Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Поэзияның жаңару кезеңі

9db40265e7a20dbb425894b1aa561d27.jpg (960×555)


Бір ұлттың поэзиясының деңгейін білу үшін, ең әуелі оның дәстүрін білуің қажет. Алайда, дәстүр деген симфония тәрізді, оның әр парағы бір-біріне ұқсай бермейді. Айталық, ағылшын тіліндегі поэзияның өткен бір ғасырлық тарихына назар салсаң солай. Ирландиялық В.Б.Йейтс симфонияның беташары екен. Ол 1923 жылы Нобель сыйлығын алған тұста, нағыз модернист ақындар немесе симфонияның бірінші парағы дүниеге келіпті. Олар АҚШ-тық Э.Паунд пен ағылшын ақыны Т.С.Элиот; одан екінші парақ келеді: У.Х.Аутон; үшінші парақ: У.Стевенс мен У.К.Улиямс; төртінші парақ: А.Гинзберг; бесінші парақ: Ж.Ачбери; алтыншы парақ: Тед Хьюз, Д.Уалкод, С. Хейни...

Жоғарыдағы әр парақтың бойынан ұқсастықтан гөрі айқын парық пен даралық бірден көзге түседі. 1914 жылы Э.Л.Паунд «әсершілдікті» дәріптеп поэзияда «жаңалық жаратайық!» деп жар салған да; 1922 жылы Т.С.Элиот «Шөлдала» (The Waste Land) жариялаған тұста, олар ағылшынның Элизабет тұсындағы поэзиясынан өздеріне дейінгі поэзияның дәстүріне қырын қараған екен. Өйткені, модернистердің бойында бұрынғыларда кездеспеген тың нәрсе, дәстүршіл сыншылардың сөзімен айтқанда, «жындыханадан шыққан жексұрын айғай-шу» болыпты. Ал, модернисттер үшін ол «айғай-шу» сол дәуірдің айқын ерекшелігі, сол дәуірде жасап жатқан ақындардың өз дәуірін айнытпай бейнелей алғандығы екен.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң, мәдениет жағынан күйреткіш соққыға ұшыраған Еуропаны модернист ақын шөлге ұқсатқан, олар албарынды адам рухы мен заман рухын өз тынысымен қауыштырып жіберген. Олардың жазған дүниелері айтса айтқандай өздері ғана жаза алатын дүниелер болыпты. Содан да 1948 жылы Т.С.Элиотқа Нобель сыйлығы берілген тұста, Швеция Әдебиет Академиясы оған «жырлары алмастай қиып түсетін өткірлігімен біздің заманымыздағы адамдардың рухына терең із қалдырды» -деп баға берген. Ағылшын поэзиясында ең алғаш кемеліне келген модернист ақын ретінде Т.С.Элиот өзінің өлеңдері арқылы ғана жаңалықтың туын биік көтеріп қалмастан, жазған мақалаларымен де жаңа өлеңдерге жол ашып отырған. Т.С.Элиоттың шығармашылығына назар салар болсаң, мынадай бір түйінге көз жеткізесің: әр дәуірдің өзіндік жаңалығы болады. Жаңалық болады екен оның бойында бұрынғыларға ұқсамайтын айқын даралық та болады. Оны дәстүр қабылдамайды, өйткені, оған дейінгі дәстүрдің бойындағы өнер эстетикасы жаңа дүниені шешіп беруге шарасыз. Сондықтан да жаңа дүние өмірге келуімен қатар, оған ілесіп сол жаңа дүниенің өнер эстетикасы да өзімен бірге келуге тиіс. Ол сонда ғана жаңалық ретінде жаңа дәуірдің туындысы бола алады.

c2e46c68f6471a88d458ab423375eb20.jpg (787×542)

Т.С.Элиоттың бойындағы бұл ерекшелік одан кейін келген ақындардың, әлгі симфонияның соңғы парақтарының бәрінен дерлік табылады. Сондықтан да олардың өлеңдері ұқсамай қалмастан, өнер эстетикасы да ұқсамайды. Дәстүрдің жүлгесінде, дәуірдің белесінде бір-бірінен парықталып, қаздау-қаздау болып тұрған олар жаңалық пен өз бойларындағы дәстүрден үзілмейтін тіл үндестігімен бір тұлғадағы ағылшын тілді поэзияны жаратқан. «Дөңес айнадағы өз суретімнен» сен «Шөлдала» әсерін сезесің, С.Хейнидің жырларынан аға буыны Йейтстің ізін көргендей боласың. Алайда, Т.С.Элиот түбірінен модернист ақын деп қаралса, Ж.Ачбери жұрт мойындаған постмодернист ақын; Йейтс модернизимге кейіндеп келсе, С.Хейни бет қаратпай тұрған постмодернизм дәуірінің ақыны; Д.Уалкот шығармашылығынан У.Х.Аутонды көргеніңмен, олардың әр екеуінің шығармашылығы да, ұстанған өнер эстетикасы да бір-біріне жақын келмейді. Олар ағылшын тіліндегі поэзияның дара-дара парағы.

Әне, осылардан үлгі көріп, «өзіндік дара эстетика қалыптастыра алған шығармашылықтағы жаңалықты өлшем етсек, қазақтың өткен бір ғасырлық поэзиясынан біз нелерге ие бола аламыз?» - деген заңды сұрақ туады. Осы сұрақты мен, өзіме қойдым да, өзім қызығып қалдым. Өйткені, бұл сұрақ біздің алдымызға тұңғыш рет қоян бұлтаққа салуға келмейтін қатал мәселе ретінде «дәуірлік ерекшелік» дегенді қойып отыр. Бір ғасырдың алдындағы Абайдан бастасақ, дәл бүгінге дейін бірнеше ұрпақ ақындар өтті: Мағжан, Ілияс, Мұқағали, Жүмікен деп басталатын қазақтың біртуар ақындарының саны да жетерлік. Алайда, дәл бүгінге дейін біз ақындарымыздың бойынан шығармашылықта бұрынғыларды қайталамаған, бір өзіне ғана тән жаңалық кезіктіре алдық па? Жиып айтқанда, біз ақындарымыздан «бір өзіне тән болмыс – жаңалық» іздеп көрдік пе?

Дегенмен, мен білетін бүгінге дейінгі қазақ поэзиясының сыны мұндай үзілді-кесілді жаңалық іздеуді өзіне өлшем етіп көрген жоқ. Қайта бізде «қазақ әдебиетінің дәстүрі»-деген үлкен ту көтерілді.

Ақындарымыз да шып-шырғасы шықпай сол тудың астынан көрінуге тырысты. Ол тудың өлшемі XIX ғасырдағы орыс поэзиясының серкесі Белинский болды да, өлеңнің өлшемі Белинскийдің тәлімі негізінде Абай шығармашылығынан үзіп-жұлып алған мысалдар болды. Жиып айтқанда, бізде өлең десе Абай өлеңдерін көзсіз өлшем ету, өлең эстетикасында Абай өлеңдерін Белинскийге бас ұрғызу етек алды. Мұның өзі қазақ поэзиясын бір тудың астында көрсеткенімен шын мәнінен алғанда шығармашылықта да, өнер эстетикасында да тоқыраған күйдегі тар өріске шырмады. Дәстүрді қатып-семген күйде түсіну, ұлттық поэзияның эстетикасын үлттық тілдің табиғатынан іздегеннің орнына, өзгеден, өзгенің тәлімінен іздеу, әрі оған бас ұра табыну, онымен қоймай шеңберден шыққан әр қандай мүмкіндіктерді «қазақ поэзиясының дәстүріне жат» деген желеумен тұншықтыру – міне бүгінге дейін біз бет келген жағдай. Мұндайда жаңалық дегеннен қайтып ауыз ашуға болсын.

Бүгін постмодернизм дәуірі келіп, әлгі шеңбер босап қалған тұста, біз бұрынғының эстетикадан жұтап, қаусап тұрғанын ғана көріп отырғанымыз жоқ, онымен қоса дүниенің бір қазыққа байланбайтынын, өнер эстетикасының алуан түрлі болатыны сынды қарапайым ақиқатты танып, таң қалып, аңтарылып, өзгелердің бойындағы жаңалықты көріп есіміз шығып, өзіміздің қай деңгейде, не күйде екенімізді білуден қалып дағдарып отырмыз.
Жаңалыққа дайын болу үшін жаңалықты қабылдайтын дұрыс көзқарас, таным болу керек. Ол ең әуелі басқаларға деген дұрыс позициядан бастау алады. Өзгелердың артықшылығын адал бағалау, одан дұрыс қорытынды шығара білу қашанда өзіңді дұрыс мөлшерлеуге негіз қалайды. Айналып келіп өзіңді-өзің дұрыс мөлшерлегенде ғана өз бойыңдағы ең әлсіз қасиетіңнен ― өзіңді-өзің жоғары санайтын, өз көлеңкеңе өзің ғашық болатын астамшылықтан аулақ боласың. Егер одан аулақ болмасаң, сен үшін аспан астында бір өзіңнен басқа жан болмайды. Өзгелер тек сенің көлеңкеңде, сенің алақаныңда ғана өмір сүруге тиіс болып қалады. Қызғаншақтық, өзімшілдік сені бірден іздеп табады. Ал бұлар табиғаттың да, басқаның да заңына қайшы құбылыс.

Сондықтан да көлеңке тұрғызуға, шеңбер сызуға үйір жандарға мен қашанда сын көзбен қараймын. Өйткені олардың тұрғызған көлеңкесінде аздап құлық бар. Айталық, олардың «Қазақ поэзиясының дәстүрінен ауытқымайық, біздің поэзия ешкімнен кем емес, қайта артық!» -дегені әсте Абайдың, Мұқағалидың, Жүміекеннің поэзиясын аспандатып ұшпаққа шығару емес, қайта, «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» -дегендей, сол ірі тұлғалардың көлеңкесінде өздеріне ұзақырақ отыратын жылы орын қарастру. Мишель Фукальттың сөзімен айтқанда «әлдеқашан билікке айналып кеткен білімді қолдан шығармай тұрып, сөйлеу құқығын меңгеру». Түбінде оларға Мұқағали да, Жүміекен де маңызды емес. Оларға қажеті өзгелерді сөйлетпейтін, өздері ғана сөйлейтін «сөз билігінің» уыстан шығып кетпеуі, қала берді өздерінің дәуірдің артында қалып қойғанын жасырып-жабу.
Бүгін, қазақ әдебиетіне көп үйектенетін жаңа дәуір туды. Оны біз модернизм десек те, постмодернизм десек те - бәрібір. Бір ақиқат — ол енді қайтып әлгі жалғыз қазыққа байланбайды. Енді қазақ тілі, қазақ поэзиясы өзінің бойында жасырынып жатқан тың мүмкіндіктерді аша отырып, әлемнің әр түпкірінен келген жаңалықтарды ― өнер эстетикаларын сіңіре отырып, өз симфониясының алуан парағын жасауға тиіс. Ол жасалып жатыр да.


2007 жылы 11 шілде, 

«Шетел Әдебиеті» газеті.  №13 (15)

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты