Кавабата Ясунари немесе оның «Сыңар білек» әңгімесі

fc023d27ea02bf23247f1a1b80537c8d.png (800×792)

К.Ясунариге Нобель əдебиет сыйлығы берілгені туралы хабар жеткен тұста, мен былай деп жазыппын: «Кавабата Ясунаридің Нобель əдебиет сыйлығына ие болуымен, оның шығармалары тұтас əлем халықтарына қарай жол тартты, енді бір сөзбен айтқанда ол əлемдік деңгейде мойындалды, десек те болады. Осылайша Нобель сыйлығының қақпасы бізге бірінші рет К.Ясунари шығармашылығы арқылы ашылды» (1968 жылы, 2 қараша «Басылым ақпараттары»).

 

Менің сондағы тебіренісім тектен тек емес еді. Жапон жазушылары ұзақтан бері үздіксіз Нобель сыйлығына үміткер ретінде қаралып келсе де, сыйлық бірде бір рет бізге бұйырмай, салынымыз суға кеткен болатын. Енді міне соның ақырласқанын көзімізбен көріп отырмыз. Оның үстіне бұл қадам К.Ясунари əлеміне дақ түсірмей, қайта сол əлемнің мəн-мағынасын онан бетер ашып, бұрынғыдан да орнықтыра түсетіні бегілі болып отыр.

Нобель сыйлығы бізге тұңғыш рет беріліп отырғандықтан бұл жолғы шараның ақпарат саласындағы дақпырты күшті болды. Түрлі-түсті ой айтылды. Нобель сыйлығына ие болу олимпияда да сыйлыққа ие болуға мүлде ұқсамайтын шаруа. Соғыстан кейінгі кезеңде сыйлыққа ие болған Г.Мистраль, Пер Фабиан Лагерквист, М.А.Астуриастардың аттары жиі-жиі аталып, солар өкілдік еткен елдер əдебиетінің əлем əдебиетінде орнының да көрнекті көтеріліп қалғаны айтыла бастады.

Жапонияның ақпарат саласы К.Ясунаридің Нобель сыйлығына ие болуын Жапон əдебиетінің сыйлыққа ие болуы, деп жар салды. Бұл тұжырымға басқаша көзқарас айтуға да болады. Біздер К.Ясунари шығармашылығының Жапонияның дəстүрлік əдебиетімен тамырлас екеніне сенімді болсақ та, оның жапон əдебиетінде дара тұлға екенін мойындамай тұра алмаймыз. К.Ясунари шығармалары еліктеуге ерік бермейді, ол шығармалар өзгеше түйсік пен болмысқа құрылған, бізде бүгінге дейін баса билеп келген реалистік əдебиетке мүлде ұқсамауымен ерекше көзге түседі. Біреулердің оны жан баспайтын жабық сарайда жалғыз тұратын жанға балайтыны да сондықтан.

Жоғарыдағы ой біраз жайдың басын ашуға тиіс, дегенмен, ол сүйреген жаққа кете берсек, қоян жымындай біліп болмас бір шиырға кіріп кетуің əбден мүмкін. Мəселенің тетігі жазушы қолданған тілде — К.Ясунаридің шығармашылығындағы жапон тілінде жатыр. Əдебиет пен оны жеткізуші тілдің ортасында шым-шытырық байланыстың бар екені кімге болса да белгілі, бүгінге дейін əлемнің көптеген халықтарына ұқсамайтын өзгеше тіл тобына жататын жапон тілі өзінің өзгеше болмысымен кім-кімді болса да кеудесінен итеріп келді. Жапон əдебиетін төкпей-шашпай өзгеге өз əйнінде жеткізу біздің басты мəселемізге айналғалы қашан. Өзімізді мысалға ала отырып айтсақ, бізде көптеген адамдар шетелдің шығармаларын сүйіп оқиды, бірақ олардың бəрі ол шығармаларды түп нұсқа күйінде емес, қайта аудармасынан оқиды. Жапон тілінің өзіндік ерекшелігі себебінен, оған қосып шетелдердің базар қажетінің түртпегімен бұған дейін біздің көптеген үздік шығармаларымыздың жөні түзу аудармасы да болмай келді.

Шетелде əдебиет зерттеушілер мен оқырмандар ортасында жапон əдебиетін жетік білетіндер некен саяқ, бірақ, бұл жапон əдебиеті оқуға тұрмайды, дегенді білдірмейді. Біздің классик шығармаларымызды шетелдің əдебиет сүйер қауымының тамсана айтпайтын кезі кемде кем. Ал, бұны біз «ешкімге ұқсамайтын ел жағдайымыздан» деп түсіндіре алмаймыз. Ричард Гриннің, Г.Гессенің «Əлем əдебиетінің топтамасы» еңбегінде жапон əдебиеті туралы не дегенін жақсы білеміз.

Мəселенің тетігі əдебиеттің қабылдануында, Нобель сыйлығын өз ішіне алған бұл барыс бүкілдей аударма арқылы жүзеге асып отыр. Осы жолы К.Ясунаридің сыйлыққа ие болуымен, біздің аударма саласында кездесіп келген кедергіміздің тас қамалы алғашқы адымда алынды-ау деген ойдамыз. К.Ясунари сыйлыққа қатысты берген сұхбатында аудармашыларына зор алғыс айтатынын білдірді, оның бұнысын мен шынайы көкірегінен жарып шыққан сөзі, деп білемін. К.Ясунаридің шығармалары біздегі аударуға аса қиын түсетін шығармалардың санатына жатады. Содан да мен К.Ясунариге Нобель сыйлығының берілуімен жапон тілінің аудармадағы кедергісі алына бастады, деген ойдамын.

Əлгінде К.Ясунари шығармаларының еліктеуге көнбейтін асаулығын айтқан болатынмын, өзіндік мінезі бар бұндай туындылар біздің дəстүрлік реалистік əдебиеттің өрісінен шалғайда жатады. Бұл жазушының өзіндік ерекшелігі. Дей тұрғанмен, бұның тағы бір қыры бар, ол — К.Ясунари шығармаларының аударуға да оңай көнбейтіні. Бұдан келіп шығатын қорытынды біреу: К.Ясунаридің Нобель сыйлығына ие болуымен жоғарыдағы екі кедергі бірдей алынды да, біздің ендігі жазушыларымыздың танылуына кең жол ашылды. Осы жолғы Нобель сыйлығының мəн-мағынасы да міне осында көрнектілене түседі. Тек бұл Нобель сыйлығы бізге саяси себептен ғана беріліп жүрмесе болғаны.

К.Ясунари шығармашылығының кілті оның 23 жасында басынан өткізген бір ісімен тіке қатысты. Осы жылы К.Ясунари қасында үш жолдасы бар таулы өңірге жасаған бір сапарында 16 жастағы жас өспірім қызбен танысып қалады да, естен кетпес махаббатқа куə болады. Өкініштісі бұл махаббат ұзаққа бармаған. Дегенмен жазушының басынан өткен осы оқиға оның келешектегі бас кейіпкерін тұлғалап кеткен. Алғашқы əңгімелерінің бірі «Оңтүстікте жанған оттан» тартып К.Ясунари осы негізде көптеген шығармалар жазды. Кезінде сыншылардың «жазушы қалап сапырыстырса да, осы шығармалардың бір көзден бастау алғаны анық аңғарылып тұрады» дегендері болған. Бұл түйінді біз де жоққа шығара алмаймыз. Кейде сыншылардың К.Ясунари шығармалары «Жас Вертердің қасіреттерінің» жапонша үлгісі дейтініне де келісіп қалатынымыз əне содан.

Орта мектепте оқып жүргенде жариялаған «Чандай» (қытайша айтылымы бойынша алынды) атты əңгімесі жазушы шығармашылығында ерекше орын алады. Осы əңгімеден кейін əйгілі «Идзу бишісі» əңгімесі туындағанын білеміз. 23 жастағы жігіт пен 16 жастағы қыз арасындағы махаббат бұдан кейін де бірсыпыра шығармаға арқау болды. Ата-анасынан ерте айырылған, алғашқы махаббаттан қайғы шеккен балаң жігіттің жандүниесі əйел затының бойындағы өзгеше сұлулықты өзіне өмір бойы серік етті. Бұл оның ешкімге ашпайтын, тек шығармасымен ғана қайта айналып соғып, өз жүрегімен өзін сырластыратын сыры болып қалды.

Мəңгілік əйел табиғатын жырлау — əйел затының тəні мен жанынан туындаған нəзік сезімге бой ұру — К.Ясунари шығармаларындағы жөңкілген кері ағысқа жататын ерекшелік. Жазушының əйел заты кездеспейтін шығармасы «Атақты адамнанда» біз бастан аяқ əйел затына тəн нəзіктікті сезініп тұрамыз. Бұл сарынды «Қарлы ел» немесе «Мың қанатты тырна» туындыларының кез келгенінен кездестіре аламыз.

Сыншылар жағынан жасы ұлғайған жандардың табиғатын ашқан көсем шығарма деп бағаланған «Ұйқыдағы сұлу» да қарттыққа тəн делінетін сүркейлілік атымен кездеспейді. Шығармада ұйқыдағы сұлу əйел тəнінің қасында ояу күйде байсал тартқан еркек отырады. Алдындағы өзгеше көріністен бір ауық қиялға шомып, өткен өміріне қайта қайтқан қарттың алып ұшып тебіренетіні бар. Шығарманың сыйқырлы сарыны да осы тұста менмұндалайды. «Қарлы елдегі» Дау Сун сияқты, жазушының біраз шығармаларында ер кейіпкерлер басында əйелдерге байланысты өздері сызып алған шеңберінен шыға алмай малтығады, соңында əлгі кедергілердің бəрін жойып өздерін əйел затының бойындағы сиқырлы сұлулыққа бағыштайды. Осы түйін көрнектіленбегенде «Қарлы елдің» бүгінгідей əсерлі шығуы неғайбыл еді. Шығармада Дау Сун əйел кейіпкерді кезіктіргеннен бірден оның тəніне құмар болып қалады, алайда əйел оны өзіне еліктірмейді, ойына да ерік бермейді, қайта кеудесінен ары итере түседі. Ал, «Ұйқыдағы сұлуда» бұл түйін басқа қырынан ашылған, оқырман əу баста-ақ ұйқыдағы сұлу əйел тəнінің қасында отырған еркектің қарт болғанымен өз мүмкіндігінен айрылған жан емес екенін бірден аңғарады, себебі егер ол кетеуі кеткен қарт болса əлгіндей қиялдарға беріліп, бұлайша алып ұшпайтын еді, оның есесіне айна қатесіз сүркейлі қарттық менмұндалап шыға келер еді. «Ұйқыдағы сұлуды» өлмес шығарма етіп тұрған да міне осы ерекшелігі.

«Сыңар білек» атты əңгімеде əйел «менімен түнімен бірге болуға бір білегіңді берсеңші» деген «мен» кейіпкердің тілегін орындап, оң білегін сөгіп оның алдына қояды. Бұл өзі өзгеше қолтаңбамен жазылған, «Ұйқыдағы сұлудан» да күрделірек əңгіме. Айтуларға қарағанда бұл əңгімелер жазушының қартайған шағындағы қиялынан, ішкен дəрінің əсерінен туған-мыс. Енді бір жағынан жазушының өзі де қартайған шағында осындай күйге жақын болды, деп те айта аламыз.

Дегенмен, мəселе аталған істің шын-өтірігінде немесе үлкен мидың қабілетінде емес, қайта оның əдебиеттен ойып тұрып орын алғандығында. Сөз арасында айта кеуге тұра келеді: əдебиеттегі шындық өмірдегі шындықпен беттесе бермейді. К.Ясунари шығармаларының бұл жақтағы болмысын оның шығармашылыққа алғаш келген кезде ту етіп көтерген «жаңа түйсікшілдер» деп аталған əдебиет ағымынан бөле қарай алмаймыз. Жұртқа жақсы таныс «Он алтыдағы жас жігіттің күнделігі» шығармасында жазушы өзінің əу бастан-ақ «жаңа түйсікшіл» болғанын көлденең тартады. Бұл өзі өмір баяндық туынды деп бағалағанымен, онда жазылған дүниелер жазушының сол тұста өзі де аңғара бермеген, келешектегі шығармашылық əлемінен сыр ақтарған туынды.

«Сыңар білек» атты əңгімеде мынадай абзац бар:

 

«Шырақты жақтым. Қыздың қолын қолыма алып тəптіштеп қарап шықтым. Шырақ нұрында білектің сүйріктей саусақтары арбап мені өзіне тартады. Білек аяқ емес. Мен білектің басынан саусақтардың саласына дейін сылап, нəзік тəннің жұмсақ еттерінің лебін сезініп, нұр мен көлеңкеден тұрған тəннің шұғыласына шома отырып, саусақтарды еппен жылжыттым.»

  

Өспірім қыздың бір білегінің денесінен ажырап тұруы шындыққа жат нəрсе, дегенмен, осында айтылған білекте əйел тəніне тəн қасиеттің бəрі бар. Шығармадағы «білек деген аяқ емес қой» деген бір ауыз сөзде өзіндік мəн жатыр, бұл тасадағы мазмұнды көрнектілендіріп тұрған сөйлем. Білек — əйелге қатысты барлық сезімді бір басына жинай алғанымен, оның əйел емесі екені белгілі, бірақ жазушы осы түйінді көрнектілендіргісі келгені анық. Бір кезде 16 жастағы өспірім қызды жолықтырғанда жазушы бойында туындап тұншығып қалған сезім уақыт көші жылжып өтсе де, осылайша өмір сүре берген. К.Ясунари бұл сезімді қарттықтың жалауы көтерілген шақта да сол баяғысындай төкпей-шашпай жеткізген.

«Сыңар білек» əңгімесін — «Ұйқыдағы сұлудағы» эстетиканы заңды жалғастырушы, деп қарауымызға болады. Соңғы əңгімедегі еркектің шабытты қаншалық шалқар болса да, бəрібір, тұйықталып қала берген сезім болса; алдыңғы əңгімеде ол сезім ашық ортаға шығып еркін тыныстап, кең көсілген. Үңіле қараған адам осы əңгімеде өзі өмір бойы жазып келген əйелге тəн сұлулықты жазушының өзгеше символдық деңгейге көтергенін байқаймыз. «Сыңар білек» əңгімесінде бір білектің қыз тəнінен тыс өмір сүріп тұруы бүгінгі танымға оғаш сияқты көрінгенімен, ол жапондық будда ілімімен үндесе кетеді...

Хесегауа Лузуми 

Аударған Гүлнар Ақан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты