Bei Dao (北岛): Ескіден келе жатқан теке-тірес (古老的敌意)

fbf2104ef40f7e00f4ef33941986e5b2.jpg (640×740)

Бір ғасыр бұрын Австрия  ақыны R.M.Rilke «Жан азасында»: «Өмір мен өнердің арасында / қашанда белгілі бір ескіден келе жатқан теке-тірес болады» деген еді.

Қоғамдық тұрғыдан айтқанда «ескіден келе жатқан теке-тірес» шығармашылық адамы мен ол жасаған дәуірдің қатысына барып сaяды. Қандай қоғамдық түзімде өмір сүрсін, шығармашылық адамы қашанда ауқымға еруден аулақ тұруы тиіс, билік пен ол қалыптастырған қоғамдық әуенге қашанда сын көзбей қарай білуі керек. Бүгінгі таңда шығармашылық адамы екі жақтылы рөль ойнайды. Ол өнер адамы және әлеуметтік міндеті бар тұлға. Бұл шығармашылық өмірге әсер етпей тұрмайды. Айталық шығармашылық адамының бойында әлгіндей табиғи «ескіден келе жатқан теке-тірес» болмаса, ол жөні түзу туынды жаза алмайды. Қазір, ақша мен билік ауыз жаласып жаһандық деңгейде «қырғиқабақ соғыстан» кейін қалыптасқан әлемді үнін шығармай уысында ұстап отыр. Біз алмағайып, сәт сайын құбылған өте күрделі кезеңге аяқ басудамыз. Билеушілердің өздеріне жасап алған дүниелерінен тыс, қазір қарабайыр әрі шоу сипатындық бизнеске құрылған өмір сүру дағдысы мен талғам баса билеп келеді. Мұндай қарабайырлық көбінде «демократия» дегенді бетке ұстай отырып әдебиет пен өнерді талғамсыз, парасатсыз тек ақшаның құлына айналған деңгейге қарай сүйреп барады. Бұған келгенде ақын, жазушылардың майданы анық болуы тиіс. Әрине, оған шығармашылық арқылы жауап беруге болады. 

Шығармашылық адамының бойындағы мұндай «ескіден келе жатқан теке-тіресті» мен қарапайым тілмен жинақтап ақынның өзімен, дәуірімен, ана тілімен теке-тіресі, - деп айтар едім.                  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты