Таласбек Әсемқұлов. Сұлулықта ояну

1919ed2520625b93991a7b853e09a435.jpg (640×480)

Осы, өлең деген не? Талғам деген не? Жаңа өрнек, жаңалық деген не?

Кванттық физиканың пайғамбарлары С.Вайнберг, С.Хокинг, «Ғылым ақыр-соңында жаратылыстың барлық сырын түсіндіріп бере алатын біртұтас, бір ғана теорияға келеді» деген пікір айтады. «Осыдан кейін адам шын мәнісінде болмыстың әміршісіне айналады. Осыдан кейін біздің өркениетті ешқандай апат күйрете алмайды». Әр сөзіне жауап беретін ұлы ғалымдардың пікірі осылай.

Мен де армандадым. Өнердегі түрлі ағымдарды, түрлі түсініктерді татуластырып, басын қосып, ақырында ешкім күмән келтіре алмайтын, мәдениеттің, өнердің барлық құбылыстарын түсіндіріп бере алатын бір ғана теория жасалса деп армандадым.

Көп оқыдым. Ұққаным, әр ғасырдың, әр қоғамның, әр қабиланың өнер, мәдениет жайындағы өзіне ғана тән түсініктері болады екен. Жылжып уақыт өтті. Есейдім. Осы кезде алғашқы ұққанымның барлығы сырт көрініс екенін түсіндім. Әлем мәдениетіндегі қисапсыз ағымдар, түсініктер, идеал-аңсарлар, жүздеген «измдер» түптеп келгенде бір ғана мәдениеттің, бір ғана ұлы рухтың түрлі қалпы, қыры, әрқандай көрінісі екеніне көзім жетті.

Сөз құрғақ болмас үшін бір-екі мысал келтірейін. Қытай мәдениетінде «инь» мен «янь» деген екі түрлі энергияның тепе-теңдігі жайында айтылады. Орыстың ғалымдары осы екі энергияның бірі – көмірқышқыл газы, бірі – оттегі екенін анықтаған. Осы екі материяның жарасымы адамның ағзасын, санасын, көңіл-күйін тепе-теңдікте ұстайды. Ал адамның ішкі жарасымы сыртқы дүниеге әсер етеді. Осылайша қоғам жарасым табады. Тізбек – ғарыштық жарасымға дейін жалғасады.

Жапондарда «саби» деп аталатын эстетикалық мектеп бар. Қысқаша айтқанда, қатыгез көріністерді тамашалау дағдысы. Теңіздегі кеменің өртеніп суға батып бара жатқаны да сұлулық. Ал біздің этоста (мен бұл жерде батырлар жыры яки басқа жекелеген құбылысты айтып отырғам жоқ) бұндай эстетикадан аяқ алып жүргісіз.

Демек, мәдениеттердің арасындағы қайшылық, түсініспеушілік, көп жағдайда, бар болғаны әріпке ғана таласудың, терминологиялық түсініспеушіліктің ғана көрінісі екен. Демек, ақырсоңында адамзат баласын татулыққа әкелетін біртұтас теория мүмкін екен…

Бұл теория өнердегі, жалпы мәдениеттегі түрлі ұлттық мектептерді жақындастырып қана қоймайды, бұл теория, түптеп келгенде адам атты қабиланың барлығын бір-бірімен туыстастырады. Әрине, асырыңқырап айтқан, алайда асқақ романтикалық пафосын алып тастасаңыз, аталмыш теорияның шындықтан аса алшақ кетпейтінін байқайсыз.

Жаулық жоқ – тек қана түрлі ракурс бар. Адамдар бір-біріне дұшпан емес – шындықты, ақиқатты пайымдаудағы түрлі тұғыр, позиция ғана бар. Сеніңіз, сенбеңіз – соңғы өнер теориялары осылай дейді.

Міне, осы теорияларға сүйене отырып айтарымыз: өнер дегеніміз (бұл жерде поэзия, сурет, немесе музыка деп, түрлі жанрлардың арасын бөлмей-ақ қояйық) – сұлулықта ояну.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты