А.И.Солженицын: Орыс әдебиеті және Нобель әдебиет сыйлығы

      9ee4c9122dbc99c173d8317295f77cf5.jpg (800×574)

«Нобель сыйлығы» — бұл менің тауып отырған жаңалығым емес, Нобель қорынан келген телеграммаға жазылған сөздер...

Ендеше, Кеңес Одағындай дарабилік өмір сүрген қоғам жазушының Нобель сыйлығына ие болуына қалай қарады дейсіз ғой? Олар бұны əдейі ескермеген, көңіл аудармаған немесе барын салып тұншықтыра салуға тырысатын еді... Біздің елде жазушы Нобель сыйлығын ала қалды болды, бірден, ол саяси мəселе болып шыға келетін. 

Біздің арамыздан шыққан бірінші Нобель сыйлығының иегері И.А.Бунин сыйлыққа ие болғанда шетелде босқын болып жүрген, оның шығармалары цензура дегенді білген жоқ, шектемесіз, нені жазса сонысы жарық көрді. Əрине, оның сыйлыққа ие болуы бізде қаралау мен кемсітуден қалыс қалған жоқ. Кеңес Одағының ахпарат саласы бұл сыйлықты дəріптемеу, тіпті, ауызға да алмау саясатын ұстанды да, өздерінің Сталин атындағы сыйлықты жер-көкке сиғызбай мақтап жатты. Кенеттен, арада 25 жыл өткенде Швед Əдебиет академиясы Нобель сыйлығын Б.Л.Пастернакқа беретінін жариялай қалды. Жұртқа белгілі, бұл партияның (Н.Хрущев), комсомолдар (Шемичасин) мен «бүкіл Кеңес халықының» қитығына тиді. Арада жеті жыл өткенде Нобель сыйлығы М.А.Шолоховқа берілді, оның айтулы шығармасы (бір ғана) сонау 30- жылдарда жарық көрген, И.А.Бунин сыйлыққа ие болмай тұрыпақ ат-атағы шығып болған еді. Арада көп жылдар өтіп, уақыт созылып, түрлі-түсті саяси жол берулерден кейін барып жеткен бұл үшінші Нобель сыйлығының бірден қою саяси түс алып кеткені де содан еді.
Швед Əдебиет академиясы атына қашанда «саяси түсі басым» - дегендей айыптау сөздер айтылып жатады. Дегенмен, бізге ұқсап барын салып саяси қойыртпақ ұйымдастыратын ел бар жерде ондайдан аулақ қашып құтыламын, деудің өзі мүмкін емес нəрсе. Міне, осындай жағдай астында бізге төртінші Нобель сыйлығы келіп жетті, мүмкін, біздің басымызда бар былық кетпесе, бізге берілетін бесінші Нобель сыйлығы да осындай тірлікпен келуі əбден мүмкін...

1958 жылы, мұғалім болып жүрген кезімде, мен Пастернак туралы қандай желпіндірерлік ойда болдым десеңші! Мен жазушыдан зор үміт күттім, соған дейін орындай алмай келе жатқан дүниелерді Пастернак орындап шығады деп сендім! Мен оны бірден сыйлық алуға барады, сонда сөз сөйлейді, мұнда беті ашылмай жатқан дүниелердің бетін ашып, жарық көрмей жатқан шығармалардың жарық көруіне жол салып келеді! деп ойладым. Себебі, Пастернак шетелге шықса екі-үш күнде қайта оралмайды ғой. Оны зорлап қайтара да алмайды, ол өзі біліп дүниенің алдында еркін көсіледі, мұнда жеңіс тапқан адамның бейнесімен оралады – деп сендім.

Еңбекпен өзгерту жаза лагерінен қайтып келген мен Пастернакқа осыдан өзге жол жоқ, ол соны таңдайды, деп ойладым. Бұл ойыма ерекше сенімді едім. Нəтижесінде мен ол үшін намыстандым, өзім қорлық көргендей-ақ бетімнен отым шықты: газеттердің боқтығынан осындай да қорқуға бола ма екен? Шетелге қуып жібереміз десе, содан сасып үкіметтен жата қалып кешіріпм сұрағаны несі? Тіл-аузы байланып «қателік менен», «шығармамда қате дүниелерді жазып қойыппын, кешіріңдер» -деп міңгірлегенде не түседі? Сүргінге айдаймыз -деп сес көрсеткеніне бола бəрінен безуге — өз ойын өзі терістеп, жандүниесіне қиянат жасап, онымен қоймай «бүгінгі дəуірде өмір сүргеніме бола даңықты сезінемін», «болашаққа сенемін!» –деп өтірік ұрандауға болушы ма еді?! Бұндай ақеділдікті алыс түкпірдің ештемені көрмеген зиалысы айтса бір сəрі, оны айтып отырған біздің Нобель сыйлығын алған қаламгеріміз тұрса, қалай ғана жерге қарамай тұра аласың. Мен содан да Пастернакты қатты айыптаймын əрі он кешіргім де жоқ. 
«Иван Денисовичтің бір күні» жарық көріп Хрущев үкіметіне зор ықпал етіп, дүниені өзіне жалт қаратқан күндерде мен өзімнің Нобель сыйлығына бір табан жақындай түскенімді білген едім. Əлде бір үміт пе əсер ме, сондай бір дүниенің түйсігінен мен Нобел сыйлығының иегері болатыныма сенгем. Мейлі Пастернак сыйлық алудан бас тартып, өзі құсадан өліп, бізге ашық тұрған есікті жауып тастағандай көрінсе де, мен сондай сенімде едім: өзгелер орыс жазушыларына сыйлық берсек болды бірінің артынан бірі өледі екен, одан да бермегеніміз жөн сияқты –деп ойлауы əбден мүмкін ғой...
Жылдар жылыстап өтіп жатты, мен шығармашылығымды жалғастырып жаттым, бірақ, оларды жариялауға мүмкіндігім жоқ еді. Себебі, жарияланса бірден басың кететін еді. Шығармаларды жасырын сақтаудың өзі күнен-күнге қиындаса берді, ал, оларды жарияламаудың өзі азап-ты, бірақ, біздің жағдаймызда одан өзге жол да жоқ еді.

Дəл сол күндерде Француз жазушысы Ф.Мориак (жаны жанатта болғай) мен үшін өрлі-қырлы шапқылап, мені Нобель сыйлығына ұсынған екен. Сонымен біздің үкіметтің түсі тағы да бұзыла бастады: олар маған соған дейін əзірлеп қойған шетелге қуып жіберу жоспарын атқаратын болса, онысы Ф.Мориакқа жасаған қайтарыма жауабы болып шығады, бұл болмайды, ол ақылсыздық болар еді; ал, Швеция Əдебиет академиясының Нобель сыйлығын беруін күтіп отрыса, ол да болмайды, себебі одан кейін шетелге қуып жіберуі тіптен тиімсіз болады. Сонымен олардың таңдап алған тəсілі: алдымен сыйлықты бергізбеуге күш салу, қала берді шетелге қуып жіберу болады. 

(Сол жылдың күзінде мен «1914 жылдың тамызы» романымды тамамдаған едім)

Сыйлықты бергізбеуге тырысу — біздегілердің қолынан келіп істей алатын ең кəнігі тəсілі. Олар Жазушылар Одағының кезектен тыс басқосуын өткізеді де Стокголмға бір өкілдер үйірмесін жіберуге келіседі. Ол үйірме Кеңес Одағының майданында тұрып Швед халықын (Патшалық Академияны) халықаралық кертартпа күштердің азғыруына ұшырап кетпеуге насиқаттауы керек (Батыста бұндай тірлікті бұрынсоңды ешкімде ұнатқан емес). Қаржының аз кетуін көздеген біздегілер Стоколмға 10 қазанға қарсы баруды жоспарлайды. Бірақ Швед Əдебиет академиясы өз кесімдерін белгілеген уақыттарынан екі апта бұрын жариялап жібереді! Міне қараңыз! Біздегілер бұған бармағын тістеп қалады!...

1970 жыл — менің Нобель сыйлығына сүйене отырып тығырықтан шыққан бір жылым болды. Кейін қиындықтың бəрін мен тек өз иығыммен ғана көтердім.


Автордың «Тал сүзген тайынша» кітабынан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты