Wislawa Szymborska: Бәлкім

1685e6c3802fbd76ad4719d04b9d0b8a.jpeg (800×849)


Бұл іс бәлкім болған да, 

Болып өткен затында. 

Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, 

Алыста яки жақында. 

Емес бірақ, сенің ғана атыңда.


Тірі қалдың бірінші болғаныңнан, 

Тірі қалдың соңғы боп қалғаныңнан. 

Жалғыз дара болған соң тірі қалдың, 

Яки көптің ішінен кіріп алдың. 


Солда болдың, 

Яки сен оңда болдың. 

Не жаңбырдан, не аспан тұтылғасын, 

Ашық болып яки күн құтылғасың.   


Бағыңа жарай онда орман болған, 

Ашық алап немесе қорған болған.


Бағың жанып, темір жол, ілгек не таяқ кезіккен. 

Бір қуыс болған сол жерде, 

Әзірге, сәтте қалғансың. 

Бәлкім суда қалқыған 

Ұстара тауып алғансың.


Өйткені, демек, әйтеуір, қалайда   

                                                        да бәрібір. 

Бір қолың яки аяғың, 

                                       ілініп қана қалған да?! 

Алапаттан айығып, жүріпсің мына жалғанда.


Осындама едің сен,

 Құтылып қалай кеткенсің? 

Ауда бір ғана тесік бар, 

Сол тесіктен өткенсің.


Ғажаптандым мен, әрі, 

Қалдым жым-жырыт үн тынып, 

Тыңдашы, маған жүрегің 

Соғады қалай ұмтылып.


Аударған Ибраһим ҚОШҚАРИ


Бір сыпыра  бақытты мемлекеттерде адамның арына дақ келмейді. Ақындар, əрине, өлеңім жарияланса дейді. Оқырманы болуын, өзін түсінетіндер болуын үміт етеді. Бірақ, олар басқалардан көрнекті болуға күш салмайды. Немесе ерекше күш салмайды. Тым ұзақ уақыт өтпеген бір шақтарда, яғни, ғасырымыздың алғашқы оныншы жылдарында ақындар жұрттан бөлекше киініп, ғажайып кейіптерге кіріп, елдің назарын тартатын. Бұл сол кездің жағдайында жұртқа тиімді еді.  Бірақ, кейін ақынның есікті бекітіп алып, үйде отыратын шағы туды. Ол енді өзін безеуді мүлде қойды, əдемі кейіптерін тастауы керек болды. Өлеңге қатысты айрықша ұғымдар қажетсіз. Өзі ғана тып–тыныш отырып, шабыт күтуі, ақ тұрған қағазды күтуы керек. Ең маңыздысы міне осы.  Айрықша бір жағдай бар — ғалымдар мен ірі өнерпаздардың өмірін бейнелейтін кино фильмдер пайда болды. Талабы таудай режиссерлер өздеріне жасампаздықтың барысын нақ көрсетуді міндет етті. Жасампаздық арқылы ірі ғылыми жаңалықтар ашуға, ең атақты көркем шығармалар жаратуға болады. Кей ғалымдардың жұмыстарын таныстырғанда, олардың табыстарын көрсету керек болады. Тажрибеханалар, əр түрлі приборлар, əрекетте тұрған машиналар міне бұлар белгілі уақыттан  кейін адамдардың назарын тартатын болады. Сол бір шүбəлі сəттер драмалық түске ие: мың қайталанған тажрибелерге болымсыз өзгеріс енгізсе, нəтижеге жетеді дейсіз. Суретші жөнінде фильмде, бір суреттің қалай сызылғаны бірінші сызығынан соңғы сызығына дейін толық көрсетіледі. Музыка жөніндегі фильімде, композитордың өз жасампаздығындағы алғашқы ударларды естігеннен тартып, нотаға түсірілген толық шығарма формасына дейін бейнеленеді. Бұл форма кемелді болмаса да, ол бөлекше рухани хал, яғни, адамдар айта беретін шабытты байқатпас. Бірақ, кемінде бұл жұрт көре де, ести де алатын нəрсе ғой. Ақындардың жайы бəрінен осал. Олардың жұмысы титтей де көрнекті болмайды. Жалғыз өзі үстел басында отырады немесе төсекте жатады, екі көзі қыбыр етпестен қабырғаға немесе төбеге қадалады. Кейде жеті жол өлең жазады, шерік сағаттан соң оның бір жолын өшіреді, бір сағаттан соң тағы солай болады. Бұған қалай төзесің?  Мен бұл жерде шабытты ауызға алдым. Шабыт деген, сірə, не? Мүбəда шабыттың бар екені шын болса, қазіргі ақындар оған айқын жауап бере алмайды. Бұл олардың жүрек тебіренісінен игілік көрмегендіктен емес, олардың өзі білмейтін болған соң басқаларға анық түсіндіре алмайтындығынан. Менде солаймын. Кейде осы сұрауға тап келгенде, оның мəнінен жалтарғым кеп тұрады. Менің жауабым былай: шабыт ақындарға немесе кең мағынадан айтқанда, көркемөнерпаздарға тəн ерекше құбылыс емес, бұрын да, қазір де шабытты болған адамдар бар. Болашақта да шабыттан айырыла алмайтын адамдар болады. Олар — өз қалауы бойынша жұмыс таңдап  алған жəне ол жұмысты махаббатпен əрі арманмен орындайтын адамдар. Олардың арасында: шипагерлер, мұғалімдер, бағыбандар жəне мыңдаған басқа кəсіптердің иелері бар. Егер олар жұмыс үстінде жаңа күрестерге тап болса, олардың жұмыстары қашан да тауекелшілдік болады. Бұл тауекелде олар қиындықтарға, жеңілістерге тап болады. Бірақ, одан уаз кешпейді. Мəселелердің шешіле беруіне байланысты олар тағы да жаңа мəселелерге тап келеді. Шабыт деген өзі не? Оған жауап: бірінен соң бірі шығатын “білмеймін”.  Жұмысты тəуекел деп білетін адамдар тым көп емес. Дүние жүзіндегі көпшілік адамдардың жұмысы — тіршілік қамы. Олар жұмысты істемей болмайтындықтан істейді. Олар жұмысты ризалықпен таңдап алмаған, тұрмыс жағдайы таңдап берген. Олар жұмысын ұнатпайды, одан березеп болады. Олардың бұл жұмыстарға мəн беретін себебі — басқалар оны қабыл көрмегендігі. Бұл — адамзаттың ең үлкен бақытсыздықтарының бірі, жəне бұл бақытсыздық мұнан соңғы бірнеше ғасырда да бола бермек. Сондықтан, менің айтарым: мен ақындарды шабытқа қаратылған монополиядан мақұрым еттім. Бірақ, мен оларды саны көп болмайтын тағдыр рухының сайлаушылары тобына қостым. Ал мұным тыңдаушыларда тағы да бір сұраулар тудыруы мүмкін.  Алуан–алуан қанішерлер, дара билеушілер, қанқызбалар мен қара ниеттер билікті тартып алу үшін, айқайлап айтқан ұрандарды көп пайдаланады. Олар да өздерінің сол қызметтерін сүйеді жəне оны өз парасаттары мен күштерін сарқа жұмсап орындайды. Бірақ, олар «біледі», білу олар үшін біліп қойса ғана болатын нəрсе. Олар осыдан басқаның бəріне қызықпайды. Өйткені басқаның бəрі олардың қолындағы куəлікке пайдасыз. Ал жаңа мəселелерді ортаға қоймайтын білім атаулының бəрі өзінің өміршеңдігін жəне өмірге деген қызғушылдығын жояды. Біз тарихта жəне болмыстан анық көргеніміздей, жағдай ауыр болғанда, бұл білімдер қоғамды күйретеді.   Сондықтан мен жол əріптен басталып жазылатын “білмеймін” деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Бұл сөздегі əріптер кіші əріп болғанымен, оларға күшті қанат бітіп өмірімізге жаңа кеңістіктер ашты, шəкене ғана жер шарында болмыс көлемін кеңейтті... 


   В.Шимборсканың (W.Szymborska) Нобель сыйлығын аларда сөйлеген сөзінен. 

(1996 жыл, 10 желтоқсан, Стокгольм)

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты