Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Іңір (The Evening)

6f44f3928e3509b3eb87fa21a86b846f.jpg (2448×1377)


Бұл іңір, 

Мен білетін іңірден басқашарақ.


Мен білетін іңірде,

Әкем сыртта, қора жақта мал жайлап жүретін.

Қас қарайған,

Шешем тамақ пысырып, отбасында әбігер болатын шақ.

Әпкем шам жанып тұрған терезеден көрініп тұратын,

Ол әлдебір үй жұмысымен әбігер.

Әкемнің дауысы естілер еді,

Қарауытқан шарбақ пен ағаштардың аржағынан.

Кеше ғана туған бұзауды енесінен айырып байлау керек,

(Ол шешемнің тапсырмасы)

Бұзау жанасып еміп қоймау керек.

Ақ күшік әлдеқайдан сылаң етіп жетіп келеді,

Қараңғылықтан «мен мұндамын» дегендей.

Қолыңды иіскейді, бойыңа асыла кетеді,

Жұлдыз санап, аспанда жамырап жана бастаған түн шырақтарына телміріп 

Тұрғаныңда. 

Мазаңды алады, ол Жолдыаяқ қой, Жолдыаяқ

Қайбір жақтан асығыс оралған.

Әкемнің дауысын естіп қора жаққа кеткенімен,

Сол минутта қайтып оралады.

Алды-артыңды орап, дәл бір сен қалап шақырып алғандай арсалаң қағады.

«Маған қатысты әлденені ұмытқан жоқсың ба? Әлде мен қателесіп тұрмын ба» дегендей оң-солыңа шығып шиырлайды.

Іргедегі көршінің бақшасынан асып шұрқырап ұшқан бір үйір торғай,

Сау етіп жетіп келер еді.

Үй алдындағы жылауық талға сүңгіп кетеді.

Ағаш басы бір сілкініп алады да, ештеңе болмағандай жым бола қалады.

Әлдеқайда қараңғыдан мысықтың мияуы естілер еді.

Керіліп, созылып, бір есінеп алып

Есікке қарай беттеп бара жатқан.

Көше жақтан біреулердің күңгірлеген дауысы шығады,

Тастақ жолды тықырлатып бара жатқан тағалы тұяқтың дүбірі ол.

Ұзақта, тым ұзақтан үрген иттің дауысы естілер еді сонда:

Еміс-еміс, самарқау, сараң, ерінген үн...-

- Балам-ау, не қылып тұрсың? – деп әкең шыға келеді қараңғыдан,

Қолғабын шешіп, үстінің шаңын қағып, назары басқа жақта тұрса да,

Дәл саған сұрау қойып тұрғаны.

Шешеңнің дауысы естіледі сонда, асқа шақырған.

Ізінше әпкең терезеден қарайды – жарықтан қараңғыға,

«Бұлар қайда жүр? барып шақыру керек пе? жоқ?» дегендей.

Сонда ғана сен үйге шынымен ораласың, 

Әлгіндегі ойнаған ойының қиялынан босанып.

- Жүр, - деп әкең үйге беттегенде,  соңынан ересің. 

- Осы Жүкей қайда? – деп ақыры сен де біреуді есіңе алып, іздейсің

Ол саған керек, ол қарындасың.

Бұл іңір, жұлдызды аспан, отбасы, әке мен шеше

Жартылай ашылған есіктен төгіліп тұрған шырақтың нұры...


Ал, бүгін іңір басқаша,

Бұл алыста қалған сол іңірдің жалғасы.


Өлең туралы түрлі ой кешесің. Соның бірі қашанда «өлеңдегі шынайылық деген не?» - деген сұраққа барып саяды.  Өлеңдегі шынайылықтың түрі көп. Соған орай оның салмағы да түрліше болады. Бірақ, бір шынайылық бар, ол тілдегі шынайылық. Меніңше ең қуатты, өміршең шынайылық сол. Оны «шығарманың шынайылығы», - деп атауға да болатын шығар. Себебі, әлгіндей шынайылық тек жақсы туындыда ғана төбе көрсетеді. Оған, тіпті, ақынның өзі де толық ие емес. Жұрт оны өлең стилінен іздейді. Меніңше, бұл қателік. Оны басыңды-ауға да, тасқа да ұрып іздегеніңмен, таппайсың. Оның дерегін бір білсе, тек ақындық талант қана біледі. Алайда, өлең жазады екенсің, шынайылықтың өзіңнен қаншалық алыста тұрғанын ескермей тұра алмайсың. Ондай сана болмаған жерде, бәрі әдіре қалады.       

Ардақ Нұрғазы      

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты