Donald Hall: Мен мендік, даңқ, мейірімділік және Роберт Фрост (I)

0a7ed9d31708a8495300c3851f46db1f.jpg (1024×640)


1.Даңқ


Бала кезімде қала маңында тұратынбыз, мен сол арадағы бір мектепте оқитын едім — үлкендердің сол кезде көзі тірі бір ақын туралы айтқанын үнемі естуші едім, оның үстіне, жұрт сол ақынды ғана жиі-жиі ауызға алатын. Мүмкін, профессорлар Т.С.Элиотты ұнатар, жастар Аутонды атап, соған еліктеп өлең жазар, бірақ, сол дәуірде былайғы АҚШ халқының көкейіндегі бірінші нөмiрлі ұлы ақын Р.Фрост еді. Оның «Жыр жинағы» ғасыр басында жарыққа шыққан алғашқы кітаптары сияқты әр отбасының кітап сөресінде, ең беделді деген еңбектердің қатарында тұратын. Оны танымайтын, оны ұнатпайтын адам болмаушы еді. «Тұрмыс» журналының тіктеуімен, бізге таныс сегіз қырлы, бір сырлы Р.Фрост қарапайым, зерек, үлкенге тән ізеті бар, мейірімді де кең пейілді адам болатын. Міне, арада он бес жыл уақыт өтті, оның сондағы бейнесі бүгінде өзінің өң-түсінен айырылып қалғандай. Жұрттың қазіргі райына бақсақ, ештемеге сенім артуға болмайды екен. Өмірбаяндық шығарма туралы «Нью-Йорк уақыт» газетінің әдебиет бетіне мақала жазған бір сыншы жиренішін жасырмай тұрып:«Р.Фрост барып тұрған алдамшы... мейірімсіз адам болатын...», — деп жазды. Осының бәрін айтып жатқан ақынмен бірге жасап, бірге тұрған адамдар; кеше ғана олар Р.Фростты «аузын ашса, жүрегі көрінетін», қарапайым шаруа деп жер-көкке сиғызбай жатып кеп мақтаған болатын, енді міне, одан өткен сұмпайы жоқ — деп жар салып, жамандап жатырмыз. Десе де, мен білетін Р.Фрост ондай ақеділ жан емес еді.

Р.Фрост атақ пен даңққа мейлінше құштар, соның жолында кіммен болса да бет жыртысуға бар мейірімсіз адам болатын. Солай да оның да кеңпейілділік танытып, ағынан жарыла қалатын кезі болатын — мұндайға ол еш мақсатсыз, өз кеңілін көтеру үшін ғана бара салатын. Оның жандүниесінде сұмдыққа жақын бір нәрсе бар еді, бұны оның өзі де аңғаратын, ол сүйіспеншіліктің өзін соның таразысына салатын, оның атақ-даңққа деген аранының шегі жоқ еді.

Мен оны тұңғыш рет 16 жастағы кезімде жолықтырдым, соңғы рет ол өмірден өтерден бірнеше ай бұрын кезіктім. Осы уақыт аралығында оның менің көкейімдегі бейнесі асқақ тұрған тас мүсіндей айбынды тұлғадан, көзіңді бақырайтып тұрып өтірік айтатын суайыт біреуге дейін өзгерді, енді бір сөзбен айтқанда мен пендеге тән бойында көп әлсіздігі бар адаммен бет келіп отырмын. Р.Фрост даттауға да, мақтауға да сыя бермейтін күрделі тұлға. Міне енді Р.Фросттың тасадағы өмірімен таныса отырып, өткендегі істерді есіме алып, ондағы көп істерге жаңа пайыммен қарап отырғандаймын.

Р.Фросттың отбасы жағдайынан бастасақ — бұларды мен там-тұмдап, кейін білдім — оны өмірге әкелген отбасының жағдайы мәз емес еді, тіпті кеселді болды десек те артық емес, бұл жағдайды оның өзі көп ауызға ала бермейтін. Оның әкесі айылын жимайтын арақкеш болған, содан ерте қайтыс болыпты. Оның анасы тұрмыс құрып бақытты болмаған жан, оның ұстіне ерте жесір қалған, Масажусаттағы ауылына қайтып барғанымен, мұғалімдігінен айырылып, кәсіпсіз қалады. Дегенмен, бұл кісі балаларына мейірімді ана болатын, ұлы мен қызына жақсы қарайтын — оларға алғаш өлең жазуды үйреткен де осы кісі еді. Ұлының көп мінезі анасына тартқан, оның ұстіне олардың жан дүниесінде өзгеше бір жақындастық бар еді, кейін келе Роберт Фрост бұл жақындастықты Элиро Геит деген өзге бір әйел затының бойынан да таныған тәрізді. Р.Фросттың әлгі қызға арнаған махаббаты шынайы, романтикалы, оның үстіне аса берілгендігімен көзге түседі. Қыздан айырылатынын білген кезде, ол өзін өлтіруге де ниеттенген екен; оның достарына айтқанына сенсек, онда бірнеше рет өзіне қол салу ниеті болған. Кейін ол Элиро Геит пен отбасын құрады. Олар қарапайым, жұқалтаң тұрмыс кешкен, оның үстіне жиі-жиі келеңсіздіктерге ұшырай берген: олардың тұңғыштары Элиот үш жасында оба ауруынан шетінеп кетеді; бұл қазаны Р.Фросттың өзіне бағыштап алғаны белгілі, айтуға қарағанда ол баланы қараған дәрігердің «неге дер кезінде дәрігер шақырмайсың? Баланың шетінеуіне сен себепкерсің!», — деген сөзін үнемі есіне алып жүрген. Екінші баласы Лессли атты қыз еді, бұл бала өмір сүрді, ол әкесінің қуанышы да, жұбанышы да болды. Үшінші балалары Элма, орта жасқа келгенде жүйке ауруынан жындыханаға жатуға мәжбүр болды. Р.Фросттың жар дегенде жалғыз қарындасы өмір бойы жүйке дертінің азабын тәртыпты. Р.Фросттың өзі де үнемі жынданып кетпесем жарар еді -деп алаңдап жүрген. Ол қызының жүйкесіндегі дертті өзінен, өз отбасының тұқымынан деп қараған. Ақынның жалғыз ұлы Колор, 38 жасында өзін өзі өлтірді; кенже қызы Маргери, 28 жасында туыт кезінде қайтыс болған.

Ақынның ауылдағы әуелгі жұқалтаң тұрмысы қаладағы қайыршы кедейлікке ұқсамайтын. Олар тамылжыған табиғаттың құшағында, өз қуанышы бар ортада өмір сүрді, Десе де, Р.Фрост отбасында төрт қабырғадан қалса, бірнеше тауық пен алақандай көктат егетін жер ғана бар болған. Сол жылдарда мұндай тұрмысқа темірдей еркі бар адам ғана мұжылмай төзе әлар еді. Р.Фрост ешқандай редактор немесе сыншы дегеннің беті-жұзін көрмей-ақ, ұзақ жыл бойында табандылықпен өлең жазуды жалғастырған, отбасының тіршілік қамы үшін болса да ол шырпы басын сындырмайды екен.

Соңында ол жалақысы мардымсыз болса да, мектептен бір жұмыс табады. Кейін бір бекімге келіп, қолда бар жерін сатып, Англияға қоныс аударады, онда бар ақшаларын тауысқанша тұрған. Англияға барған соң, тосын бір жағдайда кітап саудагерінің біреуімен танысып қалады да, жинақ шығаруға ниеттенеді, сөйтіп атақ-даңққа мөлшерсіз кенелген өмірін бастап жібереді. Дегенмен, АҚШ-қа қайтып оралып, журналдар оның өлеңдеріне есікті айқара ашқанда, университеттер оны жабыла жұмысқа шақырған да, ол қырық деген жасқа қырқалап жетіп қойған, балаларыда әлдеқашан ержетіп алған еді. Өткенге қайырылғанда, ол отбасының көп қиыншылықтар көргенін, балаларының кедейшілікте, алаң өмірде өскенін еске алатын. Сондай сәтінде ол «бір басымның әлегінен бүкіл отбасым азап шекті, мен үшін солар аш-жалаңаштық көрді, өзекке түскен сол қасірет оларды ақыры кейінгі өмірінде жындандырды, өзін өзі өлтіруге итермелеп, өмірден ерте әкетті ғой», — дейтін.

Оның отбасы да осы көзқараста екен. Айтуға қарағанда Элиро Фрост өмір бойы күйеуін кінәлаумен өткен. Ол өлер шағында да кешіруін өтінген шалын кешірмейтінін айтып кеткен. Анасы қайтыс болған күндерде Лессли: «Анам тұрмыс құрмауы, тұрмыс құрса да бала таппауы керек еді», —деп жылаған. Фрост ұзақ өмірінде өзін іштей мүжіп-жеп, басқалардың өзін кешіруін тілеумен болған, бірақ, оны кешірдік деген пенде болмапты. «Шаттыққа шома қалған кездерімде», — деген ол бір досына, «мен өзімнің денсаулығымның мықтылығының айналамдағыларға еш жақсылық әкелмегенін аңғарып қаламын». Ол өзін сұмпайы адам сезінетін. Досына жазған бір хатында: мен «қасымдағы адамдарға соншама мейірімсіз болып кетпедім бе? деп үнемі ойлай беремін...», — деп жазған. Бұл сөздерді ол ұлында өзін өзі өлтіру нысайы байқалғанда — Колоардың жан азабын жеңілдету үшін оған басу айтып, онымен айтысса да, сырласуға бекіген күндерінде жазған. Бірақ, оның ұлын аман алып қаламын деген ойының жүзеге аспағаны белгілі. Содан да оның басқа кездегісі сияқты, ұлының өлімінен де өз көлеңкесін іздейтіні, өзін кінәлайтыны түсінікті жағдай. Осындай қасірет арқалап, ауыр азап шеккеніне қарамасган, Р.Фрост өзінің менмендігін бір сәтте жоғалтқан емес, тіпті жынданармын-ау деген күндерде де ол солай өмір сүрді. 1963 жылы, өлер шағында ол бір досына көзін жұмса болды өшпенділікпен қарап тұрған, қолдарын ербеңдетіп кіналап тұрған ұлын көргендей болатынын айтқан. Ол достарына осыларды айта келіп, ғажайып әуенмен бір күліп алған да, «әлгі көріністерді көрген соң, өлгелі жатсам да, қайта тіріліп кетпеймін бе», — деген.


2.Атақ кұмар қария

1945 жылы, 16 жаста едім, Штаттың Минбел қаласының шетіндегі ағаштан тұрғызылған ескі сарайда жазушылар бас қосып тұратын. Р.Фросттың осы топпен байланысы бар еді. Мен сол үшін де ол мекенге жиі барғыштайтынмын, Содан бір жыл бұрын, университеттің дайындық бөлімінде оқып жүргенімде, Р.Фростпен таныстығы бар бір мұғаліммен ұшырасып қалғанмын, ол кісі Р.Фросттың өлеңдерін жиі оқитын еді, мені ағаш үйге баруға үгіттеген де сол кісі болды. Шығармашылықтан үмітің бар болса, жаздағы екі аптаны сонда өткізуің керек, онда не бір майталмандарға өз шығармаңды оқытуыңа орай табасың деді ол маған. Мен онда негізінен Фростты кезіктірсем деп баратынмын.

Мен 14 жасымда ақын болуға бекіндім, әр кұні сабақтан сырт екі үш сағатымды өлең жазуға жұмсайтынмын. «Нью-Иорктік», «Атлант мұқит айлық журналы» қатарлы басылымдардан қайтып келген қолжазбаларыиның өзі біраз болып қалған еді. 16 жастан бастап шығарма жариялай бастадым, айталық, «Жол», «Қайнар», «Жаңа буын» қатарлы шағын басылымдар өлеңдерімді басты. Бұлар маған шексіз қуаныш сыйлаған еді, алдымда атақ-даңқ бұлдырап болса да қол бұлғап тұрғандай сезіле беретін. Ағаш үйдегі бас қосуға баруым, бұл ойымды тіпті де желпіндіре түскен еді...

Басқосуда алғашқы сөзді Осип Мориссон сөйледі. Залда жұрт сығылысып отыр. Мен француз үлгісінде жасалған қосқанатты есікке таяу отырғанмын. Мориссон бас қосудың мәні мен мағынасынан, дәстұрден ой тастап жатқанда, мен алдыңғы қатарда отырғандарды жағалай сүзіп, өзім танитын жазушыларды іздеумен болдым. Әсіресе менің үмітім Р.Фрост жиынның ашылу салтанатына қатынасса, ұлы ақынды жақыннан көрсем деген арман еді. Мен осы ойда жалтақтап отырып, мойнымды бұрып қалғанымда, әйнек есіктің аржағынан таяп қалған топтың ішінен оны көрдім. Ол екі адаммен бірге, сәл алда келеді, әлденені қызықты етіп айтып келе жатқандай. Есіктің аржағындағы жер бедері ойыс болатын, Р.Фрост бастаған топ бізге қарай өрлеп келеді. Оның түр-тұлғасынан қайсарлық танылады, шашы аппақ, қайратты. Ол маған сол сәтте мрамордан сомдалған, баяғы «Жер бедері» басылымындағы Ирландияның есте жоқ ескі заманынан қалған тас мүсініндей көрініп кетті. Солай да, оның жүрісінің өзі келісті еді. Р.Фрост бір кісідей шешен сөйлейтін. Әйнек есік арқылы, мен одан көз алмай қарап отырдым, ол тынбай сөйлеп келеді, қасындағылар күлкімен қарық.

Мен онда 16 жаста едім, қасындағылардың кім екеніне назар аудармаппын. Мен көрсем деп аңсаған ұлы ақынымды, «Жердің тартылыс күші», «Алманы ұзіп алдым» жинақтарының авторын көзіммен көрген едім: ол мен ойлағандай сырлы біреу емес, қайта жай адам екен. Сол сәтте менің жүрегім қуанышқа толды. Осы адамды жай ғана көргенімнің өзі мені таза ауаға шығарғандай, сарайымды кеңітіп желпіндіріп жіберді. Менің күндіз-түні ойлаған қиялым, бір ғасыр бойында есімнен шыға қоймас деген сәтім осылай келді. Менің Р.Фростты көрсем деген тілегім ақыры жүзеге асты...

Р.Фрост түскі астан кейін Л.Энтени ұйымдастырған поэзияға қатысты шығармашылық үйрену сыныбына келетін. Р.Фрост келеді екен дегенді естігенде, біз абдырап қалушы едік. Себебі, сол тұста қандай өлең оқысаң да, ол сенің жер-жебіріңе жетіп, жерлемей тынбайтын, ал өлеңіңе назар да салмайтын. Бір кұні Энтени маған өлең оқытып, соны талқыламақ болды. Сәтін салғанда бұл күні Р.Фрост келмей қалды да, мен бір пәледен аман құтылғандай болдым. Бір күні Р.Фрост сыныптағы поэзия сабағына өзі жетекшілік етті. Ол бір қыз оқушыны тұрғызып, өлеңіңді оқы -деп бұйырды да, басқаларың оған көзқарас айтасың — деді. Өлең оқылып болған соң, арамыздан «өз көзқарастарын» айтқандар болды, десе де, мұндайға тек Р.Фросттың ащы мысқылына төзе аламын деген, жүрек жұтқандар мен топастар ғана бара алатын еді. Р.Фрост қолын бір сілтеді де, әлгілердің сөзін бір-ақ жоққа шығарды. Содан кейін бізге қарап тұрып: «мынау өлең бе?», —деді. Оның үнінде өзгеше бір жеккөрген әуен бар еді. Әлгі қызға қадалып тұрып сөйледі: «мынаны сен жазған жоқсың!" -деді Р.Фрост, сөзіне сенімді екенін аңғартқысы келгендей қатуланып кетті, «мен сенен сұрап тұрмын, мына өлеңді кім жазды?». Бөлме іші құлаққа ұрған танадай бола қалды, қызда үн жоқ. Р.Фрост өлең жазылған қағазды қолына алып, адымдай басып доска алдына шықты да, кәне қайссың айта аласың — дегендей бізге айбарлана қарады. Әлгі қыз бала қорықса да әуелгі сөзін тағы қайталады: «бұны мен жаздым. Сіздің не дегелі тұрғаныңызды түсіне алмадым мырза», —деді. Оның үні сыбырға жақын шықты. «Жоқ, бұл өлеңді сен жазған жоқсың!», — деді Р.Фрост, әлгі қағазды бұлғақтатып тұрып, —«бұл өлеңді кім жазғанын білесің бе сен?», — оның дауысында ерекше ашуға толы мысқыл бар еді —«бұны жазған Т.СЭлиот!». Фрост кімді болса да осындай әуенмен қағытатын. Сол күні, мен Фросттың алкеуделігіне алғаш рет төзе алмадым. Онікі әділетсіз еді. Менің оған бүгінде де айтарым бар — егер біз мәлім біреуге жағымсу үшін ғана өлең жазатын болсақ, онда оныкі мүмкін, орынды шығар.

Оның сөзінің астары бар еді: әлгі жас қыз Р.Фростке емес, Т.С.Элиотке «еліктеп» өлең жазған ғой. Егер, қыз Р.Фростке еліктеп өлең жазғанда, ол бұлайша бұлқан-талқан болмас еді, мықтағанда мысқылдап қана қоя салатын. Р.Фросттың ашуланатын тағы бір себебі, осы заманғы поэзияны білетін адамдардың көбі — мұғалімдер, сыншылар мен шолушылар — Т.С.Элиотті Р.Фросттен жоғары қоятын. Ал, менменшіл Р.Фрост бұған қалай ғана төзе алсын. Р.Фрост үшін айтқанда — ол осы сөзді үнемі аузынан тастамай айтып жүретін — шоқының қыл ұшында тек бір-ақ адам ғана тұра алады, ал, Р.Фрост дәл сол адам. Бұл тұрғыдан алғанда ол өзімен замандас кез келген ақынның жолының болуын көре алмайтын.

Оның қызғаншақтығы ақындармен ғана шектелмейді. Бір жолы онымен оқыстан кездесіп қалдым, қасымызда шешесін қолтықтап алған бір жас қыз тұрды. Қыз да, шешесі де келбетгі еді. Тербелмелі орындықта отырған Р.Фрост әзіл аралас ойнақы әуенмен сөйлеп отырған. Оның аузынан қандай бір керемет сөз шығып қалар екен деп, біз оған аңқиюда едік. Ол менің жас, махаббатқа берілуге тиіс шағым болатын. Р.Фрост менің оқу жағдайымды сұрап, кейін қайсы университетке түскім келетінін білгісі келе қалды. Мен оған өз ойымды айттым. Сол-ақ екен, ол мен оқысам деген университетті түкке алғысыз етіп, тіпті университет оқудың қажеті бар ма өзі дегенге дейін барды. Сонда менің сезгенім, оның бар ойы мені кеудемнен басып жасытып, осы басқосудағы өзіме деген сенімнен айырып тастау екен. Шынында да мен дәл сол ортада не істерімді білмей дал болдым. Р.Фросттың кез келген еркекті өзіне жау санап шыға келетін мінезі бар еді, тіпті 16 жаста болсаң да, ол сені жай жібере салмайтын.


Жалғасы бар 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты