Гүлнар Ақанқызы (Gulnar Akhan): САНА КӨКЖИЕГІНДЕГІ АҚҚУ

Гүлнар Ақанқызы(Gulnar Akhan): САНА КӨКЖИЕГІНДЕГІ АҚҚУ немесе «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы қақындағы ой.

I

Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасы, көлемді емес, дегенмен, онда ақын жасаған реал қоғамдық ортадан сонау есте жоқ, ескі замандарға құлаш сермеген, бүгін мен кешегіні шендестірген, сана көкжиегінде нәзік желі тартқан туынды саналады. Бастысы бұл шығарма автор қиялындағы мифтік ойлаудың бүгінгі болмысын айғақтайды.

Шығарма үш бөлімге бөлініп жазылған, соңында эпилог екі бөлектен тұрады. Өлең Алатудың баурында жатқан «Жетім көл» мен оның тәбиғаты, болмысы туралы тебіреністі көңіл күймен басталады. Ақын көлді өзгеше мәнермен қайшылықты көңілкүйде сүреттейді. Көлдің тазалығы мен үнсіз жансыздығы, айналасына тірлішік сыйлаған қасиетіне орай жұмбақ қаталдығы бір-бірімен ұштасып жатады. Бұл сарынды тіпті көлге келген аққулардың сұлу, жұмсақ, биязы, маңғаз бейнесі де өзгерте алмайды. Қайта аққуға тән мөлдіреген тазалық пен сұлулық тұнған қасиет көлдің қаталдығын, тасада жатқан қатгыгез болмысын одан ары әйгілей түскендей көрінеді. Шығарманың бұл бөлімі ақынның поэманың жалпы сюжетіне қадам қойғанда алдымен әзірлеген, тақырыпқа сіңіп кіруде төсеген жолы спетті. Мұндағы сарында жалпы шығарманың түпкілікті болмысына иек артқан түсінік жатыр. Оны біз трагедиялық әуеннің пайдаболуыретінде түсінуімізге әбден болады.Көлдің атының «Жетім көл» аталуы да бұл түйінді дәлелдей түскендей. Автор Алатаудың биік құзар шатының бірінде, мұз құрсанған шыңдармен жалғасып жатқан, адам баласының аяғы көп тие бермейтін жердегі көлді, сол көлге аққулардың келетіні және көлге келген сол аққулардың амандығы үшін өзінің тілеу тілеп «төрге ақ дастарқан жайатынын» айту арқылы өз қиялының тұңғиығындағы кеше мен бүгінді жалғаған, тіпті ұмтылып кетуге де шақ қалған, елес пен түйсінуден тұратынқиял қиындысын ұсынады. Осы кеңестікте өзінің алда мақсат тұтқан оқиға мен сюжетіне рухани орын әзірлейді.Көлдің «Жетім көл» аталуы, оған жұрттың аяғы көп тиіп бара бермейтіні, соған қарамастан көлге аққу келетінін жазу арқылы автор бізге бүгінгі өміріміз бен тірлішігімізден алыстап еткен кешегі болмысымызды елестетеді.

Дегенмен, уақыттың өтуімен, заманның жаңарып, заманына қарай санасы өзгергенімен адам баласы қиындықтарға, шешуі күрделі қайшылықтарға ұшырамай тұрмайды.Қиял мен өмірдің ортасында, сана мен қоғамдық сипаттағы қайшылықтың ортасындағы тепе-теңдікті сақтау қашанда маңызды. Адам баласы ес біліп, етек жеңін жиғаннан, бірлесіп өмір сүріп, қоғам болып құрылғаннан осы тепе-теңдікті сақтауға бар күшін салып келеді. Адамның сол қайшылықты шешуге ұмтылысының бір көрінісін біз мифтік ойлау деп атаймыз. Қазақтың есте жоқ ескі замандардан бері жалғасып келе жатқан ауыз әдебиетінде, ертек, аңыз, мысал, тәмсіл, мақал-мәтел, сондай-ақ эпостық хиса-дастандарында көптеген мифтік дүниетанымға тән түсініктер кездеседі.Аспан, жұлдыз, күн, бәйтерек, жылан, жылқы, қасқыр,түйе, аққу, үкі, қаз, т. б. қатысты сюжеттің денінде халықтың ғасырлардан келе жатқан дүниетанымы мен түсінігі ғана емес, рухани болмысы, жандүниесінің тепе-теңдігін сақтауға бағыштаған ұмтылысы жатыр. 

Мифологияны зерттеуші ғалымдар, айталық, Р.Геноннан С.Қондыбайға дейінгі зерттеушілер мифтік сана және аққу төтемі туралы көп жазған. Аққу төтемін адамзаттың аналық ру басы кезеңімен байланыстырып, оны айдаһар (жылан) төтемімен ұштастырады. Аққу төтемі қанатты айдаһардың (жылан) өзгерген түрі деп түсіндіреді.Бұл тұрғыдан келгенде аққу адам (халықтың) жаралмышының арғы негізі, келіп шыққан тегі, қамқоршысы, қорғаушысы деп қаралады. Адам үшін одан өткен қасиетті, қадірлі дүние жоқ. Адам баласы рухани тұрғыдан оны мен өзін бөліп қарамайды, қайта, біртұтас дүниенің айрылмас бірлігі деп біледі. Адам баласының аққуды қасиетті санауының түп негізінде осы түйсік жатыр. Сана кеңістігі бөлінбеген біртұтас, эстетикалық дүниетаным тұрғысынан таза мифтік ойлаудың заңдылығына бағынған кезеңде пайда болған жоғарыдағы аққу төтемі Мұқағали Мақатаев заманына келгенде үлкен өзгеріске ұшырағаны белгілі. Бірақ, халықтың өмірі, тіршілік ортасы өзгергенімен оның санасы түбірлі өзгеріп кетпейтіні тағы анық. Міне, осыдан барып санадағы әуелгі рухани тепе-теңдік бұзылған кезең басталады, соның салдарынан жаңа дағдарыс туындай бастайды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын осы дағдарыстың көрінісі ретінде қабыл алуға болады. 

Поэманың екінші бөлімінде баласы ауырған ана күйеуіне «баланы аққумен ұшықтасақ жазылады» екен деп, оны аққуды атып әкелуге итермелейді. Баласын өлім аузынан алып қалу үшін неге болса да баруға дайын әке «Жетім көлге» барып тасаланып жатып ақыры аққуды атып әкеледі. Адам қолынан қастандыққа ұшырап үріккен аққулар енді қайтып «Жетім көлге» қонбайтын болады («Жетім көл» шындап жетім қалады), сырқат бала да аққудың өлі денесімен ұшықтағанымен бәрібір сауығып кетпейді. Әсілінде, халық санасындағы аққу төтемі әйел затына – Ана құдайға бағышталған, соның құдыреті ретінде бейнеленеді. Ал поэмада ауырып жатқан баланың анасы аққуды атуға алдымен ниет білдіреді. Бұл түйін өте маңызды. Бұл бір жағынан адамзаттың өзінің рухани болмысынан бас тарту, адасу, қала берді сол адасу барсында өзіне қиянат етуге дейін барған күрмеуі қиын рухани дағдарысқа ұшырай бастағанын айқындай түсетіндей. Ақын осы түйінді көрнектілендіру арқылы осы заманғы адамзаттың рухани дүниесіндегі дағдарыстың салмағы мен күрделігін көрстеуге тырысқан.

Ақын поэманың соңындағы эпилокта бір-бірінен айрылып қалған үш тұғыр - аққу, «Жетім көл» және «мен» туралы жазады. «Жетім көл» орнында, мен «сол кеткенен мол кеттім...», «аққулар көлге оралмапты...» дейді. Ақын танымындағы трагедияның болмысы мен мәні де осы тұста айқындалады. Ол трагедияға біз рухани жетімдік деп ат қойсақ,әбден болады.  

II

Біз поэмада қайшылықтың түйінінде жатқан екі жақты қасиетке назар аударуға тиіспіз. Айталық, қазақтың арыдағы мифтік дүниеатынмында аққу жыланнан (айдаһардан) келген аналық ұрулық қоғамға қатысты сеніммен байланысатынын айыттық. Ғасырлар бойында ұлттың рухани әлеміне тамыр тартып, жоғарыдағы аталған жандүниенің тепе-теңдігін шайқалтпай ұстауда маңызды рөл атқарып келген бұл төтем бойынша аққудың адам баласынқорғап, өлім-жітімнен қағып, ауру-сырқаудан айықтыратын қасиеті бар. Сонымен бірге адам баласы оны қастауына немесе атуына жол қойылмайды. Бұл арадабір-біріне қайшы, бірақ, түсіністікке баруға да болатын ұғым жатыр.Ол бойынша аққуда адам жанына арашашы болатын қасиет бар, бірақ, оған қол жеткізу қиын. Себебі, аққу адам баласының мүмкіндігінен жоғары тұратын тылсым күштің иесі.М.Мақатаев поэмада бұл түсінікті анық аңдатады. Ауырған баланы аққумен ұшықтаса, бала жазылады дегенге әке мен шеше еш күмәнсіз сенеді. Сеніп тұрып, аққуды қолға келтірудің, оны атудың, өлтірудің қиын екенін, салдарының ауыр болатынын да анық сезінеді. Олар үлкен рухани қиналысты бастан кешеді. Бұл түйін арқылы автор халықтың санасындағы өткенен қалған сенімнің бүгінгі болмысын жеткізген. Сонымен бірге поэмада тағы бір түсінік бар. Ол аққуды атып алуға болады, бірақ, өлі аққу баланың дертіне дауа болмауы мүмкін деген ұғым. Бұл санасы жаңарған бүгінгі замандағы адамдардың түсінігі.Аққу енді адамдар үшін қарапайым табиғаттың бір бөлегі, онда тылсымдык күш жоқ, аққу мен сырқат баланы емдеу де ештеңені өзгертпейді. Аққу –аққу күйінде, сырқат бала – сырқат бала күйінде қалады. Поэма міне осы екі түрлі көзқарастың тартысында тұр.Алдыңғы түсінік бойынша аққуда қасиет болғандықтан, оны қастауға болмайлы. Соңғы түсінік бойынша аққу қарапайым тіршілік иесі, ауру емдейтін қасиеті жоқ, сондықтан оны атудың қажеті жоқ. Соған қарамастан поэмада адамдар бәрібір аққуды атады. Автор осытүйін арқылы бүгінгі замандағы адамдардың рухани бомысындағы қайшылықтың ерешелігін көрсетеді. Ол бойынша бүгінгі адамдар ештеңеге сенбейді, ештеңені ұстанбайды, ештеңеге табан тіремейді, ештеңені құрметтемейді. Олар текмүдде үшін ғана өмір сүреді. Олар өткендегі адамдар сияқты тылсымдыққа иек артқан сеніммен өмір сүрмейді, сеніммен өмір сүрмейді екен, оның орнына басқа дүниемен немесе ақылмен де өмір сүре алмайды. Өмірі қайшылыққа ұрынған сәтте ақылы жиі-жиі жұмыс істемей қалады. Сондықтан да аққу сырқат балаға ем болмасын біле тұрып, оған қастық жасайды, өлтіреді.

Поэма өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында жазылған. М.Мақатаев бір қарағанда сол кезеңдегі талғам бойынша халық санасындағы діни қоқыр сенімнің аянышты салдарын көрсеткісі келгендей әсер қалдырады. Шындығында автор ойының салмағын өткеннің елесін сынауға емес, қайта, бүгінгі адамдардың санасындағы қайшылықтың сипатын ашуға бұрған. Содан да поэмада кешегі аққудың дертке ем болатынына сенсе де аққуды атпайтын адамдар бүгін аққудың сырқатқа ем болмайтынын жақсы біліп тұрса да, аққуды атады, оған қастық жасайды.Автордың түсінігінде бүгінгі адамдардың рухани дүниесінің көрінісі осы. Поэманың түпкі айтар ойы да осы түйінгі жинақталған.

Табиғатпен үндесіп өмір сүрген адамзаттың өткендегі сенімінен бас тартқаны белгілі. Кезінде Кант (Immanuel Kant) мұны «адамзат өзі жасап алған кемшіліктерінен құтылуда» деп түсіндірген де болатын. Алайда, сол барыста кездескен қайшылықтар мен рухани дағдарыстың үздіксіз асқынуыбүгінгі таңда жаһандық деңгейде бас қатырарлық мәселеге айналып отыр.Соның бір көрінісін біз М.Мақатаевтың жоғарыдағы «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан да табуымызға болады.


Тірек сөз:

Ақын, поэма, мифология, аққу төтемі, ақылдық таным


Аңдатпа: 

Мақалада М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы оқиғаның дамуы мен шешіміне негізделіп,адамдардың рухани бомысындағықайшылықты жақтардың ерекшеліктеріне талдау жасалады. Сол арқылы автордың санасында орын алған қайшылықтың ерекшелігі сараланады. Мақаланың түйіні осызаманғы адамдардың рухани болмысын ашуды мақсат етеді.


Пайдаланған әдебиеттер:

1.М.Мақатаев «Аманат» жыр жинағы. Атамұра баспасы, 303бет, 2002ж.

2.Генон Рене«Кризис современного мира»Москва, 160 бет, 1991ж. 

3.С.Қондыбай«Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997),«Арғықазақ мифологиясы» (2004),«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары

4.Иммануил Кант《纯粹理性批判》商务出版社 1995年. 

Автордың жұмыс орыны:

Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті, Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасы, Магистр, аға оқытушы Гүлнар Ақанқызы


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты