Ouyang Yu: Сабынды көл (香皂湖)

cbd9db92b69deeafe6dd95288ec6d675.jpg (640×640)


Сабынды көлдің жағасында тұр едік.

Бір иіс келді,

Кәдімгі әйел тәнінен шығатын хош иіс секілді иіс.


Біз Гулак аралдары туралы айтыстық.

Ол маған:

Негізі Солженицының жазғандарының барлығын өзі жазбаған,

Олар, тағдырластарының жазбасы, деді.


Мен:

Ол жер керемет пе, дедім

Ол тұрып: 

Гулак аралдары ма, көркімен керемет, деді.


Мен: 

Ендеше Гулак аралдарын саяхатшыларға ашу керек екен,

Ақша десе жарқұлағы жастыққа тимейтіндерге сыбырласағана жетіп жатыр,

Олар ертең-ақ сонда топ ете қалады.


Олар тұтқындар отырған барлық камераларды ашар еді.

Қорлық-зорлықтан ләззат алғысы келетіндерге айтам:

Кім аш отырғысы келсе, ол тас бөлмеде отырсын,

Таяқ жегісі келгендер болса, сабап, таяқтасын


Сонда ғой боқ қарындары тартылып,

Екі аптаның ішінде жіптей болып шыға келер еді.


Ал жазғыштар болса, жаза берсін

Естелік пе, эссе ме

Тіпті, «Гулак аралдарынан көрген-білгенім», деп жазып тастаса да бәрібір...


Ол күліп кетті.

Мен жымиып қана қойдым.

Менің осынау алып ұшқан қиялым Сабынды көлдің жағасында,

Екеумізді тағы бір рет сілкіп алды.


Аударған Ардақ Нұрғазы


Бұл Ouyang Yu мырзаның 2018 жылы Астана қаласында өткен Халқаралық поэзия фестивальына қатысуға келген кезінде жазған бір төп өлеңінің бірі. Фестивальда ақындар Баянауылға барды. Біз «Сабынды көл» аталған көлдің жағасында тұр едік. Поэзия мен сөз, табиғат пен ақындық, шабыт пен сезім, тарих пен осы шақ туралы айтып тұрғамыз.  Кенет Ouyang Yu Кеңестік жаза лагерлері туралы сөз қозғады. Соның алдында ғана мен ақынға Қарағандыдағы жаза лагерінің тарихы туралы айтқанмын. Біз Солжени́цының «Архипелаг Гулаг» кітабын сөз еттік. Бұл тақырыпқа баруға көлдің табиғаты әсер еткені анық. Әсіресе, неге екенін кім білсін, көлдің бір қапталын тор темірмен қоршап тастапты. Кірер тұсында темір қақпа және тозығы жеткен, қараусыз қалған екі бөлмелі үй тұр. Күн суық болмағанымен, бұлыңғыр, аздап жел соғып тұрды. Кәдімге Арқаның күздің ауарайы. Арада жарты сағаттан кейін біз көлден кеттік. Көлікке отырған соң ақын қолтелефонына өлең жазды. Жазды да жол үстінде оқып берді. Мен өзімнің өлеңге кіріп кеткенімді сонда білдім. Көлікте қазақ ақындарынан Бақыт Беделқан, Серік Ақсұңқар, т.б. бар еді. Ақындар өлеңнен сөз қозғап, ой бөлісіп отырды. Сол жолы Ouyang Yu бірқатар өлеңдер жазды. Мен оларды кейін қазақ тіліне аударып баспасөзде жарыққа шығардым. 

Бұл өлең Ouyang Yu поэзиясының табиғатын жақсы ашатын шығарма. Ақын қырық жылдық шығармашылығында бір түйінді берік ұстанған. Ол поэзияның тіке түйсікпен қатыстылығы, өлеңнің ойланып алып, толғанып барып сөз құрап жазу еместігі туралы ұстаным. Содан да ақын өлеңге бір сәтте ұстап қалған дүниені арқау етеді. Бірақ, бұлай жазудың өзіндік қиындығы бар. Айталық, жазған дүниеңде поэзиялық элемент болуы керек. Онсыз, ол өлең болмайды. Жоғарыдағы өлеңде ақын сондай элемент ретінде Солжени́цының «Архипелаг Гулаг» кітабындағы, күллі адам баласына жақсы таныс болған көріністі – тұтқындарды қар-мұзда, аязда қамаған камераларды алған. Ол көріністі кері мағынада бүгінгі адамзаттың жағдайымен шендестіріп, кірістіріп пайдаланған. Айталық, кешегі адамдар сол бөлмелерде жан сақтау үшін барлық қиындықтарға көніп, төзіп отырған болса, бүгінгі адамдар тойғанына төзе алмай, өмірдің мағынасын таппай рухани жақтан азып-тозып кеткені бар. Оларға тіпті сол Архипелаг Гулагындағы қанды-қапас бөлмелерді ашып берсең де, содан тән ләззаты үшін қызық іздеуге бар. Бұл енді бүгінгі адамзаттық парадокс!  Ақын, міне, осы көріністі жазған және оны икемді, юморлы жеткізеді.         


Ақын туралы сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/21033 

https://youyang2.blogspot.com/?fbclid=IwAR06TUUvRfN4foXStv2l6D6YAeRzIu-DTpPgPD-4xgAoY8urdMk5ZmmnYNw

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты