұл жолы ұйқыдан оянғанда бұрын болып көрмеген бір түрлі ғажайып сезімге енді. Жел қалай соқса солай теңселген жапырақ емес, қайта əлемнің бір бөлегіне айналғанын біледі. Зуфар өзініңмолекулалар, атомдар, протондар, електрондар тудырған кереметті — өзі өкілдік еткен орасан зор күш-қуатты жəне өзін солардың бір бөлегі етіп орналастырған жаратушының əмірін асқан сиқыр күш арқылы біледі.

Енді міне Эвр дəл оның қасында жатыр. Екеуі бұрын білінбеген махаббат сезімдері арқылы біріне бірі достық рай білдіреді. Бұл оқыстан немесе бір мезгілдік албырттықтан туған махаббат емес, қайта дəл əлем сияқты ұлы, мəңгі айнымас тұрақты махаббат. Енді олар сəуірден қарашаға дейін қорқып келген үрейден арылды, оның аты өлім емес, құтылу болып шығады. Жел шығып Эвр мен Зуфарды қалықтатып аспанға ұшырады, олар шарықтай самғаған шақта дəл бір азаттық алған немесе əлемге қосылып онымен бір тұлға болған заттарда болатын бақытқа жəне шаттыққа бөленіп кетеді.

 

Аударған Омарқан ЖƏМШИТҰЛЫ.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты