Ардақ Нұрғазы: Жоқшылар жаза басты, біз бас көтере алмай келеміз...

fb0ac94c534519f4a4a7e2d554717212.jpg (2896×2896)

Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ тарихында аса қайғылы екі жағдай өтті. «Аса қайғылы» дейтініміз екі жағдай да қазақты қақ бөліп кетті. Онымен қоймай ұлтымыз жат біреудің қолынан емес, өз қолынан өзі ажал тауып, айдың күннің аманында сауықбайтын жарақат алды. 

Оның бірі 2008 жылы Алматыдағы жер дауына байланысты «Шаңырақ оқиғасы». Енді бірі 2011 жылғы батыс өңірдегі мұнайшылардың наразылық ереуіліне қатысты «Жаңаөзен оқиғасы». 

Бүгінгі сөз Шаңырақ оқиғасының басты екі кейіпкері Арон Атабек пен Иманғали Тасмағанбетовқа қатысты. Жұртқа белгілі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласының батыс-солтүстік аймағына елдің әр тұсынан қазақтар келіп қоныстанды. 2008 жылғы осы жұрт пен сол кездегі Алматы қаласы әкімдігінің арасында теке-тірес басталды. Қиын-қыстау жағдайда тырнаштап жиған-тергенімен мекен тұрғызған жұрт үй-жайын заңдастыруға мүдделі еді, әкімшілік оларды қаланың бас жоспарына сай тәртіпке салуға күшеді. Тірестің арты жаңжалға ұласып, жаға жыртысқан төбелесте бір палессей мерт болды. Оның қазақтың өрімдей жап-жас жігіті екенін атап өткім келеді. 

И.Тасмағанбетов сол кезде Алматы қаласының әкімі еді. Әлгі өлімге қатысы бар делініп жазаланғандардың арасында қазақ десе ішкен асын жерге қоятын ұлтшыл азамат, ақын Арон Атабек 18 жылға сотталып кете берді. «Шаңырақ оқиғасы» қазақ қоғамын жаңа қайшылықтар кезеңіне бастап кіргізумен қатар, жоғарыдағы екі тұлғаның да тағдырын түбегейлі өзгертіп кетті. 

Арон Атабекті өз басым 2005 жылы Алматы қаласында Республика сарайында өткен бір жиналыста кезіктіргенім бар. Сондағы менде қалған алғашқы әсер, оның алған бетінен қайтпайтын, алып-ұшып тұрған жігері еді. Сол тұста мен тіпті оның осынау буырқанысты түрінен қобалжып, әлдеқалай үрейленіп қалып едім. Таяуда оның түрмедегі фотосын көріп жүрегім қатты қобалжыды. 

И.Тасмағанбетов мен ерекше құрмет тұтатын саяси қайраткер. И.Тасмағанбетов жүрегінде қазақ бар тұлға. Қаймана қазақ оны сол үшін де жақсы көреді және басқалардан бөлектеп, өзіне тартып тұрады. Осы тұрғыдан келгенде саясатта оның кімнен болса да бәсі жоғары еді. Өкініштісі  «Шаңырақ оқиғасы» оның осы біртұтас бейнесін күйретіп кетті. Аталған оқиғадан кейін оның саяси бәсекелестері бірегей тұлғаны аяқтан шалуда табылмас көзірге қол жеткізді. Олар «енді Тасмағанбетов қауіпті емес!» деп түйгені анық. Шынымен солай болды да. 

 И.Тасмағанбетов «Шаңырақ оқиғасы» кезінде теке-тіресті ушықтырмауына әбден болатын еді. Жерге қатысты дау-дамайды сол кезде оның күн тәртібінен алып тастауға немесе өзге бір жолмен мәселені ушықтырмауға бармағанына таңым бар. И.Тасмағанбетовтей тұлға кез-келген сәтте біреулердің өзінің әрбір басқан қадамын аңдып, шалыс кетуін күтіп отырғанын түсінуге тиісті қой. Ал И.Тасмағанбетов болса, «Шаңырақ оқиғасын» біреудің еркімен емес, өз қолымен жасады және өзіне қайтарға жол қалдырған жоқ. Өмірде осындай да іс болады. 

Арон Атабек қазір жүдеп-жадап түрмеде отыр. Оны бүгінгі Шаңырақтықтардың қалай есіне алатынын білмеймін. Қазір Шаңырақтықтардың үлесі түгел: жаңжал болып, қан төгілген жерде Алатау ауданы бой көтеріп тұр. Жұрт әлдеқашан үй-жайын заңдастырып алған. Бүгін И.Тасмағанбетовте биліктің ұшар биігіне таяу жерде жүрген жоқ. Билікке сол керек болды ма, әлде өзі «бір табан артқа шегінгенім дұрыс», деп шешті ме, әйтеуір ол да тасаға түсіп кетті. Басқаша айтқанда «Шаңырақ оқиғасынан» кейін И.Тасмағанбетовтың биліктегі тағдыры осылай шешілері оның досына да, қасына да белгілі болған. 

Жоғарыдағы екі тұлғаның тағдырының трагедиясын белгілі жақтан айтқанда тәуелсіздіктен кейінгі қазақтың трагедиясы, деп қабылдауға да болады. Қазақ осылайша екі жоқшысын жоғалтты. Бірі, орысша сайрап тұрса да жандүниесімен ұлты үшін, қазақ үшін жанып кетуге бар ұлтшыл ұлынан айрылды. Арон Атабектің қылмысына орай ұзақ мерзімге тар қапаста отыруына тура келді. Екіншісі, түрі қазақ, бірақ, жүрегінде бір мысқал қазақ жоқ билік шоғырында бірден-бір сенім артқан тұлғасы - И.Тасмағанбетовты жоғалтып алды. Мұны, трагедия демей, басқаша атауға сөз таппай отырмын. Бүгінде қазақтың жауларының бәсі түгел. Олар біздің қалімізді жақсы біледі. Білгеннен кейін несібемізді төгіп-шашып ішіп, қалғанын аяққа таптап еркінше шалқып өмір сүріп жатыр. Неге? Себебі, біз сүріндік.  Содан әлі бас көтеріп кете алмай келеміз. 

Бүгінгі қазақ қайысқан қол сияқты. Бірақ, ту ұстар көсемі жоқ. Көсемі жоқ халық тау емес, құм тәрізді. Оны кез келген сәтте түрлі айла-тәсілмен үгітіп, талқанын шығарып шашып тасауға болады. Осыны өзгертетін ол - көсем. Ал бүгін қазақ та көсем жоқ.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты