I.Singe. Бүгінгі ұрпақ ненің жақсы, ненің жаман екенін айырғысы келмейді...

362773b83d3e5d74fc106082d57ef934.jpg (568×420)

А.В.Зингер (1904 — 1991) Польша - АҚШ жазушысы, 1978 жылғы Нобель Əдебиет сыйлығының иегері. Зингер əңгіме жанрында ерен жетістікке жеткен жазушы, оның еврей ұлтының тарихы, діні мен діліне терең тамыр тартқан шығармалары өзгеше бояуымен дараланады. Төменде жазушының кезекті сұқбатын назарына ұсынып отырмыз.

Безен: Зингі мырза, сіз өзіңіз күндіз де түс көремін деп ойлайсыз ба?

А.В. Зингер: Иə, мен күндіз де түс көретін адаммын. Бала кезімде ойда да, түсте де жоқ қиялдарға берілуші едім, ол əдетім бүгінге дейін өзгерген жоқ. Менің қазіргі қиялдарым жеті-сегіз жастағы кезімдегідей, өте қызықты. Менің біраз əңгімелерім де осы қиялдарыммен сабақтасып жатыр. Түнде көрген түсімді үнемі ұмытып қаламын, ал, күндіз көрген түсім ұмытылған емес, өйткені мен оларды үнемі есіме алып отырамын, оның үстіне бұл дағдыма айналып қалған. Əдебиеттің қиялмен қатысы бар, кейде оны қиял өз əлеміне сүйреп кетеді. Мұны кездейсоқтық деуге болмайды. . .

Безен: Қайта айналып балалық шағыңызға соғайықшы, сіз бала кезіңізден өз бойыңыздағы қай қасиетті артықшылығым деп бағалайсыз?

А.В. Зингер:Мен көкейде үміткерлік сенімі бар ортада ержеттім, ол кезде жұрттың бəрі дүниеде бір жаратушы бар дегенге сенетін, «Мұсаның бес тəлімі» қолымызда жүретін еді, ол кітап біз үшін өмірдегі жолбасшы есепті болатын. Кейде, тегін тектеп жатпасаң да, сенімнің құдіретінен болар, өмірдің мəн-мағынасы ашылып жатады. Біз жақсылығы мен жамандығы өбіскен дүниеде жасаймыз. Онда артықкем қалған еш нəрсе жоқ. Ондайда сен не жаратушы бар деп, оған сенесің, не болмаса, ол жоқ деп, дінсіз біреуге айналасың. Ол кезде бізде осы екі талғамнан өзге жол жоқ болатын. Бүгінде мұндай сенім түбірінен жоғала бастады... Бүгінгі ұрпақ ненің жақсы, ненің жаман екенін айырғысы келмейді, соның салдарынан адамдар өзімшіл, өз басына қатысы жоқ болса жауыздыққа да қарап қойып өте беретін мінезбен тəрбиеленіп келеді, бұны олар “бейтараптық” деп түсіндіреді. Бірақ, моралдық жақтағы мұндай талғамсыздық адам табиғатына мүлде жат құбылыс...

Безен:Бала кезіңіздегі істер есіңізде екен, сол шақтағы көрген түсіңізден есіңізде қалғаны бар ма?

А.В. Зингер:Жас кезімде бір түс көрген едім, сол түсті мен кейін де талай қайталап көрдім. Түсімде мəлім бір жерге барыппын деймін, ол кітапхана ма, əлде еврейлердің кітап үйі ме, сондай бір жер екен, сол арадан мен бір ескі кітапты кездестірдім, ол кітапты мен жазған сияқтымын, оны басқалар да жазыпты деймін, жазулар құмырсқаның ізі сияқты кітапты оқысам, онда керемет дүниелер бар екен. Мен кітапты оқып отырып, оны үйге алып кетуді ойлаймын. Кейде мен əлгі кітапты алып кетемін, бұны мен өзімнің əлі де үлгіріп жаза алмай жүрген шығармаларым-ау деп ойлап қалатыным бар... Мен өзімді өмірде сол кітапты іздеп жүрген, соны тауып, соны жазып шыққысы келген адам сияқты елестетемін.

Безен:1935 жылдан бұрын сіз қандай шығармалар жаздыңыз?

А.В. Зингер:Польшадағы кезімде менің бір ғана кітабым шықты, ол кітаптың аты «Сайтан Гол тауында тұрады» деп аталатын, бірнеше əңгімелерім де бар еді, бірақ, оларды өзім ұнатпадым да, соңынан лақтырып жібердім. Польшадағы жазған шығармаларымнан сақтап ағылшын тіліне аудартқаным тек «Қария» деген шығармам. Осында келген соң пəтер жалдап тұрып, еврейлер құрған көмек қоғамының асханасынан тамақтанып — АҚШ –тағы өмірімді бастап кеттім...

Безен:Сіз арада бес-алты жыл салып барып қолыңызға қайта қалам алдыңыз, солай ма?

А.В. Зингер:Арада жеті-сегіз жыл өткен соң, 1945 жылдан бастап қайтадан қолыма қалам алдым. Осы аралықта «Еврей алға» газетінде біраз мақалалар мен шағын көлемдегі шығармалар жариялағам. 1943 жылы «Сайтан Гол тауында тұрады» мен бірнеше əңгімелерім Нью-Йоркта кітап болып шықты. Сөйтіп мен сегіз жылдан кейін ескі кітабымды жаңартып шығардым. Сол кезде маған: кейбіреулер бір ғана кітап жазады да, сонымен із-тозсыз жоғалады, мен де солардың аяғын құшатын болдым-ау –деген ой келді. Мəселе, қалай өмір сүруде еді. Жарыққа шыққан жалғыз кітабымнан қолыма тоқсан доллар қаламақы тиді. Мен үшін айтқанда «Еврей алға» газетіне шығарма жариялаудан өзге жол жоқ еді... Бірақ, ол газетте мен редактор емес едім. Олар менің шығармаларымды кім-кімдікінен де көп іске жаратқанымен, мені қатарларына ала қоюға асыққан жоқ. Тек, ерікті авторлар қатарында қаламақы ғана төлеп тұрды...

Безен:Сізде “тезірек жаңа кітап жазуым керек” деген қысым астында, өзіңіздің қаламыңызға ие бола алмай қалған кезіңіз болды ма?

А.В. Зингер: Иə, менде ондай жағдай болған. Бірақ мен ондай дүниенің біразын қайта жаздым. Ал, қайта жазуға келмегендерін аудартудан бас тарттым. Мен оларды, мен өлгенен кейін де басқалардың аудармауын үміт етемін.

Безен:Баяғы Ф.Кафка сияқты ма?

А.В. Зингер:Менің өмірімде Макс Болд болған жоқ (Кафканың өсиетіне қарамастан, Кафка шығармаларын өртеудің орнына, оны жарыққа шығарған адам — ауд). Мен соңғылардың өсиетіме құрметпен қарауын сұраймын.

  

Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): I.Singer – Киелі кітапты жаңаша түсіндіруші

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3548

 

Isaac.B.Singer. Екі жапырақ

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3874

 

I.Singer: Ақымақтың жұмағы

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=3516

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты