Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Маска үшін талас

2c096decc09d884143116276d45a3a09.jpg (1000×700)

(Немесе Қожанасырды неге саудаға салғымыз келді?)


Театр сахнасында нені болса да қиялдауға болады. Өйткені, ол қиялдарды тоғыстыратын мекен. Сахнада басталған қойылым тасада отырған көрерменнің көңіл көкжиегіне көтерілген әсттен қиял мен өмір тоғысады. Қиял деген өмір, өткеннің елесі, жаныңның нәзік тұсына сыналап кіру,  барыңды бағалау, жоғыңды жоқтау, шаттану мен қайғыру, қала берді өзіңше өмір сүру. Өзіңе, өзіңнің шынайы болмысыңмен бетпе-бет келу. Болмыс демекші, арыдағы «жеке менің» мен «қоғамдық меніңнің» үндестігінің сорабында осы тұстан табасың. Кейде, тіпті, санаңды біреудің қалай «ұрлап» кеткенін де сезбей қаласың.   

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Қожанасыр тірі екен» (Авторы: Т.Нұрмағамбетов, Қоюшы-режиссер – О.Кенебаев) спектакльның кезекті қойылымы өтті. Зал толы көрермен 799 жасқа келген тірі Қожанасырмен (рөльде Бекжан Тұрыс) кездесті. Суреализмдей көрінетін бұған күмән келтіргендер, тіпті, болған жоқ десем, артық айтқандық болмайды. Оның себебін мен бірнеше түйінен аңғарғандай болдым. Әуелі жұрт Қожанасырды сағынып қалған. Тіпті, жоғалтып алып, ұзақ іздеп, таппай, тағаты таусылып, көргісі келіп жүргенде Қожанасырдың өзімен кездесіп арқа-жарқа болып кеткен сыңайлы. Одан қалды, сахнадағы Қожанасырдан біз көп дүние күтеміз. Біздің түсінігімізде Қожанасыр болмасты болдыратын, теңсіз дүниенің таразысын түзеп, әлсіздерге қорған болатын, әрбіріміздің тірлігімізбен қатысы бар жан. Оны сол үшін іздейміз, аңсаймыз. Спектакль режиссері де көрерменнің осы түпкілікті түйсігін танып, дәп басқан. Жұрттың сағынышы мен сенгіштігін пайдаланып қойылымды әлеуметтік тақырыпқа арналған туындыға ретінде көрсеткен. Бұл жерде сен жүрегіңе ұя салған баяғы Қожанасырдың бейнесімен ұшыраса қоймайсың. Соған қарамастан Қожанасырдың қоғамдық беделінің алдыңғы орынға шыққанын жатсынбай қабыл аласың. Қойылым «егер шынымен Қожанасыр тірі болып, ортамызға келсен не болар еді?» деген сұрақ төңірегінде өрбиді. Сонымен сүйікті бейнесін, өзіне ғана тән әлемін іздеп келген көрермен театрдан шыққанда қалайша үлкен қоғамдық «менімен» шыққанын білмей де қалады. Немесе көрермен режиссердің талабына сай әлеуметтік жүк арқалап қайтады. Мұндай тәсіл жалпы қазақ театр өнерінің дәстүріне тән шығармашылық ұстаным екенін айта кеткеніміз жөн. Айталық спекңтакльдың тақырыбы жұртқа таныс. Ол болса, күллі түркінің ортақ рухани қазынасы Қожанасарға кім ие болуға тиіс? Аз ойланған жанға жауап та дайын сияқты. Қожанасырға тоқсан баулы түркінің бүгінгі ұрпағының бәрінің де «біз иеміз!» деуге құқысғы бар емес пе?!. Ендеше, басы ашық дүниені сахнаға алып шығуда режиссердің көздегені не?

Қойылым басталғанда Алматының түкпіріндегі бір үйде екі жігіт карта ойнап, ұтыс жасап отырады. Картада ұтылған үй иесі жігітке ақша керек болады. Сол аралықта сахнаға қарт адам көтеріледі. Бұл,енді, үй иесі жігіттің 38-бабасы тірі Қожанасыр.Шалдың кім екенін білген соң жігіттерге ой түседі. Олар бірауыздан Қожанасырды саудалап ақша жасау ниетіне көшеді. Бұл жерде режиссер заманымыздың басты қозғаушы күші ақшаның құдыретін көрсеткен. Біздің өмір сүріп жатқан ортамызда жұрт ақша үшін бәріне барады. Оның жолында жаннан безуге де бар. Ал оның жанында ата-бабасын, ата-анасын сатып жіберу деген жай нәрсе. Қойылымда осынау көріністер қарапайым сияқты өткенімен оның көрермен психологиясына жасайтын ықпалы орасан деуге болады. Жұрт өмірде болып жатқан, бірақ, ол туралы көп ойлданбайтын болған дүниесімен бетпе-бет келеді. Айталық, Қожанасырды біреулер сатқалы жатыр. Ал жұрттың түсінігінде Қожанасырды сату дегенің мүлде мүмкін емес нәрсе.  Режиссердің көздегені де көрермен санасындағы осы кереғарлықтан толқын тудыру.  Бұл тұрғыдан келгенде мақсат орындалғаны байқалады.

Сонымен тірі Қожанасыр туралы ақпар күллі әлемге таралады. Келесіде сахнаға Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген ақшалы әйелдер шығады. Олар өздерін әр халықтың аңызында өмір сүрген Қожанасырдың әйелдері ретінде таныстырады. Олар қырық пышақ болып Қожанасырға таласуды бастайды. Әйелдердің теке-тіресі аяқталмай жатып, сахнаға өзін «қырғыз», «өзбек», «түрікпен», т.б. деп таныстырған еркектер шығады. Олар да Қожанасырды барын  салып өзіне тартып меншіктеп алудан ештеңесін аянып қалмайды. Сол жолда, тіпті, біріне-бірі суық қару сітлеуден де тайынбайды. Осы көріністердің бәрі қыран-топан күлкімен өріледі. Осымен комедиялық қойлым шырқау шыңына көтеріледі.  Себебі, орталарында бірде қызықтаушы, бірде төреші, бірде таласқа түскен көкбар болып Қожанасырдың өзі жүреді.

«Қожанасыр тірі екен» музыкалық комедия есте жоқ ескі замандардан келе жатқан аңыз тұлғаның көрермен көкейінде қалған таныс бейнесінен папйдаланып бүгінгі күннің біз үшін өзекті деген мәселелер туралы ой қортады. Біз бүгін ерекше рухани кереғарлықта өмір сүреміз. Адам ретінде капитализмнің еңбір сорақы құндылығын бойымызға сіңірген біздер нені болса да ақшамен өлшейміз. Ақша үшін бәріне барамыз. Енді бір жағынан адами болмысымыздың жақсы жағын да ұмытқымыз, уысымыздан шығарғымыз жоқ. Содан да рухымыздың тереңіне тамыр тартқан Қожанасырға, анығын айтқанда Қожанасырдың маскасына жатып келіп таласамыз. Оны өз меншігіміз ету жолында ештеңеден тайынбауға бармыз. Бүгін біз (қазақтар ғана емес, жалпы Орталық Азия халықтары) міне осылай бөлшектенген, кереғар сананың иесіміз. Бізге қойылымның тереңірек үңілмесең, бірден аңғара қоймайтын қоғамдық сананың тасасында жатқан жоғарыдағы ойды айшықты жеткізгені ұнайды. 

Жақсы қойылым қашанда күлдіріп отырып та, ойландырады, ойландырып отырып та күлдіре алады. Себебі, драматург пен режиссердің көздейтіні де сол биік. Сол ұмтылысты сахнаның рухымен өмір сүретін актерлер өз деңгейінде жеткізсе, нұр үстіне нұр емес пе. Осы тұрғыдан алғанда «Қожанасыр тірі екен» музыкалық комедиясын қазақ сахна өнеріндегі бірегей туынды ретінде атауға әбден болатын туынды.        

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты