O'Hara: Мен неге суретші емеспін (Why I am Not a Painter)

77b582352308b4cd56068bd3e23aa45d.jpg (1200×1535)


Мен суретші емес, ақынмын.
Неге, дейсіз бе, өзіме салса суретші болар едім
Бірақ, суретші емеспін.


Қойшы тәйір, M.Goldberg сурет салуда
Мен оған соға кеткен болатынмын.
«Кел отыр, бір ромка ішейік» деді ол
Біз іштік, мен ол салған суретке қарадым
«Балық па?» дедім.
«Иә, бірдеңе болуы керек қой» деді ол.
«Солай де» дедім де, мен жөнімен кеттім.
Тағы бір айналып келсем, ол тағы да сурет салып жатыпты.
Мен кетіп қалып, тағы бірталай уақыттан соң қайтып бардым
Сурет! барсам, ол суретті салып болыпты.
Қағаздың бетінде «балық» деген жазу ғана тұр
M.Goldberg болса, «сол да жетеді» дейді.


Мен не істеп жүрмін өзі? Бір күні
Ойыма сары түс келді, кәдімгі сап-сары түс
Мен бір жол өлең жаздым
Сары түс туралы өлең, көп өтпей-ақ
Бір бет қағазды жазумен сыпыра толтырып тастадым
Бірақ, ол өлең емес еді
Тағы жаздым, көп жаздым, сарыны емес, өлең жаздым

Сары түс пен өмір
Қандай қорқынышты, күндер зымырап өтіп жатыр
Шумақтамай да өлең жазуға болады
Мен ақынмын
Өлеңім де аяқталайын еді
Бірақ, мен әлі сары түс туралы жазғаным жоқ
Он екі өлең жазыппын
Ақырында мен оларға «сары түс» деп ат қойдым
Бір күні Өнер орталығының алдынан өтіп бара жатсам
M.Goldberg-тың «БАЛЫҒЫ» сонда, көрмеде тұр.


Аударған –Ардақ Нұрғазы


«O'Hara-ның көзге түсуі сол кезеңдегі өзге ақындар сияқты А.Гинзберг бастаған «Жаңа Америка поэзиясы» (The New American Poetry. 1960.) қозғалысына атсалысуымен қатысы бар. 1965 жылы алғашқы «суырып салма» өлеңдері ашыққа шыққанда ол таныла бастады да, соңынан кенеттен қайтыс болуымен шын мәнінен жаңа бір белеске көтерді. Ол бүгінгі таңда Дүние жүзілік екінші соғыстан кейінгі әдебиет айдынынан ойып тұрып орын алған, тіпті жұрт аса ұнатып оқитын ақындардың санатына қосылды...

Суретші  John Button-ның былай деп жазғаны бар: «Егер ақын достары немесе баспагер O'Hara-дан өлең қажет ете қалса, ол біраз әбігерге түсіп жазған дүниесін қаттап қоя берген тартпадан немесе жәшіктен бірнеше бет қағаз суырып берер еді. Оның жазған дүниелері көбі соңғы рет көшкен үйінен көтеріп келген қағаздарының арасынан, шаң басып жатқан жерінен табылған. Қолжазбалар сол баяғы жазған бетінде қала берген. O'Hara бұлайша таныламын деп ойламаған түрі бар. Оның ат-атағының шығуы жастай өмірден өтуімен де байланысты болса керек. Оны теңіз жағасын шарлайтын жеңіл көлік қағып кеткен. Оның бір топ адал да талантты достары болды, ақеділ табиғаты да жұртқа ұнады, оған шығармаларының өзіндік тартымдылығын қосыңыз. Оның өлеңдерінің табиғаты өмірінің айнасы сияқты...»

O'Hara бастан ақыр «суретші ақын» (a poet among painters) деп бағаланады. Олар суретші әрі ақын жандар еді. Өлең жазуда картинадан шабыт тапты. Олар әдебиет туралы емес, көбінде сурет өнері туралы ойланып-толғанды, сол туралы бас қатырды...» 


Ақын туралы сілтеме: https://www.poetryfoundation.org/poets/frank-ohara

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты