Allen Ginsberg: Менің шығармашылығым

b61733375d098a2c76214b78976726ef.jpg (640×434)


Аллен Гинзберг (1926ж. — 1997ж.) АҚШ ақыны,  АҚШ  əдебиетіне өткен ғасырдың 50-ші жылдарында келген «құлдыраған бір ұрпақтың» басты өкілдерінің бірі. «Ұлу», «А.Гинзберг: 1947 - 1995 жылдардағы өлеңдер» қатарлы еңбектердің авторы. Ағылшын тіліндегі поэзияда өзіне тəн дара жол салып кеткен тұлға.

Аударушыдан


Өткенде тосын бір жағдайда У.Блактың шығармасын ұшыратып қалғаным бар, сонда «Уа! Күнбағыс» деген бір ауыз сөзді оқып, төбемнен таспен ұрғандай сілейіп тұрып қалғанмын. Мен сонда У.Блактың өз дауысын естігендей болдым. Ашық терезеден сыртқа қарап тұрған маған сонда: мына ғалам мəңгілікке бет ашқан күнбағыс екен ғой! - деген ой келді. Бұл түйсік маған өнер деген уақыттың өткізгіші, онда өзіне ғана жүктелген ерекше міндет бар, ол əне соны бір жүректен енді бір жүрекке шығарып салады дегенге сендірді.

П.Сезанн кезінде өзінің табиғатты күзеткенде «болмашы тебіреніп кететінін» (pettisensation) ауызға алған, өмірдегі сапарын аяқтарға таяп, жолдың шегіне жетіп қалған шағында досына жазған хатында ол мұны «жаратушының тартқан сыйы» деп қана тұжырымдаған еді. Ал, оның өнері осы тұжырымның бір түрлі қайтарымы сияқты: кенеп бұлға салынған (геометриялық сызықтар, түрлі төрт бұрыштар) тылсым сурет — мына ғаламның сан тарау құбылысынан сыр шертеді – бұл суретіне П.Сезанн Вектор тауы деп ат қойған.

Э.Паунд Қытай иероглифі поэзияның жаны тығылған өзгеше тəн деп сезінген, оның жатып келіп бұл жазуға құштар болатыны да сондықтан. Қытай иероглифі (төрт бұрыш болып келетін ішінде түрлі форма сақталған) өте ретті етіп қағаз бетіне  жайылған суретті жазу деуімізге де болады. Оқырманның санасында жарық еткен «шабытты елес» мұндайда жазудағы сурет пен мағынаны айшықтап жібереді.

Жазудың бойындағы төл қасиетке иек артқан мұндай поэзияның өз артықшылығы бар. Оған біз үйреніп қалған өлшем-бірлікпен қарамауға тиіспіз. У.К.Уильямс пен оның соңынан жеткен АҚШ ақындарының шығармашылығында көрініске саятын елестің орны содан да поэзияның деңгейін өлшейтін бірден бір фактор есептеледі.

Бұны біз өз практикамыздан да аңғарып жүрміз, көрініске саятын елеске құрылған сөздерді зор дауыспен сыртқа шығарғанда оның екпіні де өзгешерек болады. Ал ырғаққа саятын екпін дегенің сөздің өзінде болатын төл қасиет, жұрт оған тіпті мəн де бере бермейді.  Егер табиғаттың өзіндей өнер тынысына куə боламын десең, онда қалыптасқан шектемелерде қалмауың шарт. Ескі үлгінің əлдеқашан сенімсіз болып қалғанына бəріміздің көзіміз жеткен.

Жұрт енді-енді ести бастаған ырғағын бірден сарапқа салып, оған үйшік тұрғызбауы мүмкін, бірақ уақыт ұзара келе оларға да өлшем-бірлік табылады, əне сол кезде əлгі жаңа дүниелерің де ескінің санатына қосылатын болады.

Десе де, көптеген ақындар шығармашылықта саналы түрде əлгіндей мүмкіндіктер іздеуге талпынады, айталық  У.К.Уильямстың өлеңдерінде шотпен шапқандай қысқа тармақтар елеулі рөл ойнайды, ырғақ пен ұйқас ұзын қысқа тармақтар, кідірістер, елестер арқылы бір желіге көгенделіп отырады. Ч.Олсеннің өлеңдері де осындай тепе теңдікке құрылған, онда əрбір тармақ өзгеше салмақпен келеді...

Жұрт енді-енді байқап жүргендей адам миының мүмкіндігі тілдің мүмкіндігінен əлдеқайда үстем болады. Бұндай үстемдік өз деңгейіне көтерілгенде тілдің мүмкіндігін жаңа бір деңгейге көтеретіні бар.

Баяғыдан келе жатқан қарапайым ғана естелікке алу тəсілімен-ақ біз миымыздың шүңетінде тас бүркеніп жатқан дүниелерді түртіп оятамыз. Бұны енді қажетсіз деп ешкім де айта алмас.

Мен өз тынысыма қанша дүниенің сиятынын бір кісідей парықтап қалдым. Мұны мен Джек Керуактан үйренгем. Содан да мен дауыстап жыр оқығанда үнемі ұзын сөйлемдерді сүйреп шығам, бұған əлбатта өзімдегі ойды жеткізсем деген қажеттілік те жебеуші болады. Мен өз тынысымды өзімше сай формамен қатиралаймын. Егер қағаз бетінде болып жатқан дүниелерге қана көбірек назар аударып кетсем, онда миымдағы дүниенің арқауы сөгіле бастайтыны бар, мұндайға өзгеше бейім қажет. Ал сен менен поэзияда сірə не істемекші едің деп сұрай қалсаң, мен оныңа жарытып жауап бере алмаймын.

Мен өзімді қай деңгейде еркін меңгеремін? Бұл сұраққа келгенде айтар көп сияқты, бірақ оның дені жалған болып шығуы мүмкін. Əсілі мен поэзияның еркіне бағамын. Көкейден саулаған идеяны қағазға түіргенде мен үнемі қысқа тармақтарға сүйенемін, ондағым шабытты шамырқандырып алмау үшін. Меніңше шабытты ұстап қалудың түрлі-түсті тəсілі бар. Дегенмен, біздің ойлау жүйеміз қалай болып келеді? Оны біз қалай бақылап, қалай естелікке аламыз? Мен өзімнің ойлау формам туралы дəнеңе де білмеймін. Менің білерім жаңа сөйлем жазған сайын сəл кідіремін, ондағым образды ойларды демеп, тізгінге ие болу үшін сөйтемін. Содан да егер жазғаным өз-өзінен біте қайнасқан дүние болмағанда, қашанда жол ортада бір кідіріп жазған дүниемнің басаяғын түсіріп — мұндайда қашанда үтір-нүкте істетуге тура келеді — содан кейін ғана жаңа дүниеге қадам басамын. Міне осылайша жазу мен елеске айналған көріністерді мен қасымнан екі елі айырмаймын.  Кейде бұның логикаға сиымсыз дүние болып көрінетіні бар, десе де поэзия дегеннің өзі сол. Шығармашылықта көздеген мақсаттан көрі жеткен жетістігімнің үлесі үстем болатын кездері де бар, ондай кезде жиып-теріп сақтаған құпиямды осылай ашып-қазып алғаныма көзім жетеді. Содан да бір нəрсені кесіп айтқым келеді: жазудан бұрын мен өзімнің нені жазатынымды білмеймін. Менің тірлігім міне осы.


 Аударған - А.Н.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты