Ж.Жойс. Генрих Ибсенге хат

48210db195522bf1e71f0d739d2c4aac.jpg (640×678)

Генрих Ибсен (1828ж. — 1906ж.) Нұрбегия драматургі, ақыны.

Құрметті мырзам,

Мен сіздің жетпіс үш жасқа келген туған күніңізге орай, əлемнің əр түкпіріндегі қалың оқырмандарыңыздың бірі ретінде ізгі тілегімді білдіріп хат жазып отырмын. Сіздің жаңа пьессаңыз «Біздер өліп, қайта тірілгенде» жарияланып көп өтпей Англияның сын апталығы саналатын — «Екі апталық шолу» журналында бір мақала жарық көрді — сол мақаланың авторы мен болатынмын. Мен сіздің ол мақаланы оқығаныңыздан хабардармын, себебі, көп өтпей В.Алшер мырза маған хат жазып өзінің сіздің бір хатыңызды тапсырып алғандығын, сіз хатыңызда «оқыдым, Ж.Жойыс мырзаның «Екі апталық шолуда» жариялаған мақаласын əйтеуір мұжып тауыстым, мақала маған ұнады, егер сіздердің тілдеріңізді білген болсам, авторға өзімнің алғысымды білдірген болар едім» деп жазыпсыз (мен де сіздің елдің тілін біле бермеймін, бірақ, сіз менің ойымды түсінеді деп ойлаймын). Бұл жағдайдан хабардар болған соң, мен қатты тебірендім, ондағы көңіл-күйімді ауызбен жеткізе алмаймын. Мен жəй бір жаспын, өзімнің сондағы өрекпіген сезімімді айтсам, сіз сенбейтін де шығарсыз. Бірақ, егерде сіз мен сияқты өзіңіздің университет оқып жүрген кезіңізді ойға алсаңыз, сол кезде өзіңіз бүгінгі маған ұқсас аса қадыр тұтатын адамнан мақтау естісеңіз, менің қазіргі көңілкүйімді сонда түсінер едіңіз деп ойлаймын. Дегенмен мендегі азғантай бір өкініш сіз алқаған ол мақаланың əлі де өз өресіне жетпей қалғандығы; менің айтпағым сонымен таусылғандай сезілетіні тағы бар. Сіздің ұлы шығармаңызды төбесінің суы кеппеген бір баланың ары-бері тартқылағаны да сізге ұнамас па екен деп алаңдағам. Дегенмен, сіздің майда-шүйде жалаң сөзден көрі, аштылау болса да шындықты ұнататыныңызды аңғаратынмын.

Мен сіздің есіміңізді өзім араласатын ортада айтудан жалыққан емеспін, мен оқыған мектепте сізді жұрт жақсы біледі, ал қазір бұрынғысынан да жақсы білді деп айта аламын. Мен сіздің театр тарихындағы орныңызды дұрыс бағаласам деймін. Бұлар менің ойдан ойып жасаған дүниелерім емес, қайта сіздің шығармаларыңыздың объектив құдіреті. Сіздің шығармаларыңыздың жұрт байқай бермеген тағы бір ерекшелігі бар, ол — шығармаларыңыздың өткір мысқылдық түс алатыны, сіздің жазу стильіңіздің өзінде музыкадағыдай керемет ішкі сəйкестілік бар — осылардың бəрін мен бір бірлеп анықтап айтқым бар. Əдебиет туралы өтетін бас қосуларда мен əсте өзгелердің жаттанды сөздеріне малданып отыра бермеймін, қайта, азда болса жаңалық айтқым келеді. Дегенмен біздің ең құнды нəрселерді қашанда өзімізге қалтырып қоятын əдетіміз бар. Мен оларға өзімнің сізге неге бұлайша құштар екенімді айтқан емеспін. Мен оларға сіздің қырағы көзіңіз көрген дүниенің менің өмірімдегі ең құнды тəжірибеге айналғанын; сіздің жаңа кеңістіктер ашуға талпынған тырысшаңдығыңыздың — бұл тырысшаңдық көрнеуде емес, қайта сіздің арыдағы жандүниеңізде жатыр — мені қалай баулығанын; сіздің өмір жолыңыздың өзі маған қандай өнеге көрсеткенін; сіздің өнерге, қасыңыздағы жолдастарыңызға ұстаған позицияңыздың, тұрмыс-тəсіліңіздің менің өміріме де өлшем болғанын оларға айтқан емеспін. Сізді қартайып қалды, қолға алған жұмысында тəмамдайтын шаққа да таяп қалған шығар дейтіндер де бар, олар үшін сіздің күніңіз еңкейіп қалғаны анық. Дегенмен, сіздің жасыңызға келген басқалар үшін солай шығар, бірақ сіз жұрттан мүлде бөлексіз, сіз басқалар баспаған жолды бастыңыз — соңғы жазған шығармаңыз «Жоһан Жарле Богманның» аяқтар түйіні мен ол жеткен рухани шынайылық — сіз ғана жаза алған дара туынды саналадлы. Мен онда жасырынған алға басарлыққа баулитын қасиетті рухтың мəңгі жасай беретініне сенімім кəміл.
Ізіңізді басып келе жатқан жаңа ұрпақтың бірі ретінде мен сізге өзімнің зор құрмет білдіретінімді айтқым келеді — менің бұл сөздерді айтқаннан тартына қоятын ештемем жоқ, себебі, мен жұрт біле бермейтін жəй біреумін, ал, сізді жұрттың бəрі біледі; менің бұған бола жабырқай қалатын жайім де жоқ, себебі, сіз қарт адамсыз, мен болсам жаспын; содан да мен ештемеден тайынбастан — өз бойымдағы барлық жақсы тілегіммен сіздің туған күніңізге құтты болсын айтамын.


Хат жазған, сізге қашанда адал Ж. А. Жойс. 

1901 жыл наурыз.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты