Ardakh Nurgaz. Модернистік лирика

7fe2a6aeb35b31bb48a603b71757a28d.jpg (600×699)


1.Лирикадан эпосқа дейін

Ең алғашқы өлең қалай пайда болды, оны кім жазды? «Bible.Genesis»-та «Жаратушы жарық, деді, жарық пайда болды (And God said,“ Let there be light,” and there was light.) деп жазылған. Алғашқы өлең мәтіні осы болса керек. Жоғарыдағы сөз тіркесі форма жағынан да, обыразды жасау жағынан да поэзияның үздік үлгісіне жақын. Әсіресе, ол модернистік поэзияның ерекшелігін қайталайды.  Біз бұны қазіргі заманғы мәтінтану ғылымына сай зерттеу арқылы түсіне аламыз. Жоғарыдағы мәтіннің басты ерекшелігі сырлы, тілсімдікке саятын лирикалық (the Lyric) болмысында. Бірақ, поэзияның басында тұрған алғашқы ұлы шығарма Гомердің екі дастаны – «Илиада» және «Одиссея».  Бұл екі шығарманы біз поэзиятану ғылымына сай эпикалық «эпос» ( ἔπος), деп атаймыз. Бұдан шығатын қортынды поэзия пайда болған сонау есте жоқ ескі замандардан бүгінге дейін жалғасқан өлеңнің поэтикасы екі ерекшелікке жинақталған, оның бірі лирика болса, екіншісі эпостық қасиет. Аристотелдің «Поэтика» еңбегінде эпос пен театр туралы айтылады, бірақ, лирика туралы айтылмайды. Лириканы эпос пен театрдан кейін, үшінші жанр түрі ретінде қатарға қосқан XVIII ғасырда жасаған l’abbé Batteux екенін білеміз. Басқаша айтқанда поэзияның басталу нүктесі болған лирика өткен бір мезгілде дін, тарих, әдебиеттің өзге де жанрлары (театр, проза) жағынан көмескіленді. Бірақ, ол  тасалда қалған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын өзінің құдiретін, өзекті орынын орнықтыра бастағанын аңғарамыз.   

Орталық Азияға тән түркі, парсы тілдес әдебиеттің өткен мың жылдық тарихы да лирика мен эпостың тартысты бірлігі, деп қарауға болады. Олар бірін бірі жеңе алмаған, бірінен бірі бөлініп те кете алмаған. Фирдауси, Омар Һайям, Низами, Руми, Сағди, Хафиз, Әлішер Науаи шығармалары лирика мен эпостың кезек салмақ ауыстыруынан тұрады. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтiң шығармашылығында жоғарыдағы дәстүрден толық нәр алғаны, лирика мен эпостық үлгіні үздіксіз алма кезек қайталағаны бірден көзге түседі. Одан соң М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпосы және үздік тарихи драмаларымен қазақ әдебиетін XX ғасырдың әдебиеттік танымының деңгейіне жеткізді. Қазіргі қазақ тілі поэтикасы мен поэзиясының дәстүрі осыған саяды.      

Тәуелсіздіктен соң (1991 жылы) Орталық Азиядағы түркі тектес елдер өзінің көмескіде қалған тарихын, мәдениетін, рухани қазынасын қайта түгендей бастады.  Қазақ қоғамы да осы барыста мәдениеті мен өнерін тілінің қайнар көзінен қайта түлетудің жолын қарастырды. Бұл әдебиеттану саласына да үлкен бұрылыс әкелді. Қазақ поэзиясы өз мүмкіндігін әлем әдебиетінің бүгінгі талғамымен қарастыруға тиіс еді. Әсіресе батыс Еуропа әдебиетінің XX ғасырдағы жалпы болмысын тану қажеттілігі туындады. Жаңа қоғам, жаңа қоғамдық атмосферада біз отаспайтын кереғарлықтармен (the differences of irreconcilability) заманауи, заманауи тіл және соған ілесе келген модернизмнің ауанына кірдік.   

  

2.Модернизмнен постмодернизмге дейін

«Дәстүрдің мағынасы кең. Дәстүрде мұрагерлік деген жоқ. Сенің оған ие болғың келсе, сөзсіз соған жетерлік еңбек етуің тиіс.  Әуелі ол тарихи сананы қамтиды. Кез келген жиырма бес жастан кейін өлең жазғысы келетін адам үшін тарихи санаға қатысты түйсік кем болса болмайды. Тарихи санаға қатысты түйсіктің бір қасиеті, ол өткеннің өтіп кеткенін ғана білдірмейді, оның бүгін де өмір сүріп тұрғанын аңғартады. Бұл түйсік шығармашылық адам үшін өз кезеңінің әдебиетін біліп қана тынбай, жалпы Еуропа әдебиетін, Гомерден Дәнтеге дейінгі әдебиетті, тіпті одан да кең ауқымды дүниелерді біліуді талап етеді. Бұларды бойыңа біртұтас, бір жүйеде өмір сүріп тұрғандай сіңіруді қажетсінеді. Бұл түйсік ненің уақыттан аттап кететін дүниелер екенін, ненің уақыттың уысында қалатын дүниелер екенін анықтайды, сондай-ақ уақыттан аттап кететін дүниелер мен уақыттың уысындағы дүниелердің бірлігін де қарастыра алады. Осы түйсік шығармашылық адамға дәстүрді сыйлайды. Тарихи санаға қатысты түйсік шығармашылық адамына өзінің тарихтағы орыны мен өз кезеңіндегі салмағын білуіне мүмкіндік береді».  

 T.S. Eliot. «Tradition And The Individual Talent»

     

«Tradition is a matter of much wider significance. It cannot be inherited, and if you want it you must obtain it by great labour. It involves, in the first place, the historical sense, which we may call nearly indispensable to any one who would continue to be a poet beyond his twenty-fifth year; and the historical sense involves a perception, not only of the pastness of the past, but of its presence; the historical sense compels a man to write not merely with his own generation in his bones, but with a feeling that the whole of the literature of Europe from Homer and within it the whole of the literature of his own country has a simultaneous existence and composes a simultaneous order. This historical sense, which is a sense of the timeless as well as of the temporal and of the timeless and of the temporal together, is what makes a writer traditional. And it is at the same time what makes a writer most acutely conscious of his place in time, of his own contemporaneity.»

T.S. Eliot. «Tradition And The Individual Talent»

Жоғарыдағы сөздерден біз көп дүниеге көз жеткіземіз. Ең әуелі Т.С.Элиот (T.S.Eliot)   поэзия туралы дәстүрлік түсінікті, айталық лирика мен эпостың қатынасына байланысты түсінікті ыдыратып (deconstruction), орнына дәстүрден мүлде басқа, жаңа модернистік поэзиялық таным қалыптастырды. Ол дін, тарих, әдебиеттің өзге жанрлары (театр, проза) алып қойған мүмкіндікті қайтадан поэзияға қайтарудың жолын іздеді. Біз бұл танымды модернистік поэзияның эстетикалық түйсігі, деп атаумызға болады. Француз әдебиетінде басталған модернистік поэзия халқаралық сипат алып, Еуропаның өзге елдеріне таралғанға дейін, ол ұлттық поэзия болды. Эзра Паунд (Ezra Pound)  пен Т.С.Элиоттар (T.S. Eliot)  өз кезегінде модернистік поэзияға жаңа эстетикалық, теориялық негіз қалады. Бұған қатысты Э.Паундтың имажизм (Imagism) туралы жазбаларын, Т.С.Элиоттың (T.S. Eliot) «Tradition And The Individual Talent», «Ulysses, Order, and Myth» мақалаларын атауға болады. Модернистік поэзияның эстетикалық түйсігі лирика мен эпостың қатынасын жаңаша тұрақтандырды. Т.С.Элиоттың (T.S. Eliot) «The Waste Land» поэмасы осы ұстанымға жақсы мысал бола алады. Поэманың алғашқы қолжазбасы сегіз жүз тармақтан артық болғаны белгілі. Осы нұсқаны  Э.Паунд (E.Pound) өңдеп, ықшамдап кейінгі 434 тармақ етіп, оған жаңа эстетикалық түйсік берген. Бастысы поэманың алғашқы нұсқасындағы дәстүрлік эпостық эпикалық ерекшелікті барынша лирикалық түрге ауыстыруға жұмыс істеген. Соңынан  жаңа мәтінді Т. С. Элиоттың (T.S. Eliot) та қабыл алды. Басқаша айтқанда біз «The Waste Land» поэмасының табиғатынан Э.Паунд (E.Pound) пен Т.С.Элиоттың (T.S. Eliot) танымындағы модернистік поэзияның эстетикалық түйсігін, поэтикасын тани аламыз. Поэма дін, тарих, мәдениет, антропология (anthropology), аңыз, миф, сондай-ақ көптеген халықтардың әдебиетіне қатысты деректерді қамтып жатыр. Мұндай мол дерек қоры, өзара ықпалдастық одан бұрын ешбір әдеби мәтінде, әсіресе поэзия мәтінінде ұшырасқан емес. Модернистік поэзия осыған саналы түрде барады. Ол тілдің мүмкіндігіне барынша мән берді. «The Waste Land» өзіне осындай үлкен қорды топтай отырып Дүниежүзілік бірінші соғыстан (1914ж.-1918ж.) кейінгі Еуропаның рухани күйін дәстүрлі поэзиядан басқаша, өте терең әрі ауқымды деңгейде жаңа образ тәсілінде жеткізді. Біз «The Waste Land» эпостық ерекшелігі бар лирикалық поэма, деп нық сеніммен айта аламыз. Және бұл ерекшелікті модернистік поэзияның басты қасиеті деп бағалауға болады. Ол бір кезде дін, тарих, әдебиеттің өзге де жанрларына (театр, проза) тән мәтіндер алып қойған баяндау мүмкіндігін қайта бастан поэзия тіліне, онда да поэзияның түпкі болмысы - лирикаға сәтімен қайтарып берген. Бұл жолы лирика шығармада тасада емес, жарықта, қосымша емес, жетекші рол ойнайды. Поэзияның жанр ретіндегі поэтикасы да анық тұлғаланған. Лирика сұлулық пен қаскөйліктің тартысынан тұратын адам жанының иірімін өзге мәтін түрі қайталай алмастайтын деңгейде көрсете алатынын дәлелдейді. Кейін  поэзияға постмодернизмдік түсінік келген соң да осы талап өзгеріп кеткен жоқ. Қайта күшейе түсті. Постмодернизмдік поэзия осы түйсікті жаңа формада іздеуге күш салды. Осылайша поэзияда лирика эпостан аттап өтіп, әу бастағы өзіне тиісті көшбасы орнын қайта тапты. 

Поэзияға  модернистік түйсіктің келуі өткендегі лирика мен эпостың арасындағы жікті жақындастырып, отаспайтын кереғарлықтарға (the differences of irreconcilability) қарамастан, олардың жаңа бірлігін жасады. Модернистік түйсік, жаңа поэтика поэзия тарихында тың бет ашты.      

XX ғасырдағы қазақ поэзиясында лирикаға толық басымдық берген бірнеше шығарма бар. Соның бірі Мағжан Жұмабаевтың «Әлдиле өлім, әлдиле» өлеңі. Енді біреуі Жүмікен Нәжіминеовтың «Күй кітабы» поэмасы. Өкініштісі, қазақ поэзиясындағы бұл үрдіс тарихи- саяси себептерден жалғасын таппай қалған. Соңғы отыз жылда поэзияға келген ақындардың ішінде бұл ерекшелік Әмірхан Балқыбектің «Сынған сәуленің шағылысуы» поэмасында көрініс береді. Мен осы үш шығарма туралы «Қазақтың модернистік поэзиясы» атты сын кітабымда арнайы мақалаларда жаздым.    

     

3.Лирика және постмодернизмнің кейбір түрлері

Соңғы бірнеше жылда әдебиетке келген жас ақындарға әлем әдебиетіндегі постмодернистік ағым күшті ықпал ете бастады. Бұл соңғы кездері қазақ әдебиетінде пайда болған жаңа үрдіс. Бірақ, бұл жерде бір ескеретін түйін бар. Ол жас ақындардың постмодернизмді қалай түсінетіне байланысты. Біз постмодернизмнің модернизммнен кейін пайда болған, модернизммен көп жақтылы байланысы барын білеміз. Бұл байланысты жалаң көненің орнын жаңа басуы, алдыңғыны жоққа шығаруы, деп түсінуге болмайды. Оның астарында постмодернистік қоғамның өзіндік ерекшелігі, поэзияның соған қарата қайтарған жауабы тұр. Оның біразы модернистік поэзияның қасиетіне жақындаса, кейбірі керағар келіп жатады.  Басқаша айтқанда постмодернизм модернизмді емес, постмодернистік қоғамды ыдырату (deconstruction) бағытында өмір сүреді. Модернизм мен постмодернизм бір біріне қарсы емес, қайта сабақтас, жүлгелес. Олар қоғам дамуының өзгерісіне байланысты поэзияның таным-түсінікте уақыт көшіне сай түлеп, жаңа сұрақтарға жауап беріп отырғанын аңғартады. Поэзия тілінің өзіндегі түлеп, жаңарып отыратын өміршең қасиетімен өркениеттің өзегіне күш-қуат сыйлайтын ерекшелігі бар. Ол әсте қатынас құралы болумен ғана шектелмейді. Осы тұрғыдан келгенде мені жас ақындардың постмодернизмнің саяси, әлеуметтік, антимәдениеттік, попмәдениеттік, антипоэзия бағытына көбірек бой ұрып, мәтінді құрал ретінде пайдалануға бейімділігі алаңдатады. Мен жоғарыдағы ерекшелікті постмодернистік қоғамның туындысын, белгілерін мәтін түрінде қайта жаңғырту, деп түсінемін. Белгілі мағынадан алғанда ол поэзия емес, қайта постмодериннің өзіне еліктеу. Постмодернизмнің жоғарыдағы ерекше түрлері поэзия тілінің жасанпадық (kreativ) қасиетін әлсіретеді, қайта бастан дін, тарих, саясат, қала берді әдебиеттің өзге жанрларының (театр, проза) салмағын арттырады. Бұл ойланарлық жағдай.  

  

4. Өкілдік шығарма немесе өзгерісті қабылдау          

Менің шығармаларым көбінесе ішкі түйсігім, сыртқы дүненің әсері, қоғам мен адамдар ара кері байланыстар төңірегінде болады. Тұлғалық (жеке тұлға) сипатта өріс алды. Реалистік үлкен тақырыптарға барған емеспін. Менде бүгінге дейінгі қазақ поэзиясындағы үлкейтілген реалистік «мен» жоқ.  2003 жылы «Саябақ» (A Garden of Trees: Medidations on the Postmodern Wars ) атты поэма жаздым. Ол кезде АҚШ Ираққа соғыс ашып жатқан кез еді. Соғыс жағдайы теледидардан күніге беріліп жатады. Біз жаңа дәуірдегі постмодернистік соғыстың қатыгездігі мен ойран-топырын тұңғыш рет өз көзімізбен көрдік. Соғыс біздің көз алдымызда жүріп жатты, күніне неше мың адам өледі, деседе, әлем оны тізгіндеуге қауқарсыз болды. Соңынан, көршіміз Ауғаныстанда соғыс басталды. Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алып, ішкі мәселелері шиеленісіп тұрған, батыстық үлгідегі демократияны ырықты қабылдағанымызбен, ертеңіміз не боларына сенбей, үрей билеп тұрған кезең еді. Мен «Саябақ» (“The Garden of Trees”) поэма арқылы сол кезеңде бойымды кергеген түйсігімді жеткізгім келді. Ол ақынның жандүниесінен өткен Орталық Азия тарихында болған сұрапыл соғыстар (айталық Сақ патшасы Тұмар ханымның парсы патшасы Кридың кесілген басын қан құйылған тұлыпқа (теріден жасалған дорба)  салыпты, делінетін аңыз детал ретінде берілді), соғыстың өркениетті ойсыратуы, сонымен қатар, мың жылдықтарға ұласқан мәдениеттің құмға сіңгендей жоғалу барысы, өзгеріске бейімі жоқ бүгіннің дәрменсіздігі, содан туындап жатқан қасірет туралы пайымдаулар еді. Осы поэма мен жазған ең көлемді шығарма болып қалды. Поэманың баяндау тіл анық модернистік тіл деуге болады. Мұндай баяндау тілін қолдану, ондағы метафуралар бұған дейін қазақ поэзиясында кездескен жоқ. Бұл поэма туралы «Жеміс  ағашының түбінде» (At the bottom of fruit tree (The essay about the poem “The Garden of Trees”) (2013ж.) атты мақалам жаздым. Мақала поэма жазылып он жылдан кейін, оның қандай жағдайда жазылғанына, жарыққа шығу жағдайына, менің шығармашылығымдағы орыны туралы тоқталады. Бастысы осы мақаланы жазу арқылы мен «Саябақты» қортындылап, шығармашылықтағы бір кезеңімді аяқтап, жаңа кезеңге қадам бастым. 2014 жылы «Құз басындағы құйын» (Wind on the Cliff) атты поэманы жақсы жаздым, деп ойлаймын. Ол стилдік жақта шымыр, жинақы, артық сөзі жоқ, менің «Саябақ» поэмасынан кейінгі эстетикалық, шығармашылық талғамыма сай келеді. Соңғы жылдардағы шығармаларым жоғарыдағы екі поэманың ұқсамаған стилінен нәр алып, жаңа ерекшелікте туды. Бұл тұрғыдан келгенде мен поэзияда бірнеше кезеңді басып өттім, деп ойлаймын. Бірақ, бастан ақыр бір нәрсе өзгерген жоқ: өзімді қоршаған дүниемен мүмкіндігінше тиімді байланыс орнатуға талпындым. Бұл менің поэзиямен арадағы уәдем.      

(STYQ Online жобасына орай оқылған лекция. 29.03.2021ж.)



Лекция «Эпоха перемен, новые возможности в казахской поэзии», Ардак Нургазы

https://www.youtube.com/watch?v=Y7RC8uJwdaM

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты